РҚАО-ның ескертпесі!
Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).
2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербургте жасалған Өтпелі кезең ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану тәртібі туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Өтпелі кезең ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы
шараларын қолдану тәртібі туралы келісім
(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 19-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
үшінші елдермен саудада арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын келісіп қолдану және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы баждарын есепке алу мен бөлу тәртібін айқындау мақсатында,
ұлттық өндірісті қорғауды, ұлттық және шетелдік тауар өндірушілер арасындағы бәсекелестікті дамытуға, сондай-ақ ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін жағдай жасауды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімнің, 2010 жылғы 20 мамырдағы Кеден одағында кедендік әкелу баждарын (балама мәні бар өзге баждарды, салықтар мен алымдарды) есепке алудың және бөлудің тәртібін белгілеу мен қолдану туралы келісімнің ережелерін және Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыратын өзге де құжаттарды, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағына үшінші елдерден әкелінетін тауарлар импортына қатысты Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қолданылатын арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары Кеден одағына мүше мемлекеттер өндірісінің жалпы көлемінде залал не залал қаупі белгіленген ұлттық өндірушілердің ұқсас (демпингке қарсы және өтемақылық тексерістердің мақсаттары үшін) не ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарлардың (арнайы қорғау тексерістерінің мақсаттары үшін) өндіріс үлесін белгілеу тұрғысынан қайта қарауға жатады.
Ұқсас (демпингке қарсы және өтемақылық тексерулердің мақсаттары үшін) не ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарлардың (арнайы қорғау тексерістерінің мақсаттары үшін) өндіріс көлемі осы Келісімге қол қою күнінің алдындағы тікелей күнтізбелік 3 жылда өндірілген тауарлар көлемі ретінде айқындалады.
Барлық мүдделі тұлғаларға бір мезгілде хабарлай отырып, осындай қайта қарауды аумағында тиісті шара енгізілген Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жүргізеді.
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдануды енгізу алдындағы тексерісті жүргізуге жауапты ұлттық органдар Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары деп түсініледі.
2-бап
Егер осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында үшінші елдерден тауарлар импортына қатысты қолданылатын арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қайта қарау нәтижелері бойынша ұқсас (демпингке қарсы және өтемақылық тексерістердің мақсаттары үшін) не ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарларды (арнайы қорғау тексерістерінің мақсаттары үшін) Кеден одағына мүше мемлекеттер өндірісі көлемінің едәуір бөлігі ұлттық өндірушілердің үлесіне тиесілі болса, бірақ оның жалпы көлемінің 25 пайызынан кем болмайды деп белгілі болса, онда үшінші елдерден тауар импортына қатысты мұндай шара Кеден одағы комиссиясының тиісті шешімі негізінде мұндай шараны қабылдаған Тарап белгілеген, шараның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында қолданылады.
Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шарасын енгізу туралы Кеден одағы комиссиясының шешімі күшіне енген күннен бастап мұндай шараға қатысты қайта қарау нәтижелері бойынша құзыретті органның бастамасы немесе мүдделі тұлғаның өтініші бойынша 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімге сәйкес қайта тексеру жүргізілуі мүмкін.
Осы баптың екінші абзацында көрсетілген қайта тексерістерге қатысты ең аз мерзімді айқындайтын және ол өткен соң демпингке қарсы немесе өтемақылық қайта тексеріс жүргізілуі мүмкін 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімнің 17-бабы 4-тармағының және 27-бабы 4-тармағының ережелері қолданылмайды.
Қайта қарау нәтижелері бойынша Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында енгізілген шараға қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақылық қайта тексеріс жүргізуді тиісті ұлттық шараны қайта қарауды жүргізген Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы жүзеге асырады.
3-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген осы мемлекеттің аумағында үшінші елдерден тауарлар импортына қатысты қолданылатын арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қайта қарауды жүргізетін Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы осындай қайта қарау нәтижелерін Кеден одағына мүше мемлекеттердің басқа уәкілетті органдарының қарауына ұсынады.
Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы осы мемлекеттің аумағында үшінші елдерден тауарлар импортына қатысты қолданылатын арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қайта қарауды жүргізу кезінде оның жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді және барлық мүдделі тұлғаларға осы қайта қарауды уәкілетті органы жүргізген Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы мәселе бойынша өзінің түсіндірмесін ұсынуға мүмкіндік береді.
4-бап
Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шарасын қолдану туралы Кеден одағы комиссиясының шешімі күшіне енген күннен бастап тиісті ұлттық шара өз қолданысын тоқтатады.
5-бап
Егер осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында үшінші елдерден тауарлар импортына қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қайта қарау жөніндегі нәтижелері бойынша ұқсас (демпингке қарсы және өтемақылық тексерістердің мақсаттары үшін) не ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарларды (арнайы қорғау тексерістерінің мақсаттары үшін) ұлттық өндірушілердің үлесіне Кеден одағына мүше мемлекеттер өндірісі жалпы көлемінің 25 пайызынан кемі тиесілі деп белгіленсе, онда мұндай шара ұзартылмай, қолданылу Кеден одағына мүше тиісті мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның мерзімі өткенге дейін қолданылуы мүмкін.
6-бап
Осы Келісімге қол қойылған күнге дейін аяқталған тексерістердің нәтижелері бойынша арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес енгізіледі және осы Келісімнің 1, 2, 3, 5-баптарына сәйкес қайта қарауға жатады.
Тараптар осы Келісімге қол қойылған күнге дейін аяқтамаған тексерістерді 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімнің ережелеріне сәйкес Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары аяқтайды.
Тексеріс жүргізетін Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы өтінішті қолдаған Кеден одағына мүше мемлекеттердің ұқсас (демпингке қарсы және өтемақылық тексерістердің мақсаттары үшін) не ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарларды (арнайы қорғау тексерістерінің мақсаттары үшін) өндірушілердің Кеден одағына мүше мемлекеттер өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесін белгілеуді жүзеге асырады. Егер нәтижесінде ұқсас (демпингке қарсы және өтемақылық тексерістердің мақсаттары үшін) не ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарларды (арнайы қорғау тексерістерінің мақсаттары үшін) осындай өндірушілердің үлесіне Кеден одағына мүше мемлекеттер өндірісі жалпы көлемінің кемінде 25 пайызы тиесілі деп белгіленсе, тексеріс жалғасады.
7-бап
Осы Келісімнің 1, 2, 3-баптарының ережелеріне сәйкес қайта қарауды жүргізу барысында және (немесе) Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары енгізілгеннен кейін:
Тараптар ұқсас (демпингке қарсы және өтемақылық тексерістердің мақсаттары үшін) не ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарларды (арнайы қорғау тексерістерінің мақсаттары үшін) ұлттық тұтынушылармен және өндірушілермен консультациялар жүргізеді;
Тараптар Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында осындай шаралар енгізуге байланысты мәселелер бойынша тұтынушылар мен өндірушілер арасында консультациялар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
Тараптардың әрқайсысы Кеден одағына мүше басқа мемлекеттердің тұтынушыларына мұндай Тарап мемлекетінің аумағында өндірілетін, Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында Тараптар осындай шаралар енгізетін тауарларға қолжетімділіктің кемсітпейтін шарттарын қамтамасыз етеді.
Кеден одағының комиссиясы мүдделі Тараптың ұсынысы бойынша осы бапты қолдануға байланысты мәселелерді қарайды және Кеден одағы комиссиясының қағидалары мен рәсімдеріне сәйкес қажетті шешімдер қабылдайды.
8-бап
Осы Келісімнің 1, 2, 3-баптарының ережелеріне сәйкес қайта қарауды жүргізу барысында Кеден одағының комиссиясы қайта қарауға байланысты мүдделері қозғалатын шет мемлекеттермен және экспорттаушылармен консультациялар өткізуді қамтамасыз етеді.
9-бап
Тексерістерді, оның ішінде қайта тексерістерді, Кеден одағының комиссиясы тиісті шешім қабылдағанға дейін 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы Келісімнің ережелеріне сәйкес, оның ішінде өз бастамалары бойынша Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жүргізеді. Бұл ретте мұндай тексерістер жүргізу туралы өтініштер, Келісімнің осы бабында көрсетілген ережелерге сәйкес Кеден одағына мүше мемлекеттер экономикасы саласының атынан Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына ұсынылады.
Арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолдану туралы өтініш, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақылық қайта тексерістер жүргізу туралы өтініш, аумағында ұқсас немесе тікелей бәсекелес (арнайы қорғау тексерістерінің мақсаттары үшін) немесе ұқсас (демпингке қарсы және өтемақылық тексерістердің мақсаттары үшін) тауар өндірушілер тіркелген Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органына беріледі.
Егер өндірушілер Кеден одағына мүше бірнеше мемлекетте тіркелсе, онда мұндай өтініш аумағында өтініш беретін немесе олардың атынан өтініш берілетін, үлесіне тиісінше ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауар немесе ұқсас тауар өндірушілер өндірісі жиынтық көлемінің қомақты бөлігі тиесілі өндірушілер тіркелген Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органына беріледі.
Кеден одағының комиссиясы Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын енгізу алдындағы тексерістер жүргізуі мен тексеріс нәтижелері бойынша Кеден одағының комиссиясына ұсыныстар енгізуі регламентін бекітеді.
Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізу алдындағы тексерулердің мақсаттары үшін пайдаланылатын мәліметтерді қалыптастыру тәртібін Тараптар жеке айқындайды.
Тексерістер мен Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында енгізілген қайта қарауларды жүргізу кезінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жүргізілетін рәсімдердің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ мүдделі тұлғаларға 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімге сәйкес өз түсіндірмелерін Кеден одағына мүше мемлекеттің тексеріс жүргізген уәкілетті органына ұсыну мүмкіндігін береді.
10-бап
Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден ісі, мемлекеттік статистиканы жүргізу, салық салу және заңды тұлғаларды тіркеу саласында уәкілеттік берілген мемлекеттік билік (басқару) органдары, Кеден одағына мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік билік (басқару) органдары мен мемлекеттік биліктің (басқарудың) аумақтық (жергілікті) органдары үшінші елдерден келген тауарларға қатысты тексеріс жүргізуде жәрдем көрсетеді және Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына тексеріс жүргізу мақсатында қажетті мәліметтерді, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтерді береді.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына берілетін ақпарат осындай ақпарат сұратылған мақсаттар үшін ғана пайдаланылуы мүмкін.
11-бап
Мүдделі тұлғаның Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органына беретін ақпараты осы тұлға мұндай ақпараттың құпиясын ашу үшінші тұлғаға бәсекелестік артықшылық беретінін не мұндай ақпаратты берген тұлға үшін немесе олар осындай ақпарат алған тұлғаны қолайсыз салдарға әкеп соқтыратынын растайтын негіздемелерді ұсынған жағдайда құпия ретінде қаралады.
Құпия ақпарат әрбір Тараптар мемлекетінің заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны берген мүдделі тұлғаның рұқсатынсыз жария етілмейді.
Тексеріс жүргізу барысында алынатын құпия ақпарат Кеден одағына мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес қорғалуға жатады.
Құпия ақпаратты беретін мүдделі тұлғалар онымен бірге мұндай ақпараттың құпия емес нұсқасын беруге міндетті. Құпия емес нұсқа құпия түрде берілген ақпараттың мәнін түсіну үшін жеткілікті түрде толық болуға тиіс.
Ерекше жағдайларда мүдделі тұлғалар құпия емес нұсқаны берудің мүмкін еместігінің себебін ашып көрсетіп, құпия ақпаратты құпия емес түрде берудің мүмкін еместігінің негіздемесін беруі мүмкін.
Егер Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органы мүдделі тұлға берген негіздеме берілген ақпаратты құпия ақпаратқа жатызуға мүмкіндік бермейді деп белгілесе не құпия ақпараттың құпия емес нұсқасын бермеген мүдделі тұлға құпия ақпаратты құпия емес түрде берудің мүмкін еместігінің негіздемесін бермесе немесе құпия ақпаратты құпия емес түрде берудің мүмкін еместігіне негіздеме болып табылмайтын мәліметтер берсе, Кеден одағына мүше мемлекеттердің уәкілетті органы бұл ақпаратты есепке алмауы мүмкін.
Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органының лауазымды адамдары және құпия ақпаратқа рұқсаты бар басқа адамдар құпия ақпаратты жария еткендігі үшін уәкілетті орган орналасқан мемлекеттің заңнамасында көзделген жауаптылықта болады.
12-бап
Кеден одағының комиссиясы Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына үшінші елдерден тауарлар импортына қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын енгізгенге дейін Кеден одағына мүше мемлекеттер, егер осы Келісімде және Кеден одағы комиссиясының шешімдерінде өзгеше көзделмесе, Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес бұрын енгізілген арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолданады.
13-бап
Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы баждарын, оның ішінде ұлттық деңгейде белгіленген алдын ала (уақытша) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы баждарын төлеу, шешімі бойынша осы баждар қолданылатын Кеден одағына мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
14-бап
Кеден одағы комиссиясының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шарасын қолдану туралы шешімі күшіне енген күннен бастап арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарының (алдын ала арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарын қоспағанда) сомасы Кеден одағының Кеден кодексінде және 2010 жылғы 20 мамырдағы Кеден одағында кедендік әкелу баждарын (балама мәні бар өзге баждарды, салықтар мен алымдарды) есепке алудың және бөлудің тәртібін белгілеу мен қолдану туралы келісімде айқындалған және кедендік әкелу баждары үшін көзделген тәртіппен есепке алуға және бөлуге жатады.
Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждары өзге төлемдерді төлеу есебіне жатқызылмайды.
Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарын төлеу шотына салықтар мен алымдар, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекет бюджетінің атқарылуына кассалық қызметтер көрсететін мемлекеттік органның бірыңғай шотына түскен өзге де төлемдер (кедендік әкелу баждарын қоспағанда) есепке жатқызылуы мүмкін.
Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарын төлеу Кеден одағына мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Кеден одағы комиссиясының тиісті тексерістердің нәтижелері бойынша арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шарасын қолдану туралы шешімі күшіне енген күннен бастап алдына ала арнайы, демпингке қарсы немесе өтемақы бажының төленген сомасы (2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімде белгіленген жағдайларда толық немесе ішінара) Кеден одағының Кеден кодексінде және 2010 жылғы 20 мамырдағы Кеден одағында кедендік әкелу баждарын (балама мәні бар өзге баждарды, салықтар мен алымдарды) есепке алудың және бөлудің тәртібін белгілеу мен қолдану туралы келісімде айқындалған және кедендік әкелу баждары үшін көзделген тәртіппен есепке жатқызылуға және бөлуге жатады.
Егер тексеріс нәтижелері бойынша арнайы, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын енгізу үшін негіздеменің жоқ екендігі белгілі болса, алдына ала арнайы, демпингке қарсы немесе өтемақы бажының төленген сомасы төлеушіге қайтарылуға жатады.
Тексерістің алдын ала нәтижелеріне сәйкес қабылданатын алдын ала арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарын төлеу үшін енгізілетін ақша қаражатын қайтару (2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімде белгіленген жағдайларда толық немесе ішінара) кеден органдары алдын ала арнайы, демпингке қарсы немесе өтемақы баждарын өндіріп алған Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Егер демпингке қарсы немесе өтемақы шарасының қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты қайта тексеріс жүргізу шеңберінде тиісті шараны қолдану уақытша ұзартылса, осындай қайта тексеріс аяқталғанға дейін қолданылатын демпингке қарсы және өтемақы баждары осы Келісімде белгіленген тәртіппен алдын ала демпингке қарсы және өтемақы шараларын төлеу үшін төленеді.
Егер жүргізілу уақытына демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану ұзартылған қайта тексеріс нәтижелері бойынша тиісті шараның қолданылу мерзімін ұзарту үшін негіздеменің жоқ екендігі белгілі болса, тиісті шараны қолдану ұзартылған мерзім ішінде өндіріп алынған демпингке қарсы немесе өтемақы бажының сомасы алдын ала демпингке қарсы және өтемақы баждарын қайтару үшін белгіленген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға жатады.
Төлеушіге артық төленген (артық өндіріп алынған) арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарын қайтару Кеден одағына мүше мемлекет бюджетінің атқарылуына кассалық қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын органның бірыңғай шотынан кедендік әкелу баждарын қайтару үшін 2010 жылғы 20 мамырдағы Кеден одағында кедендік әкелу баждарын (өзге баждарды, балама әрекеті бар салықтар мен алымдарды) есепке алудың және бөлудің тәртібін белгілеу мен қолдану туралы келісімде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, кеден органдары арнайы, демпингке қарсы немесе өтемақы бажын өндіріп алған Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында кедендік баждардың артық төленген сомасын қайтару үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
15-бап
Тараптар Кеден одағы комиссиясының тексерістер жүргізу, оның ішінде Кеден одағы комиссиясының тиісті органын құру және (немесе) айқындау жолымен жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру тәртібін және құпия ақпаратпен жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
16-бап
Уәкілетті органдар мен үшінші елдердің шаруашылық субъектілерінің, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілерінің талап-арыздарын қарау үшін өкілеттіктер берілген сот жеке халықаралық шартпен айқындалады.
Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың консультациялары немесе келіссөздері арқылы шешіледі. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
17-бап
Тараптардың уағдаластықтары бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
18-бап
Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады, ратификациялауға жатады және депозитарий соңғы ратификациялау грамотасын алған күннен бастап күшіне енеді.
2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылатын, оның куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.
Беларусь Қазақстан Ресей Республикасының Республикасының Федерациясының Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Осы мәтіннің 2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Өтпелі кезең ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану тәртібі туралы келісімінің толық және түпнұсқалық көшірмесі болып табылатындығын растаймын:
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін - Беларусь Республикасының Премьер-Министрі С.С.Сидорский;
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімов;
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін - Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы В.В.Путин.
Түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады.
Барлығы тігілгені, қол қойылғаны
және мөр соғылғаны 14 парақ.
Кеден одағы Комиссиясының
Хатшылығы Құқық департаментінің
директоры Н.Б.Слюсарь
2010 жылғы 19 қарашадағы Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Өтпелі кезең ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану тәртібі туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский