Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 15 қаңтардағы № 162-V ҚРЗ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2010 жылғы 21 қыркүйекте Мәскеуде жасалған Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Кеден одағының бiрыңғай кеден аумағында сыртқы және
өзара саудада электрондық құжаттар алмасу
кезiнде ақпараттық технологияларды
қолдану туралы
Келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiндегі Кеден одағына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi
      экономикалық интеграция процеcтерін қамтамасыз ету, сыртқы және өзара сауданы дамыту үшiн ақпараттық технологияларды дамыту мен қолдану iсiндегi өзара мүдделерді ескере отырып,
      Кеден одағының электрондық құжат айналымының бiрыңғай қағидаларын қабылдау сыртқы және өзара сауданың тиiмдiлiгiн арттырады деген сенімді негізге ала отырып,
      Кеден одағының бiрыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттарды пайдалану жолындағы құқықтық кедергiлердi жою жөнiндегi мiндеттердi шешудің жалпы тәсілін әзiрлеуге ұмтыла отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезiнде қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды қолдану мәселелерiнде ынтымақтасады.
      Тараптар Кеден одағының бiрыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара сауданы жүзеге асыруды оңайлату мақсатында ынтымақтасады.

2-бап

      Осы Келiсiм Кеден одағының бiрыңғай кеден аумағындағы сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу үшiн ақпараттық технологияларды қолдану кезiнде Тараптар мемлекеттерiнiң мемлекеттiк органдарының, жеке немесе заңды тұлғалардың (бұдан әрi – электрондық өзара iс-қимыл жасау субъектiлерi) электрондық құжаттарды жасауы, жөнелтуі, беруі, алуы, сақтауы және пайдалануы процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.

3-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мынадай терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
      «сыртқы және өзара сауда туралы электрондық құжат» – электрондық түрдегі ақпараттың электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған және Кеден одағының бiрыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара сауданы жүзеге асыру кезiндегi құжаттау қағидалары мен талаптарына сай келетін нысандандырылған жазбасы (электрондық құжат);
      «есепке алу жүйесі» – электрондық өзара іс-қимыл жасау субъектілерінің құқық белгілейтін құжаттарынан алынған ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйе, заңдық маңызы бар электрондық құжаттар соның негізінде жасалады немесе беріледі;
      «ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы» – Кеден одағының бiрыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара сауданы жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын электрондық құжаттарға заңды күш беру мақсатында iске асырылатын ақпараттық-технологиялық және ұйымдастырушылық-құқықтық iс-шаралардың, қағидалар мен шешiмдердің жиынтығы;
      «сенiм бiлдiрiлген үшiншi тарап» – Әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес электрондық құжаттың жасаушысына және (немесе) адресатына қатысты тiркелген уақыт кезінде электрондық құжаттардағы электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлген ұйым.

4-бап

      Осы Келiсiмнің реттеу нысанасына жататын және онда көрсетiлмеген мәселелер әрбір Тарап мемлекетiнің заңнамасымен реттеледi.

5-бап

      Егер әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес құжатты жазбаша ресiмдеу талап етiлсе, онда Кеден одағының комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) айқындайтын құжаттау қағидалары мен талаптары бойынша ресiмделген электрондық құжат осы талапқа сәйкес келедi деп есептеледi.
      Егер әрбір Тарап мемлекетiнің заңнамасына сәйкес қағаз жеткізгіштегі құжатты мөрмен растау талап етiлсе, онда Комиссия айқындайтын құжаттау қағидалары мен талаптары бойынша ресiмделген электрондық құжат мұндай растауды талап етпейдi.

6-бап

      Комиссия айқындайтын құжаттау қағидалары мен талаптары бойынша ресiмделген электрондық құжат заңды күші жағынан электрондық құжатты жасаушының қойылған қолымен не қойылған қолмен және мөрмен расталған қағаз жеткізгіштегі ұқсас құжатпен тең деп танылады.
      Құжатты тек электрондық құжат нысанында жасалған деген негiзбен заңды күшiнен айыруға болмайды.
      Тараптар мемлекеттерiнiң электрондық құжатты құқыққа сыйымдылықтың дәлелі ретінде пайдалануына оның электрондық нысанда болуы себепті тыйым салуға болмайды.

7-бап

      Есепке алу жүйелерiн электрондық түрде жүргiзу тәртiбi, сондай-ақ оларды пайдалану ерекшелiктерi ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы негiзiнде осы жүйелердiң ақпараттық өзара iс-қимылын қамтамасыз ету бөлiгiнде осы Келiсiмнiң ережелерiн ескере отырып, әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасымен айқындалады.

8-бап

      Электрондық түрдегi ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы:
      мемлекеттiк құрауыштардан;
      интеграциялық құрауыштан тұрады.
      Сенiм бiлдiрiлген үшiншi тараптардың өзара iс-қимыл жасауы негiзiндегі трансшекаралық электрондық құжат айналымының жүйесi ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымының интеграциялық құрауышы болып табылады.
      Комиссия ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымының интеграциялық құрауышының операторы болып табылады.
      Әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдар ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымының мемлекеттiк құрауыштарының операторлары болып табылады.
      Iс-шараларды, қағидалар мен шешiмдердi жүзеге асыру функциялары Тарап пен Комиссия арасында жасалатын келiсiмнiң негiзiнде Комиссияға берiлуi мүмкiн. Мұндай келiсiм шеңберiнде қаржыландыру және ақпараттық қауiпсiздiк мәселелерi, сондай-ақ басқа да ұйымдастырушылық-техникалық және рәсiмдiк мәселелер реттелуге тиіс.
      Ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымын құруды, пайдалануды және жаңғыртуды қаржыландыру көлемi мен көздерi 2010 жылғы «21» қыркүйектегі Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесiн құру, оның жұмыс iстеуi мен оны дамыту туралы келiсiмге сәйкес Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесiн құруды, оның жұмыс iстеуi мен оны дамытуды қаржыландырудың жалпы көлемi мен көздерi шеңберiнде айқындалады.

9-бап

      Комиссия жанынан өз қызметiн Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың үкiметтер басшыларының деңгейiндегі Мемлекетаралық Кеңесi (Кеден одағының жоғарғы органы) бекiтетiн Үйлестiру кеңесі туралы ережеге және Комиссия бекiтетiн Үйлестiру кеңесiнiң регламентiне сәйкес ұйымдастыратын Үйлестiру кеңесi құрылады.
      Үйлестiру кеңесiнiң негiзгi мiндеттерi:
      есепке алу жүйелерiнің және ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымының ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн шешiмдер әзiрлеу;
      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң мемлекетаралық стандарттары, халықаралық стандарттар мен ұсынымдар негiзiнде ақпаратты электрондық түрден құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы құрауыштарының құрамын әзiрлеу;
      ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы шеңберiнде үлгiлiк ақпараттық-технологиялық шешiмдер мен бағдарламалық-аппараттық кешендерді әзiрлеу мен сынауды үйлестiру;
      ақпаратты электрондық түрде құжаттау қағидаларын, бiрыңғай қауiпсiздiк саясатын және ақпаратты электрондық түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымының жекелеген құрауыштары мен қызметтерi жұмысының регламенттерiн, сондай-ақ электрондық өзара iс-қимыл жасау субъектiлерi үшiн оларды қолдану жөніндегі ұсынымдарды әзiрлеудi үйлестiру;
      Кеден одағының бiрыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттарды пайдалану кезiнде әрбір Тарап мемлекеттерiнің заңнамаларын үйлестiру үшiн, сондай-ақ есепке алу жүйелерi арасындағы ақпараттық өзара iс-қимыл интерфейстерiн біріздендiру үшiн ұсынымдар дайындау болып табылады.
      Тараптар мемлекеттерiнiң және Комиссия Хатшылығының уәкiлеттi өкiлдерi Үйлестiру кеңесiнiң мүшелерi болып табылады. Үйлестiру кеңесi шеңберiнде жұмыс iстеу үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң мамандары мен сарапшылары тартылуы мүмкiн.
      Үйлестiру кеңесi мүшелерiнiң, сондай-ақ Үйлестiру кеңесiнiң жұмысына қатысу үшін тартылатын Тараптар мемлекеттерiнiң мамандары мен сарапшыларының iссапар шығыстарын қаржылық қамтамасыз етудi Тараптар мемлекеттерiнің жiберуші мемлекеттiк органдары жүзеге асырады.
      Үйлестiру кеңесінің отырыстары Комиссия Хатшылығында өткізіледi.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру үшiн қажеттi ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды Комиссия қамтамасыз етеді.

10-бап

      Сенiм бiлдiрiлген үшiншi тарап қызметтерінің ақпараттық өзара iс-қимыл субъектiлерiне қатысты жұмысы осы Келiсiмнiң талаптарына және сенiм білдірілген үшiншi тарап юрисдикциясында болатын Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Сенiм бiлдiрiлген үшiншi тарап:
      электрондық құжаттарды заңдастыруды (түпнұсқалылығын растауды) жүзеге асырады;
      электрондық құжаттармен халықаралық (трансшекаралық) алмасуда сенiм кепiлдiгiн қамтамасыз етедi;
      сенiм бiлдiрiлген үшiншi тарап орналасқан мемлекет заңнамасының қағидалары мен талаптарына сәйкес электрондық шығыс және (немесе) кiрiс құжаттары мен хабарламаларда электрондық цифрлық қолтаңбаларды қолданудың құқыққа сыйымды болуын қамтамасыз етедi.
      Сенiм бiлдiрiлген үшiншi тараптар электрондық құжаттарды қорғаудың әртүрлi тетiктерiн пайдаланатын Тараптар мемлекеттерiнiң электрондық өзара іс-қимыл жасау субъектiлерi арасындағы трансшекаралық электрондық құжат айналымын ұйымдастыру кезiнде сенiм орнату үшiн өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
      Тараптар ақпараттық өзара іс-қимыл жасау субъектiлерiнің сенім білдірілген үшінші тараптар қызметтерін пайдалану құқығын қамтамасыз етеді, олардың функцияларын Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдары немесе олар аккредиттеген ұйымдар орындайды.

11-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар, бiрiншi кезекте, консультациялар мен келiссөздер жүргiзу арқылы шешiледi.
      Егер дау тараптарының бiрі даудың екiншi тарапына консультациялар мен келiссөздер жүргiзу туралы ресми жазбаша өтiнiш жiберген күнінен бастап 6 ай iшiнде дау тараптары дауды олар арқылы реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде, даудың кез келген тарабы бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшiн бере алады.
      Комиссия дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшiн берілгенге дейiн Тараптарға дауды реттеуде жәрдем көрсетедi.

12-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделеді.

13-бап

      Осы Келiсiм ратификациялануға жатады және қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      2010 жылғы "21" қыркүйекте Мәскеу қаласында орыс тiлiнде бiр төлнұсқа данада жасалды.
      Осы Келiсiмнiң төлнұсқа данасы осы Келiсiмнiң депозитарийi бола отырып, әрбiр Тарапқа оның расталған көшiрмесiн жiберетiн Комиссияда сақталады.

      Беларусь            Қазақстан            Ресей
  Республикасының     Республикасының     Федерациясының
    Үкiметi үшiн         Үкiметi үшiн      Үкiметi үшін

      Осы хатпен, 2010 жылдың 21 қыркүйегінде Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімнің толық және сәйкестендірілген көшірмесі болып табылатын осы мәтінді тұлғалармен растаймын:
      Беларусь Республикасы Үкіметі үшін - Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - А.В.Кобяков,
      Қазақстан Республикасы Үкіметі үшін - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Ө.Е.Шөкеев,
      Ресей Федерациясы Үкіметі үшін - Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының Бірінші орынбасары - И.И.Шувалов.
      Түпнұсқа данасы кеден одағының Комиссиясында сақталуда.

      Кеден одағы Комиссиясы хатшылығының
      Құқықтық департамент директоры        Н.Б.Слюсарь

      Осымен 2010 жылдың 21 қыркүйегінде Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағының бiрыңғай кедендік аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімнің аудармасы орыс тіліндегі мәтінге сәйкес келетінін куәландырамын.

      Мемлекеттік тілді дамыту
      басқармасының басшысы                 С. Досаров

      2010 жылғы 21 қыркүйекте Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағының бiрыңғай кедендік аумағындағы сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттармен алмасу барысында ақпараттық технологиялар қолдану туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                      Б. Пискорский