Пробация туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 38-VІ ҚРЗ.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      Осы Заң пробацияны ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және пробация ұғымын, мақсатын, міндеттерін, қағидаттарын, түрлерін және жүзеге асыру нысандарын, сондай-ақ өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдардың және оны жүзеге асыратын субъектілердің құқықтық мәртебесін белгілейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Пробация ұғымы, мақсаты және міндеттері

      1. Пробация – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі.

      2. Пробацияның мақсаты:

      1) күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу;

      2) сотталған адамды әлеуметке қосу;

      3) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.

      3. Көрсетілген мақсатқа сәйкес мыналар пробацияның міндеттері болып табылады:

      1) өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету;

      2) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың заңмен айқындалған түрлерін орындау;

      3) өздеріне қатысты сот пробациялық бақылау белгілеген сотталғандарға пробациялық бақылауды жүзеге асыру;

      4) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған адамды босатуға дайындау.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының пробация туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының пробация туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңның алдында басым болады және халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайларды қоспағанда, тікелей қолданылады.

3-бап. Пробацияның негізгі қағидаттары

      Пробация:

      1) адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтау;

      2) заңдылық;

      3) ізгілік;

      4) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жариялылық;

      5) өздеріне пробация қолданылатын адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көлемін айқындау және пробациялық бақылауды жүзеге асыру кезінде сараланған және жеке-дара әдіс;

      6) өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдардың құқыққа бағынушылық және қоғамға пайдалы белсенді мінез-құлқын ынталандыру;

      7) пробацияны жүзеге асыратын субъектілердің өзара іс-қимылы қағидаттарына негізделеді.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдар, олардың құқықтары мен міндеттері

      Ескерту. 4-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдар санаттары Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерімен, сондай-ақ осы Заңмен айқындалады.

      2. Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдардың:

      1) ана тілінде немесе өздері меңгерген басқа тілде өтініш жасауға, өздерінің құқықтары мен міндеттері, соттың қолданған жазасы, қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындаудың тәртібі мен шарттары, олардың өзгерістері, сондай-ақ ұсыныстар, арыздар мен шағымдар берудің тәртібі туралы мәліметтерді алуға;

      2) пробацияны жүзеге асыратын субъектілердің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әлеуметке қосу, әлеуметтік бейімдеу және оңалту жөніндегі іс-шараларға қатысуға құқығы бар.

      Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары бар.

      3. Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдар:

      1) пробациялық бақылаудың тәртібі мен шарттарын орындауға және сақтауға;

      2) алып тасталды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3) пробацияны жүзеге асыратын субъектілердің заңды талаптарын орындауға;

      4) пробацияны жүзеге асыратын субъектілерге анық мәліметтер ұсынуға міндетті.

      Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың заңда көзделген басқа да міндеттері бар.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Пробацияны жүзеге асыру нысандары

      1. Пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға пробациялық бақылау және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету нысандарында пробация жүзеге асырылады.

      2. Пробациялық бақылау пробация қызметінің есебінде тұратын адамдардың өздеріне заң мен сот жүктеген міндеттерді орындауына бақылауды жүзеге асыру бойынша пробация қызметінің және полицияның жұмысын білдіреді.

      3. Әлеуметтік-құқықтық көмек – пробацияны жүзеге асыратын субъектілер іске асыратын, өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарды әлеуметке қосуға, әлеуметтік бейімдеуге және оңалтуға бағытталған шаралар кешені.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарды әлеуметке қосу, әлеуметтік бейімдеу және оңалту шаралары

      1. Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарды әлеуметке қосу, әлеуметтік бейімдеу және оңалту:

      1) мына мәселелер бойынша әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету:

      медициналық көмек алу;

      орта білім алу;

      кәсіпті меңгеру (кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру);

      жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;

      психологиялық демеуді қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдерді алу;

      2) мыналарды:

      әлеуметтік-психологиялық және психологиялық консультация беруді;

      әлеуметтік патронажды;

      тараптардың өзара келісуі жағдайында отбасылық және өзге де әлеуметтік-жағымды байланыстарды қалпына келтіруге көмектесуді қамтитын әлеуметтік байланыстарды қолдау жүйесін қалпына келтіру және қалыптастыру;

      3) мыналарды:

      келу орнымен қамтамасыз етуді;

      оңалту іс-шараларын ұйымдастыруды;

      мәдени іс-шараларға қатысуға тартуды;

      4) әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша консультациялар ұсынуды қамтитын әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу арқылы қамтамасыз етіледі.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды пробацияны жүзеге асыратын субъектілер іске асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. ПРОБАЦИЯНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН СУБЪЕКТІЛЕР
ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ

7-бап. Пробацияны жүзеге асыратын субъектілер

      Қазақстан Республикасының пробация туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде әрекет ететін мемлекеттік органдар, сондай-ақ осы Заңның 11-бабына сәйкес азаматтар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар пробацияны жүзеге асыратын субъектілер болып табылады.

8-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті

      1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құзыретіне:

      1) пробация саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) пробация саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      3) мыналарды:

      сотқа дейінгі пробация сатысында күдіктінің, айыпталушының жеке басын психологиялық-әлеуметтік тестен өткізу әдістемесін;

      сотқа дейінгі баяндаманы дайындау әдістемесін бекіту;

      4) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.

      2. Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі уәкілетті органының құзыретіне:

      1) пробацияны жүзеге асыратын субъектілердің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

      2) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің және пробация қызметтерінің жұмысын үйлестіру;

      3) мыналарды:

      сотқа дейінгі пробация сатысында күдіктінің, айыпталушының жеке басын психологиялық-әлеуметтік тестен өткізу әдістемесін;

      сотқа дейінгі баяндаманы дайындау әдістемесін әзірлеу;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.

      3. Полиция Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде:

      1) пробациялық бақылауда тұратын адамдар тарапынан құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың профилактикасы, оларды анықтау, зерделеу, жою жөніндегі шаралар кешені;

      2) кәмелетке толмағандарға қатысты пробациялық бақылауды;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

9-бап. Пробация қызметінің өкілеттіктері

      1. Пробация қызметі – қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ пробацияны ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің органы.

      2. Пробация қызметі:

      1) өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдардың есебін жүргізеді;

      2) өзіне қатысты пробация қолданылатын адамның тұрғылықты жерін, оның денсаулық жағдайын, білім деңгейін және жұмыспен қамтылуын анықтайды;

      3) алып тасталды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      4) әлеуметтік-құқықтық көмек алу тәртібін түсіндіреді, оны алуға жәрдемдеседі;

      5) күдіктіге, айыпталушыға қатысты сотқа дейінгі баяндаманы дайындауды жүзеге асырады;

      6) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолданылған адамдарға өздеріне сот жүктеген міндеттерді орындау тәртібін және оларды орындамаудың салдарларын түсіндіреді;

      7) өздеріне қатысты пробациялық бақылау белгіленген адамдарға оның жүзеге асырылу және тоқтатылу тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ пробациялық бақылау шарттарын сақтамаудың салдарларын түсіндіреді;

      8) пробациялық бақылауды жүзеге асырады;

      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, заңды тұлғалардан өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтер, анықтамалар, мінездемелер, өзге де ақпарат сұратады;

      10) мыналарды:

      кәмелетке толмағандар мен отбасы құқықтарын қорғау саласындағы бағдарламаларды;

      кәмелетке толмағандар мен отбасы құқықтарын қорғау жөніндегі қызметке пробацияны жүзеге асыратын субъектілерді тарту тетіктерін әзірлеуге және іске асыруға қатысады;

      11) кәмелетке толмағандар мен отбасы құқықтарын қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтердің сапасына мониторинг жүргізуге қатысады;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Пробация қызметі мемлекеттік органдармен, азаматтармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де заңды тұлғалармен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсету саласындағы өкілеттіктерді атқарады.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда – ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

11-бап. Азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де заңды тұлғалардың пробацияны жүзеге асыруға қатысуы

      1. Азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де заңды тұлғалардың пробацияны жүзеге асыруға қатысуы өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмекті ұсынуға ерікті түрде жәрдемдесу арқылы мынадай нысандарда іске асырылады:

      1) пробация қызметінің жұмысын және пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмекті жетілдіруге бағытталған бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру;

      2) социологиялық және өзге де мониторингтер жүргізу;

      3) пробацияны реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және қоғамдық талқылауға қатысу;

      4) пробация мәселелері бойынша консультативтік-кеңесші және сарапшы органдардың жұмысына қатысу;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін нысандарда өзге де жәрдем көрсету.

      2. Пробацияны жүзеге асыруға қатысатын адамдар өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдардың дербес деректерін, сондай-ақ жеке өмірі туралы мәліметтерді олардың жазбаша келісімінсіз жариялауға құқылы емес.

      3. Халықаралық үкіметтік емес ұйымдар пробация қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және өзге де міндеттемелеріне сәйкес көмек көрсете алады.

3-тарау. ПРОБАЦИЯ ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

12-бап. Пробация түрлері

      Пробация түрлеріне мыналар жатады:

      1) сотқа дейінгі пробация – сотқа дейінгі баяндаманы дайындау жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы;

      2) үкімдік пробация – бас бостандығын шектеуге сотталған, сондай-ақ шартты түрде сотталған адамдарға қатысты пробациялық бақылау белгілеу мен оны жүзеге асыру және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы;

      3) пенитенциарлық пробация – қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген адамдарды әлеуметке қосу жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы;

      4) пенитенциарлықтан кейінгі пробация – қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінен босатылған адамдарға қатысты пробациялық бақылау белгілеу мен оны жүзеге асыру және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Сотқа дейінгі пробация

      1. Сотқа дейінгі пробация мынадай күдіктілерге, айыпталушыларға:

      1) кәмелетке толмағандарға;

      2) мүгедектігі бар адамдарға;

      3) әйелдерге:

      елу сегіз жастағы және одан асқан әйелдерге;

      жүкті әйелдерге;

      үш жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдерге;

      4) ерлерге:

      алпыс үш жастағы және одан асқан ерлерге;

      үш жасқа дейінгі жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтiн ерлерге қатысты ерікті негізде қолданылады.

      Сотқа дейінгі пробация өздеріне үйқамақ немесе күзетпен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамдарға қатысты қолданылмайды.

      2. Сотқа дейінгі пробация осы баптың 1-тармағында аталған адамның жазбаша өтініші бойынша ол өтініш жасаған кезден бастап жүзеге асырылады.

      3. Сотқа дейінгі пробация кезіндегі әлеуметтік-құқықтық көмек осы Заңның 6-бабында санамаланған шаралардан тұрады.

      4. Пробация қызметі осы Заңның 9-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген тәртіппен алынған мәліметтер негізінде сот талқылауы басталғанға дейін сотқа дейінгі пробация қолданылатын адамға ұсынылатын сотқа дейінгі баяндаманы жасайды.

      Көрсетілген бағдарламаны іске асыру нәтижелері бойынша, сондай-ақ осы Заңның 9-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген тәртіппен алынған мәліметтер негізінде пробация қызметі сот талқылауы басталғанға дейін сотқа дейінгі пробация қолданылатын адамға ұсынылатын сотқа дейінгі баяндаманы жасайды.

      Аталған адам сотқа дейінгі баяндаманы дайындауға қатыса алады және оның мазмұны бойынша сотқа дейінгі баяндамада көрсетілуге тиіс өз пікірін айта алады.

      5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда, пробация қызметі сотқа дейінгі пробацияны тоқтатады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Сотқа дейінгі баяндама

      1. Сотқа дейінгі баяндама – күдіктінің, айыпталушының жеке басының ерекшеліктері туралы ақпарат.

      2. Сотқа дейінгі баяндаманың мазмұны кіріспе, сипаттамалық және ұсынымдық бөліктерді қамтиды.

      Кіріспе бөлігінде:

      1) сотқа дейінгі баяндаманың жасалу уақыты, күні және орны;

      2) сотқа дейінгі баяндаманы жасаған адамның лауазымы, тегі және инициалдары;

      3) күдіктінің, айыпталушының тегі, аты және әкесінің аты (бар болған жағдайда), туған күні, айы, жылы және туған жері көрсетіледі.

      Сипаттамалық бөлікте күдікті, айыпталушы туралы мынадай мәліметтер:

      1) азаматтығы, отбасылық жағдайы, айналысатын кәсібі, білімі, тұрғылықты жері, сотталғандығының бар-жоғы, оларды сипаттайтын өзге де деректер;

      2) алып тасталды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      3) әлеуметтік мінездемесі;

      4) жеке басының психологиялық-әлеуметтік тест нәтижелері;

      5) олардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының тәуекелдерін бағалау;

      6) пробация қызметінің ұсынымдарын ұстануы жазылады.

      Ұсынымдық бөлікте адамға жазаны тағайындау және оны орындау кезінде пайдалануға ұсынылатын міндеттер мен шектеулердің үлгі тізбесі көрсетіледі.

      Сотқа дейінгі баяндамада жазылған ақпарат пробацияның барлық түрлерін жүзеге асыру кезінде, оның жаңартылғаны ескеріле отырып, пайдаланылады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Үкімдік пробация

      1. Үкімдік пробация:

      1) бас бостандығын шектеуге сотталған адамға;

      2) шартты түрде сотталған адамға қатысты қолданылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға қатысты үкімдік пробация Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 44-бабының қағидалары бойынша пробациялық бақылау нысанында жүзеге асырылады, оның ұзақтығы сот үкімімен немесе қаулысымен айқындалады.

      3. Өзіне қатысты пробациялық бақылау белгіленген адам:

      1) сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап он тәулік ішінде есепке қою үшін пробация қызметіне келуге;

      2) жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын өтеу шарттары мен тәртібін сақтауға;

      3) тіркелу және өзімен профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін белгіленген күндері пробация қызметіне келіп тұруға;

      4) тұрғылықты жерінің, жұмыс немесе оқу орнының өзгергені туралы пробация қызметін жазбаша хабардар етуге;

      5) өзіне заң мен сот жүктеген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      4. Адам пробациялық бақылау шарттарын сақтамаған жағдайда пробация қызметі:

      1) бас бостандығын шектеуге сотталған адамға қатысты жазбаша ескерту түрінде жазалау қолданады, ал жазасын өтеуден қасақана жалтарған жағдайда сотқа бас бостандығын шектеудің өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін материалдар ұсынады;

      2) шартты түрде сотталған адамға қатысты пробациялық бақылау мерзімін ұзарту туралы не шартты түрде соттаудың күшiн жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы ұсыну енгізеді.

      5. Егер пробациялық бақылау белгіленген мерзімнің кемінде жартысы өткеннен кейін шартты түрде сотталған адам өзінің мінез-құлқымен түзелгенін дәлелдесе, онда пробация қызметі сотқа шартты түрде соттаудың күшін жою туралы және сотталған адамнан сотталғандықты алу туралы ұсыну жолдайды.

      6. Алып тасталды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-бап. Пенитенциарлық пробация

      1. Пенитенциарлық пробация қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталған адамға қатысты қолданылады.

      2. Сотталған адамды әлеуметке қосу Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына сәйкес оның қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесіне келген кезінен бастап жүзеге асырылады.

      3. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген, жаза мерзімін өтеуге дейін бір жыл қалған сотталған адамға қатысты әлеуметке қосуды қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің әкімшілігі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету нысанында жүзеге асырады.

      4. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің әкімшілігі жасайды және іске асырады.

      5. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы:

      1) сотқа дейінгі пробация кезеңінде пробация қызметі әзірлеген сотқа дейінгі баяндаманың (бар болған жағдайда) деректерін;

      2) сотталған адамның қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде болған кезеңіндегі мінез-құлқын сипаттайтын материалдарды;

      3) босатылуға дайындалатын адамның талап қою талаптарын өтегені және (немесе) өтемегені туралы мәліметтерді;

      4) босатылуға дайындалатын сотталған адамның әлеуметтік байланыстары, оның денсаулық жағдайы, білім деңгейі, еңбек дағдылары, құқықтары мен бостандықтарын іске асырудың құқықтық тетіктері туралы хабардарлығы жөніндегі мәліметтер, сондай-ақ сотталған адамның әлеуметтік мінез-құлқын түзеу және табысты әлеуметтік бейімделуі үшін қажетті өзге де мәліметтерді;

      5) босатылуға дайындалатын сотталған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған нақты іс-шараларды;

      6) сотталған адам босатылғаннан кейін оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, оның жұмысқа орналасуы және тұрмыстық жағдайы бойынша жоспарланатын іс-шараларды қамтиды.

      6. Пенитенциарлық пробация қолданылатын сотталғандардың өтініші бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің әкімшілігі босатылғаннан кейін өздері таңдаған тұрғылықты жердегі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, олардың:

      1) сотталған адамды тіркеу үшін және оған бос орындар туралы ақпарат ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарымен;

      2) тұрғын үйді жалға алу бойынша мамандандырылған ұйымдармен (агенттіктермен);

      3) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер алу үшін қарт адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға жәрдемдесу үшін әлеуметтік қызметтермен өзара іс-қимыл орнатады.

      7. Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің әкімшілігі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын іске асыру кезінде:

      1) пробацияны жүзеге асыратын өзге де субъектілермен босатылуға дайындалатын адамдардың жұмысқа орналасуы және тұрмыстық жағдайы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      2) өзіне қатысты пробация қолданылатын адамдарға Қазақстан Республикасының жұмысқа орналасу және тұрмыстық жағдай тәртібін регламенттейтін заңнамасын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізеді, құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғаудың қолданыстағы құқықтық тетіктері туралы хабардар етеді;

      3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған кезде әлеуметтік-құқықтық көмек алу көлемі мен тәртібін түсіндіреді;

      4) әкімшілік қадағалаудың және пробациялық бақылаудың жүзеге асырылу тәртібі, сондай-ақ оларды бұзудың салдарлары туралы алдын ала хабардар етеді.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Пенитенциарлықтан кейінгі пробация

      1. Пенитенциарлықтан кейінгі пробация:

      1) бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған;

      2) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын, өзіне сот әкімшілік қадағалау белгілеген;

      3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру бас бостандығын шектеуге ауыстырылған;

      4) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру айыппұлға ауыстырылған;

      5) сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімін өтеген адамға қатысты қолданылады.

      2. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға қатысты пенитенциарлықтан кейінгі пробация оның тұрғылықты жері бойынша полиция жүзеге асыратын пробациялық бақылау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де ұйымдардың әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуі нысанында қолданылады.

      3. Сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамға қатысты пенитенциарлықтан кейінгі пробация әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету нысанында жүзеге асырылады.

      4. Бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылған адамға қатысты пенитенциарлықтан кейінгі пробация осы Заңның 15-бабында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

      5. Осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарға қатысты пенитенциарлықтан кейінгі пробация Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға жүгіну арқылы олардың бастамасы бойынша оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету нысанында жүзеге асырылады.

      6. Алып тасталды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-бап. Кәмелетке толмаған адамға қатысты пробацияны жүзеге асыру ерекшеліктері

      Кәмелетке толмаған адамға қатысты пробация:

      1) оның дара және жас ерекшеліктері ескеріле отырып;

      2) отбасын тарта отырып;

      3) қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органдармен және бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып;

      4) азаматтармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

19-бап. Кәмелетке толмаған адамға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру

      1. Пробация қызметі:

      1) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған;

      2) шартты түрде сотталған кәмелетке толмаған адамға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады.

      2. Полиция:

      1) бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған;

      2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 84-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағында белгіленген, өзіне сот тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасын тағайындаған кәмелетке толмаған адамға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады.

      3. Пробация қызметі өзіне қатысты пробациялық бақылау белгіленген кәмелетке толмаған адамды есепке қою кезінде осы Заңның 18-бабының ережелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 69, 169 және 174-баптарына сәйкес шаралар кешенін іске асырады.

      Қажет болған кезде кәмелетке толмаған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасында педагог пен психологтің қатысуы көзделеді.

      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген шаралармен қатар кәмелетке толмаған адамға қатысты пробация қызметі қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмаған адамның тұрғын үй жағдайларын зерттеп-қарауды акт жасай отырып, тоқсан сайын жүргізеді.

      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

20-бап. Қазақстан Республикасының пробация туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының пробация туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев