Кәсіптік біліктілік туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 4 шiлдедегi № 14-VIII ҚРЗ.

Кәсіптік біліктілік туралы

            ЗҚАИ-ның ескертпесі!
            Қолданысқа енгізілу тәртібін 31-баптан қараңыз
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      Осы Заң Ұлттық біліктілік жүйесі шеңберінде кәсіптік біліктілікті тану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) біліктілік бағдарламасы – кәсіптік біліктілігін тануға үміткер кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде белгілі бір жабдықты, әдіснаманы және (немесе) құралдарды пайдалана отырып, белгілі бір жұмыс жағдайларында білімді, машық пен дағдыны қолдануға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау үшін пайдаланылатын шаралар кешені;

      2) білім – кәсіптік міндет шеңберінде іс-әрекеттерді орындау үшін қажетті зерделенген және меңгерілген ақпарат;

      3) дағды – кәсіптік міндетті толығымен орындауға мүмкіндік беретін білім мен машықты қолдану қабілеті;

      4) информалды білім – білім беру ұйымдарынан және білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардан тыс күнделікті қызмет барысында алынатын және оқыту нәтижелерін растаушы құжат берілмей жүргізілетін білім беру түрі;

      5) кәсіп – жеке адам жүзеге асыратын және орындалуы үшін белгілі бір біліктілікті талап ететін қызмет түрі;

      6) кәсіптер тізілімі – кәсіптік біліктілікті тану жүзеге асырылатын кәсіптер бойынша электрондық нысанда жүйеленген ақпарат жиынтығы;

      7) кәсіптік біліктілігін тануға үміткер кандидат (бұдан әрі – кандидат) – өзінің кәсіптік біліктілігін тану үшін ерікті түрде, өз бетінше немесе жұмыс берушінің жолдамасы бойынша жүгінген жеке тұлға;

      8) кәсіптік біліктілік – кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындау үшін талап етілетін құзыреттерді меңгеруді сипаттайтын кәсіптік даярлық дәрежесі;

      9) кәсіптік біліктілікті тану – кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау және ол туралы шешім қабылдау рәсімі;

      10) кәсіптік біліктілікті тану орталығы (бұдан әрі – тану орталығы) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген, кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) кәсіптік біліктілікті тануға арналған біржолғы ваучер (бұдан әрі – біржолғы ваучер) – тіркелген жұмыссыз адамдарға берілетін және олардың кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіп бойынша кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен ақысыз негізде өту құқығын куәландыратын электрондық құжат;

      12) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде кәсіптік біліктілікті тану бойынша басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      13) кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат – кандидаттың кәсіптік біліктілігінің белгілі бір кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындауға қойылатын талаптарға сәйкестігін куәландыратын құжат;

      14) кәсіптік стандарт – формалды және (немесе) формалды емес, және (немесе) информалды білім беру ескеріле отырып, білімге, машыққа, дағдыға, жұмыс тәжірибесіне, біліктілік деңгейі мен құзыреттілікке, кәсіптік қызметтің нақты бір саласындағы еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін жазбаша ресми құжат;

      15) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышы –Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын кәсіптердің атауларын көрсететін және оларды орындалатын жұмыстардың түріне сәйкес дағды деңгейі мен оған мамандану бойынша сыныптайтын стандарттау жөніндегі құжат;

      16) құзырет – еңбек функциясын құрайтын бір немесе бірнеше кәсіптік міндетті орындауға мүмкіндік беретін дағдыны қолдану қабілеті;

      17) машық – кәсіптік міндет шеңберінде жекелеген бірлі-жарым іс-әрекетті физикалық тұрғыдан және (немесе) ақыл-оймен орындау қабілеті;

      18) өтініш беруші – кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін аккредиттеуге өтінім берген заңды тұлға;

      19) салалық мемлекеттік органдар – мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;

      20) Ұлттық біліктілік жүйесі – біліктілікке еңбек нарығы тарапынан сұранысты және біліктілікке білім беру, оның ішінде информалды білім беру жүйесі тарапынан ұсынысты реттеу мен келісудің құқықтық және институционалдық құралдары мен тетіктерінің кешені;

      21) формалды емес білім беру – оқыту орны, мерзімдері мен нысаны ескерілмей, білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар жоспарлаған, ұйымдастырған және жүзеге асыратын және оқыту нәтижелерін растаушы құжат беріле отырып жүргізілетін білім беру түрі.

2-бап. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасы аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      3. Осы Заңның күші:

      1) мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде құқық қорғау қызметін, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілеріне;

      3) судьяларға;

      4) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, мәслихат депутаттарына қолданылмайды.

      4. Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар осы Заңға сәйкес кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге құқылы.

3-бап. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу қағидаттары

      Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) ақпараттың қолжетімділігі – кәсіптік біліктілікті танудан өту рәсімі туралы ақпаратқа ашық қол жеткізу;

      2) ашықтық пен объективтілік – кәсіптік біліктілікті тану кезінде кандидаттар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету;

      3) тәуелсіздік – тану орталықтарының білім беру ұйымдарынан дербес болуы.

4-бап. Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылар

      Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      2) уәкілетті орган;

      3) салалық мемлекеттік органдар;

      4) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес;

      5) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;

      6) аккредиттеу жөніндегі орган;

      7) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган;

      8) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер;

      9) жұмыс берушілер;

      10) кандидаттар;

      11) тану орталықтары Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылар болып табылады.

5-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің базалық құралдары

      1. Ұлттық біліктілік жүйесінің базалық құралдары кәсіптік біліктілікті қалыптастырудың негізін айқындайды.

      2. Мыналар:

      1) ұлттық біліктілік шеңбері;

      2) салалық біліктілік шеңберлері;

      3) кәсіптік стандарттар мен біліктілік талаптары;

      4) кәсіптер тізілімі Ұлттық біліктілік жүйесінің базалық құралдары болып табылады.

      3. Ұлттық біліктілік шеңбері әрбір біліктілік деңгейі үшін кәсіптік қызметтің жалпы сипаттамаларын және білім беру деңгейін сипаттаудан тұрады.

      Уәкілетті орган білім, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеуді және (немесе) жаңартуды жүзеге асырады.

      4. Салалық біліктілік шеңбері Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышының, ұлттық біліктілік шеңберінің негізінде әзірленеді және салада орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және пайдаланылатын білімнің, машықтың және құзыреттің сипатына қарай деңгейлер бойынша маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды сыныптайды.

      Салалық мемлекеттік органдар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен салалық біліктілік шеңберлерін әзірлеуді және (немесе) жаңартуды жүзеге асырады. Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер салалық біліктілік шеңберлерін бекітеді.

      5. Салалық мемлекеттік органдар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышының, салалық біліктілік шеңберлерінің негізінде кәсіптік стандарттарды әзірлеуді және (немесе) жаңартуды жүзеге асырады.

      Салалық мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынымдық сипаттағы қорытындысын ескере отырып, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен және уәкілетті органмен келісу бойынша кәсіптік стандарттарды бекітуді жүзеге асырады.

      Уәкілетті орган бекітілген кәсіптік стандарттардың тізбесін жүргізуді Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асырады.

      Кәсіптік біліктілікті тану осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын кәсіптер бойынша кәсіптік стандарттар әзірлеуді қаржыландыру Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің ұсынымдары негізінде бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

      Жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) салалық мемлекеттік органдармен келісу бойынша меншікті қаражаты есебінен кәсіптік стандарттың жобасын дайындап, салалық мемлекеттік органның қарауына жібере алады.

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің, қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламалары оқыту нәтижелеріне бағдарлануға және Ұлттық біліктілік жүйесін кешенді дамыту шеңберінде тиісті кәсіптік стандарттардың талаптарын ескеруге тиіс.

      6. Кәсіптік біліктілікті тану жүзеге асырылатын кәсіптер уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің ұсынымдары негізінде кәсіптер тізіліміне енгізіледі.

      Уәкілетті орган Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында өзі айқындаған тәртіппен кәсіптер тізілімін қалыптастыруды, жаңартуды және жүргізуді жүзеге асырады.

6-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы

      1. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы – мыналарды:

      1) ұлттық және салалық біліктілік шеңберлерін;

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышын;

      3) бекітілген кәсіптік стандарттарды;

      4) кәсіптер тізілімін;

      5) тану орталықтарының тізбесін;

      6) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалыптастырылған, кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өткен жеке тұлғалар туралы дерекқорды;

      7) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін;

      8) кәсіптік біліктілікті тану туралы берілген және күші жойылған құжаттардың тізілімін;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйе.

      2. Уәкілетті орган өзі айқындаған тәртіппен Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын қалыптастыруды, қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді, өзге де ақпараттық жүйелермен интеграциялауды, сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесінің мәселелері бойынша деректерді талдауды және өңдеуді жүзеге асырады.

2-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі кәсіптік біліктілікті тану саласында:

      1) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

8-бап. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган:

      1) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      2) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның қызметін үйлестіреді;

      3) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

9-бап. Салалық мемлекеттік органдардың кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті

      Салалық мемлекеттік органдар кәсіптік біліктілікті тану саласында:

      1) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу бойынша жыл сайынғы негізде уәкілетті органға кәсіптер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      2) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу бойынша жыл сайынғы негізде кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды уәкілетті органға жібереді;

      3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жыл сайынғы негізде ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті танудағы қажеттілігін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қалыптастырады;

      4) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу бойынша уәкілетті органға Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қарау үшін кәсіптік біліктілікті тану шарттары бойынша ұсыныстар енгізеді;

      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

10-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес

      1. Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау, үйлестіру мақсатымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан консультациялық-кеңесші орган – Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес құрылады.

      Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің, республикалық жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның өкілдері, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің төрағалары және кәсіпкерлік субъектілері кіре алады.

      2. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту басымдықтарын айқындау жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды;

      2) ұлттық біліктілік шеңберін бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      3. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің қызметі туралы ақпарат Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады және жарты жылда кемінде бір рет жаңартылып отырады.

11-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіптік біліктілікті тану саласында:

      1) кәсіптік біліктілікті тану ерікті негізде жүзеге асырылатын кәсіптер бойынша кәсіптік стандарттардың жобаларына қорытынды береді;

      2) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында өзі аккредиттеген тану орталықтарының тізілімін жүргізеді;

      3) өзі аккредиттеген тану орталықтарының қызметіне мониторинг жүргізеді;

      4) уәкілетті органға Ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

12-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер

      Тиісті салаларда (аяларда) кәсіптік біліктілікті дамыту жөніндегі мәселелерді үйлестіру мақсатымен салалық мемлекеттік органдар жанынан уәкілетті орган айқындаған тәртіппен консультативтік-кеңесші органдар – кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер құрылады.

      Салалық мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер туралы үлгілік ереженің негізінде кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер туралы ережелерді әзірлейді және бекітеді.

      Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестің төрағасы оның мүшелері арасынан сайланады.

13-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган

      Осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Ұлттық біліктілік жүйесінің мәселелері бойынша консультациялық және әдіснамалық қызметті жүзеге асыратын Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғам нысанында құрылады.

14-бап. Жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) салалық мемлекеттік органдармен Ұлттық біліктілік жүйесі мәселелері бойынша өзара іс-әрекеті

      Жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) салалық мемлекеттік органдармен осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен, оның ішінде:

      1) салалық біліктілік шеңберлерін, кәсіптік стандарттарды, кәсіптер тізілімін әзірлеуге және (немесе) жаңартуға;

      2) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің, Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің жұмысына;

      3) Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау жұмысына қатысу арқылы өзара іс-әрекет жасайды.

3-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ

15-бап. Кәсіптік біліктілікті тану тәртібі мен шарттары

      1. Кәсіптік біліктілікті тану кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіптер бойынша міндетті немесе ерікті негізде жүзеге асырылады.

      2. Кәсіптік біліктілікті ерікті негізде тану осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Кандидаттар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тану орталықтарында кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтеді.

      Кәсіптік біліктілікті ерікті негізде тану кандидаттың қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      4. Тану орталықтары кәсіптік біліктілікті тануды өткізу рәсіміне қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету үшін біліктілік бағдарламаларын бекітеді.

      Біліктілік бағдарламалары тиісті кәсіптік стандарттардың талаптары негізінде әзірленеді, ал олар болмаған кезде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес белгіленген біліктілік талаптары пайдаланылады.

      5. Егер белгілі бір кәсіп түрін жүзеге асыруға үміткер адамдарға қатысты кәсіптік қызметті жүзеге асырудың міндетті шарты болып табылатын реттеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленсе, кәсіптік біліктілікті міндетті негізде тану көрсетілген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. Кәсіптік біліктілікті міндетті негізде тану лицензиялау, аттестаттау, сертификаттау, жеке тұлғалар қызметінің басталғаны туралы хабардар ету, тестілеу, біліктілік емтихандарын өткізу арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдермен жүргізіледі.

      6. Кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіптер бойынша кәсіптік біліктілікті тану тәртібі туралы ақпарат тану орталықтарының интернет-ресурстарында, Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.

16-бап. Кандидаттардың құқықтары

      Кандидаттардың:

      1) салалық мемлекеттік органдардан, тану орталықтарынан кәсіптік біліктілікті тану тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;

      2) біліктілік бағдарламасына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге;

      3) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқығы бар.

17-бап. Тану орталығы

      1. Осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттеуден өткен заңды тұлғалар тану орталықтарына жатады.

      Аккредиттеу жөніндегі орган Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес тану орталықтарын аккредиттеуді жүзеге асырады.

      2. Тану орталығы:

      1) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында тіркелуге және өзінің құрылымы мен қызметі, кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі көрсетілетін қызметтің құны туралы ақпаратты жариялауға;

      2) емтиханды немесе емтихандарды өткізу және (немесе) қайта тапсыру мерзімдері мен шарттарын қоса алғанда, кандидаттарға кәсіптік біліктілікті тануды өткізу тәртібі туралы ақпаратты, кәсіптік біліктілікті тану үшін қажетті құжаттар тізбесін, оның ішінде оларды өзінің интернет-ресурстарында орналастыру арқылы беруді қамтамасыз етуге;

      3) кәсіптік біліктілікті тану процесінде Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік және санитариялық-гигиеналық нормалар саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға және осы талаптар бұзылған кезде дереу ден қоюға;

      4) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен біліктілік бағдарламаларын әзірлеуге және бекітуге;

      5) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына, сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын қалыптастыру және қолдап отыру қағидаларына сәйкес Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасына кандидаттардың кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту қорытындылары туралы мәліметтерді енгізуге;

      6) кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша апелляцияға берілген өтініштерді қарау тәртібін сақтауға;

      7) кәсіптік біліктілікті тану бойынша көрсетілетін қызметтің құнын белгілеуге;

      8) мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде қажетті жағдайлар жасауға;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болуға міндетті.

18-бап. Кәсіптік біліктілікті тану емтиханынан немесе емтихандарынан өту үшін кандидатқа қойылатын талаптар

      Кандидат кәсіптік біліктілікті тану емтиханынан немесе емтихандарынан өту үшін:

      1) еңбек функцияларын орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпке, өндіріс ерекшелігі мен еңбек қауіпсіздігі жағдайларына қойылатын талаптар негізге алына отырып белгіленген жасқа сәйкес келуге;

      2) кәсіптік біліктілікті тану қағидаларына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану үшін қажетті құжаттардың толық топтамасын ұсынуға;

      3) кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өткен кезде Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, санитариялық-гигиеналық нормалар саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға тиіс.

19-бап. Кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде формалды емес және (немесе) информалды білім беруді тану

      1. Тану орталықтары кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде, егер формалды емес және (немесе) информалды білім беру нәтижелерін тану жөніндегі талаптар тиісті кәсіптік стандарттарда, ал олар болмаған кезде – біліктілік талаптарында белгіленсе, формалды емес және (немесе) информалды білім беру арқылы алынған оқу нәтижелерін таниды.

      2. Кандидат кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде формалды емес білім беруді тану туралы шешімнің қабылдануы үшін тану орталығына білім беру қызметтерін ұсынатын ұйым берген сертификатты немесе оқуды аяқтағаны туралы куәлікті ұсынады.

      3. Кандидат кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде информалды білім беруді тану туралы шешімнің қабылдануы үшін тану орталығына алған оқу нәтижелерінің сипаттамасын ұсынады.

20-бап. Дағдыны немесе дағдыларды тану

      1. Тану орталықтарында жекелеген дағдыны немесе дағдыларды бір кәсіп шеңберінде тануға жол беріледі.

      2. Егер дағдыны немесе дағдыларды тану жөніндегі талап тиісті кәсіптік стандарттарда, ал олар болмаған кезде – біліктілік талаптарында белгіленсе, жекелеген дағдыны немесе дағдыларды тану жүзеге асырылады.

      3. Жекелеген дағдыны немесе дағдыларды тану кезінде кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатта дағдының немесе дағдылардың атауы, кәсіптік біліктілік пен кәсіптің атауы көрсетіледі.

21-бап. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алу тәртібі

      1. Емтиханды немесе емтихандарды тапсырған кандидаттар кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат алады.

      2. Егер кандидат өзінің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде емтиханнан немесе емтихандардан өтпесе, тану орталығы емтиханды немесе емтихандарды қайта тапсыруға уақыт белгілейді.

      3. Егер кандидат емтиханнан немесе емтихандардан өту қорытындылары бойынша теріс шешім алса, тану орталығы кәсіптік біліктілікті тану қағидаларына сәйкес кандидатқа ұсынымдар береді және емтиханды немесе емтихандарды қайта тапсыру мерзімдерін айқындайды.

      4. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың нысаны кәсіптік біліктілікті тану қағидаларында айқындалады.

      5. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың қолданылу мерзімі кәсіптер тізіліміне сәйкес белгіленеді.

22-бап. Кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша апелляцияларды қарау ерекшеліктері

      1. Кандидат кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту қорытындылары бойынша тану орталығы шешімінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда өзіне нәтижелер туралы хабарланған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тану орталығына апелляцияға арналған өтінішті беруге құқылы.

      2. Тану орталығы кандидаттың апелляцияға арналған өтінішін тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.

      3. Тану орталығы кандидаттың тану рәсімінен өту қорытындылары бойынша шешімнің нәтижелерімен келіспейтіні туралы апелляцияға арналған өтінішін қарау үшін:

      1) апелляциялық комиссия құруға;

      2) кандидатты апелляцияға берген өтінішін қарау қорытындылары туралы хабардар етуге міндетті.

      Апелляциялық комиссия кәсіптік біліктілікті тану қағидаларына сәйкес құрылады.

4-тарау. ТАНУ ОРТАЛЫҚТАРЫН АККРЕДИТТЕУ

23-бап. Тану орталықтарын аккредиттеу

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тану орталықтарын аккредиттеуді уәкілетті органмен келісу бойынша ерікті және өтеусіз негіздерде жүргізеді.

      2. Аккредиттеу мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:

      1) өтінімді және ұсынылған құжаттарды қабылдау, қарау;

      2) ұсынылған құжаттарды сараптау;

      3) өтініш берушіні тұрған жері бойынша зерттеп-қарау;

      4) аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау;

      5) қолданылу мерзімі үш жыл болатын аккредиттеу аттестатын беру;

      6) аккредиттеуден кейінгі шартты жасасу.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тану орталықтарын аккредиттеуді жүргізу кезінде:

      1) аккредиттеуді жүргізу барысында өтініш берушіден алынатын құжаттардың, ақпараттың сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге;

      2) өтініш берушінің тұрған жері бойынша толық және объективті зерттеп-қарауды жүргізуге және өтініш берушінің аккредиттеу өлшемшарттарына сәйкестігін бағалау қамтылуға тиіс негізделген және объективті есепті беруге міндетті.

      Осы бапта көзделген нормаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

      4. Уәкілетті орган тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату қағидаларын бекітеді.

      5. Тану орталықтарын қайта аккредиттеу осы баптың 2-тармағында көзделген барлық кезең сақтала отырып жүргізіледі. Өтініш беруші қайта аккредиттеуге арналған өтінімді аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі өткенге дейін алты ай бұрын береді.

24-бап. Аккредиттеу өлшемшарттары

      1. Өтініш беруші мынадай өлшемшарттарға сай келуге тиіс:

      1) заңды тұлға мәртебесінің болуы;

      2) меншік, шаруашылық жүргізу, жедел басқару құқығында, бірлескен қызмет туралы шарт негізінде немесе уақытша иелігінде және пайдалануында кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қажетті үй-жайдың, жабдық пен материалдық ресурстардың болуы;

      3) ұсынылған кәсіптерінің кәсіптер тізілімінде болуы;

      4) біліктілік бағдарламалары жобаларының уәкілетті орган белгіленген талаптарға сәйкес келуі;

      5) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін, уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келетін білікті персоналдың болуы.

      2. Білім беру ұйымдарының жанынан тану орталықтарын құруға жол берілмейді.

25-бап. Аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынылған құжаттарды сараптау және өтініш берушінің тұрған жері бойынша зерттеп-қарау нәтижелері негізінде қабылдайды.

      2. Оң шешім қабылданған жағдайда он жұмыс күні ішінде сериялық нөмірі бар аккредиттеу аттестаты беріліп, аккредиттелген тану орталықтарының тізбесіне мәліметтер енгізіледі және аккредиттеуден кейінгі шарт жасалады.

      Аккредиттеуден кейінгі шарт тану орталықтарының қызметіне мониторингті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен тану орталығы арасында жасалады.

      Уәкілетті орган аккредиттеуден кейінгі шарттың үлгілік нысаны мен талаптарын бекітеді.

      3. Тану орталықтарының қызметін мониторингтеу тану орталықтарының кәсіптік біліктілікті тану рәсімін жүргізуі нәтижелерін Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бақылауы арқылы жүзеге асырылады.

      Тану орталықтарының қызметін мониторингтеу нәтижелері бойынша аккредиттеу өлшемшарттарының бұзылғаны анықталған жағдайда осы Заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес шаралар қабылданады.

      4. Теріс шешім қабылданған кезде өтініш берушіге аккредиттеуден бас тарту себептері көрсетілген жауап шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда жіберіледі.

      5. Өтініш беруші аккредиттеуден бас тарту жөніндегі шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға құқылы.

26-бап. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, кері қайтарып алу және оның қолданысын тоқтату

      1. Тану орталығы қайта ұйымдастырылған (қосылған, біріктірілген, бөлінген, бөліп шығарылған, қайта құрылған) кезде аккредиттеу аттестаты тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату қағидаларына сәйкес қайта ресімделуге жатады.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттеу аттестатын мынадай жағдайларда:

      1) тану орталығының аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы жазбаша өтініші болғанда;

      2) кәсіптік біліктілікті тану тәртібі бұзылғанда;

      3) аккредиттеу өлшемшарттарын және аккредиттеуден кейінгі шарт талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде тану орталықтарының қызметін мониторингтеу қорытындылары бойынша;

      4) тану орталықтарында кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат алған адамдарға қатысты расталған шағымдар анықталғанда кері қайтарып алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында белгіленген жағдайда осы адамға берілген кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың күші жойылуға жатады. Кәсіптік біліктілікті тану туралы күші жойылған құжаттар туралы мәліметтер Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы баптың 2-тармағында көзделген оқиғалар басталған және (немесе) бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды.

      4. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімнің көшірмесі тану орталығына осы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы арқылы электрондық тәсілмен жіберіледі.

      5. Тану орталығы аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған бұзушылықтар жойылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына аккредиттеу аттестатының қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдау үшін осы бұзушылықтардың жойылғаны жөніндегі мәліметтерді ұсынады.

      Азаматтардың денсаулығына, тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге және қауіпсіздігіне байланысты бұзушылықтар анықталған жағдайда аккредиттеу аттестатының қолданысы қайта басталмайды.

      Аккредиттеу аттестаттарының қолданысы қайта басталуға жатпайтын тану орталықтарының тізбесі, сондай-ақ олардың құрылтайшылары (қатысушылары) туралы мәліметтер Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.

      6. Аккредиттеу аттестатының қолданысы мынадай негіздер бойынша:

      1) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешім болғанда;

      2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі тоқтатылғанда;

      3) тану орталығының қызметі тоқтатылғанда (таратылғанда);

      4) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімі болғанда тоқтатылады.

5-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ЫНТАЛАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ

27-бап. Жұмыс берушілер кәсіптік біліктілігін тануға жіберетін кандидаттарға берілетін өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер

      Жұмыс берушілер кәсіптік біліктілігін тануға жіберетін кандидаттарға өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер беру тәртібі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.

28-бап. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде кәсіптік біліктілікті тануды есепке алу

      Жұмыскерлерде кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың болуы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде ескеріледі.

29-бап. Кәсіптік біліктілікті танудың ваучерлік жүйесі

      1. Тіркелген жұмыссыз адамдар кәсіптік біліктілікті ақысыз негізде тану үшін біржолғы ваучер алуға құқылы. Біржолғы ваучер жылына бір рет беріледі және біржолғы ваучерде көрсетілген қолданылу мерзімі ішінде пайдаланылуға тиіс.

      2. Біржолғы ваучер алған адамдар кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту үшін кәсіптік біліктілікті және тану орталығын таңдауды кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіп бойынша өз бетінше жүзеге асырады.

      3. Егер біржолғы ваучер қолданылу мерзімі ішінде пайдаланылмаса, оның күші жойылады. Біржолғы ваучердің қолданылу мерзімі біржолғы ваучерді алған адамның еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде ұзартылуға жатады.

      4. Біржолғы ваучер негізінде кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге арналған шығыстардың мөлшері мен оларды өтеу тәртібі уәкілетті орган бекіткен, біржолғы ваучерлерді беру, қаржыландыру және Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу қағидаларында белгіленеді.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ