Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Бақылау Палатасы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1995 жылғы 13 сәуiр N 2131-XII.
Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 12 Заңымен (өзгеріс 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді)

  I. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
 

               1-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесi
             Бақылау Палатасының мәртебесi

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Бақылау Палатасы (бұдан әрi-Бақылау Палатасы) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң бақылау органы болып табылады. 

       2-бап. Бақылау Палатасы қызметiнiң құқылық негiздерi

      Бақылау Палатасын ұйымдастыру мен оның қызметi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының басқа да заң құжаттарымен белгiленедi. 

       3-бап. Бақылау Палатасының Қазақстан Республикасы
             Жоғарғы Кеңесiне жыл сайын беретiн есебi

      Бақылау Палатасы жүргiзiлген тексеру мен ревизияның нәтижелерi туралы, одан туындайтын қорытындылар мен ұсыныстар туралы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне жылына кем дегенде бiр рет есеп берiп отырады. Есеп жариялануға тиiс. 
      Бақылау Палатасы өзi жылдық есептi табыс еткенге дейiн қалдыруға болмайды деп санайтын кез келген маңызды және шұғыл мәселе жөнiнде Жоғарғы Кеңес Төралқасының қарауына арнаулы баяндама енгiзе алады.

       4-бап. Бақылау Палатасының Қазақстан Республикасы
             Жоғарғы Кеңесiнiң Комитеттерiмен өзара қатынасы

      Бақылау Палатасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Комитеттерiне олар көңiл аударатын мәселелер жөнiнде өз құзыретi шегiнде қажеттi хабарлама мен қорытындылар берiп отырады.

       5-бап. Бақылау Палатасының қызметiн қаржыландыру

      Бақылау Палатасына өзiнiң мiндеттi қызметi мен өкiлеттiгiн орындау үшiн қажеттi қаржы қаражаттары тiкелей республикалық бюджеттен берiледi.
      Бақылау Палатасы шығындарының сметасын Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесiнiң Төралқасы бекiтедi.

  II бөлiм. БАҚЫЛАУ ПАЛАТАСЫНЫҢ ҚҰРАМЫ, ҚҰРЫЛУ
ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТIН ҰЙЫМДАСТЫРУ ТӘРТIБI

       6-бап. Бақылау Палатасының Төрағасы

      Бақылау Палатасының Төрағасын Жоғарғы Кеңес Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi тағайындайды және қызметтен босатады.
      Бақылау Палатасының Төрағасы өз қызметiнде Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын басшылыққа алады, бақылауды жүзеге асыруға, тексерулер мен ревизияларды жоспарлауға және жүргiзуге байланысты барлық мәселелердi өз құзiретi шегiнде дербес шешедi.
      Бақылау Палатасының Төрағасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң, Жоғарғы Кеңесi Төралқасы мен Комитеттерiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мәжiлiстерiне қатысуға құқылы. 

       7-бап. Бақылау Палатасының құрамы және оны құру тәртiбi

      Төраға, оның орынбасарлары мен мүшелері құрамындағы Бақылау Палатасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң сессиясында Жоғарғы Кеңес өкiлеттiгi мерзiмiне оның депутаттары iшiнен сайланады.

       8-бап. Бақылау Палатасының шетел бақылау
             органдарымен өзара iс-қимылы

      Басқа мемлекеттердiң бақылау органдарымен, сондай-ақ халықаралық бақылау ұйымдарымен уағда бойынша Бақылау Палатасы тексеру жүргiзу жөнiндегi жекелеген тапсырмаларды орындауды басқаларға бере алады, сондай-ақ өз мойнына ала алады.

  III бөлiм. БАҚЫЛАУ ПАЛАТАСЫНЫҢ МIНДЕТТI
ҚЫЗМЕТI МЕН ӨКIЛЕТТIГI

       9-бап. Бақылау Палатасы қызметiнiң негiзгi бағыттары

      Бақылау Палатасы: 
      1) республикалық бюджет қаржысын пайдалану бөлiгiнде Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесi мен оның Төралқасы қаулыларының орындалуын бақылайды; 
      2) түскен түсiмнiң толықтығына мемлекеттiк мүлiктi мемлекет иелiгiнен алудан және жекешелендiруден түскен қаржының жұмсалу заңдылығына бақылау жасайды; 
      3) республикалық бағдарламаларды орындауға және мемлекеттiк қажеттердi қаржыландыруға бөлiнетiн бюджет қаржысының пайдаланылу заңдылығын бақылайды; 
      4) республикалық бюджет жобасына сараптама баға бередi; 
      5) кредит-ақша қатынастарының жай-күйiне талдау жасайды; 
      6) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiсiнiң қызметiне кредит және валюта ресурстарын пайдалану, ақша эмиссиясын және мемлекеттiк бағалы қағаздар шығару, Республиканың алтын және алмас қорларын қалыптастыру мен пайдалану бөлiгiнде бақылау жасайды. 

       10-бап. Бақылау Палатасының өкiлеттiгi

      Бақылау палатасы өзiнiң мiндеттi қызметiн атқару кезiнде: 
      1) тексерiлетiн органдардан, ұйымдардан, мекемелерден Бақылау Палатасы белгiлеген мерзiмде қажеттi құжаттама мен ақпаратты талап етуге; 
      2) банк және өзге де кредит мекемелерiнен тексерiлетiн объектiлердiң операциялары және есеп жағдайлары туралы қажеттi мәлiметтер алуға; 
      3) қажет болған жағдайда тексеру мен ревизия жүргiзуге аудитор қызметiн, сондай-ақ басқа мекемелер мен ұйымдардан мамандарды тартуға; 
      4) тексерулер мен ревизиялардың материалдарын, сараптамалық бағаларды және қаржы-бюджет мәселелерi бойынша қорытындыларды хабарлама есебiнде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiне және оның органдарына, Қазақстан Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне, Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерiне, мемлекеттiк комитеттерi мен ведомстволарына жiберуге; 
      5) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi мүшелерiнiң және басқа да лауазымды адамдардың республикалық бюджеттiң орындалу мәселелерi жөнiндегi есептерiн тыңдау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiне ұсыныстар енгiзуге; 
      6) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң мүшелерi республикалық бюджет қаржысын пайдалану бөлiгiнде заңдарды бұзған ретте оларды қызметтен мерзiмiнен бұрын босату туралы Қазақстан Республикасының Президентi алдына мәселе қою туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiне ұсыныстар енгiзуге; 
      7) тексерулер мен ревизиялар жүргiзу кезiнде ақшалай қаржы мен материалдық қазыналарды талан-таражға салу , заңдарды бұзудың өзге де фактiлерi анықталған жағдайда тексеру мен ревизия материалдарын құқық қорғау органдарына беруге құқылы. 

       11-бап. Бақылау Палатасы мүшелерiнiң өкiлеттiгi

      Бақылау Палатасының мүшелерi өздерiнiң қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде: 
      1) тексеру немесе ревизия мәселелерiне қатысты барлық құжаттамамен танысуға; 
      2) мемлекеттiк органдардың, мекемелердiң және ұйымдардың лауазымды адамдары мен басқа да қызметкерлерiнен тексерулер немесе ревизиялар жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамалар, ауызша және жазбаша түсiнiктер алуға, қажеттi құжаттар мен басқа да айғақтардың қол сұғылмаушылығын қамтамасыз етуге; 
      3) мемлекеттiк органдар, ұйымдар мен мекемелер басшыларының алдында лауазымды адамдардың кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар заңды мүдделерiн, сондай-ақ азаматтар құқықтарын бұзатын өкiмдерiнiң күшiн жою туралы мәселе қоюға құқылы. 

       12-бап. Бақылау Палатасы мүшелерiнiң мiндеттерi
              мен жауаптылығы
 

              Бақылау Палатасының мүшелерi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде заңдардың талаптарын сақтауға, тексерiлетiн объектiлердiң қалыпты жұмыс iстеуiне кедергi жасамауға және олардың жедел қызметiне араласпауға мiндеттi. Бақылау Палатасының мүшелерi жүргiзiлген тексерулердiң мемлекеттiк органдарға табыс етiлетiн және жария хабарламаға берiлетiн нәтижелерiн бұрмалағаны үшiн, сондай-ақ өздерiнiң құқыққа қарсы әрекеттерiмен келтiрген моральдық немесе материалдық зиян үшiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауапты болады. 
      Бақылау Палатасы мүшелерiнiң шешiмдерi мен әрекеттерi жөнiнде Бақылау Палатасының Төрағасына не сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн. 

       13-бап. Бақылау Палатасы мүшелерiне жүктелген мiндеттi
              қызметтерiн атқаруда мемлекеттiк өкiмет
              органдарының көмектесу мiндетi

      Республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк өкiмет органдары Бақылау Палатасының мүшелерiне жүктелген мiндеттi қызметтерiн атқаруда барынша көмектесуге, оларға тексерулер мен ревизиялар жүргiзуде қажеттi көмек беруге, оларды тұрғын және қызмет үйлерiмен, көлiкпен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етуге мiндеттi. 
      Тексеру мен ревизиялар жүргiзуге қандай да бiр кедергi жасайтын, Бақылау Палатасының мүшелерiне жұмыс iстеуге қажеттi жағдайларды қамтамасыз етпейтiн лауазымды адамдар заңдарда белгiленген тәртiппен жауапты болады.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi