2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашғабатта жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. НАЗАРБАЕВ |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатып Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
1999 жылғы 4 маусымдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып,
терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласында келісілген саясатты жүргізу қажеттілігін мойындай отырып,
терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды осы мақсаттарда арнайы техникамен, арнайы құралдармен және қамтамасыз ету материалдарымен жан-жақты жабдықтау үшін тең және жеңілдікті шарттарды жасау ниетін басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде аталған терминдер мыналарды білдіреді:
терроризмге қарсы бөлімшелер - функцияларына террористік іс-әрекеттердің, экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністерінің алдын алу, анықтау, жолын кесу олардың және зардаптарын азайту жататын Тараптардың құзыретті органдарының арнайы уәкілеттік берілген бөлімшелері;
жеңілдікті шарттарда сатып алу және беру - арнайы техниканы, арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын құзыретті органдардың жеке қажеттіліктері үшін мемлекетте қалыптастырылатын бағалармен сатып алу және беру;
құзыретті органдар - өз құрылымында терроризмге қарсы бөлімшелері бар Тараптардың қауіпсіздік органдары, арнаулы қызметтері, құқық қорғау органдары және өзге де мемлекеттік органдары;
қамтамасыз ету материалдары - Тараптардың ұлттық заңнамасында әскери мақсаттағы өнімдерге жатқызылмаған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қоса алғанда, терроризмге қарсы бөлімшелердің материалдық-техникалық және көлік құралдары, жарақтары;
материалдық-техникалық қамтамасыз ету - құзыретті органдар арасында жасалған шарттар (келісімшарттар) негізінде арнайы техниканы, арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын сатып алу және беру;
арнайы құралдар - Тараптардың ұлттық заңнамасында әскери мақсаттағы өнімдерге жатқызылмаған, Тараптардың құзыретті органдарының қарулануына қабылданған шабуылға тойтарыс беру, қылмыс жасаудың жолын кесу, қарсылық көрсету, іздестіру, ұстау, ұсталғандарды жеткізу, күзеттен қашудың жолын кесу, кепілге алынғандарды, басып алынған ғимараттарды, үй-жайларды, құрылыстарды, көлік құралдарын және учаскелерді босату, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесу, көлік құралдарын тоқтату кезінде объектіні өлімге әкеп соқтырмайтын қайтарымды ықпал ету мақсатында Тараптардың құзыретті органдары қолдану үшін арнайы әзірленген және арналған әртүрлі бұйымдар;
арнайы техника - Тараптардың ұлттық заңнамасында әскери мақсаттағы өнімдерге жатқызылмаған, Тараптардың құзыретті органдарының қарулануына (жабдықталуына) қабылданған байланыс, ақпаратты қорғау құралдары, ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелердің техникалық құралдары, радиобақылау құралдары, мамандандырылған, аумақ бойынша таратылған автоматтандырылған жүйелер, есептеу техникасының типтік жергілікті желілері, тіршілікті қамтамасыз ету құралдары, жеке қорғану, оның ішінде сауытты қорғану құралдары, жедел, криминалистикалық және іздестіру техникасы құралдары, инженерлік-техникалық құралдар, күзет, байқау және бақылау жүйелері, жедел-қызметтік көліктер, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық құралдар, сондай-ақ өзге де техникалық құралдар мен олардың жинақтаушы бұйымдары.
2-бап
Тараптар құзыретті органдар арқылы ынтымақтасады, олардың тізбесін әрбір Тарап айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны сақтауға тапсыру кезінде депозитарийге беріледі.
Әрбір Тарап құзыретті органдар тізбесінің өзгергені туралы бір ай ішінде депозитарийді жазбаша хабардар етеді.
3-бап
Тараптардың құзыретті органдарының ынтымақтастығы арнайы техниканы, арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын сатып алу және беру, оның ішінде жеңілдікті шарттарда сатып алу және беру туралы сұрау салуларды (бұдан әрі - сұрау салу) орындау немесе олар туралы ақпаратты жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Егер Тараптардың құзыретті органдарында бар арнайы техника, арнайы құралдар және қамтамасыз ету материалдары осы Тарап үшін қызығушылық тудырады деуге негіз болса, сатып алу және беру мүмкіндігі туралы ақпарат басқа Тарапқа бастамашылық тәртіппен жіберілуі мүмкін.
Сұрау салуда немесе ақпараттың шынайылығына немесе мазмұнына қатысты күдіктер туындаған кезде, Тараптардың құзыретті органдары оларды растауды не оларға түсініктемені сұрата алады.
Сұрау салу құзыретті орган басшысының қолы қойылып және сұрау салушы құзыретті органның елтаңбалық мөрімен куәландырылып, жазбаша нысанда жіберіледі.
4-бап
Сұрау салынатын тараптың құзыретті органы сұрау салудың толық, уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолданады.
Сұрау салу, әдетте, оны алған күннен бастап 30 күннен аспайтын мерзімде орындалады.
Сұрау салушы тараптың құзыретті органы сұрау салудың орындалуына кедергі жасайтын немесе оны кідіртетін мән-жайлар туралы дереу хабардар етіледі.
Егер сұрау салуды орындау сұрау салуды алған органның құзыретіне кірмесе, онда аталған орган оны сұрау салынатын Тараптың тиісті құзыретті органына береді және бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органын хабардар етеді.
Егер сұрау салуда көрсетілген мәліметтер оны орындау үшін жеткіліксіз болса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
5-бап
Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салудың орындалуы өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, құқықтық тәртібіне зиян келтіруі мүмкін не ұлттық заңнамаға және/немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді, сондай-ақ азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соғады деп пайымдаса, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы бас тартудың негізді себептерін көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы дереу жазбаша хабардар етіледі.
6-бап
Сұрау салудың орындалуы туралы мәліметтерді оларды ұсынған сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының келісімінсіз, сұратылғаннан және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдалануға болмайды.
Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салудың орындалуы туралы мәліметтерді сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының жазбаша келісімімен ғана өзге мақсаттарда пайдалануы мүмкін. Мұндай жағдайларда сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салудың орындалуы туралы мәліметтерді пайдалануға қатысты белгілеген шектеулерді сақтайды.
Бір Тараптың құзыретті органы осы Келісімді іске асыру барысында алған мәліметтерді үшінші тарапқа беру үшін осы мәліметтерді ұсынған басқа Тараптың құзыретті органының жазбаша келісімі талап етіледі.
7-бап
Осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстар құзыретті органдарға осы мақсаттар үшін көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Арнайы техниканы, арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын осы Келісімге сәйкес жеңілдікті шарттарда сатып алуды және беруді жүзеге асыру кезінде Тараптар есеп айырысудың шарттары мен нысандарын айқындайды.
8-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру шеңберінде берілетін арнайы техниканы, арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау кезінде тасымалдау бағыты оның аумағы бойынша өтетін Тараптың ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес осыған ұқсас арнайы техниканы, арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау үшін белгіленген жеңілдікті тарифтерді қоса алғанда, әкелу, әкету немесе транзиттеу шарттарын қолданады.
Транзит Тарапы беруші Тараптың немесе қабылдаушы Тараптың сұрау салуы негізінде осы Келісімге сәйкес берілетін арнайы техниканы, арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын өзінің аумағы арқылы тасымалдаудың басым тәртібін қамтамасыз етеді.
9-бап
Қабылдаушы Тарап осы Келісім шеңберінде берілген арнайы техниканы, арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа, заңды және жеке тұлғаларға сатпайды және бермейді.
10-бап
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық нәтижесінде алынған, таратылуы шектеулі ақпаратты сақтау үшін Тараптар ұлттық заңнамасына сәйкес қажетті шараларды қолданады.
Мемлекеттік құпияларды (мемлекеттік құпияны) құрайтын мәліметтерді қорғау мәселелері Тараптар арасында жасалған келісімдермен реттеледі.
11-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
12-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптармен келісілген басқа да рәсімдер арқылы шешіледі.
14-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
15-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кез келген қатысушы мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
16-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін кемінде 6 ай қалғанда депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып және осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
17-бап
Тараптардың құзыретті органдары осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілі ретінде орыс тілін пайдаланады.
2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашғабат қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін | Ресей Федерациясы үшін |
Армения Республикасы үшін | Тәжікстан Республикасы үшін |
Беларусь Республикасы үшін | Түрікменстан үшін |
Қазақстан Республикасы үшін | Өзбекстан Республикасы үшін |
Қырғыз Республикасы үшін | Украина үшін |
Молдова Республикасы үшін |
2012 жылғы 5 желтоқсан қ. Ашғабат
Мемлекеттік құпияларды (мемлекеттік құпия сырларды) құрайтын мәліметтерді қорғау мәселелерін Молдова Республикасы ұлттық заңнамасына сәйкес және/немесе екіжақты келісімдермен реттейтін болады.
Владимир Филат | Премьер-министр |
Ұсынылып отырған мәтін 2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашхабад қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісім көшірмесінің тең нұсқасы екендігін куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің түпнұсқасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінде сақталады.
ТМД Атқарушы комитетінің Төрағасы - Атқарушы хатшысының бірінші орынбасары |
В. Гаркун |