Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 29 маусымдағы № 57-VII ҚРЗ.

      Қолданушылар назарына.

      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      Осы Заң Қазақстан Республикасы мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің (бұдан әрі – мемлекеттік фельдъегерлік қызмет) мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтерін ұсыну саласындағы қызметті жүзеге асыруына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, осындай қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, сондай-ақ мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктерді айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) құпия емес жөнелтілімдер – "Қызмет бабында пайдалану үшін", "Үкіметтік", "Қызметтік", "Жасырын", "Бағалы" шектеу белгілері бар жөнелтілімдер;

      2) құпия жөнелтілімдер – "Аса маңызды", "Өте құпия" және "Құпия" құпиялылық белгілері бар жөнелтілімдер;

      3) мемлекеттік фельдъегерлік байланыс – хат-хабарды қабылдауды, жинауды, өңдеуді, жинақтауды, қарулы күзетуді, сақтауды, алып жүруді, тасымалдауды және жеткізуді қамтамасыз ететін үкіметтік курьерлік байланыс;

      4) мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтері – хат-хабарды қабылдау, жинау, өңдеу, жинақтау, қарулы күзетуді жүзеге асыру, сақтауды, алып жүруді, тасымалдауды және жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызмет;

      5) уәкілетті орган – мемлекеттік фельдъегерлік қызметке қатысты уәкілетті органның функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      6) фельдъегерлік маршрут – мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің мемлекетаралық (қалааралық) және қалалық маршруттарда хат-хабарды тасымалдау және жеткізу үшін белгіленген жүру тәртібі;

      7) хат-хабар – адресатқа жеткізілетін құпия және құпия емес жөнелтілімдер (пакеттер, постпакеттер, жіберілімдер, бумалар, метиздер).

2-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің мақсаты

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын және өзге де ұйымдарды мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғай отырып, мемлекеттік фельдъегерлік байланыспен қамтамасыз етуге арналған.

      Осы Заңның 3-бабында айқындалған Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының және мемлекеттік органдарының хат-хабарына қол сұғылмайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа жете тексерілуге және кідіртілуге жатпайды.

      Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың бірыңғай жүйесін мемлекеттік фельдъегерлік қызмет және оның филиалдары құрайды.

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның шынайы атауы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, қазақ және орыс тілдерінде белгіленген үлгідегі мөртабандары, бланкілері, өз рәмізі, сондай-ақ банктік, оның ішінде шетелдік валютадағы шоттары болады. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет рәмізін сипаттауды және бекітуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет туралы ережені, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің жұмысын ұйымдастыру және мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларын, сондай-ақ мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

      3. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оның қызметіне араласуға тыйым салынады.

      4. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құрылымы мен штаттарын уәкілетті орган бекітеді.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бап.

Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың міндеттері

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың міндеттері мыналар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесі және Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшыларының атынан жөнелтілетін (атына жіберілетін) хат-хабарды аталған лауазымды адамдардың тұрған орны бойынша табыстай отырып, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерге жеткізу;

      2) мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар тізбесінде айқындалған Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және өзге де ұйымдардың хат-хабарын жеткізу;

      3) Үкіметаралық фельдъегерлік байланыс туралы келісімге сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекет басшыларының, үкімет басшыларының, билік және басқару органдарының атынан жөнелтілетін (атына жіберілетін) хат-хабарды жеткізу;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде құпия жөнелтілімдерді қарулы күзетуді жүзеге асыру және олардың сақталуын қамтамасыз ету;

      5) мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың қарауына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың өзге де міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап.

Мемлекеттік фельдъегерлік байланысты ұйымдастырудың құқықтық негізі

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік байланысты ұйымдастырудың құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

5-бап.

Мемлекеттік фельдъегерлік байланысты ұйымдастыру қағидаттары

      Мыналар мемлекеттік фельдъегерлік байланысты ұйымдастыру қағидаттары болып табылады:

      1) заңдылық;

      2) хат-хабарды жеткізу кезінде оны кепілдік беріп сақтау;

      3) хат-хабарды жеткізу кезіндегі жеделділік;

      4) мемлекеттік фельдъегерлік байланыс жүйесінің ұйымдастырушылық бірлігі;

      5) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды сақтау;

      6) дара басшылық пен субординация (бағыныстылық).

6-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің басшылығы

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметті уәкілетті органның басшысы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бастығы басқарады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бастығы:

      1) мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бірыңғай жүйесіне басшылықты дара басшылық пен субординация (бағыныстылық) қағидатында жүзеге асырады;

      2) уәкілетті органның қарауына мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құрылымы мен штаттарын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;

      3) мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлерін тағайындайды, қызметі бойынша ауыстырады, лауазымынан босатады, тәртіптік жаза қолданады, көтермелейді және наградтайды;

      4) уәкілетті органның басшысына мемлекеттік фельдъегерлік қызмет бастығының орынбасары лауазымына тағайындау үшін кандидатура бойынша ұсыну енгізеді;

      5) уәкілетті органның басшысы алдында мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің жұмысы туралы есеп береді;

      6) өз өкілеттіктері шегінде орындалуы міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      7) өз орынбасарларына, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құрылымдық бөлімшелері мен филиалдарының басшыларына өкілеттік береді;

      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында және халықаралық ұйымдарда мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің атынан өкілдік етеді;

      9) мемлекеттік фельдъегерлік қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      10) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

7-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және көлік ұйымдарымен өзара іс-қимылы

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өзінің алдына қойылған міндеттерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы орындайды.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар тізбесіне кіретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен олардың аумақтық бөлімшелері өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік фельдъегерлік қызметпен хат-хабардың тасымалдануы мен жеткізілуін ұйымдастыру және оларды кепілдік беріп сақтау жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ өз міндеттерін атқаруы кезінде мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне көмек көрсетуге міндетті.

      Өзара іс-қимыл жасау мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің және Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының бірлескен шешімдерімен жүзеге асырылады.

      3. Халықаралық және республикаішілік қатынастар үшін белгіленген жүру маршруттары бойынша ұдайы тасымалдауды жүзеге асыратын көлік ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсету мүмкіндігі болмайтын жағдайлардан басқа, хат-хабарды тасымалдауға арналған шарттарды жасасудан бас тартуға құқылы емес.

2-тарау.

МЕМЛЕКЕТТІК ФЕЛЬДЪЕГЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ

8-бап.

Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құқықтары

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметке:

      1) көлікте белгіленген тарифтер бойынша хат-хабарды және оны алып жүретін мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлерін әуе, теміржол, автомобиль көлігінің және өзге де көлік түрлерінің жұмыс істеп тұрған маршруттары бойынша тасымалдау;

      2) хат-хабарды және оны алып жүретін мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлерін уақытша орналастыру үшін меншік нысанына қарамастан, қызметін көлік саласында, әуежайларда, теңіз порттарында және вокзалдарда жүзеге асыратын ұйымдардың жекелеген үй-жайларын шарт негізінде пайдалану;

      3) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, көліктің тиісті түрінде белгіленген тарифтер бойынша ақы төлей отырып, көліктің барлық түріне жол жүру құжаттарын кезектен тыс броньға қою және сатып алу құқығы беріледі.

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қарулы қызметкерлерін әуе, теңіз, өзен кемелеріне және поездарға отырғызу жолаушыларды жалпы отырғызу басталғанға дейін жүзеге асырылады;

      4) жасырын сипаттағы көк және қызыл түсті жарқылдауық маяктармен, арнайы дыбыс сигналдарымен және байланыс құралдарымен жарақтандырылған қандай да бір айырым жазбалар мен арнайы түсті- графикалық бояуларсыз автомобиль көлік құралдарын пайдалану құқығы беріледі. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің автомобиль көлiк құралдары қандай да бiр айырым жазбаларсыз "арнаулы" санатқа жатқызылады және соғыс жағдайы мен соғыс уақытын, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзу жағдайларын қоспағанда, оларды мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің келiсiмiнсiз Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының және мемлекеттiк ұйымдардың мүдделерiне пайдалануға болмайды;

      5) хат-хабарды жеткізу кезінде кепілдік беріп сақтауды қамтамасыз ету үшін арнаулы қорғау және байланыс құралдарын өз құзыреті шегінде пайдалану құқығы беріледі. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет пайдаланатын арнаулы қорғау және байланыс құралдары, сондай-ақ оларды қолдану әдістері адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндірмеуге және (немесе) экологиялық залал келтірмеуге тиіс;

      6) мемлекеттiк фельдъегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар тізбесіне сәйкес ұйымдардың хат-хабарын жеткізу жөніндегі жұмысты шарт негізінде жүргізу құқығы беріледі.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің өзге де құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін.

9-бап.

Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің міндеттері

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет:

      1) осы Заңның 3-бабы 1-тармағының 1, 2) және 3) тармақшаларында айқындалған Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және лауазымды адамдардың хат-хабарын жеткізуді ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге;

      2) тұрақты жұмыс істейтін фельдъегерлік маршруттарды белгілеуге және жетілдіруге;

      3) жеткізілетін хат-хабарды қарулы күзету және кепілдік беріп сақтау жөніндегі, оны кепілдік беріп сақтауды қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған кезде оны жоюға дейінгі іс-шараларды жүзеге асыруға;

      4) өз қызметінде мемлекеттік құпиялардың және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын қамтамасыз етуге;

      5) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеу үшін мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің жұмылдыру даярлығын қамтамасыз етуге;

      6) өз құзыреті шегінде Үкіметаралық фельдъегерлік байланыс туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің фельдъегерлік қызметтерімен өзара іс-қимыл жасауға;

      7) мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің кәсіби қызметтік және физикалық даярлығын ұйымдастыруға;

      8) мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;

      9) уәкілетті орган бекітетін, хат-хабарды қабылдау, жинау, өңдеу, жинақтау, қарулы күзетуді жүзеге асыру, сақтауды, алып жүруді, тасымалдауды және жеткізуді қамтамасыз ету тәртібін, оның шекті көлемдерін, нормалары мен түрлерін әзірлеуге міндетті.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің өзге де міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау.

МЕМЛЕКЕТТІК ФЕЛЬДЪЕГЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН ЖҰМЫСКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

10-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің кадрлық құрамы

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің кадрлық құрамын ішкі істер органдарының кадрларында тұратын қызметкерлер және жұмыскерлер құрайды. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері атыс және өзге де қарумен, арнаулы қорғану және байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлерінің штат санын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

11-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің қызмет өткеру тәртібі мен жағдайлары "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбек қатынастары "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде реттеледі.

12-бап.

Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің жұмыскерлері

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет жұмыскерлерінің еңбек қызметі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі.

13-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің құқықтық жағдайы

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде билік өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды алып жүруге, сақтауға және қолдануға, дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға құқығы бар. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртібі "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.

      3. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкеріне оның жеке басы мен өкілеттіктерін растау үшін қызметтік куәлік беріледі.

      4. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, мүлкіне қол сұғу, оларға жүктелген міндеттерді орындауына кедергі келтіретін басқа да іс-әрекеттер, сондай-ақ мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің қызметтік міндеттері мен қызметтік борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының өміріне, денсаулығына, ар-намысына, қадір-қасиетіне және мүлкіне қол сұғу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

      5. Қазақстан Республикасының заңдарына көрінеу қайшы келетін бұйрықтар, нұсқаулар алған кезде мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкері Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алуға міндетті.

      6. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулер, міндеттер мен тыйым салулар қолданылады.

      7. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте және тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға, хат-хабарды жеткізу орындарына, әуе кемелері, теміржол составтары, автомобиль, теңіз және өзен көлігі тұрақтарының орындарына қызметтік куәлікті көрсету арқылы кедергісіз, өтеусіз және бірінші кезекте, оның ішінде мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің көлік құралдарымен кіруге;

      2) халықаралық және республикаішілік қатынастар үшін белгіленген жүру маршруттары бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлік ұйымдарына тиесілі көлік құралдарының барлық түрлеріне жолаушыларды жалпы отырғызу басталғанға дейін атыс қаруымен және өзге де қарумен, арнаулы құралдармен кедергісіз отыруға құқығы бар.

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің әуе көлігінде атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды алып жүру тәртібін уәкілетті орган айқындайды;     

      3) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өзге де құқықтары бар.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

14-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің жеке қауіпсіздігінің және құқықтық қорғалуының кепілдігі

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің хат-хабарды жеткізу жөніндегі қызметтік міндеттерін орындауы кезінде оны әкімшілік ұстап алуға, сондай-ақ жете тексеруге және мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкері пайдаланатын арнаулы көлік құралдарын жете тексеруге жол берілмейді.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.

15-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің жауаптылығы

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртіптік жауаптылықта болады.

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ФЕЛЬДЪЕГЕРЛІК ҚЫЗМЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР

16-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік кепілдіктер

      1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте қызмет атқарудың ерекше сипаты және қызметкерлердің жауаптылығы қосымша әлеуметтік құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің бiр елді мекеннен кемінде елу километрден асатын қашықтықтағы екiншiсіне көшуiне байланысты қызмет бабымен орын ауыстыруы және ілгерілеуі кезінде қызметкердің өзiне екi айлық ақшалай қамтым мөлшерінде және онымен бiрге көшкен әрбiр отбасы мүшесiне оның айлық ақшалай қамтымының жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленедi.

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің қызмет бабымен орын ауыстыруы және ілгерілеуі кезінде оған он тоннаға дейінгі жеке мүлкін тасымалдауға, сондай-ақ онымен бiрге көшкен отбасы мүшелерiнің жол жүруін қоса алғанда, теміржол, су, автомобиль көлігімен жол жүруіне арналған шығындар бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

      Қызмет бабымен орын ауыстыруы және ілгерілеуі кезінде көтерме жәрдемақыға, көлікпен жол жүруге және жеке мүлкін тасымалдауға арналған шығындардың өтелуіне құқығы бар мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің лауазымдар тізбесін уәкілетті орган айқындайды.

      3. Қызмет өткеру кезеңінде мемлекеттік наградалар - ордендермен наградталған мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне қызметтен босатылған кездегі біржолғы жәрдемақы мөлшері олардың айлық ақшалай қамтымының екі айлықақысына ұлғайтылады.

      4. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, оның ішінде қызмет өткеру кезеңінде қаза болған, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен қызметкерлерінің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан кезектен тыс орын береді.

      5. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

17-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметті қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің жұмысын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметті атыс қаруымен және өзге де қарумен, арнаулы құралдармен, заттай мүлікпен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары үшін белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің филиалдарын немесе қызметкерлерін осы Заңның 3-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында айқындалған органдардың тікелей үй-жайларында орналастыру кезінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оның ішінде оларды осындай органдардың мемлекеттік фельдьегерлік байланыстың көрсетілетін қызметтеріне қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті үй-жайларды, көлік құралдары мен байланыс құралдарын бөлу, оларды беру, күтіп-ұстау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстар ескеріле отырып, осы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бюджет қаражаты есебінен құралған және сатып алынған мүлкі мемлекеттік меншік болып табылады. Осындай мүлікті жедел басқаруды мемлекеттік фельдъегерлік қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ. ТОҚАЕВ