Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 20 наурыздағы № 214-VII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:

      143-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "143-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегін реттеу

      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегі Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген, қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, еңбектің ерекше жағдайларын, еңбекке ақы төлеу шарттарын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін ерекшеліктер ескеріліп, осы Кодексте реттеледі.".

      2. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 2-бапта:

      24-1) және 24-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24-1) ротациялық төлемдер – басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленетін тұрғын үйді жалдау мақсатындағы төлемдер;

      24-2) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай – Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз ақылы түрде пайдалануға берілетін тұрғынжай;";

      мынадай мазмұндағы 24-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "24-3) сервистік қызмет субъектісі – жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;";

      2) 110-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының азаматтарын еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде, оның ішінде лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілерді қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғынжайды беру және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде оларды қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғынжайды пайдалануға осы Заңның 90, 93 және 95-баптарының қағидалары қолданылмайды.

      Лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге ротациялау орны бойынша қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда олардың еңбек қатынастарының сипатына байланысты міндеттерін орындауы кезеңіне ротациялық төлемдер төленеді.

      Ротациялық төлемдер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге берілетін ротациялық төлемдердің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.";

      3) 111-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Заңның 109-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастарына байланысты қызметтік тұрғынжай берiлiп, ол қатынастарды тоқтатқан жұмыскерлер, оның ішінде лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілер өздерiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға жатады.".

      3. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      8-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі "оқу орындарында" деген сөздерден кейін "және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында" деген сөздермен толықтырылсын.

      4. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) келісімшарттық қызметшінің келісімшарты – мемлекеттік орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы оның құқықтары мен функционалдық міндеттерін, еңбек жағдайларын, сондай-ақ еңбек нәтижелерімен (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) өзара байланысты еңбекке ақы төлеу жағдайларын, еңбек нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін және басқа да жеке жағдайларды белгілейтін еңбек шарты;";

      11) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) мемлекеттік әкімшілік лауазымның санаты – мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымдардың жиынтығы;";

      "13) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес қызметтік әдеп стандарттарында белгіленген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық қағидалары;";

      мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "15-1) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі (бұдан әрі – келісімшарттық қызметші) – түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескерілген келісімшарт бойынша мемлекеттік органға тартылған Қазақстан Республикасының азаматы;";

      2) 3-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) келісімшарттық қызметшілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты негізінде қызметін мемлекеттік органдарда жүзеге асыратын адамдарға, оның ішінде мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлеріне қолданылмайды.";

      3) 5-баптың 2-тармағында:

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілердің кадр құрамының жай-күйіне мониторинг жүргізеді;";

      5) және 7-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тестілеу тәртібін, бағдарламаларын, оны ұйымдастыруды, сондай-ақ тестілеу нәтижелеріне шағым жасау тәртібін айқындайды;";

      "7-2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісу бойынша мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақысын белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 10-1), 10-2), 15-1), 15-2), 15-3) және 15-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10-1) мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, оны жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ оның қорытындысы бойынша тексеру жүргізеді;

      10-2) мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтан жұмысты, аралас қашықтан жұмысты, икемді жұмыс уақыты режиміндегі жұмысты қолдану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      "15-1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісу бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      15-2) мемлекеттік әкімшілік және саяси қызметшілердің еңбегіне ақы төлеуге байланысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі;

      15-3) мемлекеттік органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келіседі;

      15-4) басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге берілетін ротациялық төлемдердің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын әзірлейді;";

      4) 6-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) келісімшарттық қызметшілерді іріктеуді және олармен келісімшарт жасасу, оған өзгерістер енгізу және оны бұзу процесін ұйымдастырады;";

      5) 10-баптың 15) тармақшасының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) мемлекеттік органның жолдамасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтауға, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламасы бойынша дәреже алуға, тікелей оқу аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге мiндеттi. Осы міндеттемелерді орындамау адамның мемлекетке өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқуға байланысты шығындарды өтеуіне алып келеді.";

      6) 12-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) тиісті нормативтік құқықтық актілерде бекітілген орталық мемлекеттік органның штат санының лимиті шегінде мемлекеттік органның штат санын және штат кестесін орталық мемлекеттік органның басшысы келіскеннен кейін бекіту жатады.

      Бұл норма сыртқы саяси қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға қолданылмайды;";

      7) 14-баптың 2-тармағы мынадай редакциясында жазылсын:

      "2. Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшін қажетті келісуден өткен және арнаулы тексерудің оң нәтижелері алынған жағдайда жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік саяси лауазымға орналасуға кандидаттар осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптары болған жағдайда, оларға сай болуға тиіс.

      Тағайындау (сайлау) алдындағы бір жыл ішінде тікелей бағынысты қызметшісі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін отставкаға кеткен мемлекеттік саяси қызметшіні мемлекеттік саяси лауазымға тағайындауға (сайлауға) жол берілмейді.";

      8) 15-бапта:

      3-тармақтың 6) тармақшасы алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:

      "3-2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадрлық резервіне алынған адамдар жергілікті атқарушы органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадрлық резервін қалыптастыру және одан тағайындау Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.";

      9) 16-бапта:

      1-тармақтың үшінші бөлігіндегі ", Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы" деген сөздер алып тасталсын;

      3-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-1) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде сенімнен айырылуына байланысты мемлекеттік саяси қызметтен шығарылған;";

      14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) жұмыста (қызметте) дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан көп сағат бойы болмауы негізінде шығарылғаннан кейін үш жыл өткен соң мемлекеттік қызметке кіруге құқығы бар азаматты осындай шығару жағдайларын қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, судья лауазымынан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған азаматты;";

      10) 19-бапта:

      1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Заңның 27-бабының 8-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар осы Заңға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігі тұрғысынан ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін арнаулы тексерудің оң нәтижелерін алуы қажет.";

      2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасы Парламентінің Платалары тағайындайтын не сайлайтын саяси қызметшілерді қоспағанда, осы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметке кіретін азаматтар арнаулы тексерудің нәтижелері алынған күнге дейін мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқарады.";

      11) 20-баптың 1-тармағының бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін азаматтар үшін олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарға сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінен өту туралы шарт мемлекеттік органның жұмысқа қабылдау туралы актісінде көзделеді.

      Бұдан бұрын қызметін бағалаудың, сынақ мерзімінің, аттестаттау қорытындысының нәтижелері бойынша не теріс себептер бойынша мемлекеттік лауазымнан шығарылған және мемлекеттік қызметке қайтадан кіретін азаматтарға сынақ мерзімі міндетті түрде белгіленеді.";

      12) 27-баптың 3-тармағының бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу кезінде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды өзге де интернет-ресурстарда және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қосымша жариялауға жол беріледі.

      Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды өзге де интернет-ресурстарда және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді басылымдарда қосымша жариялауға жол беріледі.";

      13) 29-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына, төменгіні қоспағанда, орналасу үшін мемлекеттік орган ішкі конкурс өткізеді, оған осы мемлекеттік органның, оның ведомстволарының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда айқындалған өзге адамдар да қатысуға құқылы.";

      14) 30-баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде:

      "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің," деген сөздер алып тасталсын;

      "Премьер-Министрі Кеңсесінің" деген сөздер "Үкіметі Аппаратының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      15) 33-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау мақсатында олардың қызметіне бағалау жүргізіледі.

      Мемлекеттік қызметшілердің қызметіне бағалау жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      Мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау нәтижелері бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын жоғарылату, төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады.";

      16) 35-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Бір рет ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген көтермелеу нысандарының біреуі ғана және мемлекеттік органның актісінде нақты сіңірген еңбегі көрсетіле отырып, бір рет қана қолданылуы мүмкін.

      Көтермелеуді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.";

      17) 41-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін, ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      Ротация жүргізудің тәртібінде және мерзімдерінде, ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттарында және лауазымдарында көзделген жағдайларда ротациядан бас тарту, осы тармақтың алтыншы бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасының Президенті өзге шешім қабылдамаса, бір жыл ішінде адамды ротация жүзеге асырылған алдыңғы лауазымға, сондай-ақ ротациядан бас тартуына байланысты лауазымы төмендетілген немесе қызметтен шығарылған лауазымға тағайындауға жол берілмейді.

      Басқа елді мекенге ротациялау кезінде мемлекеттік қызметшілер "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі, ал қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда, ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге олардың лауазымдық міндеттерін атқаруы кезеңінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге берілетін ротациялық төлемдердің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес ротациялық төлемдер жүргізіледі.

      "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін өңіраралық ротациялауды үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Егер Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедектігі бар адам, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана, көпбалалы ата-ана (қорғаншы) болып табылатын немесе асырауында мүгедектігі бар ата-анасы (ата-аналары) не Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген жасына байланысты зейнеткер ата-анасы (ата-аналары) бар мемлекеттік қызметшілерді басқа елді мекенге көшуге байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана жол беріледі.

      Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.";

      18) 44-баптың 4-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза, уақытша бос мемлекеттік лауазымдарды қоспағанда, мемлекеттік органдағы төмен тұрған келесі бос мемлекеттік лауазым болғанда және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.";

      19) 45-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуі прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін қарау кезеңіне де тоқтатыла тұрады және осы акт бойынша шешім қабылданған күннен бастап қайта басталады.";

      20) 49-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде көзделген мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын сақтауға міндетті.

      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.";

      21) 53-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен есептеледі.";

      22) 57-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.

      Мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерге іссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепілдіктер мен құқық қолданылады.";

      23) 59-бапта:

      бірінші бөлікте:

      15) тармақшаның екінші бөлігіндегі ", Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы", ", Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 15-1) және 15-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "15-1) осы Заңның 60-бабының 5-тармағына сәйкес сенімді жоғалтқан;

      15-2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптардың сақталуын ескере отырып, ротациядан бас тартқан жағдайларда тоқтатылады.";

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы баптың 3), 4), 5), 6), 7), 11), 12), 13), 14) және 15-1) тармақшаларына сәйкес қызметтен шығарылған мемлекеттік саяси қызметшілер терiс себептермен жұмыстан шығарылған болып танылады.";

      24) 60-бапта:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте мемлекеттік саяси қызметші өз қызметі кезеңінде мынадай негіздердің кез келгені болған кезде:

      1) тікелей бағынысты қызметші ірі немесе аса ірі мөлшерде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде;

      2) тікелей бағынысты қызметші сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде, егер оны бірнеше рет жасаған болса;

      3) екі және одан көп тікелей бағынысты қызметшілер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.";

      мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:

      "3-2. Мемлекеттік саяси қызметшіні басқа мемлекеттік саяси лауазымға тағайындау саяси мемлекеттік қызметшінің бұрынғы жұмыс орны бойынша қызметі кезеңінде өзіне тікелей бағынысты қызметшінің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін оны осы баптың 3-1-тармағында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен отставкаға кету міндетінен босатпайды.";

      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін сенімді жоғалтуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен жұмыстан шығарылуы мүмкін.";

      25) 61-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 20-2) тармақпен толықтырылсын:

      "20-2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптардың сақталуы ескеріле отырып, ротациядан бас тартуы;";

      26) мынадай мазмұндағы 64-1-баппен толықтырылсын:

      "64-1-бап. Келісімшарттық қызметшілер

      1. Келісімшарттық қызметшілер түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органдарға тартылуы мүмкін.

      2. Келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік лауазымды атқара алмайды.

      3. Келісімшарттық қызметшілерді тарту тәртібін, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлерін, еңбекке ақы төлеу шарттары мәселелерін және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      4. Келісімшарттық қызметшіні тарту келісімшарт жасасу және ұлттық және өзге де жобаларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органның лауазымды адамының ұсынуы бойынша жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады.

      Келісімшарттық қызметші ретінде тартылатын азаматтар белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Келісімшарттық қызметшінің біліктілік талаптарын және оның мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл алгоритмін уәкілетті органмен келісу бойынша ұлттық және өзге де жобаларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органның лауазымды адамы бекітеді.

      Келісімшарттың мерзімі қойылған міндеттерді орындау кезеңіне, бірақ ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру кезеңі ішінде ұзарту мүмкіндігімен күнтізбелік бір жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді.

      5. Келісімшарттық қызметшінің:

      1) басшыдан келісімшартқа сәйкес міндеттер мен функционалдық міндеттердің көлемін дәл анықтауды талап етуге;

      2) өзінің функционалдық міндеттерін орындауға қажетті ақпарат пен материалдарды алуға;

      3) келісімшарт талаптарына сәйкес еңбекке ақы төлеуді уақтылы және толық көлемде алуға құқығы бар.

      6. Келісімшарттық қызметші:

      1) келісімшарт талаптарын сақтауға;

      2) еңбек міндеттерін орындауға және еңбек тәртібін сақтауға міндетті. Тараптардың келісімі бойынша икемді жұмыс уақыты режимі, қашықтан жұмыс істеу режимі және келісімшарттық қызметті өзге қызметпен қоса атқару қолданылуы мүмкін;

      3) жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға;

      4) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауға;

      5) мүдделер қақтығысына жол бермеу, оны болғызбау және реттеу жөнінде шаралар қабылдауға;

      6) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның ішінде келісімшарт бұзылғаннан кейін заңда белгіленген уақыт ішінде сақтауға міндетті, бұл жөнінде жария етпеу туралы тиісті міндеттемеге қол қояды.

      7. Келісімшарттық қызметші:

      1) материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;

      2) қызмет бабын келісімшарттық қызметшінің қызметін жүзеге асыруға байланысты емес мақсаттарда пайдалануға құқылы емес.

      8. Келісімшарттық қызметші ретінде:

      1) он сегіз жастан кіші;

      2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;

      3) бiлiктiлiк талаптарында келісімшарттық қызметші үшін денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде функционалдық міндеттерді орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;

      4) келісімшарттық қызметші ретінде тартылғанға дейін үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған;

      5) сот келісімшарттық қызметші тартылатын қызмет түрімен айналысу құқығынан айырған;

      6) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдарды атқару құқығынан айырған;

      7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

      8) келісімшарттық қызметші ретінде тартылу кезінде заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;

      9) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      10) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;

      11) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;

      12) келісімшарттық қызметші ретінде тарту алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      13) жұмыста (қызметте) дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан көп сағат болмауы негізінде азаматты қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, судья лауазымынан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған азамат;

      14) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда тартылмайды.

      9. Мүдделер қақтығысын болғызбау үшін жобаларды іске асыруға тартылған мемлекеттік қызметшілердің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаты болып табылатын азамат келісімшарттық қызметші ретінде қабылданбайды.

      Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу, сондай-ақ оған жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау туралы міндеттемелер келісімшартта жазылады.

      Келісімшарттық қызметшіге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы беріледі.

      10. Келісімшарттық қызметшілердің мемлекеттік құпиялармен жұмысты көздейтін қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      11. Келісімшарттық қызметшінің жұмыс графигі және өзге де жеке еңбек жағдайлары тараптардың келісімі бойынша келісімшартта белгіленеді.

      Келісімшарттық қызметшінің еңбегіне ақы төлеу шарттары тараптардың келісімі бойынша орындалған жұмыс көлемінің (қойылған міндеттердің) уақыттық (міндеттерді, жобаларды іске асыру кезеңдері), сандық және (немесе) сапалық параметрлері көрсетіле отырып, келісімшартта белгіленеді.

      Келісімшарттық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік органды ұстауға не ұлттық және өзге де жобаларды іске асыруға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен жүзеге асырылады.

      12. Келісімшарт тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін, келісімшартты бұзудың, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулар енгізудің өзге де шарттары келісімшартта жазылады.

      Келісімшарттық қызметші мен мемлекеттік орган арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.".

      2-бап. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4-тармағы 24) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ