Мәскеуде 2003 жылғы 28 қазанда қол қойылған Жеке тұлғалардың Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің шекараларынан еркін және тең құқылы өтуін және олардың тауарлар мен валютаны кедергісіз тасымалдауын қамтамасыз ету туралы 1998 жылғы 24 қарашадағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Жеке тұлғалардың Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің шекараларынан еркін және тең құқылы өтуін және олардың тауарлар мен валютаны кедергісіз тасымалдауын қамтамасыз ету туралы 1998 жылғы 24 қарашадағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама
Беларусь Республикасының Үкіметі және Беларусь Республикасының Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қырғыз Республикасының Үкіметі және Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Ресей Федерациясының Орталық банкі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі және Тәжікстанның Ұлттық банкі, бұдан әрі Тараптар деп аталады,
Жеке тұлғалардың Кеден одағына қатысушы мемлекеттер шекараларынан еркін және тең құқылы өтуін және олардың тауарлар мен валютаны кедергісіз тасымалдауын қамтамасыз ету туралы 1998 жылғы 24 қарашадағы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) ережелерін іске асыра отырып,
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағын қалыптастырудың ағымдағы кезеңін және олардың ұлттық экономикаларының нақты жай-күйін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Келісімге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 1-бабының екінші абзацындағы "тұратын" деген сөзден кейін "оның ішінде одан тыс жерлерде уақытша тұратын" деген сөздермен толықтырылсын;
2) 7-бабының бірінші абзацындағы "олардың ішкі кеден шекаралары арқылы" деген сөздер "Кеден одағына қатысушы, мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағы ішінде" деген сөздермен ауыстырылсын, "8-бап ережелерін есепке ала отырып" деген сөздер алынып тасталсын;
3) 7-бабының екінші абзацындағы "ішкі кеден шекаралары арқылы" деген сөздер "кеден аумағы ішінде" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 7-бабының төртінші-алтыншы абзацтары алынып тасталсын;
5) 8 және 9-баптары мынадай редакцияда жазылсын:
" 8-бап
Тараптар "Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағы құрылғанға дейін жеке тұлғалар Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ішкі және сыртқы кеден шекаралары арқылы 3000 АҚШ доллары баламасына тең және одан аспайтын сомадағы қолма-қол шетел валютасын бір жолы әкелу/әкету үшін жазбаша түрде декларацияға енгізбей және рұқсат құжаттарын ұсынбай, кедергісіз әкетуге құқылы" деп келісті.
Жеке тұлға Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ішкі және сыртқы кеден шекаралары арқылы 3000 АҚШ доллары баламасынан асатын қолма-қол шетел валютасын әкелген/әкеткен жағдайда, оған/одан осындай валюта әкелінетін/әкетілетін Кеден одағына қатысушы мемлекеттің ұлттық заңдарында белгіленген тәртіп қолданылады. Сонымен бірге жеке тұлға Кеден одағына қатысушы мемлекетке қолма-қол шетел валютасын әкелгенде кеден органы ресімдеген кеден декларациясы осы Кеден одағына қатысушы мемлекеттен оны әкету үшін (декларацияда көрсетілген сома шегінде) жеткілікті негіз болып табылады.
9-бап
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағы құрылғанға дейін Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарын олардың шекаралары арқылы алмастыру оған/одан оның валютасы әкелінетін/әкетілетін Кеден одағына қатысушы мемлекеттің ұлттық заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Тараптар Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің экономикалық ахуалының өзгеруіне қарай жеке тұлғалардың Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ішкі және сыртқы кеден шекаралары арқылы қолма-қол шетел валютасын әкелуінің/әкетуінің өзге де келісілген нормаларын белгілеуге құқылы".
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің әрқайсысында, төлемдік теңгерімнің сыни жағдайында, жеке тұлғаның үшінші мемлекеттер валютасын және ұлттық валютаны өз мемлекетінің кедендік аумағынан ең жоғары әкетуінің өзге нормасын белгілеу құқығы сақталады. Осы мемлекет мұндай норма белгілегендігі туралы басқа Кеден одағына қатысушы мемлекеттерге хабарлайды".
Осы Хаттама депозитарий Тараптардың оны күшіне енгізу үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламасын алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Хаттама күшіне енген күннен бастап Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 2000 жылғы 23 мамырдағы Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің жеке тұлғаларының үшінші елдерге қолма-қол шетел валютасын кедергісіз алып өтуінің тәртібі мен нормасы туралы хаттаманың қолданылуы тоқтатылады.
2003 жылғы 28 қазанда Мәскеу қаласында жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Евразиялық экономикалық қауымдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол әрбір Тарапқа хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Беларусь
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Ұлттық банкі үшін
Қазақстан Қазақстан
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Ұлттық банкі үшін
Қырғыз Қырғыз
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Ұлттық банкі үшін
Ресей Ресей
федерациясының Федерациясының
Үкіметі үшін Орталық банкі үшін
Тәжікстан Тәжікстанның
Республикасының Ұлттық банкі үшін
Үкіметі үшін
Осы мәтін Жеке тұлғалардың Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің шекараларынан еркін және тең құқылы өтуін және олардың тауарлар мен валютаны кедергісіз тасымалдауын қамтамасыз ету туралы 1998 жылғы 24 қарашадағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың мәтінімен бірдей.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Кедендік бақылау комитеті
аударма және мемлекеттік тілді
дамыту бөлімінің бастығы
Жеке тұлғалардың Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің шекараларынан еркін және тең құқылы өтуін және олардың тауарлар мен валютаны кедергісіз тасымалдауын қамтамасыз ету туралы келісім
(Мәскеу, 1998 жылғы 24 қараша)
Қазақстан Республикасының 30.12.1999 жылғы N 9-ІІ Заңымен ратификацияланған.
2000 жылғы 24 қаңтарда күшіне енді.
Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттаманы қараңыз (Мәскеу қаласы, 2003 жылғы 28 қазан)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі және Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ұлттық банкі, Қырғыз Республикасының Үкіметі және Ұлттық банкі және Ресей Федерациясының Үкіметі және Ұлттық банкі,
Кеден одағына қатысушы мемлекеттер басшыларының "Қарапайым адамдарға қарай он қарапайым қадам жасау туралы" мәлімдемесін басшылыққа ала отырып,
кеден одағының ортақ кедендік шекарасы шегіндегі азаматтардың еркіндігі мен тең жүру құқығының принциптерін ұстануды растай отырып,
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалардың тауарлар мен валютаны өткізу шарттарындағы өзгешеліктерді жоюдың басым міндетін қарастыра отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісім:
- Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалардың (бұдан әрі - жеке тұлғалар) Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің арасындағы шекаралардан еркін өту;
- жеке тұлғалардың Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің арасындағы кедендік шекаралар арқылы өндірістік немесе өзге де коммерциялық қызметке арналмаған тауарларды өткізу;
- жеке тұлғалардың валютаны өткізу тәртібі мен шарттарын белгілейді.
Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін екі айлық мерзімде қажет болған кезде арнайы "дәліздерді" құруды қосқанда, мемлекеттік шекаралардағы өткізу пунктерінде, сондай-ақ Кеден одағына қатысушы мемлекеттер арасындағы әуе бағыты жүзеге асырылатын халықаралық әуе порттарында жеке тұлғаларды және олардың тауарларын басым, оңайлатылған тәртіппен өткізуді ұйымдастыру бойынша шаралар қолданады.
Тараптар жеке тұлғаларды басым, оңайлатылған тәртіппен өткізудің негіздемесі олардың Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің аумағында тұрақты тұру фактісін растайтын қолданыстағы құжаттардың болуы болып табылады.
Жеке тұлғаларды басым, оңайлатылған тәртіппен өткізу қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізілетін шекаралық (төлқұжаттық) бақылауды (құжаттарды тексеру) жүзеге асыруды қамтиды.
Жеке тұлғалардың басым, оңайлатылған тәртіппен өткізетін тауарлары осы Келісімнің 6-бабының ережелері ескеріле отырып, тұлға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларымен әкелуге және әкетуге тыйым салынған не шектелген тауарларды өткізеді деп ұйғаруға негіз болған жағдайларды қоспағанда, жазбаша нысанда декларациялаудан босатылады.
Кеден одағына қатысушы мемлекеттерден шығарылған тауарлар олардың ішкі кедендік шекаралары арқылы салмағы, мөлшері, құны бойынша шектелместен және жазбаша нысанда декларацияланбастан, кедендік төлемдерді, салықтарды және сақтау үшін алымды қоспағанда, алымдарды өндіріп алмастан өткізіледі.
Осы баптың ережелері Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес әкелуге/әкетуге тыйым салынған не шектелген тауарларға қолданылмайды.
Үшінші елдерден шығарылған тауарлар Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы олардың жалпы құны 1000 АҚШ долларына барабар сомадан аспаған жағдайда, бір адамға багаждың 50 кг. дейінгі жалпы салмағы шегінде жазбаша нысанда декларацияланбастан, кедендік төлемдер мен кедендік ресімдеу үшін алымдар өндіріп алынбастан өткізіледі.
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің шетел және ұлттық валютасын олардың ішкі кедендік шекаралары арқылы өткізу 8-баптың ережелері ескеріле отырып, шектеулерсіз жүзеге асырылады.
Оларды жеке тұлғаның қалауы бойынша декларациялау жағдайларын қоспағанда, көрсетілген валюталар Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ішкі кедендік шекаралары арқылы жазбаша нысанда декларацияламастан өткізіледі.
Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарын олардың ішкі кедендік шекаралары арқылы өткізу әкетілетін валюта ол үшін ұлттық валюта болып табылатын мемлекеттің ұлттық заңнамасымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Үшінші елдерге осы Келісімнің 8-бабына сәйкес келісілген нормадан жоғары әкетілетін шетел валютасы жолаушылардың кедендік декларациясының бірыңғай нысаны бойынша жазбаша декларациялауға жатады және оны әкетуге мына құжаттардың бірін:
- валютаны мемлекеттің аумағына әкелуді растайтын жолаушылардың бірыңғай кедендік декларациясын;
- тиісті қорғаныс деңгейі бар және валюталық-айырбастау операцияларын жасау кезінде пайдалануға міндетті анықтама-сертификатының бірыңғай нысанын ұсынған жағдайда рұқсат етіледі.
Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін екі айлық мерзім ішінде Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктерінің жеке тұлғалардың үшінші елдерге шетел валютасын кедергісіз (жазбаша нысанда декларацияламастан және анықтама-сертификаттарын ұсынбастан) әкетуінің келісілген низамын белгілейтіндігі туралы келісті.
Кейін Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктері жеке тұлғалардың шетел валютасын үшінші елдерге әкетуінің өзге де келісілген нормаларын белгілеуге құқылы.
Кеден одағына әрбір қатысушы мемлекеттің төлем балансының қиын күйде болу жағдайында бір жеке тұлғаның мемлекеттің кедендік аумағынан үшінші мемлекеттердің валютасын және осындай норманы белгілейтін мемлекет үшін ұлттық болып табылатын валютаны барынша әкетуінің өзге де нормасын белгілеу құқығы сақталады.
Осы Келісімге қол қойған күннен бастап екі ай ішінде Тараптар жолаушылар декларациясының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын уәкілетті банктер және уәкілетті ұйымдар беретін, Кеден одағына барлық қатысушы мемлекеттердің аумағында күші болатын анықтама-сертификаттарының бірыңғай (үйлескен) нысандарын Әрбір Тараптың орыс және мемлекеттік тілдерде қабылдауын қамтамасыз етеді.
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы тауарлар мен валютаны өткізу тәртібі туралы, тауарларды баж салмай өткізу нормалары, валютаны кедергісіз өткізу нормалары туралы ақпаратты қосқанда, Тараптар халық үшін ақпараттық-түсіндіру шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру жөнінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жолымен шешеді, ал келісілген шешім болмаған жағдайда Интеграциялық Комитеттің қарауына жібереді.
Осы Келісімге Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Тараптар валюталық реттеу және бақылауға жауапты органдар арасында тығыз өзара қатынасты іске асыру үшін, қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда бір реттен жиі емес ағымдағы мәселелер бойынша бірлескен кеңестер өткізеді.
Осы Келісім 1995 жылғы 6 және 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы Келісімнен және Қырғыз Республикасының Кеден одағы туралы Келісімге қосылу туралы Келісім-шартынан туатын Тараптардың өзара міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісім депозитарий Тараптардың оны күшіне енгізу үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламасын алған күннен бастап күшіне енеді.
Тараптардың кез-келгені депозитарийге шығуға дейін алты айдан кем емес, өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімге сәйкес қабылданған өздерінің міндеттемелерін алдын-ала реттеп, осы Келісімнен шығуға құқығы бар.
1998 жылы 24 қазанда Мәскеу қаласында, орыс тілінде, бір түпнұсқа данада жасалды.
Келісімнің түпнұсқа данасы Интеграциялық Комитетте сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Беларусь
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Ұлттық банкі үшін
Қазақстан Қазақстан
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Ұттық банкі үшін
Қырғыз Қырғыз
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Ұлттық банкі үшін
Ресей Ресей
Федерациясының Федерациясының
Үкіметі үшін Орталық банкі үшін
Осы мәтін Жеке тұлғалардың Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің шекараларынан еркін және тең құқылы өтуін және олардың тауарлар мен валютаны кедергісіз тасымалдауын қамтамасыз ету туралы келісімнің мәтінімен бірдей.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Кедендік бақылау комитеті
аударма және мемлекеттік тілді
дамыту бөлімінің бастығы