Қазақстан Республикасының Әйелдердi кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қосылуы туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы N 248 Заңы

      Қазақстан Республикасы 1979 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған Әйелдерді кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қосылсын.

      Қазақстан Республикасының
          Президентi                          Н. Назарбаев

Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы
конвенция (18 желтоқсан, 1979 жыл)

       Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы адамның негізгі құқықтарына, адамның жеке тұлғасының қадыр-қасиеті мен құндылықтарына және ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығына сенімді қайтадан нығайтқанын ескере отырып,
      Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы кемсітуге жол бермеу принципін растайтынын және онда жарияланған барлық адамдардың өз қадыр-қасиеттері мен құқықтарында еркін және тең туылатынын, әрбір адамның онда жарияланған барлық құқықтарына және барлық бостандықтарына ешқандай айырмасыз, соның ішінде жынысына қатысты айырмасыз ие болуға тиіс екенін жариялайтынын ескере отырып,
      Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерге қатысушы мемлекеттерге ерлер мен әйелдер үшін барлық экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық және саяси құқықтарын пайдалануды қамтамасыз ету жүктелетінін ескере отырып,
      ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығына жәрдемдесу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы мен мамандандырылған мекемелер аясында жасалған халықаралық конвенцияларды назарға ала отырып,
      ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығына жәрдемдесу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы мен мамандандырылған мекемелер қабылдаған қарарларды, декларацияларды және ұсынымдарды ескере отырып,
      алайда, осы әртүрлі құжаттарға қарамастан, бұрынғысынша әйелдерге қатысты едәуір кемсітулердің орын алып отырғанына алаңдай отырып,
      әйелдерді кемсіту теңдік пен адамдық қадыр-қасиетті құрметтеудің себептерін бұзатынын, әйелдердің ерлермен тең дәрежеде өз елінің саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысуына кедергі жасайтынын, қоғам мен отбасының әл-ауқатының өсуіне кедергі жасайтынын, әйелдердің өз елдері мен адамзаттың игілігіне арналған мүмкіндіктерінің толық ашылуын одан әрі қиындататынын еске сала отырып,
      кедейлік жағдайында әйелдердің азық-түлікке, денсаулық сақтауға, білім алуға, кәсіптік дайындыққа және жұмысқа тұру мүмкіншілігіне, сондай-ақ басқа да сұраныстарға аз қол жеткізетіндігіне алаңдай отырып,
      теңдік пен әділдікке құрылған жаңа экономикалық тәртіп орнату ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікті қамтамасыз етуге айтарлықтай жәрдемдесетініне сенімді бола отырып,
      апартеидті, нәсілшілдікті, отаршылдықты, неоколониализмнің, шетел басқыншылығы мен үстемдігінің және мемлекеттердің ішкі ісіне араласудың барлық нысандарын жоюды атап көрсете отырып,
      халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, халықаралық шиеленісті бәсеңдету, әлеуметтік және экономикалық жүйесіне қарамай барлық мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастық, жалпыға ортақ және толық қарусыздану, әсіресе қатаң және тиімді халықаралық бақылауда ядролық қарусыздану, елдер арасындағы қарым-қатынастарда әділдік, теңдік және өзара тиімділік принциптерін нығайту, шетелдік және отаршылдық үстемдік пен шетелдік басқыншылық астындағы халықтардың өзін-өзі билеуі мен тәуелсіздік құқықтарын іске асыру, сондай-ақ мемлекеттердің ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастығын құрметтеу әлеуметтік прогресс пен дамуға жағдай жасайтынын және осының салдары ретінде ерлер мен әйелдер арасында толық теңдікке қол жеткізуге жағдай жасайтынын растай отырып,
      елдердің толық дамуы, бүкіл әлемнің әл-ауқаты және бейбітшілік ісі әйелдердің ерлермен тең дәрежеде барлық салаларға барынша қатысуын талап ететіндігіне сенімді бола отырып,
      отбасының әл-ауқаты мен қоғам дамуына әлі күнге толық мойындалмаған әйелдердің қосар үлесін, ана болудың әлеуметтік маңызын және отбасы мен бала тәрбиесіндегі екі ата-ананың да рөлін ескере отырып және ұрпақты жалғастырудағы әйелдердің рөлі кемсітуге себеп болмауға тиіс екенін ұғына отырып, өйткені бала тәрбиесі ерлер мен әйелдердің, тұтас алған жалпы қоғамның бірлескен жауапкершілігін талап етеді,
      ерлер мен әйелдер арасындағы толық теңдікке қол жеткізу үшін қоғамдағы және отбасындағы ерлердің де, әйелдердің де дәстүрлі рөлін өзгерту қажет екендігін еске ала отырып,
      Әйелдерге қатысты кемсітулерді жою туралы декларацияда жарияланған принциптерді іске асыруға, бұл мақсатта барлық нысандары мен көріністеріндегі мұндай кемсітулерді жою үшін қажет шара қабылдауға батыл кірісе отырып,
      төмендегілер туралы келістік:

I бөлім

1-бап.

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін «әйелдерге қатысты кемсіту» ұғымы әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық немесе кез-келген басқа салалардағы адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын олардың отбасылық жағдайына қарамастан, ерлер мен әйелдердің теңдігі негізінде пайдалануын немесе іске асыруын әлсіретуге немесе мойындалуын жоққа шығаратын жыныс белгісі бойынша кез келген айырмашылық, қоспай қою немесе шектеу дегенді білдіреді.

2-бап.

      Қатысушы мемлекеттер әйелдерге қатысты барлық нысандағы кемсітулерді айыптайды, әйелдерге қатысты кемсітулерді жою саясатын кідіріссіз барлық тиісті тәсілдерімен жүргізуге келіседі және бұл мақсатта мыналарға міндеттенеді:
      а) ерлер мен әйелдердің тең құқықтық принципін өз ұлттық конституцияларына немесе басқа да тиісті заңнамасына қосуға, егер де бұл әлі жасалмаса, және заңның және басқа да тиісті құралдардың көмегімен осы принципті жүзеге асыруға;
      b) әйелдерге қатысты кез-келген кемсітуге тыйым салатын тиісті заңнамалық және керек жерде санкцияны қоса алғандағы басқа да шараларды қабылдауға;
      с) әйелдердің құқықтарын ерлермен тең негізде заңгерлік қорғауды қалыптастыруға және құзырлы ұлттық соттар мен басқа да мемлекеттік мекемелер көмегімен әйелдерді кез-келген кемсіту актісіне қарсы тиімді қорғауды қамтамасыз етуге;
      d) әйелдерге қатысты қандай да бір кемсіту актілерін немесе іс-қимылдарын жасаудан қалыс қалуға және мемлекеттік органдар мен мекемелердің осы міндеттемелерге сәйкес әрекет ететін кепілдік беруге;
      е) қандай да бір тұлға, ұйым немесе кәсіпорын тарапынан әйелдерге қатысты кемсітуді жоюдың барлық тиісті шараларын қабылдауға;
      f) әйелдерге қатысты кемсіту болып табылатын қолданыстағы заңдарды, қаулыларды, әдет-ғұрыптарды және тәжірибені өзгерту немесе жою үшін барлық тиісті шараларды, соның ішінде заңнамалық шараны қабылдауға;
      g) өзінің қылмыстық заңнамасының әйелдерге қатысты кемсіту болып табылатын барлық ережелерді жоюға.

3-бап.

      Әйелдерге адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын ерлермен теңдік негізінде іске асыруына және пайдалануына кепілдік беру үшін қатысушы мемлекеттер барлық салаларда, және ішінара алғанда саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда әйелдердің жан-жақты дамуы мен прогресін қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларын, заңнамалық шараларын қоса қабылдайды.

4-бап.

      1. Қатысушы мемлекеттердің ерлер мен әйелдердің іс жүзіндегі теңдігін орнатуды жеделдетуге бағытталған уақытша арнайы шараларды қабылдауы, осы Конвенцияда анықталғанындай, кемсітушілік болып табылмайды, алайда ол ешқандай да жағдайда теңсіздік немесе кемсітушілік стандарттардың сақталуына жол бермеуге тиіс; бұл шаралар мүмкіндіктер теңдігі мен тең құқылы қатынастар мақсатына қол жеткен кезде жойылуға тиіс.
      2. Қатысушы мемлекеттердің ана болуды қорғауға бағытталған осы Конвенциядағы шараларды қоса алғандағы уақытша арнайы шараларды қабылдауы кемсітушілік болып табылмайды.

5-бап.

      Қатысушы мемлекеттер мына мақсаттарда барлық тиісті шараларды қабылдайды:
      а) Толыққанды емес немесе бір жыныстың басымдылығы, немесе ерлер мен әйелдердің рөлінің стереотиптігі идеясына негізделген ерлер мен әйелдердің мінез-құлқының әлеуметтік және мәдени үлгісін ескішілдікті жоюда, салттарды және басқа дағдыларды қысқартуда жетістікке жету мақсатында өзгерту;
      b) Ұрықтық тәрбиелеу әлеуметтік функция ретінде ана болуды дұрыс түсінуді қамтуын қамтамасыз ету және өз балаларын тәрбиелеу мен өсіруіне ерлер мен әйелдердің ортақ жауапкершілігін барлық жағдайда балалардың мүддесі жоғары болу шарты орындалғанда мойындау.

6-бап.

      Қатысушы мемлекеттер әйелдер саудасының барлық түрін және әйел жезөкшелігін жоюға, заңды түрді қоса, барлық тиісті шараларды қолданады.

II бөлім
7-бап.

      Қатысушы мемлекеттер еліміздің саяси және қоғамдық өміріндегі әйелдерге қатысты кемсітуді жоюға сәйкес шаралар қолдануда және көбінесе, әйелдерге ерлермен тең жағдайда құқық берілуде:
      а) барлық сайлауда және ашық референдумдарда сайлауға қатысуы, және барлық халық сайланатын органдарға сайлануына;
      b) үкімет саясатының құрылуы мен іске асуына қатысу және мемлекеттік қызмет орындарына орналасуға, сонымен қатар мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде мемлекеттік қызметті атқаруға;
      c) елдің саяси және қоғамдық өмірінің проблемасымен айналысатын мемлекеттік емес ұйымдар мен ассоциациялардың ісіне қатысуға.

8-бап.

      Қатысушы мемлекеттер әйелдерге халықаралық деңгейде өз үкіметінің өкілі болуға және халықаралық ұйымдардың жұмыстарына қатысуға ешқандай кемсітусіз, ерлермен тең құқық беру мүмкіндігін қамтамасыз етуге барлық шараларды қабылдайды.

9-бап.

      1. Қатысушы мемлекеттер әйелдерге азаматтығын алуға, өзгертуге немесе сақтап қалуға ерлермен тең құқық береді. Олар, шетел азаматымен некелескенде және некеде тұрғанда күйеуінің азаматтығының ауысуы бірден әйелінің азаматтығының ауысуына, азаматтығы жоқ тұлғаға айналуына жол бергізбеуді қадағалайды және күйеуінің азаматтығын қабылдауға мәжбүр еткізе алмайды.
      2. Қатысушы мемлекеттер әйелдерге олардың балаларының азаматтығына байланысты ерлермен бірдей құқық береді.

III бөлім
10-бап.

      Қатысушы мемлекеттер білім саласында әйелдерге ерлермен тең құқық беру үшін әйелдерге қарсы кемсітуді жоюға барлық шараларды қабылдайды, көбінесе ерлер мен әйелдердің тең құқығын мына негізде қамтамасыз етеді:
      а) барлық санатта, алуылды және қалалы жерлерде кәсіпті немесе мамандықты таңдап оқуға түсуіне және диплом алуына тең мүмкіндігін; бұл теңдік мектепалды, орта, арнайы және техникалық білімді және де кәсіби дайындықтардың барлық түрінде қамтамасыз етіледі;
      b) бірдей оқу бағдарламасын алуға, бірдей емтихан тапсыруға, бірдей білікті оқытушылар тобында оқуға, тең сапалы жабдықтарды қолдану мен мектептерде оқуға мүмкіндігі;
      с) оқытудың барлық түрлерінде және деңгейінде ерлер мен әйелдердің ролінің кез келген стеоротипті тұжырымдамасын бірге оқыту және бұл мақсатқа жетуге көмектесетін оқытудың басқа түрлері жолымен, көбінесе оқу құралдарын және мектеп бағдарламаларын қайта қарау және оқу әдістеріне бейімделу жолымен жою;
      d) стипендия және басқа білім жәрдемақыларын алуда бірдей мүмкіндігі;
      е) оқуды жалғастыру бағдарламаларына, үлкендер арасына сауаттылықты тарату бағдарламасы және ерлер мен әйелдердің арасындағы білімнің алшақтығын қысқартуға арналған функционалдық сауаттылық бағдарламасын қосқандағы тең мүмкіндіктері;
      f) мектеп бітірмеген қыздар санын қысқарту және мерзімінен бұрын мектептен кеткен қыздар мен әйелдерге бағдарлама дайындау;
      g) белсенді спортпен айналасуда және дене тәрбиесінде бірдей мүмкіндіктер;
      h) білім сипатындағы арнайы ақпаратты жанұяның тұрмыс халін және денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында алу, сонымен қоса жанұяның көлемі жоспары туралы ақпарат және кеңес алу мүмкіндігі.

11-бап.

      1. Қатысушы мемлекеттер әйелдерге қарсы кемсітуді жойып, жұмыспен қамту саласында ерлер мен әйелдердің тең құқығы негізінде құқығын беру үшін барлық шараларды қабылдайды, соның ішінде:
      а) жұмысқа құқығын адамдардың тартып алынбайтын құқығы ретінде;
      b) жұмысқа қабылданғанда бірдей мүмкіндікке құқығы, сонымен жұмысқа қабылдау кезінде бірдей критерийлер қолдану;
      с) мамандықты немесе жұмыс түрін еркін таңдау, қызметінің алға басуы және жұмыспен қамту кепіліне, сонымен қатар жұмыс жеңілдіктері мен шарттарын қолдану, кәсіби дайындық және қайта дайындық алуға, үйренушілікті қоса, біліктілігін арттыруға кәсіби дайындау және уақтылы қайта даярлану құқығы;
      d) тең сыйақы алуға, жеңілдік алуды қоса, тең бағалы еңбекке байланысты тең шарттар, сондай-ақ жұмыс сапасын бағалауда тең әдістемелеу құқығы;
      е) зейнетке шығуға, жұмыссыздыққа, ауруға, мүгедектікке, кәрілікке және де басқа да жағдаймен жұмыс қабілетін жоғалтуына байланысты әлеуметтік қамтамасыз етілу құқығы, сонымен қатар ақы төленетін демалысқа шығу құқығы;
      f) денсаулықты қорғауға және қауіпсіз жұмыс шарттарына, сонымен қатар ісін жалғастыру функциясын сақтауға құқығы.
      2. Күйеуге шығуына немесе ана болуына байланысты әйелдерге қарсы кемсітудің алдын алу үшін және оларға еңбекке тиімді құқығына кепіл беруге қатысушы мемлекеттер үйлесімді шараларды қабылдайды:
      а) жаза қолдану қаупімен жүктілікке байланысты немесе жүктілік демалысқа шығуына және бала тууына байланысты жұмыстан шығаруды немесе отбасы жағдайына байланысты жұмыстан шыққанда болатын кемсітуге тыйым салу;
      b) жұмыс орнын, қызмет дәрежесін немесе әлеуметтік жәрдем ақыларды жоғалтпайтындай етіп, жүктiлiгі және бала тууына байланысты ақы төленетiн немесе әлеуметтік жәрдемақыларымен салыстыруға болатын демалыстарды енгізу;
      с) ата-аналардың отбасылық міндеттері мен еңбек қызметін және қоғамдық өмірге қатысуын бірлестіру үшін керекті қосымша әлеуметтік қызметтерді көтермелеу, әсіресе балаларды күту мекемелері жүйесін құру және кеңейту көмегімен;
      d) әйелдерге жүкті кезінде денсаулығына зиян келтіретіні дәлелденген жұмыс түрлерінде арнайы қорғауды қамтамасыз ету.
      3. Осы бапта айтылған құқықты қорғауға қатысты заңнамалар қайта-қайта ғылыми-техникалық тұрғыдан қаралады, сонымен қатар керектігіне қарай қайта қарастырылады, өзгертіледі немесе кеңейтіледі.

12-бап.

      1. Қатысушы мемлекеттер әйелдерге қарсы кемсітуді жойып, денсаулық сақтау саласында ерлер мен әйелдердің тең құқығы негізінде әйелдерге медициналық қызмет көрсетуі үшін барлық шараларды қабылдайды, соның ішінде отбасы көлемін жоспарлауға қатысты.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережесімен қатар қатысушы мемлекеттер жүктілік, бала туу және туғаннан кейінгі мерзімде тиісті қызмет көрсетеді, керек болған жағдайда тегін қызмет, сонымен қатар жүкті және емізулі мерзімінде керекті тағамдармен қамтамасыз етеді.

13-бап.

      Қатысушы мемлекеттер әйелдерге қарсы кемсітуді жойып, әлеуметтік және экономикалық өмірдің басқа салаларында ерлер мен әйелдердің тең құқығы негізінде құқығын беру үшін барлық шараларды қабылдайды, соның ішінде:
      а) отбасылық жәрдемақыға құқығы;
      b) қарыздар, жылжымайтын мүлікке ссудалар және басқа да қаржы несиелерін алуға құқығы;
      с) демалу, спортпен шұғылдану және мәдени өмірдің барлық саласындағы шараларға қатысу құқығы.

14-бап.

      1. Қатысушы мемлекеттер ауылды жерде тұратын әйелдер кездестіретін қиын мәселелерге және отбасының экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуіндегі роліне, сонымен қатар тауарлы емес шаруашылық саласындағы қызметіне аса назар аударады, және ауыл аймағында тұратын әйелдерге осы Конвенциядағы ережелерді қолдануды қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қолданады.
      2. Қатысушы мемлекеттер ауыл аймақтарында әйелдерге қарсы кемсітуді жойып, ерлер мен әйелдердің тең құқығы негізінде ауыл аймақтарын дамытуға қатысуына және мұндай дамытудан пайда алуына барлық шараларды қабылдайды, әсіресе мұндай әйелдерге мынадай құқықтар қамтамасыз етіледі:
      а) даму жоспарларын құруға және барлық деңгейде орындалуына қатысу;
      b) тиісті медициналық қызмет көрсетуді, соның ішінде ақпарат, кеңес және отбасын жоспарлау мәселесі бойынша қызмет көрсетуді алу мүмкіндігі;
      с) әлеуметтік сақтандыру бағдарламаларының игіліктерін тікелей қолдану;
      d) формалды және формалды емес білімнің барлық дайындық түрлерін, соның ішінде функционалды сауаттылықты алу, сонымен қатар қауымдық қызмет көрсетудің, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша кеңес беру қызметінің, әсіресе олардың техникалық деңгейін көтеру үшін, қызметін қолдану;
      е) жұмысқа жалдану немесе тәуелсіз жұмыс қызметі арқылы экономикалық мүмкіндіктерге тең мүмкіндікті қамтамасыз үшін кооперативтер мен өз-өзіне көмектесетін топтарын құру;
      f) барлық ұжымдық шараларға қатысуға;
      g) ауылшаруашылық несиелері мен қарыздарын алу, өтем жүйелеріне, тиісті технологияларға және жер және аграрлық реформаларда, және де жерлерге қайта көшіру жоспарларында тең мәртебе мүмкіндігі;
      h) тиісті тұрмыс жағдайларын, әсіресе үй жағдайлары, санитарлық қызметтерді, электр және су жабдықтарын, сонымен қатар көлікті және байланыс құралдарын қолдану.

IV бөлім

15-бап.

      1. Қатысушы мемлекеттер заң алдында әйелдердің ерлермен теңдігін мойындайды.
      2. Қатысушы мемлекеттер әйелдер мен ерлерге бірдей азаматтық құқық қабілетін береді және оны орындауға бірдей мүмкіндік береді. Әсіресе олар келісім шарттарын жасағанда және мүлікті меңгергенде тең құқықты, сонымен қатар оларға сотта және трибуналда талқылану кезеңдерінде соттың бірдей көңіл бөлуін қамтамасыз етеді.
      3. Қатысушы мемлекеттер құқықтық салдарынан әйелдердің құқықтық мүмкіндігіне шек қоятын барлық келісім шарттар және кез келген түрдегі барлық жеке құжаттарды жарамсыз деп саналатынына келіседі.
      4. Қатысушы мемлекеттер тұлғалардың қозғалуына және тұрғылықты орнын және мекен-жайын еркін таңдауға қатысты заңнамаларда ерлер мен әйелдерге тең құқық береді.

16-бап.

      1. Қатысушы мемлекеттер әйелдерге қарсы кемсітуді, некелесу және отбасылық қатынастар туралы мәселелерді жоюды қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайды, соның ішінде ерлер мен әйелдердің тең құқығы негізінде қамтамасыз етеді:
      а) некеге тұруға тең құқылығы;
      b) жарын еркін таңдауға және некеге өзінің еркін және толық келісімімен тұруға тең құқықтары;
      c) некеде тұру уақытында және некеден ажырасу кезіндегі тең міндеттері мен құқықтары;
      d) балаларға қатысты мәселелерде отбасылық жағдайларға байланыссыз ерлер мен әйелдердің ата-ана ретінде тең құқықтары мен міндеттері;
      е) балалардың саны және олардың туылуы арасындағы аралықты еркін және жауапты түрде шешуге тең құқығы және оларға бұл құқықты орындалуына мүмкіндік беретін ақпараттарға, білімге және әдістерге мүмкіндігі болуы;
      f) балаларға қамқоршы, тәрбиеші, сенім беруші және асырап алушы болу немесе олар ұлттық заңнамаларда қарастырылған ұқсас қызметтерді жүзеге асырғандағы тең құқықтары мен міндеттері, барлық жағдайда балалардың мүдделері басым болады;
      g) бірдей әйелі мен күйеуінің жеке құқығы, сонымен қатар тегін, мамандығы мен кәсібін таңдау құқығы;
      h) ерлі-зайыптылардың мүлікті тегін және ақылы иеленуге, алуға, меңгеруге, қолдануға және басқаруға тең құқығы.
      2. Баланы некелендірудің заңды күші жоқ, неке жасының ең кіші жасын анықтауға және некелесуді азаматтық хал актісіне міндетті түрде тіркеуге керекті барлық шараларды, соның ішінде заң жүзінде, қабылдайды.

V  БӨЛІМ

17-бап.

      1. Осы Конвенцияның жүзеге асыру барысын талқылау үшін әйелдерге қарсы кемсітуді жоюға арналған, Конвенцияның күшіне енген кезінде он сегіз, ратификацияланғаннан немесе оған отыз бесінші қатысушы мемлекет қосылғаннан кейін жиырма үш жоғары сапалы қасиеті бар және осы Конвенция қамтитын аумақты жете білетін сарапшыдан тұратын Комитет құрылады (одан әрі Комитет деп аталады). Бұл сарапшылар қатысушы мемлекеттердің өз азаматтарының ішінен сайланады және өздерінің жеке сапаларымен ілгері басады, сонымен қатар әділ географиялық үлестірілуі және әртүрлі өркениет түрлерінің өкілдіктері, сонымен қатар негізгі құқық жүйелері қарастырылады.
      2. Комитет мүшелері қатысушы мемлекеттер тізімге енгізген тұлғалардан құпия түрде сайланады. Әрбір қатысушы мемлекет өз халқының санынан бір тұлғаны ұсына алады.
      3. Алғашқы сайлау осы Конвенция күшіне енген күннен алты ай өткен соң өткізіледі. Әрбір сайлауды өткізуге үш айдан аз мерзім қалғанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы қатысушы мемлекеттерге екі айдың ішінде өз кандидаттарын ұсыну туралы ұсыным хатын жібереді. Бас хатшы қатысушы мемлекеттер нұсқауымен ұсынылған барлық тұлғалардың тізімі алфавит ретімен енгізілген тізімді дайындайды және бұл тізімді қатысушы мемлекеттерге ұсынады.
      4. Комитет мүшелерінің сайлауы Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде Бас хатшы шақырған қатысушы мемлекеттер отырысында өткізіледі. Бұл отырыста қатысушы мемлекеттер үштен екісі кворум құрайды, қатысып отырушы және сайлауға қатысушы мемлекеттердің көп дауысын жинаған кандидаттар Комитетке сайланған тұлғалар болып саналады.
      5. Комитет мүшелері төрт жылдық мерзімге сайланады. Бірақ бірінші сайлауда сайланған тоғыз мүшенің мерзімі екі жыл өткеннен кейін бітеді; бірінші сайлау өте салысымен тоғыз мүшенің тегі жеребе бойынша Комитет Төрағасымен сайланады.
      6. Комитеттің қосымша бес мүшесінің сайлауы осы баптың 23 және 4-тармағындағы ережелерге сай, Конвенцияны ратификациялаған немесе оған отыз бесінші мемлекет қосылған соң өткізіледі. Бұлай сайланған екі қосымша мүшелерінің өкілеттілігінің мерзімі екі жыл өткен соң бітеді; осы екі мүшенің тегі жеребе бойынша Комитет Төрағасымен сайланады.
      7. Қатысушы мемлекеттің сарапшысы Комитет мүшесі ретінде жұмысын тоқтатқандығына байланысты күтпеген бос орынды толтыру үшін, Комитеттің келісімімен өз азаматтарының ішінен басқа сарапшыны таңдайды.
      8. Комитет мүшелері Біріккен Ұлттар Ұйымының қаражатынан Комитеттің міндеттерінің маңыздылығын ескере отырып, Ассамблея тәртіптері мен шарттары бойынша белгіленген, Бас Ассамблея бекіткен сыйақыны алады.
      9. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Комитеттің осы Конвенцияға сәйкес тиімді жұмыс атқаруы үшін керекті қызметкерлер мен материалдық құралдарды береді.

18-бап.

      1. Қатысушы мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына Комитеттің қарауына олар осы Конвенциядағы ережелердің орындалуына және заңнамалық, соттық, әкімшілік және басқа шараларды қолданғаны және бұған байланысты алға басқан жетістіктері туралы баяндамаларды беруге міндетті:
      а) Мүдделі мемлекеттерге осы Конвенцияның күшіне енген күннен бастап бір жылдың ішінде;
      b) бұдан кейін кем дегенде әрбір төрт жыл өткеннен кейін және одан әрі бұл туралы Комитет сұраған кезде.
      2. Баяндамаларда осы Конвенцияны орындау міндеттемелері деңгейіне әсер ететін факторлар мен қиындықтарды көрсетуге болады.

19-бап.

      1. Комитет өзінің тәртіп ережелерін бекітеді.
      2.Комитет өзінің лауазымды тұлғаларын екі жылдық мерзімге сайлайды.

20-бап.

      1. 18-бапқа сай келетін баяндамаларды қарау мақсатында комитет жыл сайын, әдетте, екі аптадан аспайтын мерзім ішінде мәжіліс өткізеді.
      2. Комитет отырысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемесінде немесе Комитет белгілеген кез келген басқа қолайлы жерде өткізіледі.

21-бап.

      1. Комитет жыл сайын өздерінің қызметтері туралы Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына баяндама ұсынады және қатысушы мемлекеттерден алған ақпараттар мен баяндамаларды зерттеуге негізделген ортақ сипаттағы ұсыныстар мен пікірлер енгізе алады. Ортақ сипаттағы мұндай пікірлер мен ұсыныстар Комитеттің баяндамасына қатысушы мемлекеттердің ескертуімен енгізіледі, егер мұндай ескерту болса.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы әйелдердің жағдайы туралы Комиссия Комитетінің баяндамасын ақпарат үшін жолдайды.

22-бап.

      Арнайы мекемелер олардың қызмет саласына кіретін осы Конвенциядағы ережелердің орындалуы туралы мәселелерді қарастыруға қатысу құқығына ие бола алады. Комитет арнайы мекемелерге олардың қызмет саласына кіретін аймақтарда Конвенцияны орындалуы туралы баяндама беруді ұсына алады.

VI БӨЛІМ
23-бап.

      Осы Конвенцияда ерлер мен әйелдердің арасындағы тең құқығына жетуге қандайда бір себеп болатын, мыналарда болатын ережелерді ешнәрсе қозғамайды:
      а) қатысушы мемлекеттің заңнамасында; немесе
      b) қандайда бір басқа халықаралық конвенцияда, келісім-шартта немесе мұндай мемлекетте күші бар келісімде.

24-бап.

      Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияда мойындалған құқықтарды ұлттық деңгейде толығымен іске асыруға қол жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндеттенеді.

25-бап.

      1. Осы Конвенция барлық мемлекеттердің оған қол қоюына ашық.
      2. Осы Конвенцияның депозитариі болып Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тағайындалады.
      3. Осы Конвенция ратификациялануға тиіс. Ратификациялық грамоталар сақталуға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына тапсырылады.
      4. Осы Конвенция барлық мемлекеттердің оған қосылуына ашық. Қосылу туралы құжатты сақталуға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына тапсыру жолымен қосылу жүзеге асады.

26-бап.

      1. Осы Конвенцияны қайта қарау өтініші кез келген уақытта, қатысушы мемлекеттердің кез келгені Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының атына жазбаша түрде хабарлау жолымен ұсына алады.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қандай да бір шараларды қолдану керек деп санаса, мұндай өтінішке қандай шараны қабылдау керек туралы шешім қабылдайды.

27-бап.

      1. Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жиырмасыншы ратификациялау грамотасымен немесе қосылу құжатымен тапсырған күннен отыз күн өткеннен кейін күшіне енеді.
      2. Осы Конвенцияны ратификациялаған немесе оған қосылу туралы құжатты немесе жиырмасыншы ратификациялау грамотасын сақтауға тапсырып, қосылатын әрбір мемлекетке осы Конвенция ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы құжатты тапсырғаннан күннен отыз күн өткеннен кейін күшіне енеді.

28-бап.

      1. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы мемлекеттердің ратификациялау немесе қосылу кезінде енгізген ережелер мәтінін қабылдайды және барлық басқа елдерге таратады.
      2. Осы Конвенцияның міндеттері мен мақсаттарына сәйкес келмейтін ескертпелер рұқсат етілмейді.
      3. Ережелер кез келген уақытта Бас хатшының атына жолданған хабарландыру арқылы алынып тасталына алады, ол барлық қатысушы мемлекеттерге хабарлайды. Мұндай хабарландыру алынған күннен бастап күшіне енеді.

29-бап

      1. Екі немесе бірнеше қатысушы мемлекеттер арасындағы осы Конвенцияны қолдану немесе түсіндіру туралы келіссөздер арқылы шешілмеген біршама кез келген пікірталас тараптардың бірінің өтінішімен төрелік талқылауға беріледі. Егер төрелік талқылауға берген кезден бастап алты айдың ішінде төрелік талқылаудың ұйымдастырылуы туралы бір келісімге келе алмаса, онда кез келген тарап пікірталасты Сот Статутына сәйкес өтініш тапсыру жолымен Халықаралық Сотқа бере алады.
      2. Әрбір қатысушы мемлекет өзінің осы Конвенцияға қол қойған кезде немесе ратификациялаған немесе оған қосылған кезде, осы баптың 1-тармағындағы міндеттемелерімен байланысты емес екенін мәлімдей алады. Басқа мемлекеттер осы баптың көрсетілген тармағынан шығатын қатысушы мемлекеттердің жасаған ережелеріне ешқандай жауапкершілік тартпайды.
      3. Осы баптың 2-тармағына сай ереже жасаған кез келген қатысушы мемлекет кез келген уақытта өзінің ережесін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын ескерту жолымен алып тастай алады.

30-бап.

      Мәтіндері орыс, ағылшын, араб, қытай және француз тілдерінде болатын осы Конвенция тең аутентті болып табылады, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
      Осының куәлігі ретінде төменде қол қойған тиісті уәкілетті адамдар Конвенцияға қол қойды.