1996 жылғы 26 тамызда Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық iстер жөнiнде өзара құқықтық көмек көрсету туралы шарт бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының |
Президентi |
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы
арасындағы азаматтық және қылмыстық істер
жөніндегі өзара құқықтық көмек туралы
Шарт
(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 1999 ж., N 6, 95-құжат)
(1998 жылғы 18 желтоқсанда күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж.,
Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 71 бет)
Бұдан әрi "Шарттасушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы егемендiктi құрметтеу және өзара сыйластық негiзiнде құқықтық қарым-қатынастар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, азаматтық және қылмыстық iстер жөнiнде бiр-бiрiне құқықтық көмек көрсету мақсатында мыналарға уағдаласты:
I тарау. Жалпы ережелер
1-бап Құқықтық қорғау
1. Бiр Шарттасушы Тараптың азаматтары екiншi Шарттасушы Тараптың аумағында өзiнiң жеке және мүлiктiк құқықтарының екiншi Шарттасушы Тараптың азаматтары сияқты құқықтық қорғалуын пайдаланады. Олар соттарға, әдiлет, прокуратура органдары мен азаматтық және қылмыстық iстер құзыретiне жататын өзге де мекемелерге өтiнiш жасауға құқықты және екiншi Шарттасушы Тараптың азаматтары пайдаланатын ережелер негiзiнде өтiнiш бойынша іс қозғап, басқа да іс жүргiзу әрекеттерiн жүзеге асыра алады.
2. 1-тармақтағы ережелер өзiнiң ұлттық заңдарына сәйкес әрбiр Шарттасушы Тараптың аумағында құрылған заңды ұйымдарға да және оларға теңестiрiлген құрылымдарға қолданылады.
3. Осы Шартта қолданылатын "азаматтық iстер" терминi неке-отбасы, еңбек, мұрагерлiк, шаруашылық iстерiн қамтиды.
2-бап Құқықтық жәрдем
Шарттасушы Тараптардың осы Шарттағы 1-баптың 1-тармағында аталған органдары мен мекемелерi азаматтық және қылмыстық iстер жөнiнде өз елiнiң заңдарымен белгiленетiн құзыретiне сәйкес өзара құқықтық жәрдем көрсетедi.
3-бап Құқықтық жәрдем көлемi
Шарттасушы Тараптар өз заңдарының талаптарын сақтай отырып, бiр-бiрiне:
- іс жүргiзу әрекеттерiн орындау;
- құжаттарды жiберу мен тапсыру;
- заттай айғақтар беру;
- іс материалдарын жiберу;
- сот шешiмдерiн мойындау және орындау;
- талаптарды қамтамасыз ету;
- сұраушы тарапқа соттылық туралы мәлiметтер беру;
- адамдарды iздестiру;
- шұғыл-іздестiру шараларын жүргiзу;
- оларды қылмыстық жауапкершiлiкке тарту немесе үкiмдi орындау үшiн қылмыс жасаған адамдарды ұстап беру;
- қылмыстық қудалауды жүзеге асыру жолымен құқықтық көмек көрсетедi.
4-бап Құқықтық көмек көрсету кезінде қатынастар жасау тәртібі
Азаматтық және қылмыстық істер бойынша кұқықтык көмек көрсету туралы өтініш жасаған кезде Уағдаласушы Тараптардың соттары және басқа да органдары мен мекемелері, егер осы Шартта өзгеше белгіленбеген болса, өздерінің құзыретті мекемелері арқылы бір-бірімен өзара қатынас жасайды.
Уағдаласушы Тараптар тағайындалған құзыретті мекемелер, олардың функциялары мен байланыс деректері туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 12.05.2023 № 3-VIII Заңымен.5-бап Тiл
1. Шарттасушы Тараптардың мекемелерi осы Шартта қозғалып отырған барлық мәселелер бойынша өзара байланыс жасаған кезде Тараптардың мемлекеттiк тiлдерiн қолданады.
2. Қызмет тiлi ретiнде орыс тiлi пайдаланылады.
6-бап Құжаттарды ресiмдеу
1. Шарттасушы Тараптардың құзыреттi органдары құқықтық жәрдем көрсету ретiнде жiберетiн, мемлекеттiк тiлде жазылған құжаттары орыс тiлiне аударылуға, құзыреттi адамның қолы қойылып, мөрмен куәландырылуға тиiс.
2. Тараптар өзара келiсiм бойынша құқықтық көмек көрсету үшiн өтiнiш жасаған кезде пайдаланылатын құжаттар дайындаудың үлгiлерiн белгiлеуi мүмкiн.
7-бап Құқықтық жәрдем көрсету туралы өтiнiштiң (тапсырманың) түрi
Құқықтық жәрдем көрсету туралы өтiнiш (тапсырма) жазбаша түрде жасалып, тапсырманың мазмұны ескерiлген мынадай реквизиттер болуға тиiс:
а) сұраушы мекеменiң атауы;
ә) сұрау салынып отырған мекеменiң атауы;
б) құқықтық жәрдем сұралып отырған істiң атауы және өтiнiштiң (тапсырманың) мазмұны;
в) iске қатысы бар адамдардың аты-жөнi, олардың азаматтығы, жынысы, кәсiбi, тұрғылықты жерi немесе жүрген жерi, туған жылы мен жерi; заңды ұйымның атауы және орналасқан жерi;
г) осы баптың "г" тармағында аталған адамдар өкiлдерiнiң аты-жөнi және мекен-жайы;
д) тапсырылатын құжаттың атауы;
е) анықталуға тиiстi мән-жайдың мазмұны, сондай-ақ талап етiлетiн құжаттар мен басқа да дәлелдемелердiң тiзбесi; қылмыстық істер бойынша, сондай-ақ жасалған қылмыстың нақты мән-жайының сипаттамасы, оның заң жүзiнде топталуы, мүмкiндiгiнше адамның сыртқы сипаттамасы, оның фотосуретi, саусақтарының iздерi.
8-бап Тапсырманың орындалуы
1. Егер сұрау салынып отырған Шарттасушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес тапсырманың орындалуы осы Тараптың соттары мен басқа да құзыреттi мекемелерiнiң құзыретiне жатпайтын болса, бас тартудың дәлелi көрсетiлiп тапсырма керi қайтарылуы мүмкiн.
2. Егер Шарттасушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесi тапсырманы орындауға құқылы болмаған ретте ол аталған тапсырманы сұрау салынып отырған Шарттасушы Тараптың құзыреттi мекемелерiне жолдауға, сондай-ақ бұл туралы екiншi Шарттасушы Тараптың сұраушы мекемесiне хабарлауға мiндеттi.
3. Егер Шарттасушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесi тапсырмада көрсетiлген мекен-жайдың дәл болмауына байланысты тапсырманы орындауға мүмкiндiгi болмаса, ол мекен-жайды анықтау үшiн тиiстi шаралар қолдануға немесе Шарттасушы Тараптың сұраушы мекемесiне қосымша мәлiметтер беру туралы хабарлауға мiндеттi.
4. Егер мекен-жайды анықтау немесе басқа себептермен тапсырманы орындау мүмкiн болмаса, Шарттасушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесi бұл туралы Шарттасушы Тараптың сұраушы мекемесiне хабарлап, тапсырманың орындалуына кедергi жасайтын себептердi баяндауға, сондай-ақ Шарттасушы Тараптың сұраушы мекемесi жолдаған барлық құжаттарды қайтаруға мiндеттi.
5. Шарттасушы тараптың сұрау салынып отырған мекемесi оны алған күннен бастап 1 ай iшiнде тапсырманы орындайды.
9-бап Орындау нәтижелерi туралы хабарлау
1. Сұрау салынып отырған мекеме осы Шарттың 4-бабында көзделген тәртiп бойынша сұраушы мекемеге мүмкiндiгiнше қысқа мерзiм ішiнде тапсырманың орындалу нәтижелерi туралы жазбаша түрде хабарлауға, сондай-ақ тапсырманың орындалған уақыты мен орнын көрсетiп, орындалуын растайтын құжаттарды жiберуге мiндеттi.
2. Құжаттардың тапсырылғаны туралы тапсырманың орындалғанын растайтын құжатта алынған күнi көрсетiлуге, алушының қолы мен тапсырманы орындаған адамның қолы қойылуға тиiс. Егер алушы алудан бас тартса, алудан бас тартудың себептерi де көрсетiлуге тиiс.
Тапсырманың орындалғанын растайтын құжат тапсырманы орындаған сұрау салынып отырған мекеменiң ресми мөрiмен бекiтiлу керек.
10-бап Құжаттарды дипломатиялық өкiлдiктер немесе консулдық мекемелер арқылы табыс ету
Шарттасушы Тараптардың бiрiнiң екiншi Шарттасушы Тарап жанында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктерi немесе консулдық мекемелерi құзыреттi органдардың тапсыруы бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды өз азаматтарына табыс ете алады. Алайда бұл әрекеттер күштеу сипатындағы шаралар болмауға және сол елдiң ұлттық заңдарына қайшы келмеуге тиiс.
11-бап Құжаттарды табыс етудi растау
Құжаттарды табыс ету құжат табыс етiлген адамның қойған қолының растауымен және құжатты табыс етушi сұрау салынып отырған мекеменiң ресми мөрiмен бекiтiлген, не осы мекеме берген табыс етудiң тәсiлi, орны және уақыты көрсетiлуi тиiс басқа құжатпен куәландырылады.
12-бап Куәгердi, жәбiрленушiнi және сарапшыны шетелге шақыру
Егер бiр Шарттасушы Тараптың аумағындағы алдын ала тергеу немесе сотта iс қарау барысында екiншi Шарттасушы Тараптың аумағындағы куәгердiң, жәбiрленушiнiң, сарапшының өзi келуi қажет болса, осы Шарттасушы Тараптың тиiстi мекемесiне хабарласып, шақырту қағазын табыс етудi тапсыру керек.
13-бап Куәгерлерге, жәбiрленушiлер мен сарапшыларға қатысты кепiлдiктер
1. Сұрап отырған Шарттасушы Тарап сотының немесе басқа да құзыреттi мекемелерiнiң сұрау салынып отырған Шарттасушы Тарап арқылы берiлген шақыруы бойынша келген куәгердi, жәбiрленушiнi немесе сарапшыны, оның азаматтығына қарамастан, сұраушы мемлекетте әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартуға, не оның мемлекеттiк шекарадан өткенге дейiн жасаған құқық бұзушылығы үшiн кез келген түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.
2. Куәгердi, жәбiрленушi немесе сарапшы ретiнде сұрап отырған Шарттасушы Тарап мекемесiне құқықтық жәрдем туралы өтiнiш негiзiнде шақыртылған адам, егер бас тарту құқығы немесе мiндетi сұрап отырған Шарттасушы Тарап заңымен көзделсе, жауап беруден немесе басқа қызметтi орындаудан бас тартуға құқылы. Сұрап отырған Шарттасушы Тарап мекемелерi қажет жағдайда өтiнiшке жоғарыда аталған құқықтар мен мiндеттерге қатысты заңдылық туралы анықтаманы тiркеуге мiндеттi.
3. Егер куәгер, жәбiрленушi немесе сарапшы өзiнiң ендiгi жерде қатысуының қажет еместiгi туралы сұраушы Тараптан хабар алғаннан кейiн оның аумағынан 15 күн өткенше кетпесе, ол осы баптың 1-тармағында берiлетiн кепiлдiктен айырылады, бұған сұраушы Шарттасушы Тараптың аумағынан өзiне байланысты емес мән-жайлар бойынша мерзiмiнде кете алмайтын реттер қосылмайды.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған шақырту осы Шарттың 4-бабында көзделген тәртiппен берiледi. Шақыруда күштеу шараларын қолданбауға, қоқан-лоққы жасалмауға тиiс.
14-бап Құқықтық жәрдем көрсетуге байланысты шығындар
1. Шарттасушы Тараптар құқықтық көмектi тегiн көрсетедi.
2. Сұраушы Шарттасушы Тараптың аумағына шақырту бойынша барған куәгердiң, жәбiрленушiнiң немесе сарапшының жолына, тамағы мен тұруына жұмсалған шығындарды сұраушы Шарттасушы Тарап өтейдi, сонымен бiрге сарап жүргiзгенi үшiн сарапшы сыйақы алуға құқылы. Шақыруда аталған адамдардың қандай төлемдер алуға құқылы екенi көрсетiлуге тиiс. Аталған адамдардың өтiнiшi бойынша сұраушы Шарттасушы Тарап оларға тиiстi шығындарды алдын ала төлеуге мiндеттi.
15-бап Құқықтық жәрдем көрсетуден бас тарту
Егер сұрау салынып отырған Шарттасушы Тарап құқықтық жәрдем көрсету өзiнiң егемендiгiне, қауiпсiздiгiне, құқықтық тәртiбiне залал келтiредi немесе оның ұлттық заңына қайшы келедi деп санаса, оның құқықтық жәрдем беруден бас тартып, сұраушы Шарттасушы Тарапқа бас тарту себептерiн хабарлауы мүмкiн.
16-бап Құқықтық жәрдем көрсету кезiнде қолданылатын заңдар
1. Сұрау салынып отырған мекеме құқықтық жәрдем көрсету кезiнде өз мемлекетiнiң ұлттық заңдарын қолданады.
Сұраушы мекеменiң өтiнiшi бойынша сұрау салынып отырған мекеме егер олар сұрау салынып отырған Шарттасушы Тарап заңына қайшы келмесе, орындаудың тәсiлi мен нысандарына қатысты сұраушы Шарттасушы Тараптың іс жүргiзу қалыптарын қолданады.
2. Құқықтық жәрдем көрсету кезiнде сұрау салынып отырған мекеме сұраушы Тараптың өтiнiшi бойынша, егер олар сұрау салынып отырған Шарттасушы Тараптың ұлттық заңдарына қайшы келмесе, екiншi Шарттасушы Тараптың іс жүргiзу нормаларын да қолдана алады.
17-бап Заң ақпаратының көлемi
Шарттасушы Тараптар өтiнiш бойынша бiр-бiрiне қолданылып жүрген немесе қолданылған заңдар туралы және оларды қолдану практикасы туралы ақпарат бередi.
II тарау. Азаматтық істер бойынша құқықтық жәрдем
18-бап Құқықтық жәрдем көлемi
Шарттасушы Тараптар өзара алыс-берiс негiзiнде өтiнiш бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды берiп, талаптарды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады, іске қатысушылардан, куәгерлер мен сарапшылардан жауап алып, жергiлiктi жерде сараптама, тексерiс жүргiзедi, сот шешiмдерiн мойындап, орындайды, соның iшiнде алимент өндiрiп алу үшiн борышқорларды іздестiру жөнiнде шаралар қолданады, басқа іс жүргiзу әрекеттерiн орындайды.
19-бап Соттар құзыретi
1. Мұралық даулардан басқа азаматтық істер жөнiндегi даулар Шарттасушы Тараптардың соттары арқылы жауапкердiң тұрғылықты жерi не тұратын жерi бойынша, олардың азаматтығына тәуелсiз қаралады, ал заңды тұлғаларға талаптар шағым аумағында заңды тұлғаның басқару органы, өкiлдiгi немесе филиалы орналасқан Шарттасушы Тараптың соттарына берiледi.
2. Шарттасушы Тараптар соттары, егер тараптың ерекше құзыретi жағдайларынан басқа дауды осы соттарға беру туралы жазбаша келiсiмi болса, iстi басқа жағдайларда қарайды.
20-бап Сот шығындарын төлеу
1. Бiр Шарттасушы Тараптың азаматтары екiншi Шарттасушы Тараптың аумағында сот шығындарын сол Шарттасушы Тараптың азаматтарымен тең жағдайда және бiрдей көлемде төлейдi.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi Шарттасушы Тараптардың бiрiнiң аумағында құрылған заңды ұйымдарға да оның ұлттық заңдарына сәйкес қолданылады.
21-бап Сот шығындарын төлеуден толық немесе iшiнара босату
1. Бiр Шарттасушы Тараптың азаматтары екiншi Шарттасушы Тараптың аумағында сот шығындарын төлеуден сол Уағдаласушы Тараптың азаматтарымен тең жағдайда және бiрдей көлемде толық немесе iшiнара босатылады.
2. Шарттасушы Тараптардың бiрiнiң азаматтары сот шығындарын төлеуден толық немесе ішiнара босатуға өтiнiш жасағанда тұрғылықты жерi бойынша немесе жүрген жерi бойынша құзыретті мекемелер берген, өзiнiң жеке басын, отбасылық және мүлiктiк жағдайын куәландыратын құжаттар тапсыруға тиiс. Егер арыз берушiнiң Шарттасушы Тараптар аумағында тұрғылықты жерi немесе жүрген жерi болмаса, ол өз мемлекетiнiң дипломатиялық өкiлдiгi немесе консулдық мекемесi берген немесе куәландырған аталған құжаттарды табыс ете алады.
3. Сот шығындарын төлеуден толық немесе iшiнара босату туралы өтiнiш бойынша шешiм шығаратын сот құжат берген органға қосымша түсiндiрме туралы сауал сала алады.
22-бап Мойындалуға және орындалуға тиiстi шешiмдер
1. Өзiнiң сипаты бойынша орындалуды талап етпейтiн бiр Шарттасушы Тараптың заңды күшiне енген сот шешiмдерi, сондай-ақ қорғаншылық және қамқорлыққа алу, нотариус және азаматтық хал актiлерi органдарының шешiмдерi мойындалады, ал мүлiктiк сипаттағы істер жөнiнде осы Шартпен белгiленген жағдайларда басқа Шарттасушы Тараптың аумағында мойындалады және орындалады.
2. Осы Шарттың мәтiнiнде қолданылатын "сот шешiмдерi" деген термин мыналарды бiлдiредi:
Қазақстан Республикасында - соттың (судьяның) шешiмi, ұйғарымы, қаулысы, сот бұйрығы, азаматтық және төрелiк iстер бойынша келiсiмi, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша келтiрiлген нұқсанды өтеу бөлiгiндегi үкiм;
Қырғызстан Республикасында - соттың (судьяның) шешiмi, ұйғарымы, қаулысы, сот бұйрығы, азаматтық және арбитраждық iстер бойынша келiсiмi, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша келтiрiлген нұқсанды өтеу бөлiгiндегi үкiм.
Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.05.2023 № 3-VIII Заңымен.23-бап Сот шешiмiн мойындау және орындау туралы құзаухат
1. Сот шешiмiн мойындау және орындау туралы құзаухатты арыз берушi осы шешiмдi шығарған сотқа бередi және сот оны осы Шарттың 4-бабында көзделген тәртiппен екiншi Шарттасушы Тараптың сотына жiбередi. Арыз берушi екiншi Шарттасушы Тараптың сотына да тiкелей құзаухат жаза алады.
2. Сот шешiмiн мойындау және орындау туралы құзаухатқа қоса мынадай құжаттар жiберiлуге тиiс:
а) сот шешiмiнiң сот куәландырған көшiрмесi, егер көшiрмеде шешiмнiң күшiне енгенi және орындауға болатыны айқын көрсетiлмеген болса, сот шешiмiнiң заңды күшiне енгенi туралы сот құжатының бiр данасы да қоса тiркелуге тиiс;
б) сұраушы Шарттасушы Тараптың аумағында шешiмнiң бiр бөлiгiнiң орындалуы туралы сот құжаты;
в) сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхатпен жүгіну жағдайларын қоспағанда, iске қатыспаған тарапқа заңмен белгiленген тәртiп бойынша сотқа шақырту туралы хабарламаның табыс етiлгенiн, ал ол қабiлетсiз болған жағдайда онда тиiстi өкiлiнiң болғанын куәландыратын құжат;
г) осы бапта аталған құзаухат пен оған қоса тiркелген құжаттардың куәландырылған аудармасы.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.05.2023 № 3-VIII Заңымен.24-бап Сот шешiмiн мойындау және орындау тәртiбi
1. Сот шешiмiн мойындау және орындауды құзаухат жазылған Шарттасушы Тараптың соты осы Шарттасушы Тараптың ұлттық заңдарымен белгiленген тәртiпке сәйкес жүзеге асырады.
2. Құзаухат жазылған сот шешiмдi мәнi бойынша талқыламай, қайта оны осы Шарттың талаптарына сәйкес нәрсе ретiнде ғана қарастырады.
3. Мойындау және орындау туралы құзаухат түскен шешiмге қатысты құзаухат алған сот, қажет жағдайда шешiм шығарған соттан қосымша материалдар тапсыруды талап ете алады.
25-бап Мойындаудың және орындаудың заңдық күшi
Бiр Шарттасушы Тараптың сотының шешiмiн келесi Шарттасушы Тараптың сотының мойындауы және орындауы сол Шарттасушы Тарап соты шығарған шешiм сияқты заңдық күш иеленедi.
26-бап Шешiмдi мойындаудан және орындаудан бас тарту
1. Арбитраждық шешiмдi қоспағанда, соттың шешiмiн мойындаудан және орындаудан мынадай жағдайлардың бiрiнде бас тартуға болады:
1.1 егер шешiм шығарылған Шарттасушы Тараптың ұлттық заңдылығына сәйкес бұл шешiм заңдық күшiне енбесе және орындауға жатқызылмаса;
1.2 егер шешiмдi мойындау және орындау туралы құзаухат жазылған Шарттасушы Тараптың ұлттық заңдылығына сәйкес iс сұрау салынып отырған Шарттасушы Тарап сотының түбегейлi құзыретiне кiретiн болса;
1.3 егер Шарттасушы Тараптың ұлттық заңдылығына сәйкес оның шешiм қабылдаған мекемесi iске қатыспаса, сотқа шақырту жөнiнде хабар берiлмесе немесе оның әрекет қабiлетi болмаса, тиiстi өкiлi келмей қалса;
1.4 егер осы тараптардың арасындағы құқықтық дау-дамай бойынша сұрау салынып отырған Шарттасушы Тараптың соты заңдық күшiне енген, немесе қаралу дәрежесiндегi, немесе осы iс бойынша шығарылған үшiншi мемлекеттiң шешiмiмен заңдық күшiне енген мойындалған шешiм қабылдаса.
2. Арбитраж шешiмiн мойындаудан бас тарту мүмкiн, егер:
2.1 шешiмдi орындауға тиiс Шарттасушы Тараптың заңы бойынша мұндай iс арбитраждық қараудың заты болып табылмаса;
2.2 арбитраждық келiсiмнiң немесе шарттағы арбитраждық қағидаттың жағдайында көзделмеген немесе қамтылмаған дау-дамай жөнiнде арбитраждық шешiм шығарылса;
2.3 арбитраждық соттың құрамы тараптардың келiсiмiне, не шарттағы арбитраждық қағидаттарға сәйкес келмесе, немесе арбитраж төрелiгi өткен мемлекеттiң заңына сәйкес келмесе;
2.4 тараптар арбитрды тағайындау туралы, немесе арбитраждық іс қарау жөнiнде тиiстi түрде хабардар етiлмесе.
III тарау. Қылмыстық істер бойынша құқықтық жәрдем
27-бап Құқықтық жәрдемнiң ауқымы
Осы Шарттың ережелерiне сәйкес Шарттасушы Тараптардың бiр-бiрiне көрсететiн құқықтық жәрдемi мыналарды қамтиды:
- адамдарды iздестiру және айқындау;
- қылмыстық қуғындауды жүргiзу;
- сезiктiлердi, айыпталушыларды, сотталушыларды, куәгерлердi, жәбiрленушiлердi, сарапшыларды тергеу;
- тексеру, тiнту және дәлелдемелер жинауға байланысты басқа да іс жүргiзу әрекеттерi;
- заттай айғақтарды, құжаттарды, қылмыстық жолмен алынған бағалы заттарды беру;
- қылмыстық іс жөнiндегi өндiрiске байланысты іс жүргiзу құжаттарын тапсыру, сондай-ақ сот процесiнiң нәтижелерi туралы ақпарат беру.
Осы баптың 1-тармағында аталған әрекеттердiң барлығы сұрау салынатын Шарттасушы Тараптың қалыптасқан заңдылығына сәйкес жүзеге асырылады.
28-бап Қылмыстық іс бойынша құқықтық жәрдем көрсету кезiндегi байланыс жасаудың тәртiбi
Ескерту. 28-бап алып тасталды - ҚР 12.05.2023 № 3-VIII Заңымен.
29-бап Қылмыстық қуғындауды қозғау мiндеттiлiгi
1. Әрбiр Шарттасушы Тарап келесi Шарттасушы Тараптың өтiнiшi бойынша өзiнiң заңдылығына сәйкес өзге Шарттасушы Тараптың аумағында қылмыс істедi деп күдiктелген өз азаматтарына қарсы қылмыстық қуғындауды қозғайды.
2. Шарттасушы Тараптың бiрiнiң заңдылығына сәйкес оның құзыреттi мекемесiне жәбiрленушiнiң қылмыстық қуғындау туралы тиiстi мерзiмде берген арызы келесi Шарттасушы жақтың аумағында да күшiн сақтайды.
30-бап Қылмыстық iс бойынша құқықтық жәрдем көрсету кезiндегi тергеуге алушылықты анықтау
Шарттасушы Тараптардың аумағында адам (адамдар) бiрнеше қылмыс жасаған кезде алдын-ала тергеудi, қылмыстың тым ауыры, не көбi жасалған жердiң тергеу органдары аяқтайды.
Шарттасушы Тарап аумағында, оның азаматы болып табылатын және сол аумақта ұсталған адам (адамдар) бiр рет болса да қылмыс жасаса, iстi аяқтауды осы Шарттасушы Тараптың құзыретті мекемелерi жүзеге асырады.
Басқаша жағдайларда тергеуге алушылықты Шарттасушы Тараптың Бас прокурорлары анықтайды.
31-бап Куәгер, не жәбiрленушi ретiнде іске қатысуы үшiн сұрау салынған тарап аумағында қамауда отырған тұлғаны беру
1. Сұрау салынған Шарттасушы тарап аумағында қамауда отырған, сұрау салушы Тараптың Сотына немесе басқа да құзыреттi мекемесiне куәгер немесе жәбiрленушi ретiнде шақырылған тұлға осы тарапқа мынадай шарттарды сақтай отырып уақытша берiледi:
а) шақыртылған тұлға бұған келiссе;
б) уақытша берiлген тұлға қылмыстық іс бойынша қажеттi іс жүргiзу әрекетi жүргiзiлген соң сұрау салынған Шарттасушы Тарапқа берiлген күнiнен бастап үш ай ішiнде қайтарылуға тиiс.
Қажет болған жағдайда, тиiстi негiздемелер табыс етiлсе, Шарттасушы Тараптардың келiсiмi бойынша мерзiм ұзартылуы мүмкiн;
в) уақытша берiлген адам сұрау салушы тараптың аумағында қашып кетпейтiндей жағдайда ұсталуға тиiс.
2. Сұрау салынған Шарттасушы Тарап аумағында тұлғаның қамалу мерзiмiнiң осы уақытша беру салдарынан ұзартылуы мүмкiн емес.
32-бап Құжаттарды тапсыру және жекелеген іс жүргiзу әрекеттерiн орындау
1. Құжаттарды тапсыру және қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер жинауға байланысты жекелеген іс жүргiзу әрекеттерiн орындау тәртiбi осы Шарттың 6-10-баптарымен анықталады.
2. Жоғарыда көрсетiлген тапсырмаларды жолдау кезiнде қылмыс iстеуге итермелеген жағдайлар, оның саралау мен тиiстi заңдық актiлердiң ережелерi көрсетiлуге тиiс.
33-бап Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және материалдық байлықты беру
1. Шарттасушы Тарап өзге Шарттасушы Тараптың талабы негiзiнде сол Шарттасушы Тарап аумағынан қылмыстық жолмен алынған ақша мен материалдық байлықты оған беруге тиiс, алайда мұндай әрекет Шарттасушы Тараптың немесе үшiншi тұлғаның осы қазына-байлыққа құқығына нұқсан келтiруге тиiс емес.
2. Егер жоғарыда көрсетiлген ақша мен өзге материалдық байлықтар сұрау салынған Шарттасушы Тарап аумағында басқа да шешiлмеген қылмыстық істер бойынша соттың іс қарауын өткiзу үшiн қажет болған жағдайда, осы Шарттасушы Тарап оларды берудi уақытша тоқтата тұруы мүмкін.
34-бап Қылмыстық істер бойынша құқықтық жәрдем көрсетуден бас тарту
Осы Шарттың 15-бабында көзделген негiзден басқа жағдайда, сұрау салынып отырған Шарттасушы Тарап, егер тапсырмада көрсетiлген әрекет өзiнiң ұлттық заңдылығында қылмыс болып саналмайтын болса, қылмыстық iс бойынша құқықтық жәрдем беруден бас тарта алады.
35-бап Қылмыстық iс бойынша соттың iс қозғауы және талқылауы туралы хабарлама
Шарттасушы Тараптар өзге Шарттасушы Тараптың азаматына қатысты қылмыстық iс қозғау туралы және өзге Шарттасушы Тарап азаматына қатысты өздерiнiң соттары шығарған үкiм жөнiндегi мәлiметтердi бiр-бiрiне хабарлауға мiндеттенедi.
36-бап Бұрынырақ iстелген қылмыстар туралы ақпарат
Шарттасушы Тараптар өзге Шарттасушы Тараптың сотымен бұрын сотталған адамға қатысты қылмыстық істi қарау үшiн сотталғандығы туралы мәлiметтердi өтiнiш бойынша бiр-бiрiне тегiн бередi.
37-бап Қылмыстық іс бойынша құқықтық жәрдем көрсету кезiнде Шарттасушы Тараптар өкiлдерiнiң қатысуы
Шарттасушы Тараптардың бiрiнiң өкiлдерi келесi Шарттасушы Тараптың келiсiмiмен сол жақтың қылмыстық iсi бойынша құқықтық жәрдем көрсету туралы құзаухатын орындау кезiнде қатыстырылады.
IV тарау. Қосымша ережелер
38-бап Құжаттардың шынайылығы
1. Шарттасушы Тараптардың бiрiнiң соты немесе басқа құзыреттi мекемесi жасаған немесе куәландырған құжаттар осы Шарттасушы Тараптың тиiстi құзыреттi мекемесiнiң ресми мөрi басылғанда ғана шынайы болады. Осындай күйде келесi Шарттасушы Тараптың соты немесе басқа құзыреттi мекемесi кедергiсiз қабылдайды.
2. Шарттасушы Тараптардың бiрiнiң аумағында ресми құжаттар ретiнде саналған құжаттар келесi Шарттасушы Тарап аумағында ресми құжаттардың дәлелдiк күшiн пайдаланады.
39-бап Азаматтық хал-ахуал туралы және басқа құжаттарды жолдау
Осы Шартты орындау үшiн Шарттасушы Жақтардың бiрiнiң құзыреттi мекемелерi дипломатиялық каналдар арқылы түскен өтiнiшке орай келесi Шарттасушы Тарапқа азаматтық хал-ахуал актiлерiн тiркеу туралы куәлiктi, еңбек стажы туралы мәлiметтердi және келесi Шарттасушы Тарап азаматының жеке келесi Шарттасушы Тарап азаматының жеке құқықтары мен мүлiктiк мүдделерiне қатысты басқа да құжаттарды жолдайды.
40-бап Дау-дамайларды шешу
Уағдаласушы Тараптар осы Шарттың ережелерін түсіндіру немесе орындау мәселелері бойынша туындайтын дауларды осы Шарттың 4-бабында көрсетілген тиісті орталық органдар арасындағы консультациялар не дипломатиялық арналар арқылы шешеді.
Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - ҚР 12.05.2023 № 3-VIII Заңымен.41-бап Ведомстволық байланыстар орнату
Осы Шартта айтылған Шарттасушы Тараптардың орталық Заң мекемелерi осы Шартты негiзге ала және дамыта отырып, өздерiнiң құзыреттерiнiң шеңберiнде ведомстволық келiсiмдер жасау арқылы тiкелей байланыс орната алады.
V тарау. Қорытынды ережелер
42-бап Шарттың күшiне енуi
Осы Шарт мақұлдауға жатады және мақұлдау грамотасы алмасылған соң күшiне енедi.
43-бап Шартты өзгерту және толықтыру
Шарттасушы Тараптар осы Шарттың мәтiнiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу мәселелерi жөнiнде дипломатиялық каналдар арқылы кеңесулер өткiзедi. Енгiзiлген өзгерту мен толықтыру өздерiнiң ұлттық заңдылықтарына сәйкес қажеттi заңдық шараларды орындаған сәттен бастап күшiне енедi.
44-бап Әрекетiн тоқтатуы
Осы Шарт мерзiмсiз және Шарттасушы Тараптардың кез-келгенi дипломатиялық канал арқылы оның әрекетiн тоқтату туралы хабарлама жолданғаннан кейiн алты ай өткенде өз әрекетiн тоқтатады.
Алматы қаласында, 1996 жылғы 26 тамызда, қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде әрқайсысы екі данадан жасалды. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда Шарттасушы Жақтар орыс тіліндегі мәтінін басшылыққа алады.
(Қолдары)