Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 27 мамырдағы № 281-IV Заңы

      1989 жылғы 27 маусымда Мадридте қабылданған және 2006 жылғы 3 қазанда және 2007 жылғы 12 қарашада толықтырылған Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне
хаттама
Мадридте 1989 жылғы 27 маусымда қабылданған және 2006 жылғы
3 тамызда толықтырылған

(2010 жылғы 8 желтоқсанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 2, 16-құжат)

Хаттама баптарының тізімі

1-бап             Мадрид одағына тиістілік
2-бап             Халықаралық тіркеу арқылы қорғауға ие болу
3-бап             Халықаралық өтінім
3 bis бабы        Аумақтық қолданылуы
3 ter бабы        «Аумақтық кеңейту» туралы өтініш
4-бап             Халықаралық тіркеудің қолданылуы
4 bis бабы        Ұлттық немесе өңірлік тіркеуді халықаралық тіркеуге
                  ауыстыру
5-бап             Кейбір Уағдаласушы Тараптарға қатысты қорғау
                  беруден бас тарту және халықаралық тіркеуді
                  жарамсыз деп тану
5 bis бабы        Таңбалардың жекелеген элементтерін пайдаланудың
                  заңдылығын растайтын құжаттар
5 ter бабы        Халықаралық тізілімдегі жазбалардың көшірмелері.
                  Жаңалық іздестіру. Халықаралық тізілімнен үзінді
                  көшірме
6-бап             Халықаралық тіркеудің қолданылу мерзімі.                              Халықаралық тіркеудің тәуелдігі және тәуелсіздігі
7-бап             Халықаралық тіркеуді ұзарту
8-бап             Халықаралық өтінім және халықаралық тіркеу үшін
                  алымдар
9-бап             Халықаралық тіркеу иесінің өзгеруі туралы жазбаны
                  енгізу
9 bis бабы        Халықаралық тіркеуге қатысты кейбір жазбаларды
                  енгізу
9 ter бабы        Кейбір жазбаларды енгізу үшін алымдар
9 quarter бабы    Бірнеше Уағдаласушы мемлекеттердің бірыңғай
                  ведомствосы
9 quinquies бабы  Халықаралық тіркеуді ұлттық немесе аумақтық
                  өтінімдерге түрлендіру
9 sexies бабы     Мадрид (Стокгольм) келісімін сақтау
10-бап            Ассамблея
11-бап            Халықаралық бюро
12-бап            Қаржы
13-бап            Хаттаманың кейбір баптарына түзетулер
14-бап            Хаттамаға қатысу шарттары. Күшіне енуі
15-бап            Күшін жою
16-бап            Қол қою. Тілдер. Депозитарийдің функциялары

1-бап
Мадрид одағына тиістілік

      Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер (бұдан әрі «Уағдаласушы мемлекеттер» деп аталады) 1967 жылы Стокгольмде қайта қаралған және 1979 жылы өзгертілген (бұдан әрі «Мадрид (Стокгольм) келісімі» деп аталады) Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімінің қатысушылары болмаса да және 14.1 «b» бабында айтылып кеткен, осы Хаттаманың қатысушылары (бұдан әрі «Уағдаласушы ұйымдар» деп аталады) болып табылатын ұйымдар, Мадрид (Стокгольм) келісіміне қатысушы елдер сияқты сол Одақтың мүшелері болып табылады. Осы Хаттамада «Уағдаласушы Тараптар» деген сілтемелер Уағдаласушы мемлекеттерге және Уағдаласушы ұйымдарға сілтемелерді білдіреді.

2-бап
Халықаралық тіркеу арқылы қорғауға ие болу

      1) Егер таңбаны тіркеуге өтінім Уағдаласушы Тараптың ведомствосына берілсе немесе егер таңба Уағдаласушы Тарап ведомствосының тізілімінде тіркелген болса, аталған өтінімді берген өтініш беруші болып табылатын тұлға (бұдан әрі «базалық тіркеу» деп аталады) осы Хаттаманың ережелерін ескере отырып, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Халықаралық бюросының тізілімінде тіркеу арқылы мынадай шарттарда:
      і) егер базалық өтінім Уағдаласушы мемлекет ведомствосына берілсе немесе базалық тіркеуді осындай ведомство жүзеге асырған болса, осы өтінімді берген өтініш беруші болып табылатын тұлға немесе бұл тіркеудің иесі осы Уағдаласушы мемлекеттің азаматы болып табылса не көрсетілген Уағдаласушы мемлекетте тұратын болса, не істеп тұрған немесе жалған емес өнеркәсіптік немесе сауда кәсіпорны бар болса;
      іі) егер базалық өтінім Уағдаласушы ұйымның ведомствосына берілсе немесе базалық тіркеуді осындай ведомство жүзеге асырған болса, осы өтінімді берген өтініш беруші болып табылатын тұлға немесе  бұл тіркеудің иесі осы Уағдаласушы ұйымға мүше мемлекеттің азаматы болып табылса не көрсетілген Уағдаласушы ұйымда тұратын болса, не істеп тұрған немесе жалған емес өндірістік немесе сауда кәсіпорны бар болса  Уағдаласушы Тараптардың аумағында өз таңбасын қорғауды қамтамасыз ете алады (бұдан әрі тиісінше «халықаралық тіркеу», «Халықаралық тізілім», «Халықаралық бюро» және «Ұйым» деп аталады).
      2) Халықаралық тіркеуге өтінім (бұдан әрі «халықаралық өтінім» деп аталады) жағдайға байланысты Халықаралық бюроға базалық өтінім берілген немесе базалық тіркеу жүзеге асырылған ведомство (бұдан әрі «шығу тегі ведомствосы») арқылы берілуі тиіс.
      3) Осы Хаттамадағы «ведомство» немесе «Уағдаласушы Тараптардың ведомствосы» деген сілтемелер Уағдаласушы Тараптар таңбаларды тіркеуді тапсырған ведомствоны білдіреді, ал «таңбалар» деген сілтемелер тауар таңбалары мен қызмет көрсету таңбаларына сілтемелерді білдіреді.
      4) Осы Хаттаманың мақсаты үшін «Уағдаласушы Тараптардың аумағы» термині мынадай мағынаны: егер Уағдаласушы Тарап мемлекет болса, сол мемлекеттің аумағы; егер Уағдаласушы Тарап үкіметаралық ұйым болса, үкіметаралық ұйымды құру туралы келісім қолданылатын аумақты білдіреді.

3-бап
Халықаралық өтінім

      1) Осы Хаттамаға сәйкес берілген кез келген халықаралық өтінім Нұсқаулықта көрсетілген бланкіде берілуі тиіс. Шығу тегі ведомствосы халықаралық өтінімдегі деректер, жағдайға байланысты куәландыру сәтінде базалық өтінімде немесе базалық тіркеуде болатын деректерге сәйкес екендігін куәландырады. Бұдан басқа, аталған ведомство:
      і) базалық өтінім жағдайында - осы өтінімнің күнін және нөмірін;
      іі) базалық тіркеу жағдайында - осы тіркеудің күнін және нөмірін, сондай-ақ базалық тіркеу негізінде жүргізілген өтінімнің күнін және нөмірін көрсетеді. Шығу тегі ведомствосы сондай-ақ халықаралық өтінім күнін көрсетеді.
      2) Өтінім беруші таңбаны қорғау сұратылып отырған тауарлар мен қызметтерді, сондай-ақ, егер мүмкін болса, Таңбаларды тіркеу үшін халықаралық тауарлар мен қызметтердің сыныптамасы туралы Ницца келісімімен берілген сыныптамаға сәйкес сыныпты немесе сыныптарды көрсетуі тиіс. Егер өтінім беруші сыныптарды көрсетпесе, аталған сыныптаманың тиісті сыныптары бойынша тауарлар мен қызмет көрсетулерді Халықаралық бюро өзі сыныптайды. Өтінім беруші жүргізген тауарлар мен қызмет көрсетулердің сыныптамасын Халықаралық бюро тексереді, ол шығу тегі ведомствосымен келісім бойынша жүзеге асырылады. Көрсетілген ведомство мен Халықаралық бюроның арасында келіспеушіліктер туындаса, онда соңғысының пікірі айқындаушы болып табылады.
      3) Егер өтінім беруші өз таңбасының айрықша элементі ретінде түсті қорғауды сұраса, онда ол:
      і) бұл туралы мәлімдеуге және өзінің халықаралық өтінімін сұралып отырған түсті немесе олардың комбинациясын көрсете отырып сүйемелдеуге;
      іі) өзінің халықаралық өтінішіне Халықаралық бюроға хабарламалармен бірге жіберілетін осы таңбаның түрлі түсті бейнесін қоса беруге міндетті; мұндай бейнелер даналарының саны Нұсқаулықта белгіленеді.
      4) Халықаралық бюро өтінімдері 2-бапқа сәйкес берілген таңбаларды тез арада тіркейді. Сол күннен санағанда екі ай ішінде Халықаралық бюро оны алған жағдайда, халықаралық өтінімді шығу тегі ведомствосы қабылдаған күн халықаралық тіркеу күні болып саналады. Егер халықаралық өтінім осы мерзімде алынбаған болса, Халықаралық бюро халықаралық өтінімді қабылдаған күн халықаралық тіркеу күні болып саналады. Халықаралық бюро мүдделі ведомстволарға халықаралық тіркеу туралы тез арада хабарлайды. Халықаралық тізілімде тіркелген таңбалар Халықаралық бюроның халықаралық өтінімдегі мәліметтер негізінде шығаратын мерзімді бюллетеньде жарияланады.
      5) Халықаралық тізілімде тіркелген таңбалармен танысу үшін әрбір ведомство Халықаралық бюродан жоғарыда көрсетілген бюллетеннің белгілі бір санын тегін және даналардың белгілі санын 10-бапта айтылған Ассамблея (бұдан әрі «Ассамблея» деп аталады) белгілеген шарттарда төмендетілген бағамен алады. Мұндай таныстыру барлық Уағдаласушы Тараптар үшін жеткілікті болып саналады және халықаралық тіркеу иесінен басқа еш нәрсе талап етілмейді.

3 bis бабы
Аумақтық қолданылуы

      Халықаралық тіркеу нәтижесінде туындайтын қорғау Уағдаласушы Тарапқа халықаралық өтінім беруші адамның немесе халықаралық тіркеу иесінің өтініші бойынша ғана таралады. Алайда, мұндай өтініш ведомствосы шығу тегі ведомствосы болып табылатын Уағдаласушы Тарапқа қатысты жасалмайды.

3 ter бабы
«Аумақтық кеңейту» туралы өтініш

      1) Уағдаласушы Тарапқа халықаралық тіркеу нәтижесінде туындайтын қорғауды тарату туралы кез келген өтініш халықаралық өтінімде арнайы жасалуы тиіс.
      2) Аумақтық кеңейту туралы өтініш сондай-ақ халықаралық тіркеуден кейін жасалуы мүмкін. Мұндай өтініш Нұсқаулықта көрсетілген бланкіде берілуі тиіс, Халықаралық бюро Халықаралық тізілімге тез арада жасалған өтініш туралы жазба енгізеді және мүдделі ведомствоға немесе ведомстволарға ол туралы хабарлайды. Бұл өтініш Халықаралық бюроның мерзімді бюллетенінде жарияланады. Аумақтық кеңейту Халықаралық тізілімге ол туралы жазба енгізілген күннен бастап күшіне енеді және өзіне қатысты халықаралық тіркеудің қолданылу мерзімі өткен сон өзінің қолданылуын тоқтатады.

4-бап
Халықаралық тіркеудің қолданылуы

      1) а) Тіркелген күнінен немесе 3 және 3 ter баптарының ережелеріне сәйкес жазба енгізілген күннен бастап таңбаның қорғалуы осы Уағдаласушы Тараптың ведомствосында осы таңба қалай тікелей мәлімделген болса, тіркелгендей әрбір мүдделі Уағдаласушы Тарапта да сондай болады. Егер 5 (1) және (2) бабына сәйкес Халықаралық бюроға қандай да бір бас тарту туралы хабарланбаған болса немесе, егер, осы бапқа сәйкес хабарлама жасалған бас тарту кейіннен кері қайтарып алынған болса, осы күннен бастап таңбаның қорғалуы аталған Уағдаласушы Тараптың ведомствосында тіркелгендей, әр мүдделі Уағдаласушы Тарапта да сондай болады.
      b) 3 бапта көзделген тауарлар мен қызмет көрсетулердің сыныптарын көрсету таңбаның қорғалу көлемін анықтауға қатысты Уағдаласушы Тараптарды байланыстырмайды.
      2) Кез келген халықаралық тіркеу осы баптың D бөлімінде көзделген міндетті формалды талаптарды орындамай-ақ Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясының 4-бабында белгіленген басымдылық құқығына ие болады.

4 bis бабы
Ұлттық немесе өңірлік тіркеуді халықаралық тіркеуге ауыстыру

      1) Егер Уағдаласушы Тараптың ведомствосында ұлттық немесе өңірлік тіркеу мәні болып табылатын таңба сондай-ақ халықаралық тіркеу мәні болып табылса және, егер екі тіркеуде бір және сол тұлғаның атында жүзеге асырылса, халықаралық тіркеу:
      і) халықаралық тіркеу нәтижесінде туындайтын қорғау 3 ter (1) немесе (2) бабына сәйкес көрсетілген Уағдаласушы Тарапқа таралатын;
      іі) ұлттық немесе өңірлік тіркеуде санамаланған барлық тауарлар мен қызмет көрсетулер сондай-ақ көрсетілген Уағдаласушы Тараптарға қатысты халықаралық тіркеуде де санамаланатын;
      ііі) жоғарыда көрсетілген қорғауды кеңейту ұлттық немесе өңірлік тіркеу күнінен кейін күшіне енетін жағдайда соңғысына байланысты пайда болған құқықтарды қозғамай, ұлттық немесе өңірлік тіркеуді ауыстырушы ретінде қарастырылады.
      2) 1-тармақта көрсетілген ведомство өтініш бойынша өзінің тізілімінде халықаралық тіркеу туралы белгі қоюға міндетті.

5-бап
Кейбір Уағдаласушы Тараптарға қатысты қорғау беруден бас тарту
және халықаралық тіркеуді жарамсыз деп тану

      1) Егер бұған қолданыстағы заңнама мүмкіндік берсе, 3 ter (1) немесе (2) бабына сәйкес Халықаралық бюроның осы Уағдаласушы Тарапқа халықаралық тіркеу нәтижесінде туындайтын қорғауды кеңейту туралы хабарламасын алған Уағдаласушы Тарап ведомствосының көрсетілген Уағдаласушы Тарапқа осы кеңейту мәні болып табылатын таңбаға қорғау беріле алмайтындығынан бас тартылуы туралы хабарламада мәлімдеуге құқығы бар мұндай бас тарту Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына сәйкес өтінім бас тарту туралы хабарлаған ведомствоға тікелей берілген таңбаға қолданылатын уәждерге ғана негізделуі мүмкін. Алайда қорғаудан, тіпті ішінара, тек қолданыстағы ұлттық заңнама сыныптардың шектеулі саны немесе тауарлардың немесе қызмет көрсетулердің шектеулі саны үшін ғана таңбаларды тіркеуге жол беретіндігі негізінде бас тартылмауы мүмкін.
      2) а) Бұл құқықты пайдаланғысы келетін кез келген ведомство осы ведомство үшін қолданылатын заңда көзделген мерзім ішінде бірақ «b» және «с» тармақшаларын ескере отырып, осы баптың 1-тармағында көзделген қорғауды кеңейту туралы хабарламаны осы ведомствоға Халықаралық бюро жіберген күннен бастап есептегенде бір жылдың өтуінен кешіктірмей, барлық себептерді көрсете отырып, өзінің бас тартуы туралы Халықаралық бюроға хабарлауы тиіс.
      b) «а» тармақшаға қарамастан, кез келген Уағдаласушы Тарап осы Хаттамаға байланысты жүзеге асырылған халықаралық тіркеулер үшін «а» тармақшада көзделген бір жыл мерзім 18 айға ауыстырылатындығын мәлімдей алады.
      с) Мұндай өтініште, егер қорғаудан бас тарту қорғауы беруге қарсы қарсылықтың нәтижесі болып табылса, онда аталған Уағдаласушы Тараптың ведомствосы мұндай бас тарту туралы Халықаралық бюроға 18 ай өткен соң хабарлай алады. Бұл ведомство, егер:
      i) 18 ай өткенге дейін ол Халықаралық бюроға 18 ай өткен соң қарсылықтың түсу мүмкіндігі туралы хабарлаған;
      іі) қарсылыққа негізделген бас тарту туралы хабарлама қарсылық үшін мерзімді есептеу басталған күннен бастап санағанда жеті айды құрайтын ең ұзақ мерзім ішінде жүзеге асырылған жағдайда ғана 18 ай өткен соң нақты халықаралық тіркеуге қатысты қорғаудан бас тарту туралы хабарлай алады; егер қарсылық үшін мерзім жеті айдан бұрын бітсе, хабарлама қарсылық үшін көрсетілген мерзім өткен күннен бастап санағанда, бір ай мерзімде жүзеге асырылуы тиіс.
      d) «b» және «с» тармақшаларына сәйкес кез келген өтініш 14 (2) бапта көзделген актілерде жасалуы мүмкін және өтініш күшіне енетін күн өтініш жасаған мемлекетке немесе үкіметаралық ұйымға қатысты Хаттама күшіне енген күн сияқты болады. Мұндай өтініш кешірек жасалуы мүмкін; бұл жағдайда ол Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры (бұдан әрі - «Бас директор» деп аталады) оны алғаннан кейін үш айдан соң немесе халықаралық тіркеуге қатысты күні өтініші күшіне енетін күн сияқты болып табылатын күні кез келген кешірек күні не одан кеш күні күшіне енеді
      е) Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін он жыл өткен соң Ассамблея «а» -«d» тармақшаларында белгіленген жүйенің жұмыс істеуін тексеруді жүзеге асырады. Бұдан әрі көрсетілген тармақшалардың ережелері Ассамблеяның бір ауыздан қабылданған шешімімен өзгертілуі мүмкін.
      3) Халықаралық бюро халықаралық тіркеу иесіне бас тарту туралы хабарламаның бір данасын тез арада жібереді. Көрсетілген иенің өзінің бас тартуы туралы хабарлаған ведомствоға таңбаны өзі тікелей мәлімдегендей, қарсылық беру үшін сол мүмкіндіктерге ие. Егер Халықаралық бюро 2 «с», «і» тармағына сәйкес ақпарат алса, ол оны тез арада халықаралық тіркеу иесіне жолдайды.
      4) Таңбаны қорғаудан бас тарту уәждерін Халықаралық бюро тиісті сауал жасаған мүдделі адамдарға хабарлауға тиіс.
      5) 1 және 2-тармақтарға сәйкес нақты халықаралық тіркеуге қатысты алдын ала немесе түпкілікті бас тартуы туралы Халықаралық бюроға хабарламаған кез келген ведомство осы халықаралық тіркеуге қатысты 1-тармақта көзделген құқығын жоғалтады.
      6) Уағдаласқан Тараптың аумағында халықаралық тіркеуді жарамсыз деп тану туралы шешімді осы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдары осы халықаралық тіркеу иесіне тиісті уақытта өз құқықтарын қорғау үшін мүмкіндік бермей шығара алмайды. Халықаралық тіркеуді жарамсыз деп тану туралы шешім Халықаралық бюроға хабарланады.

5 bis бабы
Таңбаның жекелеген элементтерін пайдаланудың
заңдылығын растайтын құжаттар

      Таңбалардағы елтаңба, елтаңба қалқандары, портреттер, айырым белгілері, атақтар, фирмалық атаулар немесе өтініш берушінің атынан басқа адамдардың аттары сияқты жекелеген элементтерді пайдаланудың заңдылығын растайтын құжаттар, немесе Уағдаласушы Тараптардың ведомстволары талап етуі мүмкін осыған ұқсас жазбалар кез келген заңдастырудан, сондай-ақ шығу ведомствосының куәландыруынан басқа, кез келген куәландырудан босатылады.

5 ter бабы
Халықаралық тізілімдегі жазбалардың көшірмелері.
Жаңалық іздестіру. Халықаралық тізілімнен үзінді көшірме

      1) Халықаралық бюро кез келген адамға оның өтініші бойынша және Нұсқаулықта белгіленген алымды төлеген жағдайда Халықаралық тізілімге енген белгілі бір таңбаға қатысты жазбалардың көшірмесін береді.
      2) Халықаралық бюро сондай-ақ төлемақыға халықаралық тіркеу мәні болып табылатын таңбалар қоры бойынша жаңалықты іздестіруді жүргізе алады.
      3) Уағдаласушы Тараптың біреуіне оларды беру мақсатында сұратылатын Халықаралық тізілімнен үзінді көшірме кез келген заңдастырудан босатылады.

________________________
Мадрид одағы қабылдаған түсіндірме мәлімдеме:
«Хаттаманың 5(2)(е) бабы Ассамблеяға (а) дан d) тармақшаға дейін белгіленген жүйенің қызмет етуін қарау кезінде сақтауға мүмкіндік береді деп түсініледі, бұл ретте аталған ережелерді кез келген жаңарту Ассамблеяның бірауыздан қабылдаған шешімін талап ететіні пайымдалады».

6-бап
Халықаралық тіркеудің қолданылу мерзімі.
Халықаралық тіркеудің тәуелділігі және тәуелсіздігі

      1) Таңбаны тіркеу Халықаралық бюро да 7-бапта белгіленген шарттарда ұзарту мүмкіндігімен он жылға жүргізіледі.
      2) Халықаралық тіркеу күнінен бастап санағанда бес жыл мерзім өткен соң, осы тіркеу негізгі өтінімнен немесе оның негізінде жүргізілген тіркеуден, немесе келесі ережелерді ескере отырып, жағдайға байланысты негізгі тіркеуден тәуелсіз болады.
      3) Халықаралық тіркеу нәтижесінде туындаған қорғау, оның құқықтарды беру болып табылғанына немесе болып табылмауына қарамастан, егер халықаралық тіркеу күнінен бастап санағанда бес жыл өткенге дейін негізгі өтінім немесе оның негізінде жүргізілген тіркеу, немесе негізгі тіркеу, жағдайға байланысты, кері қайтарылған болса, оның қолданылу мерзімі аяқталған болса, немесе одан бас тартқан болса, немесе бас тарту, күшін жою, тізілімнен алып тастау немесе халықаралық тіркеуде санамаланған тауарлар мен қызмет көрсетулердің барлығына немесе жартысына қатысты жарамсыз деп тану туралы түпкілікті шешімнін мәні болса, сұратыла алмайды. Бұл:
      і) негізгі өтінімді жарамды деп танудан бас тарту туралы шешімге шағымдануға;
      іі) негізгі өтінімді кері қайтаруға немесе күшін жоюға, тізілімнен алып тастауға немесе негізгі өтінім негізінде жасалған тіркеуді, немесе негізгі тіркеуді жарамсыз деп тануға байланысты сотқа жүгінуге немесе сот қарауына, немесе
      ііі) бес жыл өткен соң негізгі өтінімге қарсылық бас тарту, күшін жою, тізілімнен алып тастау немесе жарамсыз деп тану туралы түпкілікті шешімге, немесе негізгі өтінімді немесе соның негізінде жүргізілген тіркеуді немесе негізгі тіркеуді, жағдайға байланысты, мұндай шағым, сот қарауы немесе бас тарту аталған мерзім аяқталғанға дейін басталған жағдайда, кері қайтаруды талап ететін шешімге әкеліп соқтырса, қолданылады. Бұл сондай-ақ, егер негізгі өтінім кері қайтарылса немесе негізгі өтінім негізінде жүргізілген тіркеуден, немесе негізгі тіркеуден бес жыл өткеннен кейін бас тартса, кері қайтару немесе бас тарту уақытында көрсетілген өтінім немесе көрсетілген тіркеу «і», «іі», «ііі» тармақшаларында көзделген қандай да бір рәсімнің мәні болып табылған, және осы рәсім көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін басталған жағдайда қолданылады.
      4) Нұсқаулықта жазылғандай, шығу тегі ведомствосы Халықаралық бюроны 3-тармаққа сәйкес тиісті мән-жайлар мен шешімдер туралы хабардар етеді, ал Халықаралық бюро мүдделі тараптарды хабардар етеді және Нұсқаулықты жазылғандай, тиісті жарияланымды жүзеге асырады. Шығу тегі ведомствосы кажет жағдайда Халықаралық бюроға белгіленген тәртіппен тізілімнен халықаралық тіркеуді алып тастау өтінішімен жүгінеді, және Халықаралық бюро осы өтінішті орындайды

7-бап
Халықаралық тіркеуді ұзарту

      1. Кез келген халықаралық тіркеу алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап санағанда негізгі бажды және, 8 (7) бапты ескере отырып, 8 (2) бапта көзделген қосымша және үстеме баждарды қарапайым төлеу арқылы он жылға ұзартылуы мүмкін.
      2. Ұзарту кезінде оның соңғы түрінде алдыңғы халықаралық тіркеуге қатысты ешқандай өзгерістерге жол берілмейді.
      3. Қорғау мерзімінің аяқталуына дейін алты ай бұрын Халықаралық бюро ресми емес хабарлама жолдау арқылы халықаралық тіркеу иесіне, және қажет жағдайда, оның сенімді өкіліне аталған мерзімнің нақты аяқталу күнін есіне салады.
      4. Нұсқаулықта белгіленген қосымша алымды төлеу шартымен халықаралық тіркеу мерзімін ұзарту үшін алты айлық жеңілдікті мерзім беріледі.

8-бап
Халықаралық өтінім және халықаралық тіркеу үшін алымдар

      1) Шығу тегі ведомствосы өз қалауына қарай өз пайдасына халықаралық өтінім бергені немесе халықаралық тіркеуді ұзартқаны үшін өтінім берушіден немесе халықаралық тіркеу иесінен ұлттық алымды белгілеуге және алуға құқығы бар.
      2) Халықаралық бюрода таңбаны тіркеу 7 «а» тармағының ережелерін ескере отырып,
      і) негізгі бажды;
      іі) таңба қолданылатын тауарлар мен қызмет көрсетулерге жатқызылған үшеуінен басқа Халықаралық сыныптаманың әр сыныбы үшін қосымша бажды;
      ііі) 3 ter бабына сәйкес қорғауды кеңейту туралы әр өтінішке қосымша бажды қамтитын халықаралық бажды алдын ала төлеу шартымен жүргізіледі.
      3) Алайда 2 «іі» тармағында көрсетілген қосымша баж, егер тауарлар мен қызмет көрсетулер сыныптарының санын Халықаралық бюро анықтаса, немесе дауласа, халықаралық тіркеу күніне әсер етпей, Нұсқаулықта белгіленген мерзімде төленуі мүмкін. Егер белгіленген мерзім аяқталған соң қосымша баж төленбеген болса, немесе егер тауарлар мен қызмет көрсетулер тізбесін өтінім беруші қажетті мөлшерде қысқартпаса, халықаралық өтінім бойынша бұдан арғы өндіріс тоқтатылған деп саналады.
      4) 2 «іі» және «ііі» тармақтарында көзделген баж түсімдерін қоспағанда, халықаралық тіркеу үшін түрлі түсімдерден пайда болған жылдық кірісті Халықаралық бюро осы Хаттаманы орындауға байланысты шығыстар мен шығындарды алып тастап, Уағдаласушы Тараптар арасында тең бөледі.
      5) 2 «іі» тармағында көрсетілген қосымша баждардан түзілген сомалар әр жыл өткен сайын мүдделі Уағдаласушы Тараптар арасында өткен жыл ішінде олардың әрқайсысына қорғау сұратылған таңбалар санына барабар бөлінеді, ал алдын ала сараптаманы жүзеге асыратын Уағдаласушы Тараптарға қатысты бұл сан Нұсқаулықта белгіленген коэффицент ескеріліп есептеледі.
      6) 2 «ііі» тармағында белгіленген қосымша баждардан құралатын сомалар 5-тармақта көзделген сол ережелерге сәйкес бөлінеді.
      7) а) Кез келген Уағдаласушы Тарап 3 ter бабына сәйкес өзі көрсеткен халықаралық тіркеудің әрқайсысына қатысты, сондай-ақ мұндай халықаралық тіркеуді ұзартуға қатысты қосымша және үстеме баж төлемдерінің бір бөлігінің орнына, ол мөлшері өтініште көрсетілген және кейінгі өтініштерде өзгертілуі мүмкін, бірақ халықаралық рәсім нәтижесі болып табылатын үнемдеуді алып тастайтын сомадан аспайтын бажды (бұдан әрі «жеке баж» деп аталады) алғысы келетінін мәлімдей алады, көрсетілген Уағдаласушы Тараптың ведомствосы өтінім берушіден он жылға таңбаны тіркеу үшін немесе тіркеу иесінен осы ведомствоның тізілімінен он жылға таңбаны тіркеуді ұзартқаны үшін бажды алуға құқығы бар.
      Егер жеке баж төленсе, онда:
      і) егер 3 ter бабына сәйкес осы тармақшаға сәйкес өтініш жасаған тек сол Уағдаласушы Тараптар көрсетілсе, 2 «іі» тармақта көзделген ешқандай қосымша баж талап етілмейді;
      іі) осы тармақшаға сәйкес өтініш жасаған кез келген Уағдаласушы Тарапқа қатысты 2 «ііі» тармақта көзделген ешқандай қосымша баж талап етілмейді,
      b) «а» тармақшасына сәйкес кез келген өтініш 14 (2) бапта көзделген актілерде жасалуы мүмкін, бұл ретте осы өтініш күшіне енетін күн өтініш жасаған мемлекетке немесе үкіметаралық ұйымға қатысты осы Хаттама күшіне енетін күн болып саналады. Мұндай өтініш сондай-ақ кеш жасалуы мүмкін; мұндай жағдайда ол оны Бас директор алғаннан кейін үш айдан соң немесе халықаралық тіркеуге қатысты күні өтініш күшіне енетін сол күн болатын, өтініште көрсетілген кез келген ең кеш күні, не ең кеш күні күшіне енеді.

9-бап
Халықаралық тіркеу иесінің өзгеруі туралы жазбаны енгізу

      Атына халықаралық тіркеу туралы жазба енгізілген тұлғаның өтініші бойынша немесе ex efficio жасаған мүдделі ведомствоның өтінуі бойынша, немесе мүдделі тұлғаның өтінуі бойынша Халықаралық бюро Халықаралық тізілімге аумағында көрсетілген қолданылатын барлық немесе кейбір Уағдаласушы Тараптарға қатысты, және тіркеуде санамаланған тауарлар мен қызмет көрсетулердің барлығына немесе бір бөлігіне қатысты жаңа иесі 2 (1) бапқа сәйкес халықаралық өтінім беруге құқығы бар тұлға болып табылатын шартпен, осы тіркеу иесінің кез келген өзгеруі туралы жазба енгізеді.

9 bis бабы
Халықаралық тіркеуге қатысты кейбір жазбаларды енгізу

      Халықаралық бюро Халықаралық тізілімге мынадай жазбаларды енгізеді:
      і) халықаралық тіркеу иесінің атына немесе мекенжайына қатысты кез келген өзгеріс туралы;
      іі) халықаралық тіркеу иесінің сенімді өкілін тағайындау және мұндай өкілге қатысты кез келген басқа да тиісті мәліметтер туралы;
      ііі) барлық немесе кейбір Уағдаласушы Тараптарға қатысты халықаралық тіркеуде санамаланған тауарлар мен қызмет көрсетулердің тізбесін кез келген шектеу туралы;
      iv) барлық немесе кейбір Уағдаласушы Тараптар қатысты кез келген бас тарту, тізілімнен алып тастау немесе халықаралық тіркеуді жарамсыз ден тану туралы;
      v) халықаралық тіркеу мәні болып табылатын таңбаға құқықтарға қатысты Нұсқаулықта айтылған кез келген басқа да тиісті мәліметтер туралы.

9 ter бабы
Кейбір жазбаларды енгізу үшін алымдар

      9-бапқа немесе 9 bis бабына сәйкес кез келген жазбаларды енгізу үшін алымдар алынады.

9 quarter бабы
Бірнеше Уағдаласушы мемлекеттердің бірыңғай ведомствосы

      1) Егер бірнеше Уағдаласушы мемлекеттер таңбалар саласында өздерінің ұлттық заңдарын біріздендіруді жүзеге асыруға уағдаласса, олар Бас директорға:
      і) бірыңғай ведомство осы мемлекеттердің әрқайсысының ұлттық ведомствосын алмастыратындығы және
      іі) оларға тиесілі аумақтардың жиынтығы осы баптың алдындағы ережелердің, сондай-ақ 9 quinquies және 9 sexies баптарының ережелерін толық немесе олардың бір бөлігін қолдану мақсаттары үшін бір мемлекет ретінде қарастырылуға тиістігі туралы хабарлай алады.
      2) Бұл хабарлама Бас директордың осыған орай басқа Уағдаласушы Тараптарға жасайтын хабарлама күнінен бастап санағанда үш ай еткен соң ғана күшіне енеді.

9 quinquies бабы
Халықаралық тіркеуді ұлттық немесе өңірлік
өтінімдерге түрлендіру

      Егер шығу тегі ведомствосының өтініші бойынша халықаралық тіркеу көрсетілген тіркеуде санамаланған тауар мен қызмет көрсетулердің барлығына немесе бір бөлігіне қатысты 6 (4) бабына сәйкес тізілімнен алып тасталса, және халықаралық тіркеу иесі болып табылатын адам аумағына халықаралық тіркеу қолданылған Уағдаласушы Тараптардың біреуінің ведомствосына сол таңбаны тіркеуге өтінім берсе, онда бұл өтінім 3 (4) бабына сәйкес халықаралық тіркеу күнінде немесе 3 ter (2) бабына сәйкес аумақтық кеңейту туралы жазба енгізілген күнінде берілген деп қарастырылады және егер халықаралық тіркеу артықшылықпен пайдаланылса, онда бұл өтінім сол артықшылықты:
      і) көрсетілген өтінім халықаралық тіркеу тізілімнен алып тасталған күннен бастап санағанда үш айдың ішінде берілген,
      іі) өтінімде санамаланған тауарлар мен қызмет көрсетулер мүдделі Уағдаласушы Тараптарға қатысты халықаралық тіркеуде қамтылған тауарлар мен қызмет көрсетулер тізбесімен шындығында жабылатын,
      ііі) көрсетілген өтінім алымдарға қатысты талаптарды қосқанда, қолданыстағы заңнаманың барлық талаптарына сәйкес келетін жағдайда пайдаланады.

9 sexies бабы
Мадрид (Стокгольм) келісімін сақтау

      1) Егер нақты халықаралық өтінімге немесе нақты халықаралық тіркеуге қатысты оның шығу тегі ведомствосы бір мезгілде осы Хаттамаға және Мадрид (Стокгольм) келісіміне қатысушы болып табылатын мемлекеттің ведомствосы болып табылса, онда осы Хаттаманың ережелері сондай-ақ бір мезгілде осы Хаттаманың және Мадрид (Стокгольм) келісіміне қатысушы болып табылатын кез келген басқа мемлекеттің аумағында қолданылмайды.
      2) Ассамблея төрттен үш көпшілікпен осы Хаттаманың күшіне енетін күнінен бастан санағанда он жыл өткен соң, бірақ Мадрид (Стокгольм) келісіміне қатысушы елдердің көпшілігі осы Хаттаманың Тараптары болатын күннен бастап санағанда бес жылдан асырмай, 1-тармақтың күшін жоя алады, немесе оның қолданылу саласын шектей алады, Бір мезгілде көрсетілген Келісімнің және осы Хаттаманың Тараптары болып табылатын мемлекеттердің ғана Ассамблеяда дауыс беруге қатысуға құқығы бар.

10-бап
Ассамблея

      1) а) Уағдаласушы Тараптар Мадрид (Стокгольм) келісіміне қатысушы елдер сияқты сол Ассамблеяның мүшелері болып табылады.
      b) Әр Уағдаласушы Тарапқа осы Ассамблеяда орынбасарлары, кеңесшілері және сарапшылары бар бір делегаттан берілген.
      c) Әр делегацияның шығыстарын Одаққа жүктелген әр Уағдаласушы Тараптың бір делегатының жол жүруі мен келуін төлеу бойынша шығыстарды қоспағанда, оны тағайындаған Уағдаласушы Тарап көтереді.
      2) Ассамблея Мадрид (Стокгольм) келісіміне сәйкес оған жүктелген міндеттерден басқа:
      і) осы Хаттаманың қолданылуына қатысты барлық мәселелерді қарастырады;
      іі) Халықаралық бюроға осы Хаттаманың Тараптары болып табылмайтын Одақ мемлекеттерінің ескертулерін тиісті түрде ескере отырып, осы Хаттаманы қайта қарау бойынша конференцияны дайындауға қатысты нұсқаулар береді;
      ііі) осы Хаттаманың қолданылуына қатысты Нұсқаулық ережелеріне өзгерістерді қабылдайды және енгізеді;
      iv) осы Хаттамаға сәйкес оған жүктелген басқа да функцияларды орындайды.
      3) а) Әр Уағдаласушы Тарап Ассамблеяда бір дауысқа ие болады. Мадрид (Стокгольм) келісіміне қатысушылар болып табылатын елдерге ғана қатысты мәселелер бойынша осы Келісімге қатысушылар болып табылмайтын Уағдаласушы Тараптардың дауыс беру құқығы жоқ, сонымен бірге Уағдаласушы Тараптарға ғана қатысты мәселелер бойынша тек олардың дауыс беруге құқығы бар.
      b) Нақты мәселе бойынша дауыс беруге құқығы бар Ассамблея мүшелерінің жартысы бұл мәселе бойынша дауыс беру үшін кворум құрады.
      с) «b» тармақшасының ережелеріне қарамастан, егер қандай да бір сессияда нақты мәселе бойынша дауыс беру құқығы бар Ассамблея мүшелерінің ұсынылған саны жартысынан аз болса, бірақ бұл мәселе бойынша дауыс беру құқығы бар Ассамблея мүшелеріне тең немесе үштен бір бөлігінен асатын болса, Ассамблея шешім қабылдай алады; алайда Ассамблеяның шешімі, оның өз рәсіміне қатысты шешімдерін қоспағанда, төмендегі шарттарды сақтаған кезде ғана міндетті болады, Халықаралық бюро мұндай шешімдерді көрсетілген мәселе бойынша дауыс беру құқығы бар және онда ұсынылмаған Ассамблея мүшелеріне жолдайды, және оларға шешім жолданған күннен бастап санағанда, үш ай мерзімде олардың бұл шешімдерге дауыс берулерін немесе оларға қарсы болуын, немесе дауыс беруден қалыс қалатындығын жазбаша түрде хабарлауды ұсынады. Егер бұл мерзім өткен соң, осылайша дауыс берген немесе дауыс беруден қалыс қалған мүшелер саны ең аз дегенде сессияда кворумға жету үшін жетіспеген мүшелер санына тең болса, мұндай шешімдер бір мезгілде қажетті көпшіліктің болу шартымен күшіне енеді.
      d) 5 (2) «e», 9 sexies (2), 12 және 13 (2) баптарының ережелерін ескере отырып, Ассамблея шешімдері берілген дауыстардың үштен екі бөлігінде көпшілікпен қабылданады.
      е) Қалыс қалғандардың дауысы есепке алынбайды.
      f) Делегат Ассамблеяның тек бір мүшесін ғана ұсына алады және оның атынан ғана дауыс береді.
      4) Мадрид (Стокгольм) келісіміне сәйкес Ассамблея кезекті және кезектен тыс сессиялардан басқа осы сессияның күн тәртібіне енгізуге ұсынылатын мәселелері бойынша дауыс беру құқығы бар Ассамблея мүшелерінің төрттен бір бөлігінің талап етуі бойынша Бас директор шақыратын кезектен тыс сессияға жиналады. Мұндай кезектен тыс сессияның күн тәртібін Бас директор даярлайды.

11-бап
Халықаралық бюро

      1) Осы Хаттамаға сәйкес халықаралық тіркеуге байланысты функцияларды, сондай-ақ осы Хаттамаға қатысты басқа да әкімшілік функцияларды Халықаралық бюро жүзеге асырады.
      2) а) Ассамблеяның нұсқауларына сәйкес Халықаралық бюро осы Хаттаманы қайта қарау бойынша конференция дайындайды.
      b) Халықаралық бюро осы Хаттаманы қайта қарау бойынша көрсетілген конференцияларға дайындық мәселелері бойынша үкіметаралық  және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардан кеңес ала алады.
      с) Бас директор және ол тағайындаған адамдар бұл конференцияларда дауыс беру құқығынсыз қайта қарау мәселелерін талқылауға қатысады.
      3) Халықаралық бюро осы Хаттамаға қатысты өзіне жүктелген кез келген басқа да функцияларды орындайды.

12-бап
Қаржы

      Уағдаласушы Тараптарға қатысты Одақ қаржысы көрсетілген Келісімнің 8-бабына кез келген сілтеме осы Хаттаманың 8-бабына сілтеме ретінде қарастырылуына байланысты Мадрид (Стокгольм) келісімінің 12-бабындағы ережелермен реттеледі. Бұдан басқа көрсетілген Келісімнің 12 (6) «b» бабының мақсаттары үшін, егер Ассамблея бірауыздан өзге шешім қабылдамаса, Уағдаласушы ұйымдар Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына сәйкес жарналардың 1 сыныбына жататын ұйымдар ретінде қарастырылады.

13-бап
Хаттаманың кейбір баптарына түзетулер

      1) 10, 11, 12-баптарға және осы бапқа түзетулер енгізу туралы ұсыныстарды кез келген Уағдаласушы Тараптар немесе Бас директор жасай алады. Мұндай ұсыныстарды Бас директор Уағдаласушы Тараптарға оларды Ассамблея қарағанға дейін алты айдан кешіктірмей жолдайды.
      2) 1-тармақта көрсетілген баптарға кез келген түзетуді Ассамблея қабылдайды, ол үшін берілген дауыстардың төрттен үш бөлігінің көпшілік дауысы талап етіледі, алайда 10-бапқа және осы тармаққа кез келген түзету берілген дауыстардың бестен төрт бөлігінің көпшілік дауысымен қабылданады.
      3) 1-тармақта көрсетілген баптарға кез келген түзету Бас директорға түзетуді қабылдау кезінде Ассамблея мүшелері болып табылған және бұл түзету бойынша дауыс беру құқығына ие болған мемлекеттер мен үкіметаралық ұйымдардың төрттен үш бөлігінен олардың конституциялық рәсіміне сәйкес жүзеге асырылған оны қабылдау туралы жазбаша хабарлау жасалғаннан кейін бір ай өткен соң күшіне енеді. Мұндай жолмен қабылданған, көрсетілген баптарға кез келген түзету Уағдаласушы Тараптар болып табылатын барлық мемлекеттер мен үкіметаралық ұйымдар үшін түзету күшіне енетін күні немесе сол күннен кейін осындай болатын күні міндетті.

14-бап
Хаттамаға қатысу шарттары. Күшіне енуі

      1) а) Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына қатысушы кез келген мемлекет осы Хаттамаға қатысушы бола алады.
      b) Бұдан басқа, кез келген үкіметаралық ұйым төмендегі шарттарды сақтаған кезде осы Хаттамаға қатысушы бола алады:
      і) ең аз дегенде осы ұйымға мүше мемлекеттердің біреуі Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына қатысушы болып табылса;
      іі) көрсетілген ұйымның, егер мұндай ведомство 9 quarter бабына  сәйкес хабарлау объектісі болып табылмаса, осы ұйымның аумағында күші бар таңбаларды тіркеу мақсаты үшін өңірлік ведомствосы бар болса.
      2) 1-тармақта көрсетілген кез келген мемлекет немесе ұйым осы Хаттамаға қол қоя алады. l-тармақта көрсетілген кез келген мемлекет немесе ұйым, егер олар осы Хаттамаға қол қойса, ратификациялау грамоталарын, осы Хаттаманы қабылдау және мақұлдау туралы құжаттарды немесе, егер олар осы Хаттамаға қол қоймаса, осы Хаттамаға қосылу туралы актіні сақтауға тапсыра алады.
      3) 2-тармақта көрсетілген актілер Бас директорға сақтауға тапсырылады.
      4) а) Осы Хаттама, ең аз дегенде осы құжаттардың біреуін Мадрид (Стокгольм) келісіміне қатысушы мемлекет тапсырған және, ең аз дегенде осы құжаттардың біреуін Мадрид (Стокгольм) келісіміне қатысушы болып табылмайтын мемлекет немесе 1 «b» тармағында көрсетілген ұйымдардың біреуі тапсырған жағдайда, төрт ратификациялау грамотасын, қабылдау, мақұлдау туралы құжаттарды немесе қосылу туралы актіні сақтауға тапсырғаннан кейін үш ай өткен соң күшіне енеді.
      b) 1-тармақта көрсетілген кез келген басқа мемлекетке немесе ұйымға қатысты осы Хаттама Бас директор оның ратификациялау, қабылдау, мақұлдау және оған қосылу туралы хабарлама жасаған күннен кейін үш айдан соң күшіне енеді.
      5) 1-тармақта көрсетілген кез келген мемлекет немесе ұйым өзінің ратификациялау грамоталарында, қабылдау, мақұлдау туралы құжатта немесе осы Хаттамаға қосылу туралы актіде осы мемлекетке немесе ұйымға қатысты көрсетілген Хаттама күшіне енген күнге дейін осы Хаттама бойынша жүзеге асырылған халықаралық тіркеу нәтижесінде туындаған қорғау оларға таралмайтынын мәлімдей алады.

15-бап
Күшін жою

      1) Осы Хаттама мерзімі шектелмей қолданылады.
      2) Кез келген Уағдаласушы Тараптар Бас директорға жолданған хабарлама арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады,
      3) Күшін жою Бас директор хабарлама алған күннен бастап санағанда бір жылдан соң күшіне енеді.
      4) Осы бапта көзделген күшін жою құқығын Уағдаласушы Тарап осы Тарапқа қатысты осы Хаттама күшіне енген күннен бастап санағанда бес жыл өткенге дейін пайдалана алмайды.
      5) Егер таңба күшін жою күшіне енген күні осы Хаттаманың күшін жоятын мемлекетте немесе үкіметаралық ұйымда қолданылатын халықаралық тіркеу мәні болып табылса, онда көрсетілген тіркеу иесі мұндай мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның ведомствосына сол таңбаны тіркеуге өтінім бере алады, ол өтінім 3 (4) бабына сәйкес халықаралық тіркеу күні немесе 3 ter (2) бабына сәйкес аумақтық кеңейту туралы жазба енгізілген күні берілген деп қарастырылады және егер тіркеу артықшылықпен пайдаланылса:
      і) мұндай өтінім күшін жою күшіне енген күннен бастап санағанда екі жыл ішінде берілген;
      іі) өтінімде санамаланған тауарлар мен қызмет көрсетулер осы Хаттаманың күшін жойған мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты халықаралық тіркеуде қамтылған тауарлар мен қызмет көрсетулер тізбесімен шындығында жабылатын;
      ііі) көрсетілген өтінім алымдарға қатысты талаптарды қосқанда, қолданыстағы заңнаманың барлық талаптарына сәйкес келетін жағдайда сол артықшылықты пайдаланады.
      b) «а» тармақшасының ережелері күшін жою күшіне енген күні және иесінің күшін жою салдарынан 2(1) бабына сәйкес халықаралық өтінімдер беруге құқығы жоқ осы Хаттаманың күшін жойған мемлекетке немесе үкіметаралық ұйымға қарағанда Уағдаласушы Тараптарда қолданылатын халықаралық тіркеу мәні болып табылатын кез келген таңбаға қатысты да қолданылады.

16-бап
Қол қою. Тілдер. Депозитарийдің функциялары

      1) а) Осы Хаттамаға ағылшын, испан және француз тілдерінде бір данада қол қойылады және Мадридте қол қоюға жабылғаннан кейін Бас директорға сақтауға беріледі. Үш тілдегі мәтіндер бірдей дәлме-дәл.
      b) Осы Хаттаманың ресми мәтінін Бас директор араб, итальян, қытай, неміс, португал, орыс және жапон тілдерінде, сондай-ақ Ассамблея анықтайтын басқа да тілдерде мүдделі мемлекеттер мен ұйымдардан консультация алғаннан кейін жасайды,
      2) Осы Хаттама Мадридте 1989 жылғы 31 желтоқсанға дейін қол қоюға ашық.
      3) Бас директор Испания Үкіметімен тиісті түрде куәландырылған осы Хаттаманың қол қойылған мәтіндерінің екі көшірмесін осы Хаттамаға қатысушылар бола алатын барлық мемлекеттер мен үкіметаралық ұйымдарға жолдайды.
      4) Бас директор осы Хаттаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркейді.
      5) Бас директор осы Хаттаманың Тараптары бола алатын немесе болып табылатын барлық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға қол қою, ратификациялау грамоталарын, қабылдау, мақұлдау туралы құжаттарды немесе қосылу туралы актілерді сақтауға тапсыру туралы, сондай-ақ осы Хаттаманың күшіне енуі туралы, оның кез келген өзгерісі туралы, осы Хаттамада көзделген күшін жою туралы кез келген хабарламаны және кез келген өтінішті хабарлайды.