Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта агроөнеркәсіптік кешендерде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникасының, машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының халықаралық лизингін дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 25 қарашадағы № 497-IV Заңы

      2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербургте жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта агроөнеркәсіптік кешендерде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникасының, машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының халықаралық лизингін дамыту туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта агроөнеркәсіптік
кешендерде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникасының,
машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының
халықаралық лизингін дамыту туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шарттың және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ немесе Қоғамдастық) құру туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
      ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің 2005 жылғы 24 наурыздағы № 204 шешімімен бекітілген ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік саясатының тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
      мынадай:
      Қоғамдастық мемлекеттерінің агроөнеркәсіптік кешендерінің техникалық жарақтандырылу деңгейін арттыру;
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешендерінде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникасының, машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының өндірісін дамыту;
      агроөнеркәсіптік кешендерде пайдаланылатын және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерде шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасының, машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының халықаралық лизингін дамыту;
      Қоғамдастық мемлекеттерінде ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің және тұтастай Қоғамдастықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру көлемін ұлғайту;
      Қоғамдастықта агроөнеркәсіптік кешендерде пайдаланылатын және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерде шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасының, машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының халықаралық лизингі субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін қалыптастыру;
      Қоғамдастық мемлекеттерінің агроөнеркәсіптік кешендеріне инвестициялар тарту мақсатында келісілген саясат жүргізуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      лизинг шарты - лизинг беруші оған сәйкес лизинг алушы көрсеткен лизинг нысанасын лизинг алушы айқындаған сатушыдан (өнім берушіден) меншікке сатып алуға және бұл нысананы лизинг алушыға шартта айқындалған талаптарда ақылы түрде уақытша иеленуге және пайдалануға беруге міндеттенетін шарт. Лизинг шартында сатушыны (өнім берушіні) және лизинг нысанасын таңдауды лизинг берушінің жүзеге асыруы көзделуі мүмкін;
      лизинг - лизинг шартын іске асыруға, оның ішінде лизинг нысанасын сатып алуға байланысты туындайтын экономикалық және құқықтық қатынастардың жиынтығы;
      сублизинг - лизинг алушы лизинг берушіден лизинг шарты бойынша алынған және лизинг нысанасынан тұратын мүлікті сублизинг шартының талаптарына сәйкес белгілі бір мерзімге ақылы түрде үшінші тұлғаға (сублизинг шарты бойынша сублизинг алушыға) иеленуге және пайдалануға беретін лизинг шартының түрі. Бұл ретте лизинг шарты бойынша лизинг алушы сублизинг алушыға қатысты Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында және шартта белгіленген тәртіппен және талаптар ескеріліп, сублизинг шарты бойынша лизинг берушінің құқығын ала отырып, лизинг беруші алдында лизинг шартында көзделген міндеттемелер мен жауапкершіліктен босатылмайды;
      лизингтік қызмет - лизинг берушінің лизинг нысанасын сатып алу және оны лизинг алушыға лизинг шарты бойынша беру үшін меншікті және/немесе тартылған қаражат (инвестициялар) салуына байланысты инвестициялық/кәсіпкерлік қызмет түрі;
      лизинг беруші - мүлікті меншігіне сатып алатын және оны лизинг нысанасы ретінде лизинг алушыға белгілі бір ақыға, белгілі бір мерзімге және лизинг шартында айқындалған талаптарда лизинг шарты аяқталған соң лизинг нысанасына меншік құқығының лизинг алушыға өтуімен немесе өтпей, уақытша иеленуге және пайдалануға беретін жеке (егер Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделсе) немесе заңды тұлға;
      лизинг алушы - лизинг нысанасын белгілі бір ақыға, белгілі бір мерзімге және лизинг шартында айқындалған талаптарда уақытша иелену және пайдалану үшін қабылдауға міндеттенетін жеке немесе заңды тұлға;
      резидент — Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес резидент мәртебесі бар жеке немесе заңды тұлға;
      резидент емес - Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес резидент мәртебесі жоқ жеке немесе заңды тұлға;
      халықаралық лизинг - лизинг шартын іске асыруға байланысты лизинг түрі, онда лизинг беруші мен лизинг алушы Тараптардың әртүрлі мемлекеттерінің резиденттері болып табылады;
      лизинг нысанасы - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешендерінде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникасының, машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының кез келген түрлері;
      сатушы (өнім беруші) - лизинг берушімен жасалған сатып алу-сату (жеткізу) шартының талаптарына сәйкес лизинг нысанасы болып табылатын мүлікті келісілген мерзімде лизинг берушінің меншігіне беретін жеке немесе заңды тұлға. Сатушы (өнім беруші) бір мезгілде бір лизингтік құқықтық қатынас шегінде лизинг алушы ретінде әрекет ете алады.

2-бап

      Осы Келісімде белгіленетін талаптарды Тараптар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешендерінде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникасының, машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының халықаралық лизингін (сублизинг) дамыту үшін қолданады.

3-бап

      Тараптар халықаралық лизинг субъектілеріне өз мемлекеттерінің аумағында халықаралық құқық нормалары мен Тараптар мемлекеттерінің заңнамасымен қамтамасыз етілетін құқықтар мен мүдделерді қорғауға кепілдік береді.
      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес меншікке (халықаралық лизинг нысанасына) қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етеді және халықаралық лизингті дамыту үшін коммерциялық құрылымдардың, банктер мен өзге де қаржы ұйымдарының қаражатын жұмылдыруды өз мемлекеттерінің заңнамасында көзделген шеңберде көтермелейді.

4-бап

      Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес қажет болған жағдайда, халықаралық лизинг шарттары бойынша өздерінің резидент-лизинг алушыларына лизинг төлемдерін төлеуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге бюджет қаражатын бөлу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Халықаралық лизинг шарттары бойынша лизинг төлемдерін төлеуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге бюджет қаражатын беру тәртібін Тарап айқындайды.
      Лизинг нысанасы шығарылған ел халықаралық лизинг шарттары бойынша өздерінің резидент-лизинг алушыларына лизинг төлемдерін төлеуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге бюджет қаражатын бөлу туралы Тараптың шешім қабылдауы үшін жалғыз немесе бірнеше шарттың бірі бола алмайды.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген шеңберде Тараптар лизинг берушілерге (лизинг алушыларға) ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне халықаралық лизинг шарттары бойынша жеткізілетін ауыл шаруашылығы техникасына, машиналарға, механизмдерге, жабдықтар мен көлік құралдарына қызмет көрсету және оларды жөндеу жөнінде қызметтер көрсететін сервистік орталықтар құруға және дамытуға жәрдемдеседі.

6-бап

      Егер осы шартта өзгеше көзделмесе, сатушы мүлікті жеткізген сәттен бастап және лизинг шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін лизинг нысанасы жоғалу (қирау), жеткіліксіз болу немесе бүліну қауіптерінен сақтандырылуы мүмкін. Сақтандырушы және пайда алушы ретінде әрекет ететін Тараптар, сондай-ақ лизинг нысанасын сақтандыру кезеңі лизинг шартымен айқындалады.

7-бап

      Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

8-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар, бірінші кезекте консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер дау Тараптардың бірі екінші Тарапқа консультациялар және/немесе келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күннен бастап алты ай ішінде осылайша реттелмесе, онда өз араларында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаса, дауласушы кез келген Тарап дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін бере алады.

10-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ЕурАзЭҚ мүшелігіне қабылданған басқа мемлекеттердің қосылу үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.

11-бап

      Әрбір Тарап осы Келісім қолданысының тиісті бесжылдық кезеңі аяқталардан кемінде 6 ай бұрын бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, одан шыға алады.

12-бап

      Осы Келісім депозитарий болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 5 жыл бойы қолданыста болады. Егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, осы мерзім өткен соң Келісімнің қолданысы келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінде сақталады, ол қол қойған Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь Республикасының
      Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының
      Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының
      Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін

      Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін