Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі және құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 1 шiлдедегi № 330-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заң қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 10-5-баптың 1-тармағы 2) тармақшасындағы "жойылса, тоқтатылады." деген сөздер "жойылса;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) борышкер уәкілетті органның (лауазымды адамның) шешімі негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әкімшілік жауаптылықтан немесе қолданылған әкімшілік жазадан босатылса, тоқтатылады.";

      2) 12-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы "борышкерді" деген сөзден кейін ", борышкер болып табылатын заңды тұлғаның басшысын (оның міндетін атқарушыны)" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 16-баптың 1-тармағындағы "электрондық нысанда" деген сөздер "атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 34-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы "сот орындаушысы осы Заңның 39-бабында көзделген орындау мерзімі өткеннен кейін, ал алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша берешек жиналып қалған жағдайда" деген сөздер "сот орындаушысы берген атқару мерзімі өткеннен кейін, бірақ бір айдан аспайтын мерзімде, ал алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша берешек жиналып қалған жағдайда сот орындаушысы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 35-1-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Борышкер мүліктің тізімдемесін жасауға қатыспаған жағдайда, мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасымен танысу үшін шақырғанда дәлелсіз себеппен келмеген кезде ол сот орындаушысының сот санкциялаған уәжді қаулысы бойынша күштеп әкелінуі мүмкін.

      Атқарушылық құжатты орындамағаны үшін борышкерді әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін күштеп әкелу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.";

      6) 47-баптың 1-тармағында:

      5-2) тармақшадағы ", олар туралы мәліметтер кредиттік бюролардың дерекқорында көрсетілген" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 5-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-3) борышкер уәкілетті органның (лауазымды адамның) шешімі негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әкімшілік жауаптылықтан немесе қолданылған әкімшілік жазалаудан босатылса;";

      7) 62-баптың 3-тармағы екінші бөлігінің 13) тармақшасындағы "рәсімді қолдану туралы іс қозғалған немесе" деген сөздер алып тасталсын;

      8) 68-баптың 3-тармағының бірінші сөйлеміндегі "не оған" деген сөз "не бағалаумен танысқан күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 118-баптың 6-тармағы "бойынша" деген сөзден кейін ", сондай-ақ 47-бабының 1-тармағының 5-3) тармақшасында көзделген жағдайда" деген сөздермен толықтырылсын;

      10) 124-баптың 1-тармағының үшінші бөлігі 3) тармақшасындағы "табылса, өндірілмейді." деген сөздер "табылса;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) борышкер уәкілетті органның (лауазымды адамның) шешімі негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әкімшілік жауаптылықтан немесе қолданылған әкімшілік жазалаудан босатылса, өндірілмейді.";

      11) 138-баптың 1-тармағының 6) тармақшасындағы "бұзу, жер учаскелерін алып қою" деген сөздер "сүру, жер учаскелерін алып қою, борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға міндеттеу туралы" деген сөздермен толықтырылсын;

      12) 140-баптың 2-тармағының 8) тармақшасындағы "үш" деген сөз "бес" деген сөзбен ауыстырылсын;

      13) 146-баптың 2-2-тармағында:

      екінші бөлік 5) тармақшасындағы "жария ету жеке сот орындаушысының кәсіби қателері деп түсініледі." деген сөздер "жария ету;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:

      "6) мүлікті негізсіз алып қою және бүлдіру;

      7) мүлікке зиян келтіруге алып келген, оны өткізу және беру тәртібі жөніндегі талаптарды сақтамау жеке сот орындаушысының кәсіби қателері деп түсініледі.";

      үшінші бөліктегі "сақтандыру шартында" деген сөз "сақтандырудың үлгілік шартында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      14) 167-баптың 11) тармақшасы мынадай мазмұндағы он үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша жеке сот орындаушыларының кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шартын әзірлейді және бекітеді;".

      2. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аясының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      2-баптың 4) тармақшасының үшінші абзацындағы "енгізілетін;" деген сөз "енгізілетін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасауы, прокурордың айыптау актісін жасауы және прокурор айыптау актісін жасаған кезден бастап адамды айыпталушы деп тану бөлігінде 1-баптың 2-тармағы 1) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 5), 6), 7) тармақшаларын, 8) тармақшасының үшінші абзацын, 10) тармақшасының үшінші, бесінші және алтыншы абзацтарын, 16), 17) тармақшаларын, 24) тармақшасының екінші, үшінші және төртінші абзацтарын, 26) тармақшасының үшінші, төртінші, сегізінші, тоғызыншы және он төртінші абзацтарын, 28), 31), 32), 33), 34), 35), 36), 37), 38), 39), 40), 42), 85), 87), 88), 89) тармақшаларын, 3-тармағының үшінші және төртінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі." деген сөздермен ауыстырылып, төртінші абзацы алып тасталсын.

      3. "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" 2025 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 7-баптың 4) тармақшасындағы "құқық бұзушылық профилактикасы" деген сөздер "Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 8-баптың 3) тармақшасындағы "құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі," деген сөздер алып тасталсын;

      3) 9-бапта:

      1-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:";

      9) тармақшадағы "құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі," деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияларды құрады, олардың құрамы мен ережесін бекітеді, сондай-ақ жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;";

      2-тармақта:

      3) тармақшадағы "құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі," деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) осы Заңның 38-бабының 2-тармағында айқындалған әкімшілік-аумақтық бірліктерде Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияларды құрады, олардың құрамы мен ережесін бекітеді, сондай-ақ жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;";

      4) 38-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "38-бап. Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия

      1. Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия – құқық бұзушылық профилактикасы және Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін, тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган.

      2. Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, астанадағы, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың жергілікті атқарушы органдарының жанынан құрылады.

      3. Мемлекеттік органдардың қызметіне талдау жүргізу және ұсынымдар әзірлеу үшін ведомствоаралық топ құрылады, оның қызметі жобалық басқару жөніндегі уәкілетті орган бекітетін жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      Ведомствоаралық топтың ұсынымдары Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарында қаралады.

      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы мен ережесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді, ал жергілікті атқарушы органдардың жанындағы ведомствоаралық комиссияның құрамы мен ережесі тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімдерімен бекітіледі.";

      5) 39-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы "жетілдіру" деген сөзден кейін "және Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру" деген сөздермен толықтырылсын;

      6) 72-бапта:

      4-тармақта:

      екінші бөліктегі "құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі өңірлік ведомствоаралық" деген сөздер "жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші бөліктегі "құқық бұзушылық профилактикасы" деген сөздер "Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7-тармақтағы "Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі өңірлік ведомствоаралық" деген сөздер "Жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 74-баптың 2-тармағындағы және 75-баптың 5-тармағындағы "Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі өңірлік ведомствоаралық деген сөздер "Жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2-бап. Осы Заң:

      1) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 1) тармақшасын, 6) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарын, 8), 9) және 10) тармақшаларын;

      2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ