Нью-Йоркте 2000 жылғы 15 қарашада қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасы
Президенті Н. Назарбаев
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа
қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз
және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы
ХАТТАМА
(2008 жылғы 31 мамырда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Кіріспе
Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер,
мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелудің алдын алу және олармен күресу жөнінде тиімді шаралар қабылдау үшін ынтымақтастық, ақпарат алмасу және басқа да тиісті шараларды қоса алғанда, оның ішінде ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлердегі әлеуметтік-экономикалық шараларды тегіс қамти алатын халықаралық тәсіл қажет деп мәлімдей отырып,
Ассамблея мүше мемлекеттерді және Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесін көші-қонның түпкілікті, әсіресе, кедейшілікпен байланысты себептерін жоюға көмектесу және оларға қатысты халықаралық көші-қоннан түсетін пайданы барынша көбейту мақсатында халықаралық көші-қон және дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға табанды түрде шақырған және тиісті жағдайларда өңіраралық, өңірлік және субөңірлік тетіктерге көші-қон мен оны дамыту мәселесін қарастырумен айналысуды жалғастыра беруді ұсынған Бас Ассамблеяның 1999 жылғы 22 желтоқсандағы 54/212 қарарына сілтеме жасай отырып,
мигранттарға ізгілікпен қарауды және олардың құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз ету қажеттігіне сенім білдіре отырып,
басқа да халықаралық форумдарда жүргізіліп отырған жұмысқа қарамастан, мигранттарды заңсыз әкелудің барлық қырларын және осымен байланысты мәселелерді қозғайтын әмбебап құжаттың болмауы жағдайын ескере отырып,
тиісті мемлекеттерге орасан зор нұқсан келтіретін, осы Хаттамада көрсетілген мигранттарды заңсыз әкелу және басқа да осыған байланысты қылмыстық іс-әрекеттерге сәйкес ұйымдасқан қылмыстық топтардың іс-әрекеттерінің айтарлықтай көбеюіне алаңдаушылық білдіре отырып,
сондай-ақ мигранттарды заңсыз әкелу, оған қатысатын мигранттардың өміріне немесе қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдіре отырып,
Ассамблея трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы тегіс қамти алатын халықаралық конвенцияны әзірлеу және атап айтқанда, мигранттарды заңсыз әкелу және оның ішінде теңіз арқылы тасымалдауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық құжатты әзірлеу туралы мәселені талқылау үшін ашық құрамдағы үкіметаралық арнайы комитет құруға қаулы еткен Бас Ассамблеяның 1998 жылғы 9 желтоқсандағы 53/111 қарарына сілтеме жасай отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы халықаралық құжатпен толықтырылуы, осындай қылмыстардың алдын алуға және олармен күресуге мүмкіндік туғызатынына сенім білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
I. Жалпы ережелер 1-бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан
қылмысқа қарсы конвенциясымен байланыс
1. Осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтырады. Ол Конвенциямен бірге түсіндіріледі.
2. Конвенцияның ережелері, егер онда өзгеше көзделмесе, осы Хаттамаға mutatis mutandis қолданылады.
3. Осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстар, Конвенцияға сәйкес осындай деп танылған қылмыстар ретінде қарастырылады.
2-бап
Мақсаты
Осы Хаттаманың мақсаты мигранттарды заңсыз әкелудің алдын алу және олармен күресу, сондай-ақ заңсыз әкелінген мигранттардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету кезінде осы мақсаттарға қол жеткізуде Қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты көтермелеу болып табылады.
3-бап
Терминдер
Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
а) "мигранттарды заңсыз әкелу" тікелей немесе жанама қандай да бір қаржылық немесе өзге де материалдық пайда алу мақсатында қандай да бір Қатысушы мемлекетке оның азаматы болып табылмайтын немесе оның аумағында тұрақты тұрмайтын кез келген адамның заңсыз кіруін қамтамасыз етуді білдіреді;
b) "заңсыз келу" қабылдаушы мемлекетке заңды түрде келуге арналған қажетті талаптарды сақтамай шекарадан өтуді білдіреді;
с) "келуге/кетуге арналған жалған құжат немесе жеке куәлік":
і) мемлекет атынан келуге/кетуге арналған құжатты немесе жеке куәлікті дайындауға немесе беруге заңды тәртіппен уәкілеттік берілгендерінен басқа, кез келген адам немесе мекеме жалған жасаған немесе қандай да бір материалдық түрде өзгертілген; немесе
іі) тиісінше берілмеген немесе жалған деректер ұсыну, сыбайлас жемқорлық немесе мәжбүрлеу немесе қандай да бір өзге заңсыз түрде алынған; немесе
ііі) заңсыз иесінен өзге адам пайдаланатын кез келген келу/кету құжатын немесе жеке куәлікті білдіреді;
d) "кеме" мемлекетке тиесілі немесе олар пайдаланатын және тиісті кезеңде тек қана мемлекеттік коммерциялық емес қызметте қолданылатын әскери кемелерді, қосалқы әскери-теңіз кемелерін немесе басқа да кемелерді қоспағанда, су арқылы тасымалдау құралы ретінде қолданылатын немесе қолданылуы мүмкін су ығыстырмайтын түрдегі кемелер мен гидроұшақтарды қоса алғанда, кез келген түрдегі қалқымалы құралдарды білдіреді.
4-бап
Қолдану аясы
Осы Хаттама, егер онда өзгеше көрсетілмесе, осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстарға байланысты алдын алуға, тергеуге және қылмыстық қудалауға, егер осы қылмыстардың трансұлттық сипаты болса және ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысуымен жасалса, сондай-ақ осындай қылмыстардың объектісіне айналған адамдардың құқықтарын қорғауға қатысты қолданылады.
5-бап
Мигранттарды қылмыстық қудалау
Осы Хаттама, тек қана олар осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналуы жағдайына қарай мигранттарды қылмыстық қудалау үшін қолданылмайды.
6-бап
Криминализация
1. Әрбір Қатысушы мемлекет мынадай әрекеттерді, олар қасақана және тікелей және жанама қаржылық немесе өзге де материалдық пайда алу мақсатында жасалса, қылмыстық жазаланатындар ретінде тану үшін қажет болатын осындай заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды:
а) мигранттарды заңсыз әкелу;
b) олар мигранттарды заңсыз әкелу үшін жағдайлар жасау мақсатында жасалса:
і) келуге/кетуге арналған құжатты немесе жеке куәлікті дайындау;
іі) осындай құжатты сатып алу немесе беру немесе оған иелік ету;
с) тиісті мемлекеттің азаматы болып табылмайтын немесе оның аумағында тұрғылықты тұрмайтын қандай да бір адамға осы тармақтың (b) тармақшасында аталған тәсілдерді немесе кез келген басқа да заңсыз құралдарды пайдалану арқылы онда заңды түрде болу үшін қажетті талаптарды сақтамай, осы мемлекетте болу мүмкіндігін беру.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет, сондай-ақ мына әрекеттерді қылмыстық жазаланатындар ретінде тану үшін, қажет болса, осындай заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды:
а) өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптерін сақтаған жағдайда, осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмыс жасауға оқталу;
b) осы баптың 1(а), (b)(і) немесе (с) тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмыс жасауға сыбайлас ретінде және өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптерін сақтаған жағдайда, осы баптың 1(b)(іі) тармақтарына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмыс жасауға сыбайлас ретінде қатысу;
с) осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмысты жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастыру немесе оларға басшылық ету.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет осы баптың 1(а), (b)(і) және (с) тармағына сәйкес осындай деп танылған қылмысты ауырлататын жағдайлар ретінде тану үшін және осы баптың 2(b) және (с) тармағына сәйкес осындай деп танылған қылмыстардың өз құқықтық жүйесінің негізгі принциптерін сақтаған жағдайда, қажет болуы мүмкін осындай:
а) тиісті мигранттардың өміріне немесе қауіпсіздігіне қатер төндіретін немесе төндіруі мүмкін; немесе
b) мұндай мигранттарға рақымсыз қарау немесе ар-намысын қорлауға байланысты, оның ішінде пайдалану мақсатындағы заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды.
4. Әрекет оның ішкі заңнамасына сәйкес қылмыстық жазалауға жататын болса, осы Хаттамадағы ешнәрсе де Қатысушы мемлекетке қандай да бір адамға қатысты шаралар қабылдауға кедергі келтірмейді.
II. Мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелу
7-бап
Ынтымақтастық
Қатысушы мемлекеттер мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелудің алдын алу және жолын кесу мақсатында халықаралық теңіз құқығына сәйкес барынша ықтимал дәрежеде ынтымақтасады.
8-бап
Мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге
қарсы әрекет ету шаралары
1. Кеме оның туын көтеріп жүр немесе ол осы мемлекетте тіркелді деп мәлімдеген не ешқандай ұлтқа қатысы жоқ не шетелдік туды көтеріп жүрсе де немесе туды көрсетуден бас тартса да, шын мәнінде осы Қатысушы мемлекеттің ұлтына қатысты болып табылатын, мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге қатысады деп күдіктенуге ақылға қонымды негізі бар Қатысушы мемлекет осы кемені мұндай мақсатта пайдаланудың жолын кесуде басқа да Қатысушы мемлекеттерден көмек сұрай алады. Осындай сұрау салынған Қатысушы мемлекеттер қолда бар құралдар шегінде қаншалықты мүмкін болса, соншалықты мөлшерде көмек береді.
2. Кеме халықаралық құқыққа сәйкес кеме қатынасы еркіндігін жүзеге асырады және басқа Қатысушы мемлекеттің туын көтеріп жүреді немесе осындай мемлекетте оның тіркелгені туралы белгілері, мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге қатысы бар деп күдіктенуге ақылға қонымды негізі бар Қатысушы мемлекет бұл жөнінде туы көтерілген мемлекетке хабарлап, тіркелгенін растауды сұрай алады және ол расталған жағдайда, туы көтерілген мемлекеттен осы кемеге қатысты тиісті шаралар қолдануға рұқсат сұрайды. Туы көтерілген мемлекет атап айтқанда, сұрау салып отырған мемлекетке:
а) бұл кемеге кіруге;
b) бұл кемеге тексеру жүргізуге; және
с) бұл кеменің мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге қатысы барына дәлелдемелер анықталған жағдайда, туы көтерілген мемлекет рұқсат еткен тәртіппен осы кемеге, сондай-ақ борттағы адамдар мен жүктерге қатысты тиісті шараларды қолдануға рұқсат бере алады.
3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес кез келген шараны жүзеге асырған Қатысушы мемлекет туы көтерілген мүдделі мемлекетті тексеру нәтижелері туралы дереу хабардар етеді.
4. Қатысушы мемлекет басқа Қатысушы мемлекеттен оның осы мемлекетте тіркелгені туралы хабарлаған немесе оның туын көтеріп жүрген кеменің оған құқығы бар екендігін анықтау үшін алынған сұрауына, сондай-қ осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалған рұқсат беру туралы сұрауына дереу жауап береді.
5. Туы көтерілген мемлекет осы Хаттаманың 7-бабына сәйкес өз рұқсатын өзімен және сұрау салушы мемлекет арасында келісілуі тиіс шарттармен, оның ішінде жауапкершілік пен қабылдануы тиіс тиімді шаралардың ауқымына қатысты шарттармен қоса жібереді. Қатысушы мемлекет адамдардың өміріне төнген тікелей қатерді жою үшін қажетті немесе тиісті екіжақты немесе көпжақты келісімдерден туындайтын шараларды қоспағанда, туы көтерілген мемлекеттің тікелей рұқсатынсыз қосымша шаралар қабылдамайды.
6. Әрбір Қатысушы мемлекет органды немесе қажет болған жағдайда, көмек көрсетуді, тіркеуді немесе кеменің оның туын көтеріп жүру құқығын растау, сондай-ақ тиісті шаралар қабылдауға рұқсат беру туралы сұрау салуларды алатын және осындай сұрау салуларға жауап беретін органдарды тағайындайды. Осындай тағайындаулар туралы хабарлама Бас хатшы арқылы барлық басқа Қатысушы мемлекеттерге тағайындалған сәттен бастап бір ай ішінде жіберіледі.
7. Кеме мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге қатысы бар және ешқандай ұлтқа тиесілі емес немесе ешқандай ұлтқа қатысы жоқ кемеге теңестірілуі мүмкін деп күдіктенуге ақылға қонымды негізі бар Қатысушы мемлекет кемеге кіріп, оны тексере алады. Егер бұл күдікті растайтын дәлелдемелер табылса, мұндай Қатысушы мемлекет ішкі және халықаралық құқықтардың тиісті ережелеріне сәйкес тиісті шаралар қолданады.
9-бап
Қорғау ережелері
1. Қатысушы мемлекет осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес қандай да бір кемеге қатысты шаралар қабылдағанда, ол:
а) борттағы адамдардың қауіпсіздігін және оларға ізгілікпен қарауды қамтамасыз етеді;
b) кеменің немесе оның жүгінің қауіпсіздігіне қатер төндірмеу қажеттігін тиісті түрде ескереді;
с) тиісті түрде қажеттілікті ескере отырып, туы көтерілген мемлекеттің немесе кез келген басқа да мүдделі мемлекеттің коммерциялық немесе заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеуді ескереді;
d) қолда бар мүмкіндіктер шегінде кемеге қатысты қабылданған кез келген шараның экологиялық қауіпсіздік ұғымдарына сай болуын қамтамасыз етеді.
2. Егер осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес қабылданған уәждер негізсіз болып шықса, бұл кеме қабылданған шараларды ақтайтын қандай да бір әрекеттерді жасаған жоқ деген шартпен кеме кез келген келтірілген нұқсан немесе зиян үшін өтемақы алады.
3. Осы тарауға сәйкес қабылданған немесе жүзеге асырылған кез келген шара, міндетті түрде:
а) халықаралық теңіз құқықтарына сәйкес жағалаудағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне және заңдық құқықтарының жүзеге асырылуына; немесе
b) кемеге байланысты әкімшілік, техникалық және әлеуметтік мәселелер бойынша заңдық құқықтарын және бақылауды жүзеге асыруға туы көтерілген мемлекеттің құқықтарына бөгет жасамау немесе нұқсан келтірмеу қажеттілігін көрсетеді.
4. Осы тарауға сәйкес теңізде қабылданатын кез келген шараны тек қана әскери кемелер немесе әскери ұшу аппараттары не олардың мемлекеттік қызметте тұратынын анықтауға мүмкіндік беретін және осы мақсатқа уәкілеттік берілген анық сыртқы белгілері бар басқа кемелер немесе ұшу аппараттары жүзеге асырады.
III. Алдын алу, ынтымақтастық және басқа да шаралар
10-бап
Ақпарат
1. Конвенцияның 27 және 28-баптарына нұқсан келтірместен Қатысушы мемлекеттер, бәрінен бұрын ортақ шекаралары бар немесе мигранттарды заңсыз әкелуді жүзеге асыру бағыттарында орналасқан Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін олардың ішкі құқықтары мен әкімшілік жүйелеріне сәйкес мынадай мәселелер бойынша тиісті ақпаратпен алмасады:
а) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасауға қатысатын қандай да бір ұйымдасқан қылмыстық топ пайдаланатын белгілі немесе сезік тудыратын шығу және бару пункттері, сондай-ақ бағыттар, тасушылар және көлік құралдары;
b) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасауға қатысатын белгілі немесе сезік тудыратын ұйымдар немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы деректер және олар пайдаланатын әдістер;
с) Қатысушы мемлекет беретін кіру/шығу құжаттары түпнұсқаларының айырмашылық белгілері мен тиісті нысаны және кіру/шығу құжаттарының ұрланған бланкілері немесе жеке куәліктер немесе олардың кейіннен заңсыз қолданылуы туралы мәліметтер;
d) адамдарды жасыру және тасымалдау құралдары мен әдістері, осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасау кезінде қолданылатын кіру/шығу құжаттарын немесе жеке куәліктерді заңға қайшы өзгерту, жасау немесе сатып алу немесе заңсыз пайдалану және оларды анықтау тәсілдері;
е) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын алуға және олармен күресуге бағытталған заң шығару тәжірибесі, сондай-ақ практикасы мен шаралар; және
f) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын алу, анықтау және тексеру және оларға қатысты адамдарды қылмыстық қудалау жөніндегі олардың мүмкіндігін кеңейту мақсатында құқық қорғау органдарының қызметіне арналған пайдалы ғылыми-техникалық ақпарат.
2. Ақпаратты алатын Қатысушы мемлекет ақпарат беретін Қатысушы мемлекеттің оны пайдалануға қатысты шектеулер белгілеумен байланысты кез келген өтінішін орындайды.
11-бап
Шекаралық бақылау шаралары
1. Қатысушы мемлекет адамдарының еркін жүріп-тұруына қатысты халықаралық міндеттемелерге нұқсан келтірмей, мүмкін болғанынша мигранттарды заңсыз әкелудің алдын алу және анықтау үшін соншалықты қажет болатын осындай шекаралық бақылау шараларын белгілейді.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттаманың 6-бабының 1(а) тармағына сәйкес осындай деп танылған қылмыстарды жасау кезінде коммерциялық тасымалдаушылар пайдаланатын көлік құралдарын мүмкін болғанынша пайдалану, алдын алу үшін заңнамалық немесе басқа да тиісті шараларды қабылдайды.
3. Тиісті жағдайларда және қолданылатын халықаралық конвенцияларға нұқсан келтірмей осындай шараларға коммерциялық тасымалдаушылар, оның ішінде кез келген көлік компаниясы немесе меншік иесі немесе кез келген көлік құралдарының операторлары үшін барлық жолаушылардың қабылдаушы мемлекетке кіруі үшін қажетті кіру/шығу құжаттарының бар екендігіне көз жеткізу міндетін белгілеу қосылады.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет осы баптың 3-тармағында белгіленген міндеттемелерді бұзғаны үшін санкцияларды қарастыра отырып, өзінің ішкі заңнамасына сәйкес қажетті шаралар қолданады.
5. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасына сәйкес осы Хаттамамен осындай деп танылған қылмыстарды жасауға қатысқан адамдардың шығуына рұқсат бермеу немесе олардың визаларының күшін жоятын шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
6. Конвенцияның 27-бабына нұқсан келтірместен Қатысушы мемлекет шекаралық бақылау органдарының арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде тікелей байланыс желілерін салу және оны сақтау арқылы нығайту мүмкіндігін қарастырады.
12-бап
Құжаттардың сенімділігі және оларды бақылау
Әрбір Қатысушы мемлекет қолда бар мүмкіндіктер шегінде:
а) оларды заңсыз пайдалануды және қолдан жасауды немесе заңға қайшы өзгертуді, көбейтуді немесе беруді едәуір дәрежеде қиындататын, олар беретін кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктердің осындай сапасын қамтамасыз ету;
б) осы Қатысушы мемлекет немесе оның атынан берілген кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктердің қорғалуы мен сенімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды заңсыз дайындаудың, берудің және пайдаланудың алдын алу үшін қажет болуы мүмкін шараларды қабылдайды.
13-бап
Құжаттардың заңдылығы мен жарамдылығы
Қатысушы мемлекет басқа Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша өзінің ішкі заңнамасына сәйкес, олар осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасау мақсатында пайдаланылады деп күдік туғызғандарына қатысты кіруге/шығуға берілген немесе оның атынан берілген құжаттардың немесе жеке куәліктердің заңдылығы мен жарамдылығын ақылға қонымды мерзім ішінде тексеруді жүргізеді.
14-бап
Кадрлар даярлау және техникалық ынтымақтастық
1. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын алу және осы Хаттамада белгіленген олардың құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз ету кезінде осындай әрекеттердің объектісіне айналған мигранттарға ізгілікпен қарау мәселелері бойынша көші-қон және басқа да тиісті органдар қызметкерлерінің мамандандырылған даярлығын қамтамасыз етеді немесе жетілдіреді.
2. Қатысушы мемлекеттер бір-бірімен және құзыретті халықаралық ұйымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, басқа да тиісті ұйымдармен және азаматтық қоғамның басқа да элементтерімен тиісті жағдайларда, өз аумағында кадрлардың тиісті даярлығын қамтамасыз етуде осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын алу, жолын кесу және түбегейлі жою мақсатында, сондай-ақ осындай әрекеттердің объектісіне айналған мигранттардың құқығын қорғауда ынтымақтасады. Аталған даярлыққа:
а) кіру/шығу құжаттарының сенімділігі мен сапасын арттыру;
b) жалған кіру/шығу құжаттарын немесе жеке куәліктерді табу және анықтау;
с) осы Хаттаманың 6-бабындағы көрсетілген әрекеттерді жасауға қатысатын белгілі немесе күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтарды табуға қатысты қылмыстар туралы, заңсыз әкелінетін мигранттарды тасымалдау үшін пайдаланылатын әдістер, осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасау мақсатымен кіру/шығу құжаттарын немесе жеке куәліктерді заңсыз пайдалану және мигранттарды заңсыз әкелуде пайдаланылатын жасыру әдістері туралы жедел ақпараттар жинау;
d) белгіленген немесе белгіленбеген кіру және шығу пункттерінде заңсыз әкелінген адамдарды табу рәсімдерін жетілдіру; және
е) мигранттарға ізгілікпен қарау және осы Хаттамада белгіленген олардың құқықтарын қорғау кіреді.
3. Тиісті мамандары мен тәжірибесі бар Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамдар үшін көбінесе шыққан немесе транзит елдері болып табылатын мемлекеттерге техникалық көмек беру мүмкіндігін қарастырады. Қатысушы мемлекеттер 6-бапта көрсетілген әрекеттермен күрес мақсаты үшін көлік құралдары, компьютерлік жүйелер мен құжаттарды есептеуге арналған құрылғылар сияқты қажетті ресурстарды беру үшін барлық күш-жігерін салады.
15-бап
Алдын алу жөніндегі басқа да шаралар
1. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді ұйымдасқан қылмыстық топтар жиі пайдакүнемдік мақсатта жүзеге асыратын және тиісті мигранттар үшін елеулі қатер төндіретін қылмыстық қызметті көрсететін жағдайды қоғамның терең түсінуіне бағытталған ақпараттық бағдарламаларды жасауды немесе жетілдіруді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Конвенцияның 31-бабына сәйкес Қатысушы мемлекеттер әлеуетті мигранттар ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрбаны болуының алдын алу мақсатында қоғамдық ақпарат саласында ынтымақтасады.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет бағдарламаларды әзірлеуге және ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлерде даму саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі немесе тиісті жағдайларда көші-қонның әлеуметтік-экономикалық шынайылығын ескере отырып және кедейшілік пен дамудың төмен деңгейі сияқты мигранттарды заңсыз әкелудің түбегейлі әлеуметтік-экономикалық себептерімен күресу мақсатында қолайсыз экономикалық және әлеуметтік жағдайдағы аудандарға ерекше назар аудара отырып, осындай бағдарламалар мен ынтымақтастықты жетілдіреді.
16-бап
Қорғау және көмек көрсету шаралары
1. Осы Хаттаманы жүзеге асыру кезінде әрбір Қатысушы мемлекет халықаралық құқық бойынша өз міндеттемелеріне сәйкес, оның ішінде, егер ол осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамдардың құқықтарын сақтау және қорғау үшін заңнама саласында қажет болса, осы құқықтар халықаралық құқықтың, атап айтқанда, өмір сүру құқығын және азаптауға ұшырамау құқығын немесе басқа да қатал, мейірімсіз немесе ар-намысын қорлайтын немесе басқа да жазалау түрлеріне қолданылатын нормаларын көздейтін барлық тиісті шараларды қабылдайды.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет мигранттар осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналуына себеп бойынша жеке адамдардың немесе топтардың тарапынан ұшырауы мүмкін зорлық-зомбылықтан оларды тиісінше қорғауды ұсыну үшін тиісті шаралар қабылдайды.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет олардың осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналуына себеп бойынша өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төнген мигранттарға тиісті көмек көрсетеді.
4. Осы баптың ережелерін қолданған кезде Қатысушы мемлекеттер әйелдер мен балалардың қажеттеріне ерекше назар аударады.
5. Осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған қандай да бір адамды ұстаған жағдайда, әрбір Қатысушы мемлекет консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясы бойынша, егер ол қолданылатын болса, өз міндеттемелерін, оның ішінде консулдық лауазымды адамдар жіберетін және осындай лауазымды адамдармен қатынас жасау хабарларына қатысты ережелер туралы бұл адамды дереу хабардар ету міндеттемесін орындайды.
17-бап
Келісімдер мен уағдаластықтар
Қатысушы мемлекеттер:
а) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын алу және олармен күрес жөнінде барынша тиісті және тиімді шаралар қабылдауға; немесе
b) олардың арасындағы қарым-қатынаста осы Хаттаманың ережелерін қолдануды дамытуға бағытталған екіжақты немесе өңірлік келісімдерді немесе жедел уағдаластықтарды немесе өзара түсіністіктер жасау мүмкіндіктерін қарастырады.
18-бап
Заңсыз әкелінген мигранттарды қайтару
1. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған және қайтару кезінде оның азаматы болып табылатын немесе оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы бар адамды негізсіз немесе жөнсіз ұстауларсыз қайтаруға және қабылдауға көмек көрсетеді.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасына сәйкес осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған және қабылдаушы мемлекетке кіру кезінде оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы бар адамды қайтару және қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
3. Қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша сұрау салынып отырған Қатысушы мемлекет негізсіз немесе жөнсіз ұстауларсыз осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамды оның азаматы болып табылатындығын немесе оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы болуын тексереді.
4. Осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған және тиісті құжаттары жоқ адамды қайтаруға көмек көрсету мақсатында осындай адам азаматы болып табылатын немесе осындай адам оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы бар Қатысушы мемлекет қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша осы адамды оның аумағына қайтару үшін қандай құжаттар қажет болса, сондай кіру/шығу немесе басқа да рұқсат беру құжаттарын беруге келіседі.
5. Осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған қандай да бір адамды қайтаруға қатысы бар әрбір Қатысушы мемлекет бұл адамның ар-намысын құрметтеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің міндетті түрде есепке алынуын және мұндай қайтаруды реттеуді жүзеге асыру үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.
6. Қатысушы мемлекеттер осы бапты жүзеге асыру мәселелері бойынша тиісті халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса алады.
7. Осы бап қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасының кез келген ережесінің күшімен осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамдарға берілген қандай да бір құқыққа нұқсан келтірмейді.
8. Осы бап кез келген басқа да қолданылатын шарт, мейлі бұл екіжақты немесе көпжақты болсын немесе осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамдарды қайтару мәселелерін толық немесе ішінара реттейтін кез келген басқа да қолданылатын жедел келісім немесе уағдаластықтар бойынша алынған міндеттемелерді қозғамайды.
IV. Қорытынды ережелер 19-бап
Болдырмау ережесі
1. Осы хаттамадағы ешбір ереже халықаралық құқыққа сәйкес халықаралық гуманитарлық құқық пен адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықты қоса алғанда, және ішінара, бұл қолданылатын жағдайда, босқындар мәртебесіне және оларда бекітілген шығарып жібермеу принципіне қатысты 1951 жылғы Конвенция мен 1967 жылғы Хаттамада мемлекеттер мен жекелеген адамдардың басқа да құқықтарын, міндеттемелері мен жауапкершілігін қозғамайды.
2. Осы Хаттамада көзделген шаралар, олар осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған негіздегі адамдарға қатысты кемсітушілік болып табылмайтындай етіп түсіндіріледі және қолданылады. Бұл шараларды түсіндіру мен қолдану халықаралық болып танылған кемсітпеушілік принципіне сәйкес жүзеге асырылады.
20-бап
Дауларды реттеу
1. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дауларды келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге тырысады.
2. Екі немесе одан да көп Қатысушы мемлекеттер арасындағы ақылға қонымды уақыт кезеңі ішінде келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге келмейтін, осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау осы Қатысушы мемлекеттердің біреуінің өтініші бойынша төрелік тексеруге жіберіледі. Егер де төрелік туралы өтініш берген күннен бастап алты ай ішінде бұл Қатысушы мемлекеттер оны ұйымдастыру туралы келісімге келмесе, осы Қатысушы мемлекеттердің кез келгені Сот мәртебесіне сәйкес өтініш жасай отырып, дауды Халықаралық Сотқа бере алады.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қол қою, ратификациялау, қабылдау немесе бекіту кезінде немесе оған қосылу кезінде өзін осы баптың 2-тармағындағы ережелермен байланысы бар деп есептемейтінін мәлімдей алады. Басқа да Қатысушы мемлекеттер мұндай түсінік берген кез келген Қатысушы мемлекетке қатысты осы баптың 2-тармағындағы ережелермен байланысты емес.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес түсінік берген кез келген Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлама жіберу арқылы бұл түсінікті кез келген уақытта алып тастай алады.
21-бап
Қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту және қосылу
1. Осы Хаттама 2000 жылғы 12-15 желтоқсан аралығында Палермода, Италияда, содан соң Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі Орталық мекемелерінде 2002 жылғы 12 желтоқсанға дейін барлық мемлекеттер қол қою үшін ашық.
2. Осы Хаттама, сондай-ақ осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Хаттамаға мұндай ұйымның кемінде бір мүше мемлекеті қол қойған жағдайда, экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымдарының қол қоюы үшін де ашық.
3. Осы Хаттама ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге жатады. Ратификациялау грамоталары немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы, егер мүше мемлекеттердің кемінде біреуі дәл осылай жасаса, өзінің ратификациялау грамотасын немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжатын сақтауға тапсыра алады. Бұл ратификациялау грамотасында немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжатта мұндай ұйым осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы мәлімдейді. Сонымен қатар мұндай ұйым депозитарийге өз құзыреті саласындағы кез келген тиісті өзгерістер туралы хабарлайды.
4. Осы Хаттамаға қатысушы болып табылатын мүше мемлекеттердің кемінде біреуі мүше болса, осы Хаттама кез келген мемлекеттің немесе экономикалық ықпалдастықтың кез келген өңірлік ұйымының қосылуы үшін ашық. Қосылу туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Қосылу кезінде экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы мәлімдейді. Сонымен қатар мұндай ұйым депозитарийге өз құзыреті саласындағы кез келген тиісті өзгерістер туралы хабарлайды.
22-бап
Күшіне ену
1. Осы Хаттама қырқыншы ратификациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылған күннен кейінгі тоқсаныншы күні күшіне енеді, бірақ Конвенция күшіне енгенге дейін күшіне енбейді. Осы тармақтың мақсатында экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы сақтауға тапсырған кез келген мұндай грамота немесе құжат мұндай ұйымның мүше мемлекеттері сақтауға тапсырған грамоталарға немесе құжаттарға қосымшалар ретінде қарастырылмайды.
2. Осы Хаттаманы ратификациялайтын, қабылдайтын немесе бекітетін немесе қырқыншы ратификациялау грамотасын немесе осындай іс-қимыл туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін оған қосылатын әрбір мемлекет немесе экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы үшін осы Хаттама оның кешігіп басталуына байланысты осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Хаттама күшіне енген күні немесе мұндай мемлекет немесе ұйым тиісті грамотаны немесе құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін отызыншы күні осы Хаттама күшіне енеді.
23-бап
Түзетулер
1. Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін бес жыл өткен соң осы Хаттамаға Қатысушы мемлекет түзетулер ұсынып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолдай алады, ол одан әрі осы ұсынысты қарастыру және ол бойынша шешім қабылдау мақсатында ұсынылып отырған түзетуді Қатысушы мемлекеттерге және Конвенцияға Қатысушылар Конференциясына жібереді. Қатысушылар Конференциясына қатысатын осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер әрбір түзетуге қатысты бәтуәға қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Егер бәтуәға қол жеткізу жөніндегі барлық күш-жігер жұмсалса және келісімге қол жетпесе, соңғы шара ретінде түзетуді қабылдау үшін Қатысушылар Конференциясының отырысында дауыс беруге қатысқан осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер дауысының үштен екісінен астамы талап етіледі.
2. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымдары өз құзыреті саласына кіретін мәселелер бойынша өзінің дауыс беру құқығын осы Хаттамаға Қатысушылар болып табылатын олардың мүше мемлекеттері санына тең келетін дауыстар санын иелене отырып, осы бапқа сәйкес жүзеге асырады. Мұндай ұйымдар, егер олардың мүше мемлекеттері өздерінің дауыс беру құқығын жүзеге асырса немесе керісінше болса, өзінің дауыс беру құқығын жүзеге асырмайды.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету Қатысушы мемлекеттердің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету Қатысушы мемлекетке қатысты ол ратификациялау грамотасын немесе мұндай түзетуді қабылдау немесе бекіту туралы құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырған күннен кейін тоқсан күн өткен соң күшіне енеді.
5. Түзету күшіне енгеннен кейін онымен байланысты болуға келісім білдірген Қатысушы мемлекеттер үшін міндетті болады. Басқа Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманың ережелерімен және олар бұрын ратификациялаған, қабылдаған немесе бекіткен кез келген түзетулермен байланысты болып қала береді.
24-бап
Күшін жою
1. Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады. Мұндай күшін жою Бас хатшы хабарламаны алған күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.
2. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы, оның мүше мемлекеттерінің барлығы осы Хаттаманың күшін жойған кезде осы Хаттаманың қатысушысы болуын тоқтатады.
25-бап
Депозитарий және тілдер
1. Осы Хаттаманың депозитарийі болып Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тағайындалады.
2. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тіліндегі мәтіндеріне тең түпнұсқалы болып табылатын осы Хаттаманың түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін оған өз үкіметтері тиісті түрде уәкілдік берген, төменде қол қойған өкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы Хаттамасы мәтіні аудармасының дұрыстығын куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі
Штабының Халықаралық ынтымақтастық
басқармасы бастығының орынбасары
полиция капитаны Ғ. Әушәріп
РҚАО ескертуі. Бұдан әрі мәтін ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде берілген.