Ескерту. Күші жойылды – ҚР 05.11.2022 № 154-VII Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 23-б. қараңыз.
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (бұдан әрі – Уәкіл) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету, оларды мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, өзге де ұйымдардың және лауазымды адамдардың сақтауы мен құрметтеуі мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып табылады.
Уәкіл қызметінің міндеттері адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіруге, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу мен ілгерілетуге жәрдемдесу болып табылады.
2. Уәкіл өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен өзге де міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырады.
2-бап. Уәкіл қызметінің қағидаттары
Уәкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарын және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген басқа да қағидаттарды басшылыққа алады.
3-бап. Уәкіл қызметінің кепілдіктері
1. Уәкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.
2. Уәкілге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша немесе сотқа дейінгі тергеп-тексерудің іс жүргізу шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының тиісті заңдарында айқындалады.
3. Қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Уәкілді өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Уәкілдің құқықтары, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа кезде, шектеулерге жатпайды.
Уәкілдің заңды қызметіне араласу не кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
5. Уәкіл өзінің лауазымдық міндеттерін орындауына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы куә ретінде жауап алынуға жатпайды.
6. Уәкілге өз қызметін жүзеге асыруы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығына кепілдік беріледі.
7. Уәкіл қызметтік куәлігін көрсеткен кезде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы мекемелер мен басқа да объектілерге кедергісіз баруға құқығы бар.
Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерге барған уақытында Уәкіл өткізу және объектішілік режимдердің белгіленген талаптарын сақтайды.
8. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда, Уәкіл өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
4-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың міндеттері
1. Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Уәкілге қажетті материалдарды, құжаттарды, мәліметтер мен түсіндірулерді ұсынуға міндетті.
2. Уәкіл сұратқан материалдар, құжаттар, мәліметтер, егер оның сұрау салуында басқа мерзім көрсетілмесе, сұрау салу алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған жіберілуге тиіс.
3. Уәкіл және оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілдері өз өкілеттіктері шеңберінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың жедел қабылдауына кіру құқығын пайдаланады. Уәкілдің талап етуі бойынша аталған органдар мен лауазымды адамдар Уәкілге немесе оның өкілдеріне дереу жәрдем көрсетуге міндетті.
4. Уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, мекемелер және ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Уәкілге немесе оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкіліне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны атқаруға арналған тиісті ұйымдар мен мекемелердегі адамдарға кедергісіз бару және олармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Уәкіл немесе оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі аталған адамдармен куәларсыз жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ тиісті ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу өткізеді.
2-тарау. УӘКІЛДІ ЛАУАЗЫМҒА САЙЛАУ ЖӘНЕ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТӘРТІБІ
5-бап. Уәкілді сайлау тәртібі
1. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты бес жыл мерзімге лауазымға сайлайды.
2. Уәкіл лауазымына сайланатын адам мынадай талаптарға сай болуға:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы болуға және соңғы он жылда оның аумағында тұрақты тұруға;
2) жоғары білімі болуға;
3) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі болуға;
4) отыз жастан кіші болмауға;
5) мемлекеттік тілді білуге;
6) әрекетке қабілетті болуға тиіс.
3. Уәкіл лауазымына кіріскен кезде мынадай мазмұнда ант береді:
"Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына кірісе отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын басшылыққа ала отырып, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын адал әрі абыроймен қорғауға және өз міндеттерімді әділдікпен және ар-ожданмен атқаруға салтанатты түрде ант етемін. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтары мүддесі үшін тәуелсіз, бейтарап, объективті әрекет етуге міндеттенемін.".
6-бап. Уәкілді лауазымынан босату
1. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты лауазымынан босатады.
2. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты атқарып отырған лауазымынан мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.
3. Уәкілді атқарып отырған лауазымынан мерзімінен бұрын босатуға мыналар негіздер болып табылады:
1) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтамау;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі;
3) соттың Уәкілді әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешімінің заңды күшіне енуі;
4) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;
5) басқа лауазымға тағайындалу, сайлану немесе басқа жұмысқа ауысу;
6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты тұруға кету;
7) атқарып отырған лауазымымен сыйыспайтын қылмыстық теріс қылықтар жасау;
8) өз өкілеттігін доғару туралы өтініш.
7-бап. Уәкілдің қызметіне байланысты шектеулер
1. Уәкіл саяси қызметпен айналысуға құқылы емес.
Уәкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде өзінің саяси партиядағы мүшелігін тоқтата тұрады.
2. Уәкіл, оқытушылық, ғылыми не өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, мемлекеттік қызметте бола алмайды, кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, коммерциялық ұйымның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, оны басқаруға қатыса алмайды, сондай-ақ өзге де ақы төленетін қызметпен айналыса алмайды.
3. Уәкілге, егер мүдделер қақтығысы болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады. Ол мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу жөнінде шаралар қолдануға тиіс.
4. Уәкіл өкілді органның депутаты бола алмайды.
5. Уәкіл:
1) өзінің қызметтік жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;
2) ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға;
3) лауазымдық өкілеттігін атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсететін қызметтерін жеке мақсаттарына пайдалануға құқылы емес.
3-тарау. УӘКІЛДІҢ ҚҰЗЫРЕТІ
8-бап. Уәкілдің құзыреті
Уәкіл өз қызметінде:
1) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар береді;
2) өз қызметі туралы жыл сайынғы баяндаманы, сондай-ақ арнаулы баяндамаларды дайындайды және таратады;
3) "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 8-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстарына, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары жұмыс топтарының отырыстарына және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қатысатын өзге де іс-шараларға шақыру бойынша қатысады;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес облыстар, республикалық маңызы бар қалалар немесе астана мәслихаттары сессиясының жалпы отырыстарына шақыру бойынша қатысады;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, мемлекеттік органдарда құрылатын алқалы және өзге де органдардың отырыстарына шақыру бойынша қатысады;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне және өзге де мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, өзге де ұйымдарға және лауазымды адамдарға адам және азамат құқықтары мен бостандықтары бұзушылықтардың профилактикасына және оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар береді;
7) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына осы Заңда көрсетілген міндеттерге сәйкес ұсыныстар енгізеді;
8) 1984 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға сәйкес ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіреді;
9) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы шағымдарды осы Заңда белгіленген тәртіппен қарайды;
10) адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық шарттарды ратификациялау немесе Қазақстан Республикасы өзіне халықаралық шарттардың міндеттілігіне келісімін білдірудің өзге де тәсілі туралы ұсыныстар енгізеді;
11) Қазақстан Республикасының шарттық міндеттемелерін орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының органдары мен комитеттеріне, сондай-ақ өңірлік мекемелерге ұсынылатын ұлттық баяндамаларды дайындауға және талқылауға уәкілетті органдардың шақыруы бойынша қатысады және көрсетілген органдар мен комитеттер туралы рәсімдерге сәйкес осы мәселелер бойынша тәуелсіз пікірін білдіреді;
12) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеуге және қорғауға жәрдемдесу мақсатында халықаралық, өңірлік және өзге де ұйымдармен, сондай-ақ басқа мемлекеттердің ұлттық құқық қорғау мекемелерімен, оның ішінде келісімдер (меморандумдар) жасасу арқылы ынтымақтастық жасайды;
13) адам және азамат құқықтары жөнінде оқу және зерттеу бағдарламаларын әзірлеуге жәрдемдеседі, оларды білім беру ұйымдары мен өзге де ұйымдарда іске асыруға қатысады;
14) мыналарды:
шағымдарды қарау тәртібін;
Уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;
Уәкіл жанындағы сараптама кеңесі туралы ережені;
ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын іріктеу тәртібін;
алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан топтар құру тәртібін;
алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;
Уәкілдің рәмізі мен жалауының ережесі мен сипаттамасын бекітеді;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Шағымды қарау
1. Уәкіл өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар жеке өздері және (немесе) өкілдері (бұдан әрі – арыз берушілер) арқылы берген шағымдарын шағым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Азаматтың құқықтарын қорғау мақсатында және оның жазбаша келісімімен Уәкілге қоғамдық бірлестіктер жүгіне алады.
2. Уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарамайды.
3. Шағымда арыз берушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны туралы мәліметтер, арыз берушінің пікірі бойынша оның құқықтары мен бостандықтарын бұзған немесе бұзатын шешімдердің немесе әрекеттердің (әрекетсіздіктің) мәнін баяндау қамтылуға тиіс. Шағымға арыз берушінің дәлелдерін растайтын құжаттар және өзге де материалдар қоса беріледі.
4. Шағымды алып, Уәкіл мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) шағымды Уәкіл бекітетін тәртіппен қарауға қабылдайды;
2) арыз беруші өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін пайдалана алатын тәсілдер мен құралдарды түсіндіреді;
3) құзыретті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға анықтауға жататын мән-жайларға тексеру жүргізу туралы өтініштер жібереді;
4) шағымды қарауға қабылдаудан бас тартады, оған уәжін білдіруге тиіс. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту шағым жасалуға жатпайды.
5. Шағымды қарау мерзімі Уәкілдің уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы арыз берушіге мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады. Уәкіл қабылданған шешім туралы арыз берушіні және шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған тиісті мемлекеттік органдарды, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарын, лауазымды адамдарды хабардар етеді.
10-бап. Уәкілдің шағымды қарау кезіндегі құқықтары
1. Уәкіл шағымды қарау кезінде:
1) мемлекеттік органдардан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарынан, өзге де ұйымдардан және лауазымды адамдардан, соттың іс жүргізуіндегі істер мен материалдарды қоспағанда, шағымды қарау үшін қажетті құжаттарды, мтериалдарды және мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы;
2) мемлекеттік ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің адам және азамат құқықтары мен бостандықтары мәселелеріне қатысты құжаттарына белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;
3) шағым берушілерді, оның ішінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыра отырып, жедел қабылдауды (бірлескен қабылдауларды) ұйымдастыруға;
4) егер жаппай бұзушылық туралы мәліметтер болса не мұндай бұзушылықтың қоғамдық маңызы болса немесе өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық құралдарын өзі дербес пайдалана алмайтын адамдардың мүдделерін қорғау қажеттігіне байланысты болса, өз бастамасымен адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қатысты мәселелерді қарауға;
5) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына және ұйымдарға, лауазымды адамдарға адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсынымдар мен өтінішхаттар жіберуге құқылы.
2. Уәкілге мемлекеттік не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
11-бап. Шағымды қарау ерекшеліктері
1. Шағымды қарау кезінде Уәкіл шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға қарау процесінде анықталуға жататын кез келген мәселелер бойынша өз түсіндірмелерін беру мүмкіндігін беруге міндетті.
Уәкіл шағым нысанасы болған мән-жайларды анықтауға жәрдем көрсету үшін мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға өтініш жасауға құқылы.
2. Уәкілдің ұсынымдары мен өтінішхаттары алынған күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады, қарау нәтижелері туралы Уәкілге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарланады.
Қосымша зерделеу жүргізу қажет болған жағдайларда, Уәкілдің ұсынымдары мен өтінішхаттарын қарау мерзімін олар жіберілген субъект күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартады, бұл туралы Уәкілге қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
3. Шағымды қарау кезінде алынған материалдар Уәкіл түпкілікті шешім шығарғанға дейін жария етуге жатпайды.
4. Уәкіл шағымды қарау процесінде арыз берушінің және басқа да адамдардың жеке өмірі туралы өзіне белгілі болған мәліметтерді олардың жазбаша келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
12-бап. Шағымды қарау нәтижелері
Шағымды қарау нәтижелері бойынша Уәкіл өзі қабылдаған шешімге қарай:
1) әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) арыз берушінің құқықтары мен бостандықтары бұзылған мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға, мемлекеттік қызметшілерге адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиіс шараларға қатысты ұсынымдар жібереді;
2) уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық құқық бұзушылық бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру туралы өтінішхатпен жүгінеді;
3) сотқа мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) шектелмеген адамдар тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызбен (талап қоюмен) жүгінеді. Уәкіл жіберетін талап арызға (талап қоюға) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж салынбайды.
13-бап. Шағымдарды қарау қорытындысын жинақтап қорыту
1. Шағымдарды қарау қорытындысын жинақтап қорыту нәтижелері бойынша Уәкіл:
1) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ лауазымды адамдарға адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге қатысты жалпы сипаттағы өз ескертулері мен ұсыныстарын жібереді;
2) егер Уәкіл мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының немесе лауазымды адамдардың адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын бұзатын шешімдері немесе әрекеттері (әрекетсіздігі) құқықтық актілердің жетілдірілмеуіне немесе орын алған олқылықтарға не Қазақстан Республикасы заңнамасының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе өзге де міндеттемелеріне қайшы келуіне байланысты жасалады деп пайымдаса, құқықтық актілерді қабылдаған (шығарған) субъектілерге оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстармен өтініш жасайды.
2. Ерекше қоғамдық маңызы бар не Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының жаппай бұзылуына байланысты жағдайларда Уәкіл мынадай шаралар қолданады:
1) тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталарына немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне өтініш жолдайды;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясына және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес осындай құқығы бар адамдардың Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жолдауы туралы өтінішхат береді;
3) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме беру ұсынысымен өтініш жасайды.
14-бап. Уәкілдің баяндамалары
1. Уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына нормативтік құқықтық актілерді талдау, осы Заңға сәйкес шағымдарды қарау және басқа да өкілеттіктерді іске асыру нәтижелерін қамтитын өз қызметі туралы жыл сайын баяндамалар ұсынады.
2. Қазақстан Республикасында адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша Уәкіл арнаулы баяндамалар дайындай алады және тарата алады.
3. Уәкілдің баяндамалары уәкілетті мемлекеттік органдарға олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қарау үшін жіберіледі.
Уәкілетті мемлекеттік органдар Уәкілдің баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде оған баяндаманы қарау нәтижелері туралы белгіленген тәртіппен хабарлайды.
4. Уәкіл осы бапта көрсетілген баяндамаларды дайындау және тарату тәртібін бекітеді.
5. Баяндамалар Уәкілдің интернет-ресурсында жариялануға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға жатады.
15-бап. Ұлттық алдын алу тетігі
Уәкіл ұлттық алдын алу тетігінің тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіреді, ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
16-бап. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық ағарту, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылармен және мамандармен өзара іс-қимыл
1. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық ағартуға жәрдемдеседі, адам және азамат құқықтары мен бостандықтары туралы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және халықтың Қазақстан Республикасының заңнамасы мен аса маңызды халықаралық актілерді білу деңгейін арттыруға қатысады.
2. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтары туралы білімді ілгерілету, ғылыми-қолданбалы зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы білім мен дағдыларды тұрақты түрде арттыру мақсатында ғылыми-білім беру орталығын және өзге де ұйымдарды құруға бастамашылық жасай алады.
3. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету және көтермелеу жөніндегі ақпараттық науқандар мен жобалар шеңберінде мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Уәкіл баяндамаларды дайындауға ұйымдар мен мамандарды шарт негізінде тартуға құқылы.
17-бап. Заңнаманы жетілдіру және халықаралық шарттар жасасу жөніндегі ұсыныстар
Уәкіл өз қызметі шеңберінде адам және азамат құқықтары мен бостандықтары мәселелері бойынша және Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" және "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" заңдарында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру немесе халықаралық шарттарын жасасу жөнінде ұсыныстар әзірлейді және мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді;
2) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстарын қарайды.
4-тарау. УӘКІЛ МЕН ОНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАДАҒЫ, АСТАНАДАҒЫ ӨКІЛІНІҢ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
18-бап. Уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі
1. Уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі (бұдан әрі – өкіл) болады, оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
2. Өкіл мемлекеттік қызметші болып табылады және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдіктерінің қызметіне басшылық жасайды.
Өкілдердің функционалдық міндеттерін Уәкіл бекітеді.
3. Өкіл тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Уәкілдің атынан өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде және оның тапсырмасы бойынша өкілеттігін жүзеге асырады.
19-бап. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық
1. Уәкілдің қызметін қамтамасыз ету үшін жұмыс органы – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – Ұлттық орталық) құрылады, ол мемлекеттік мекеме болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы көрсетілген мөрі мен бланкілері, сондай-ақ банктік мекемелерде тиісті шоттары болады.
2. Ұлттық орталық туралы ережені Уәкілдің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің құрылымын Уәкіл бекітеді.
3. Ұлттық орталықтың басшысын Уәкіл лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
4. Ұлттық орталық Уәкілдің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
5. Ұлттық орталықтың қызметкерлері өз қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы негізінде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер болып табылады.
6. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктері қызметкерлерінің ақшалай қамтылымы, оларды медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.
20-бап. Қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
2. Уәкілдің ақшалай қамтылымы, оған медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ оның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мемлекеттік лауазымдарды атқаратын, бірақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесінен төмен емес лауазымды адамдар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген кепілдіктер деңгейінде айқындалады.
3. Республикалық бюджетте жыл сайын жекелеген бюджеттік бағдарламамен Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат көзделеді.
4. Ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржылық есептілік ұсынады.
5. Уәкілдің қызметтік куәлігін беру тәртібі мен сипаттамасы Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен айқындалады.
21-бап. Уәкіл жанындағы консультативтік-кеңесші органдар, сондай-ақ оның мемлекеттік органдар және ұйымдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдарға қатысуы
1. Уәкіл жанынан консультативтік-талдамалық функциялары бар, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжірибесі бар адамдардан тұратын сараптама кеңесі құрылады.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Уәкіл жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
3. Уәкіл мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен жұмыс топтарын және комиссиялар құра алады.
4. Уәкіл дербес немесе өз өкілдері арқылы мемлекеттік органдар және ұйымдар жанындағы консультативтік-кеңесші және байқаушы органдарға өз бастамасымен немесе шақыру бойынша қатыса алады.
22-бап. Уәкілдің және Ұлттық орталық басшысының актілері
1. Осы Заңды іске асыру мақсатында Уәкіл өкімдер шығарады, Ұлттық орталықтың басшысы бұйрықтар шығарады.
2. Уәкілдің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік және орыс тілдерінде лауазымының атауы көрсетілген белгіленген үлгідегі өз бланкісі болады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕ
23-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 3-баптың 4-тармағының екінші бөлігін, 12-баптың 3) тармақшасын, 18-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |