Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 27 қыркүйектегі № 37-V Заңы

      1992 жылғы 22 қазанда Мәскеуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н.НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы
келісім

(Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      әлемдік практикада қабылданған принциптермен елдер арасындағы экономикалық қатынастарды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      сыртқы экономикалық реттеудің тиімді ұлттық жүйелерін құру қажеттілігін неізге ала отырып,
      Уағдаласушы Тараптар арасында сыртқы экономикалық қатынастарды үздік үйлестіру мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының астаналарында сауда өкілдіктерін өзара құрады және оларға өзара негізде қызметтік және тұрғын жайларды береді.

2-бап

      Уағдаласушы Тараптар сауда өкілдіктері мынадай негізгі функцияларды орындайтын болады деп келісті:
      а) Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және кеңейтуге жәрдемдесу;
      б) екі ел арасындағы саудаға және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да түрлеріне қатысты барлық мәселелер бойынша болатын елінде өз мемлекеттерінің мүдделерін білдіру;
      в) өз елінің мемлекеттік органдарына орналасқан елдегі экономикалық жағдайлар және оның сыртқы экономикалық қызмет саласындағы заңнамасы туралы хабардар ету, сондай-ақ орналасқан елдің мүдделі органдарына өз елі туралы осындай ақпарат беру;
      г) болатын елінің заңды және жеке тұлғаларымен сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы мәмілелерді жүзеге асыруда өз елдерінің жеке және заңды тұлғаларына жәрдемдесу.

3-бап

      Сауда өкілдіктері өз елінің Үкіметі атынан әрекет етеді.
      Сауда өкілдігінің Сауда өкілі және оның орынбасарлары, сондай-ақ әкімшілік-техникалық персоналы халықаралық құқыққа сәйкес шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналының тиісті санаттарына танылатын барлық артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      Сауда өкілдігінің қызметтік және тұрғын жайлары, оның мүлкі мен мұрағаттары халықаралық құқыққа сәйкес дипломатиялық өкілдіктердің қызметтік және тұрғын жайларына, мүлкіне және мұрағаттарына танылған иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады.
      Сауда өкілдігі сауда тізілімі туралы ережелерге жатпайды.

4-бап

      Сауда өкілдіктерін құру Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының жеке және заңды тұлғаларының бір-бірімен тікелей қатынастар жасасу, атап айтқанда, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға байланысты шарттарды жасасу мен орындау мақсатында ешбір құқықтарын қозғамайды.
      Сауда өкілдіктері жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал жеке және заңды тұлғалар сауда өкілдіктерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар арасындағы келісім бойынша болу елінің басқа қалаларында сауда өкілдіктері бөлімшелерінің ашылуы мүмкін.
      Бұл бөлімшелердің құқықтық мәртебесі екі Уағдаласушы Тарап арасындағы өзара уағдаластық бойынша айқындалатын болады.

6-бап

      Осы Келісім қол қойылған күні күшіне енеді. 1992 жылғы 21 қазанда Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының                  Ресей Федерациясының
            Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін

      1992 жылғы 21 қазанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
      
      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                        Б. Пискорский