Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 9 желтоқсандағы № 277-VІ ҚРЗ

      2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбеде жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

      Бейресми аударма

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы КЕЛІСІМ

      Ресми куәландырылған мәтін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер

      ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен тиімді күресті қамтамасыз ету мақсаттарында,

      Тараптардың ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі келісілген әрекеттері табанды қажеттілік болып табылатынына сенімді бола отырып,

      ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресте Тараптардың құқық қорғау орғандары ынтымақтастығының құқықтық негізін құруға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Негізгі терминдер

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:

      зиянды бағдарлама - ақпаратты санкциясыз жоюға, бұғаттауға, түрлендіруге не көшіруге, ақпараттық (компьютерлік) жүйе жұмысының бұзылуына көрінеу әкеп соғатын арнайы енгізілген өзгерістерімен жасалған немесе қолданыста бар бағдарлама;

      ақпараттық технологиялар - ақпаратты жинауды, жасауды, сақтауды, жинақтауды, өңдеуді, іздеуді, түйіндеуді, көшіруді, беруді, таратуды және қорғауды қамтамасыз ететін технологиялық кешенге біріктірілген әдістердің, өндірістік процестердің және бағдарламалық-техникалық құралдардың жиынтығы;

      ақпараттық жүйе - нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық процестер арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын құралдардың ұйымдастырылып реттелген жиынтығы;

      компьютерлік жүйе - ақпаратты автоматтандырылған түрде жинауға, сақтауға, өңдеуге, беруге және алуға арналған аппараттық және бағдарламалық құралдар кешені;

      компьютерлік ақпарат - компьютерлік жүйенің жадында, компьютерлік жүйенің қабылдауына қолжетімді нысанда машиналық немесе өзге де тасымалдағыштардағы немесе байланыс арналары арқылы берілетін ақпарат;

      ақпаратқа санкциясыз қол жеткізу - қорғалатын ақпаратқа оның иеленушісі, иесі және (немесе) Тараптардың заңнамасы белгілеген құқықтарды немесе қағидаларды бұза отырып қол жеткізу.

2-бап
Жалпы ережелер

      1. Тараптар осы Келісімге, ұлттық заңнамаға және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді қамтамасыз ету мақсаттарында ынтымақтасады.

      2. Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау үшін қажетті ұйымдастырушылық және құқықтық шараларды қабылдайды.

      3. Тараптар ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрес саласындағы ұлттық заңнамаларды жақындастыруға ұмтылады.

3-бап
Қылмыстық жазаланатын әрекеттер

      1. Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес ақпараттық технологиялар саласындағы мынадай әрекеттерді, егер олар қасақана жасалса:

      а) заңмен қорғалатын компьютерлік ақпаратқа санкциясыз қол жеткізу арқылы ақпаратты жоюды, бұғаттауды, түрлендіруді не көшіруді, ақпараттық (компьютерлік) жүйенің жұмысын бұзуды;

      б) зиянды бағдарламаларды жасауды, пайдалануды немесе таратуды;

      в) компьютерлік жүйені пайдалану қағидаларын оған қолжетімділігі бар адамның заңмен қорғалатын компьютерлік ақпаратты жоюға, бұғаттауға немесе түрлендіруге әкеп соққан бұзуын, егер бұл іс-әрекет айтарлықтай зиян келтірсе немесе ауыр салдарға әкеп соқса;

      г) компьютерлік жүйеде өңделетін, машиналық тасымалдағыштарда сақталатын немесе деректерді беру желілері арқылы берілетін ақпаратты өзгерту арқылы не компьютерлік жүйеге жалған ақпаратты енгізу арқылы не заңмен қорғалатын компьютерлік ақпаратқа санкциясыз қол жеткізе отырып, мүлікті жымқыруды;

      д) "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісін немесе электр байланысының өзге де арналарын пайдалана отырып, порнографиялық материалдарды немесе кәмелетке толмағанның бейнесі бар порнографиялық сипаттағы заттарды таратуды;

      е) қорғалған компьютерлік жүйеге немесе желіге санкциясыз қол жеткізудің арнайы бағдарламалық немесе аппараттық құралдарын өткізу мақсатында дайындауды не өткізуді;

      ж) компьютерлік жүйелерге арналған бағдарламаларды және авторлық құқық объектілері болып табылатын деректер қорын заңсыз пайдалануды, сол сияқты авторлықты иемденуі, егер бұл іс-әрекет айтарлықтай залал келтірсе;

      з) ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісін немесе электр байланысының өзге де арналарын пайдалана отырып, белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған немесе террористік әрекетті жүзеге асыруға немесе терроризмді ақтауға шақыруды қамтитын материалдарды таратуды қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде таниды.

      2. "Айтарлықтай зиян", "ауыр салдар" және "айтарлықтай залал" деген ұғымдарды анықтау Тараптардың құзыретіне жатады.

4-бап
Құзыретті орғандар

      1. Тараптардың осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастығы құзыретті органдар арасында тікелей жүзеге асырылады.

      2. Әрбір Тарап құзыретті органдар тізбесін айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге береді.

      Тараптар құзыретті органдар тізбесінің өзгерістері туралы депозитарийді дереу хабардар етеді.

      3. Тараптардың құзыретті органдары қажет болған жағдайда өзара іс-қимыл жасау тәртібін және оны жүзеге асыруға уәкілетті адамдардың тізбесін қосымша айқындауы мүмкін, ол туралы бір-бірін тікелей хабардар етеді.

5-бап
Ынтымақтастық нысандары

      Тараптардың құзыретті органдары осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты мынадай:

      а) ақпарат алмасу, оның ішінде:

      ақпараттық технологиялар саласында дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар және оларға қатысы бар жеке және заңды тұлғалар туралы;

      көрсетілген саладағы қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру нысандары мен әдістері туралы;

      ақпараттық технологиялар саласында қылмыстарды жасау тәсілдері туралы;

      Тараптардың ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру мәселелерін реттейтін ұлттық заңнамасы мен халықаралық шарттары туралы ақпарат алмасу;

      б) сұрау салушы Тараптың азаматына қатысты не сұрау салушы Тараптың аумағында жасалған қылмыстардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге ықпал етуі мүмкін ақпаратты алуға жәрдем көрсету, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы сұрау салуларды орындау;

      в) ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша үйлестірілген іс-шаралар мен операцияларды жоспарлау және жүргізу;

      г) кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға, оның ішінде мамандарды тағылымдамадан өткізу, конференциялар, семинарлар және оқу курстарын ұйымдастыру арқылы жәрдем көрсету;

      д) ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық өнімдер жасау;

      е) ғылыми зерттеулер жарияланымдарымен және нәтижелерімен алмасу, сондай-ақ өзара қызығушылық туғызатын ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрес проблемалары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу;

      ж) ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрес жөніндегі нормативтік құқықтық актілермен, ғылыми-техникалық әдебиетпен алмасу;

      з) өзара іс-қимыл жасау және тәжірибе алмасу шеңберінде ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алуда, анықтауда, жолын кесуде, ашуда және тергеп-тексеруде пайдаланылатын бағдарламалық өнімдермен және шешімдермен алмасу;

      и) компьютерлік жүйелерде сақталатын деректердің сақталуын шұғыл қамтамасыз ету туралы сұрау салуды орындау нысандарында;

      к) басқа да өзара қолайлы нысандарда жүзеге асырады.

6-бап
Жәрдем көрсету туралы сұрау салу

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптардың құзыретті органдарының жәрдем көрсету туралы сұрау салулары (бұдан әрі - сұрау салу) негізінде жүзеге асырылады. Егер ақпарат көрсетілген құзыретті органның мүддесін білдіреді деп пайымдауға негіздер болса, ол екінші Тараптың құзыретті органына сұрау салусыз берілуі мүмкін.

      2. Сұрау салу жазбаша нысанда жіберіледі. Сұрау салулар кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда техникалық байланыс құралдары пайдаланыла отырып немесе ауызша берілуі мүмкін, алайда олар бұдан кейін 3 тәулік ішінде жазбаша расталуға тиіс.

      Сұрау салу және орындалған сұрау салудың материалдары техникалық байланыс арналары арқылы, егер бұл туралы Тараптардың құзыретті органдары арасында екіжақты уағдаластық болса не осы арналар Тараптар қатысушысы болып табылатын өзге де халықаралық шарттарда айқындалса, берілуі мүмкін.

      3. Сұрау салуда:

      а) сұрау салушы Тараптың құзыретті органының және сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының атауы;

      б) істің мәнін баяндау;

      в) сұрау салудың мақсаттарын көрсету және негіздемесі;

      г) сұрау салынып отырған жәрдемдесудің мазмұны;

      д) сұрау салуды орындаудың қажетті мерзімдері;

      е) тиісті құжаттарды немесе олардың куәландырылған көшірмелерін қоса алғанда, сұрау салуды орындау үшін пайдалы болуы мүмкін кез келген басқа да ақпарат;

      ж) осы Келісімге сілтеме қамтылуға тиіс.

      4. Берілген немесе жазбаша нысанда расталған сұрау салуға:

      а) ақпарат алмасу құзыретті органдардың бейінді емес бөлімшелері арасында жүзеге асырылған жағдайда - сұрау салушы құзыретті органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және құзыретті органның елтаңбалы мөрімен бекітіледі;

      б) ақпарат алмасу құзыретті органдардың дербес бейінді бөлімшелері арасында жүзеге асырылған жағдайда - құзыретті органның дербес орталық бейінді бөлімшесінің басшысы қол қояды және құзыретті органның дербес орталық бейінді бөлімшесінің елтаңбалы мөрімен бекітіледі.

7-бап
Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органы көрсеткен мерзімдерде сұрау салуды толық және сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оны айтарлықтай кідіртетін мән-жайлар туралы дереу хабардар етіледі.

      3. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының өкілеттігіне кірмесе, онда аталған құзыретті орган оны дереу сұрау салынатын Тараптың тиісті құзыретті органына береді және ол туралы сұрау салудың бастамашысын хабардар етеді.

      4. Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тараптың заңнамасы қолданылады.

      5. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органының өтінуі бойынша оның өкілдерінің сұрау салуды орындау кезінде қатысуына мүмкіндік береді.

      6. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салудың орындалуы сұрау салынатын Тараптың аумағында жүзеге асырылып жатқан қылмыстық қудалауға немесе өзге іс жүргізуге кедергі болуы мүмкін деп пайымдаса, онда сұрау салудың орындалуын кейінге қалдыра алады немесе оның орындалуын сұрау салушы Тараптың құзыретті органымен консультациялар жүргізгеннен кейін қажетті деп айқындалған шарттарды сақтай отырып, байланыстыра алады. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы ұсынылған шарттармен жәрдем көрсетуге келіссе, онда ол осы шарттарды сақтауға тиіс.

      7. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау нәтижелері туралы мүмкіндігінше қысқа мерзімде сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабар береді.

8-бап
Ақпараттың құпиялылығы

      1. Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімге сәйкес алынған мәліметтердің, оның ішінде сұрау салуды алу фактісі мен оның мазмұнының құпиялылығын, егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы олардың жария етілмегені жөн деп санаса, қамтамасыз етеді.

      2. Сұрау салуды орындау кезінде құпиялылықты сақтау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды мұндай шарттармен орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабар береді.

      3. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды мұндай шарттармен орындауға келіспеген жағдайда, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тиісті шешім туралы хабардар етіледі.

9-бап
Сұрау салуды орындау нәтижелерін пайдалану

      1. Сұрау салуды орындау нәтижелері оларды ұсынған сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының келісімінсіз, олар сұратылғаннан және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.

      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы тек сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының жазбаша келісімімен ғана сұрау салуды орындаудың нәтижелерін өзге мақсаттарда пайдалана алады. Мұндай жағдайларда сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы белгілеген сұрау салу нәтижелерін пайдалануға қойылған шектеулерді сақтайды.

10-бап
Мәліметтерді үшінші тарапқа беру

      Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының осы Келісімнің негізінде алған мәліметтерді үшінші тарапқа беруі үшін осы мәліметтерді ұсынған сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша келісімі талап етіледі.

11-бап
Сұрау салуды орындаудан бас тарту

      1. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау:

      оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе ұлттық мүдделеріне, қоғамдық тәртібіне, сондай-ақ азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін;

      сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп пайымдаса, осы Келісімнің шеңберінде сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін.

      2. Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өзінің шешімі туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына дереу жазбаша хабар береді.

12-бап
Шығыстар

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптардың құзыретті органдары дербес көтереді.

13-бап
Басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Келісім әрбір Тараптың өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

14-бап
Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

15-бап
Өзгерістер және толықтырулар енгізу

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

16-бап
Қосылу

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

17-бап
Күшіне енуі

      1. Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда ол күшіне енген күннен бастап 2001 жылғы 1 маусымдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің компьютерлік ақпарат саласындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімнің қолданысы тоқтатылады.

18-бап
Қолданылу мерзімі

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Тараптардың әрқайсысы бұл туралы депозитарийді жазбаша хабардар ете отырып, осы Келісімнен шыға алады. Келісім мұндай Тарапқа қатысты өзінің қолданысын депозитарий тиісті хабарламаны алған күннен бастап 6 айдан кейін тоқтатады.

      2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасы үшін

      Армения Республикасы үшін

      Беларусь Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Түрікменстан үшін

      Өзбекстан Республикасы үшін

      Украина үшін

      Молдова Республикасы үшін

      Осы арқылы қоса беріліп отырған мәтін 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімнің түпнұсқалық көшірмесі болып табылатынын куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталған.

      ТМД Атқарушы комитеті төрағасының –
Атқарушы хатшысының бірінші орынбасары
В.А. Гуминский

      Берілген мәтіннің орыс тілінен қазақ тіліне аудармасы түпнұсқамен бірдей екенін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы ІІМ
Криминалдық полиция
департаментінің бастығы
А. Баймурзин