2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қарашадағы № 499-IV Заңы

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде жасалған 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт
ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА

(2012 жылғы 19 желтоқсанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2013 ж., N 1, 10-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер,
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (бұдан әрі - Ұйым) қызметінің тиімділігін арттыруға ниет білдіре отырып,
      халықаралық, сыртқы саяси, әскери, әскери-техникалық (әскери-экономикалық), құқықтық және өзге де қызмет салаларындағы, сондай-ақ жаңа қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге қарсы Ұйым шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен іс-қимыл жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ұмтыла отырып,
      2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Жарғысының (бұдан әрі - Жарғы) 27-бабына сәйкес,
      төмендегілер туралы уағдаласты:
      1. Жарғыға мынадай өзгерістер енгізілсін:
      а) 1-бапта «бекітеді (бұдан әрі - Ұйым)» деген сөздер «(ҰҚШҰ) бекітеді, бұдан әрі - Ұйым деп аталады» деген сөздермен ауыстырылсын;
      б) 7-бапта бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ұйым мақсаттарына қол жеткізу үшін мүше мемлекеттер оның шеңберінде Ұйымның коалициялық (ұжымдық) күштерін, өңірлік (біріккен) әскер (күштер) топтарын, бітімгершілік күштерін, оларды басқаратын біріккен жүйелер мен органдарын, әскери инфрақұрылымды құруды қоса алғанда, қауіпсіздікке, тұрақтылыққа, аумақтық тұтастыққа және егемендікке қауіп-қатер төнген жағдайда ұжымдық қорғануды және ұжымдық қорғанысқа деген құқықты іске асыруды қамтамасыз ететін ұжымдық қауіпсіздіктің пәрменді жүйесін қалыптастырудың бірлескен шараларын қабылдайды. Мүше мемлекеттер әскери-техникалық (әскери-экономикалық) ынтымақтастық, әскери күштерді, құқық қорғау органдарын және арнайы қызметтерді қажетті қару-жарақпен, әскери, арнайы техникамен және арнайы құралдармен қамтамасыз ету, ұлттық қарулы күштер, арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары үшін әскери кадрлар мен мамандар даярлау салаларында өзара іс-қимыл жасайды.»;
      в) 8-бапта:
      - мынадай мазмұндағы екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын:
      «Мүше мемлекеттер Ұйым шеңберінде мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, аумақтық тұтастығына және егемендігіне қауіп төндіретін дағдарыс жағдайларына ден қоятын жүйені құруға және оның жұмыс істеуіне арналған шаралар қабылдайды.
      Мүше мемлекеттер мемлекеттік шекараларды қорғау, ақпарат алмасу, ақпараттық қауіпсіздік, тұрғындар мен аумақтарды табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан, сондай-ақ әскери іс-қимылдарды жүргізу немесе олардың салдарларынан туындайтын қауіптерден қорғау салаларында өзара іс-қимыл жасайды.»;
      - екінші абзац төртінші абзац деп есептелсін;
      - төртінші абзацта «үкіметаралық» деген сөз алып тасталсын;
      г) 11-бапта:
      - «г» тармағынан кейін мынадай мазмұндағы жаңа «д» тармағымен толықтырылсын:
      «д) Тұрақты кеңес»;
      - жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ұйымның тұрақты түрде істейтін жұмыс органдары Ұйым Хатшылығы (бұдан әрі - Хатшылық) және Ұйымның Біріккен штабы (бұдан әрі - Біріккен штаб) болып табылады.»;
      - мынадай мазмұндағы сегізінші абзацпен толықтырылсын:
      - «Ұйымның Парламенттік ассамблеясы парламентаралық ынтымақтастық органы болып табылады.»;
      - сегізінші абзац тоғызыншы абзац деп есептелсін;
      - тоғызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Жоғарыда көрсетілген органдардың функциялары мен жұмыс тәртібі осы Жарғымен, сондай-ақ Ұйымның басқа да нормативтік құқықтық актілерімен регламенттеледі.»;
      д) 12-бап мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      «Мүше мемлекеттердің бірде бірі шешімнің осындай тәртіппен қабылдануына қарсы болмаған жағдайда, Кеңес шектеулі форматта шешім қабылдауға құқылы. Егер мүше мемлекеттердің бірде бірі осындай шешімге қарсы болмаса, шектеулі форматтағы шешім қабылдануы мүмкін.
      Шектеулі форматта шешім қабылдау үшін дауыс бермеген мүше мемлекет қабылданған шешімнің салдарлары үшін жауапты емес.»;
      е) 13-бапта:
      4-абзацтағы «мүше мемлекеттердің Ұйым жанындағы өкілетті өкілдері» деген сөздер «мүше мемлекеттердің Ұйым жанындағы Тұрақты және Өкілетті Өкілдері (бұдан әрі - тұрақты өкілдер)» деген сөздермен ауыстырылсын;
      8 және 9-абзацтар алып тасталсын;
      ж) мынадай мазмұндағы жаңа 161-баппен толықтырылсын:

«161-бап

      Тұрақты кеңес Кеңес сессиялары аралығындағы кезеңде Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын және Ұйымның тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органдарымен бірлесіп, Кеңес, СІМК, ҚМК және ҚКХК қабылдайтын шешімдердің іске асырылуын қамтамасыз ететін Ұйымның үйлестіруші органы болып табылады.
      Тұрақты кеңес мүше мемлекеттердің басшылары өздерінің мемлекетішілік рәсімдеріне сәйкес тағайындайтын тұрақты өкілдерден тұрады және Кеңес бекітетін Ережеге сәйкес іс-қимыл жасайды.»;

      з) V тарау мынадай редакцияда жазылсын:

«V тарау. Бас хатшы. Ұйымның тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органдары

17-бап

      Ұйымның Бас хатшысы (бұдан әрі - Бас хатшы) Ұйымның жоғарғы әкімшілік лауазымды тұлғасы болып табылады. Бас хатшы Хатшылыққа басшылықты, сондай-ақ Ұйымның тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органдарының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады.
      Бас хатшы СІМК ұсынысымен мүше мемлекеттер азаматтарының арасынан Кеңес шешімімен үш жыл мерзімге тағайындалады.
      Бас хатшы Кеңеске есеп береді, Кеңес, СІМК, ҚМК, ҚКХК және Тұрақты Кеңестің отырыстарына қатысады.
      Бас хатшы Ұйым органдарының қарауына енгізілетін құжаттар жобаларының әзірленуі мен келісілуін үйлестіреді, оның мүшесі емес басқа мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатынастарда Ұйымды білдіреді және олармен жұмыс байланыстарын жүзеге асырады.
      Бас хатшы осы Жарғыға, Ұйым шеңберінде жасалатын басқа да халықаралық шарттар мен қабылданатын құжаттарға қатысты депозитарий болып табылады.

18-бап

      Хатшылық Ұйым органдарының қызметін ұйымдастыру, ақпараттық, талдау және консультативтік қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      Хатшылық Тұрақты кеңеспен өзара іс-қимыл жасай отырып, Ұйым органдарының шешімдері мен басқа да құжаттарының жобаларын дайындауды жүзеге асырады.
      Хатшылық мүше мемлекеттердің Ұйым бюджетіне қосатын үлестік жарналарына барабар келетін квоталық негізде (лауазымды тұлғалар) мүше мемлекеттер азаматтарының арасынан және конкурстық негізде келісімшарт бойынша жалдап алынатын мүше мемлекеттер азаматтарынан (қызметкерлерінен) қалыптастырылады.
      Хатшылықтың функциялары, қалыптасу және жұмыс тәртібі Кеңес бекітетін тиісті Ережемен белгіленеді.
      Хатшылықтың орналасатын жері Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы болып табылады. Хатшылықтың Ресей Федерациясының аумағында болу шарттары тиісті халықаралық шарттың негізінде реттеледі.

181-бап

      Біріккен штаб ҚМК қызметін ұйымдастыру және ақпараттық-талдау тұрғысынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады, Ұйымның әскери құрамдас бөлігі бойынша ұсыныстарды дайындауға, мүше мемлекеттердің әскери басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау үшін, өзінің құзыретіне жататын әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша Ұйым органдарының шешімдерін практикалық іске асыруды ұйымдастыру мен үйлестіруге жауап береді.
      Біріккен штаб мүше мемлекеттердің Ұйым бюджетіне қосатын үлестік жарналарына барабар квоталық негізде мүше мемлекеттердің әскери қызметшілерінен және конкурстық негізде келісімшарт бойынша жалдап алынатын мүше мемлекеттер азаматтарынан жасақталады.
      Біріккен штабтың міндеттері, функциялары, құрылымы, құрамы және ұйымдық негіздері Кеңес бекітетін тиісті ережеде белгіленеді.
      Біріккен штабтың орналасатын жері Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы болып табылады. Біріккен штабтың Ресей Федерациясының аумағында болу шарттары тиісті халықаралық шарттың негізінде реттеледі.»;
      и) 24-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ұйымның тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органдарының қызметін қаржыландыру Ұйымның бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ұйым қызметін қамтамасыз етуге бюджеттен тыс қаражат (қарыз қаражатынан басқа) тартылуы мүмкін, оларды қалыптастыру және пайдалану тәртібі Кеңес бекітетін тиісті ережеде белгіленеді.».

      2. Осы Хаттама Жарғының 26-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана оның куәландырылған көшірмесін осы Хаттамаға қол қойған әрбір Тарапқа жіберетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін          Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін         Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін        Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы хаттаманың куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский