1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-қ

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 190-V ҚРЗ

      2012 жылғы 19 қыркүйекте Павлодарда жасалған 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы
ХАТТАМА

(2016 жылғы 3 наурызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 3, 44-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      төтенше, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы жағдайларға уақтылы ден қоюдың маңыздылығын мойындай және төтенше жағдайларды жою жөніндегі қызметтің өзара іс-қимылының және үйлестірілуінің тиімділігін арттыру қажеттілігін негізге ала отырып,
      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың пәрменді тетігін жасау мақсатында,
      төмендегілер туралы осы Хаттаманы жасасты:

1-бап

      Осы Хаттамада қолданылатын ұғымдардың мынадай мағыналары бар:
      «авариялық-құтқару қызметі» - негізін авариялық-құтқару құралымдары құрайтын, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешуге арналған және қызметтік міндеттері жағынан біртұтас жүйеге біріктірілген басқару органдарының, күштер мен құралдардың жиынтығы;
      «авариялық-құтқару құралымы» - негізін арнаулы техникамен, жабдықтармен, жарақтармен, аспаптармен және материалдармен жарақтандырылған құтқарушылар бөлімшелері құрайтын авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған дербес немесе авариялық-құтқару қызметінің құрамына енетін құрылым және кинологиялық бірліктер;
      «төтенше жағдай» - адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан бір Тарап мемлекетінің аумағында туындаған жағдай;
      «төтенше жағдайларды жою» - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін сақтап, денсаулығын қорғауға, залал мен материалдық шығындар көлемін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймағын оқшаулауға бағытталған іздестіру-құтқару, авариялық-қалпына келтіру және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;
      «жарақ» - авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының материалдары, техникалық және көлік құралдары, жарақтары мен олардың мүшелерінің жеке жабдықтары.

2-бап

      Тараптар осы Хаттаманы іске асыру үшін мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі;
      Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс істері, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар салдарын жою министрлігі, Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының атаулары өзгерген немесе басқа құзыретті органдар белгіленген жағдайда Тараптар ол туралы жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

3-бап

      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы аумақтарында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген шекаралық бақылау тәртібін сақтай отырып, өткізу пункттерінде және қолданыстан тыс өткізу пункттерінен мемлекеттік шекараны кесіп өтуін қамтамасыз етеді.

4-бап

      1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мүшелері
үшін шекаралық бақылау Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және
олар мүше болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес өткізу пункттерінде және қолданыстан тыс өткізу пункттерінен жүзеге асырылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары төтенше
жағдайдың туындағаны туралы хабар алған кезде Тараптар
мемлекеттерінің шекара қызметтерін авариялық-құтқару қызметтері мен
құралымдарының мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен және
қолданыстан тыс өткізу пункттерінен кесіп өту қажеттілігі туралы
хабарлайды.
      3. Төтенше жағдайларды жою мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мүшелері көмек сұратушы Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын өткізу пункттері және қолданыстан тыс өткізу пункттері арқылы бірінші кезекте кесіп өтеді. Мемлекеттік шекараны оңайлатып кесіп өту үшін көмек алушы Тарап мемлекетінің шекара қызметіне авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары мүшелерінің тізімі, сондай-ақ жарақтар тізбесі ұсынылады.
      4. Туындаған төтенше жағдай туралы ақпарат алғаннан кейін Тараптар мемлекеттерінің шекара органдары мен әуе қорғаныс күштері авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдардың мемлекеттік шекараны өткізу пункттері және қолданыстан тыс өткізу пункттері арқылы, сондай-ақ әуе шептерін бірінші кезекте кесіп өтуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдайды.
      5. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын өткізу,
олардың жарақтарын тасымалдау автомобиль, темір жол, су немесе әуе
көлігімен жүзеге асырылады. Көрсетілген көлік түрлерін көмек көрсету
үшін пайдалану тәртібін Тараптардың мемлекеттік органдарымен келісім
бойынша құзыретті органдар айқындайды.
      6. Төтенше жағдайларды жою үшін әуе кемелеріне мемлекеттік
шекараны кесіп өтуге Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары
рұқсат етеді.

5-бап

      Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      2012 жылғы «19» қыркүйектегі Павлодар қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің бірдей күші бар. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының       Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      2012 жылғы 19 қыркүйекте Павлодар қаласында жасалған 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы хаттаманың куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                      Д. Есентаев