Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияны және Қорытынды хаттаманы ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 14 желтоқсандағы N 100 Заңы

      Нью-Йоркте 1950 жылғы 21 наурызда жасалған Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияға "Қазақстан Республикасы Конвенцияның 1 және 18-баптарының ережелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу шеңберінде орындайтын болады" деген ескертпемен Конвенция және Қорытынды хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

 Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың
жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы
КОНВЕНЦИЯ

(2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

(Нью-Йорк қ., 1950 жылғы 21 наурыз)

Кіріспе

      Жезөкшелік және онымен ілесе жүретін жезөкшелік мақсатын көздейтін адамдарды сату зұлымдығы адамдық тұлғаның абыройы мен жоғары құндылығымен сыйыспайтынын және адамның, отбасының әрі қоғамның әл-ауқатына қауіп төндіретінін назарға ала отырып,
      әйелдер мен балаларды сатуға қарсы күреске қатысты төмендегі халықаралық актілердің:
      1. Ақ нәсілді күңдерді сатуға қарсы күрес туралы, оған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1948 жылы 3 желтоқсанда бекіткен Хаттамамен енгізілген өзгерістерімен 1904 жылғы 18 мамырдағы Халықаралық шарттың;
      2. Ақ нәсілді күңдерді сатуға қарсы күрес туралы, оған жоғарыда аталған Хаттамамен енгізілген өзгерістерімен 1910 жылғы 4 мамырдағы Халықаралық конвенцияның;
      3. Әйелдер мен балаларды сатуға қарсы күрес туралы, оған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1947 жылы 20 қазанда қабылдаған Хаттамамен енгізілген өзгерістерімен 1921 жылғы 30 қыркүйектегі Халықаралық конвенцияның;
      4. Кәмелетке толған әйелдерді сатуға қарсы күрес туралы, оған көрсетілген Хаттамамен енгізілген өзгерістерімен 1933 жылғы 11 қазандағы Халықаралық конвенцияның күші болатындығын назарға ала отырып,
      1937 жылы Ұлттар Лигасы жоғарыда көрсетілген актілердің қолданылу шеңберін кеңейткен конвенция жобасын жасағандығын назарға ала отырып,
      1937 жылдан бастап туындаған жаңа факторлар жоғарыда көрсетілген актілерді өзіне біріктіретін және 1937 жылғы конвенция жобасының негізгі ережелерін қамтитын және оған пара-пар әрі қажетті түзетулер енгізуге болатын конвенцияны жасасуға мүмкіндік беретіндігін назарға ала отырып,
      сол үшін Уағдаласушы тараптар осы арқылы мыналармен келісті:

1-бап

      Тараптар осы Конвенцияда басқа адамның нәпсіқұмарлығын қанағаттандыру үшін:
      1. Өзге бір адамды, тіпті сол адамның келісімімен жезөкшелік мақсатында кездестіретін, бейімдейтін немесе бұзатындардың;
      2. Өзге бір адамның тіпті оның келісімімен жезөкшелігін пайдаланатындардың әрқайсысын жазаға тартуға міндеттенеді.

2-бап

      Тараптар осы Конвенцияда:
      1) Жезөкшелер үйін ұстайтын, немесе оны басқаратын, немесе саналы түрде қаржыландыратын немесе жезөкшелер үйін қаржыландыруға қатысатындардың;
      2) Ғимаратты немесе басқа орынды, немесе осылардың бөлігін үшінші тұлғалардың жезөкшелік мақсатында пайдаланатындығын біле тұра, жалға беретін немесе жалға алатындардың әрқайсысын жазаға тартуға міндеттенеді.

3-бап

      Бұл ішкі заңдардың талаптарымен үйлесетіндіктен, 1 және 2-баптарда көзделген кез келген құқық бұзушылықтарды жасауға оқталу, осыны жасауға дайындалу әрекеті сияқты жазалауға жатады.

4-бап

      Бұл ішкі заңдардың талаптарымен үйлесетіндіктен, 1 және 2-баптарда көзделген әрекеттерге қасақана қатысу да жазаланады.
      Бұған ішкі заңдардың талаптарымен жол берілетіндіктен, бірге қатысу әрекеті, егер бұл жазасыздықты ескерту үшін қажетті болып табылатын болса, жеке қылмыс ретінде қаралады.

5-бап

      Жәбірленуші тұлғалардың ішкі заңдардың негізінде осы Конвенцияда көзделген кез келген қылмыстарға қатысты істерде талап-арыз беруші болуға құқығы болған жағдайда, шетелдіктер бұл құқықты осы мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежеде пайдаланады.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда жезөкшелікпен айналысатын немесе іс-әрекеті күдікті тұлғаларды, не ерекше тіркеуге жатқызуға, не ерекше құжаттарының болуы тиістігіне, не бақылауға немесе құлақтандыру мақсатындағы айрықша талаптарға бағындыруға байланысты кез келген қолданыстағы заңды, қаулыны немесе әкімшілік өкімді жою немесе күшін жою үшін барлық қажетті шаралар қабылдауға міндеттенеді.

7-бап

      Осы Конвенцияда көзделетін қылмыстар үшін басқа мемлекеттерде бұрын шығарылған үкімдер, бұған ішкі заңдармен жол берілетіндіктен:
      1. Қылмысты қайта жасау фактісін анықтау;
      2. Қылмыскерді Саяси және азаматтық құқықтарынан айыру үшін назарға алынады.

8-бап

      Осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көзделген қылмыстар өз кезегінде ұстап беруге болатын қылмыс ретінде қаралады, және оларға осы Конвенциямен шарт жасасқан немесе шарт жасасатын кез келген тараптар арасында қылмыскерлерді ұстап беру туралы кез келген шарт қолданылады.
      Осы Конвенцияда қылмыскерлерді ұстап беруді ол туралы шарттардың мәнімен сабақтастырмаған тараптар осыдан бастап өздерінің өзара қарым-қатынастарында осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көзделетін қылмыстарды ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар екендігін мойындайды. Ұстап беру өзіне ұстап беру туралы талаптар жіберілген мемлекеттің заңына сәйкес жүргізіледі.

9-бап

      Өз азаматтарын ұстап беру принципі заңмен мойындалмайтын мемлекеттерде осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көрсетілген қылмыстардың кез келгенін басқа мемлекетте жасағаннан кейін өз мемлекетіне қайтарылған азаматтар олардың өз мемлекетінің соты бойынша қудалануға және жазалауға ұшырайды.
      Егер осы Конвенцияның тараптары арасында туындайтын осындай түрдегі істерде шетелдікті ұстап беру туралы талап қанағаттандырылмайтын болса, бұл ереже қолданылмайды.

10-бап

      Егер қылмыс жасағаны үшін айыпталушы адам басқа мемлекетте сотталған болса және айыптау үкімі болған жағдайда жазасын өтеген немесе жазалаудан босатылған болса, немесе осы мемлекеттің заңдарына сәйкес жазалау мерзімі қысқартылған болса, 9-баптың ережелері қолданылмайды.

11-бап

      Осы Конвенциямен ешнәрсе халықаралық құқық нормаларына сәйкес қылмыстық құқықтық өкілеттік шектері туралы жалпы мәселеге сол немесе өзге тараптардың оған қарым-қатынастарын айқындау ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

12-бап

      Осы Конвенция Конвенцияда көзделген қылмыстар жекелеген мемлекеттің әрқайсысында оларды жасағаны үшін кінәлі адам ретінде тең дәрежеде анықталып, осы мемлекеттің заңдары бойынша қудаланатын және жазаланатын қағидатты бұзбайды.

13-бап

      Тараптар осы Конвенцияда өздерінің жеке заңдарына және практикасына сәйкес осы Конвенцияда көзделген қылмыстарға жатқызылатын сот тапсырмаларын орындауға міндеттенеді, сот тапсырмаларын беру:
      1. Сот биліктерінің арасындағы тікелей байланыстар арқылы; немесе
      2. Екі мемлекеттің әділет министрлері арасындағы тікелей байланыстар арқылы немесе тапсырманы беретін мемлекеттің басқа тиісті биліктерінің тапсырма берілген мемлекеттің әділет министріне тікелей өтініші арқылы; немесе
      3. Тапсырма берілетін мемлекетке оны беретін мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілдері арқылы жүргізіледі. Белгіленген өкіл сот тапсырмасын тиісті сот биліктеріне немесе тапсырма берілген мемлекет билігі көрсеткен биліктерге тікелей жолдайды, әрі ол осы биліктерден сот тапсырмасын орындау актісі болып табылатын құжаттарды тікелей алады.
      1 және 3-тармақтарда көзделген жағдайларда сот тапсырмасы ол берілетін мемлекеттің жоғарғы биліктеріне көшірмеде жолданады.
      Егер қандай да бір өзгеше келісім болмаса, сот тапсырмасы әрқашан тапсырма беретін билік тілінде жасалады, өзгеше жағдайда тапсырма берілген мемлекет тапсырма берген биліктер куәландырған өз тіліндегі аудармасымен беруді талап ете алады.
      Осы Конвенцияда тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияның басқа тараптарының әрқайсысына ол оған осы басқа мемлекет сот тапсырмаларын жіберу кезінде қабылдауға болады деп есептейтін жоғарыда айтылған сол әдіс туралы немесе сол әдістер туралы хабардар етеді.
      Қандай да бір мемлекет осындай хабарды жасамайынша, ондағы сот тапсырмасына қатысты тәртіп күшінде қалады.
      Сот тапсырмаларын орындау, сараптама бойынша шығыстарды қоспағанда, қандай да болсын шығыстарды немесе шығындарды өтеу туралы талаптар үшін негіз бола алмайды.
      Осы бапта ешнәрсе қылмыстық істерде осы Конвенциядағы тараптардың өз заңдарымен үйлеспейтін дәлелдеменің қандай да бір нысанын немесе қандай да бір әдістерін қолдану олардың міндеттемелері ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

14-бап

      Осы Конвенцияда тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда көзделген қылмыстарды тергеу нәтижелерін үйлестіру және орталықтандыру тапсырылатын орган құрады және қамтамасыз етеді. Бұл органдар осы Конвенцияда көзделген қылмыстардың алдын алуды және оларға қолданатын жазаларды жеңілдету үшін жиналатын барлық ақпаратты жинақтайды, әрі бұл органдар басқа елдердің осындай органдарымен тығыз байланыста болады.

15-бап

      Бұл ішкі заңдардың талаптарына үйлесетіндіктен және 14-бапта көрсетілген органдар бағынатын биліктердің қалауы болып танылатындықтан аталған органдар басқа мемлекеттердегі ұқсас органдар бағынатын биліктерге мынадай ақпаратты:
      1. Осы Конвенцияда көзделетін әрбір қылмыстар туралы және осындай қылмысты жасауға әрбір оқталу туралы деректерді;
      2. Іздестірудің барлық жағдайлары, сондай-ақ қылмыстық қудалау, қамауға алу, соттау, осы Конвенцияда көзделетін қылмыстарды жасаған кінәлі адамдарды жіберуден және шығарып жіберуден бас тартулар туралы, сондай-ақ осындай адамдардың тұрғылықты жерін өзгерткені туралы деректерді және оларға қатысты кез келген өзге пайдалы ақпаратты хабарлайды.
      Осындай жолдармен хабарланатын ақпарат қылмыскерлерді сипаттаудан, олардың саусақтарының таңбасын алудан, фотосуреттерінен, жұмыс әдісі туралы хабардан, полициялық анықтамалардан және соттылығы туралы анықтамалардан тұрады.

16-бап

      Осы Конвенцияда тараптар - білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік және экономикалық қызмет көрсету және онымен байланысты өзге де қызмет түрлері саласындағы өздерінің үкіметтік немесе жеке мекемелері арқылы - жезөкшелікке қарсы күрес жөніндегі және жезөкше әрі осы Конвенцияда көзделетін қылмыстардың құрбандарын қайтару әрі қалыпты әлеуметтік жағдайға бейімдеу бойынша барлық қажетті шаралар қабылдауға және көтермелеуге міндеттенеді.

17-бап

      Осы Конвенцияда тараптар көшіп келу мен көшіп кетуге қатысты жезөкшелік мақсатын көздейтін, екі жыныста да адам сатудың жолын кесу үшін осы Конвенцияға сәйкес олардың өзіне қабылдаған міндеттемелеріне сәйкес талап етілетін барлық шаралар қабылдауға және жүргізуге міндеттенеді. Атап айтқанда, олар:
      1. Көшіп келушілер мен көшіп кетушілерді, әсіресе әйелдер мен балаларды, олар келген және кететін пункттерде, сондай-ақ олардың сапар уақытында қорғау үшін барлық қажетті қаулылар шығаруға;
      2. Аталған сауданың қауіптілігі туралы халыққа хабарлау үшін тиісті шаралар қабылдауға;
      3. Жезөкшелік мақсатын көздейтін, халықаралық адам саудасының алдын алу үшін теміржол станцияларын, әуежайларды, порттар мен басқа да қоғамдық орындарды, сондай-ақ сапар уақытында бақылауды қамтамасыз ету үшін тиісінше шаралар қабылдауға;
      4. Prima facie мәліметтері бойынша осы сауданың басты кінәлілері, қатысушылары мен құрбандары болып табылатын адамдардың келуі туралы тиісті биліктерге хабарлау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылдауға міндеттенеді.

18-бап

      Тараптар осы Конвенцияда - өздерінің заңдарында белгіленген шарттарға сәйкес - шетелдіктердің жеке басын және әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында, сондай-ақ оларды өз мемлекетін тастап кетуге мәжбүр еткен адамдарды табу мақсатында жезөкшелікпен айналысатын барлық шетелдіктер туралы мәліметтер жинауға міндеттенеді. Бұл мәліметтер оларды кейіннен қайтару мақсатында аталған адамдар шыққан мемлекет биліктеріне хабарланады.

19-бап

      Тараптар осы Конвенцияда - өздерінің заңдарымен белгіленген шарттарға сәйкес, осы арқылы қудалауды немесе осы заңдардың бұзылуын тудыратын өзге де іс-шараларды тоқтатпастан әрі бұл мүмкін болғандықтан:
      1. Жезөкшелік мақсатын көздейтін, халықаралық адам саудасының құрбандары болған, зардап шеккен адамдарды қайтару жөніндегі түпкілікті іс-шараларды өткізгенге дейін оларға уақытша көмек пен қолдау көрсету жөнінде тиісінше шаралар қабылдауға;
      2. 18-бапта көрсетілген адамдарды, егер олар осыны қаласа немесе егер оларды қайтару туралы олар қарамағында тұрған адамдардың тарапынан талап келіп түссе, немесе егер оларды елден шығару туралы заңға негізделген бұйрық болса қайтарады. Қайтару қайта оралушы адамның жеке басын және азаматтығы туралы немесе оның шекараға келу орны мен күні туралы тағайындаған мемлекетпен келісімге қол жеткізгеннен кейін ғана жүргізіледі. Тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда өзінің аумағы арқылы осындай адамдардың өтуіне ықпал етуге міндеттенеді.
      Алдыңғы абзацта көрсетілген адамдар қайта оралу бойынша шығыстарды өздері өтей алмаған және олар үшін төлей алатын жұбайлары, туғандары, қамқоршылары болмаған жағдайда, олар шыққан мемлекетке жақын шекараға, жөнелту портына немесе әуежайға қайту бойынша шығыстарды осы адамдар тұратын мемлекет төлейді, ал, осыған байланысты қалған шығыстарды олар шыққан мемлекет өзі көтереді.

20-бап

      Тараптар осы Конвенцияда жұмыс іздеп жүрген адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды оларды жезөкше мақсатында, пайдаланудан қауіпсіздендіру мақсатында, егер бұл шараларды олар әлі қабылдамаса, жұмысқа жалдау жөніндегі кеңселерді бақылау үшін қадағалау жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.

21-бап

      Тараптар осы Конвенцияда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына осы Конвенцияның мәніне қатысты және олардың мемлекеттерінде шығарылған заңдар мен қаулылар туралы хабарлайды және осыдан кейін жыл сайын Конвенцияға байланысты шығарылатын заңдар мен қаулылар туралы, сондай-ақ осы Конвенцияның қолданылуына қатысты қабылданған барлық шаралар туралы хабарлайды. Осы ақпарат Бас Хатшы арқылы кезең-кезеңімен жарияланып тұрады және ол Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшелеріне, сондай-ақ Ұйымның мүшесі болмаған, осы Конвенцияның 23-бабына сәйкес ресми хабарланатын мемлекеттерге де жіберіледі.

22-бап

      Егер осы Конвенцияның тараптары арасында оны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау туындаса және егер бұл дау өзге жолмен шешілуі мүмкін болмаса дауласушы тараптардың кез келгенінің талабы бойынша дау Халықаралық Сотқа беріледі.

23-бап

      Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының кез келген мүшесінің атынан, сондай-ақ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес тиісті шақыру жасаған кез келген басқа мемлекеттің атынан қол қою үшін ашық. Осы Конвенция бекітілуге жатады және бекіту актілері Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысының сақтауына беріледі. Бірінші абзацта аталған және осы Конвенцияға қол қоймаған мемлекеттер оған қосыла алады.
      Қосылу қосылу туралы актіні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының сақтауына беру арқылы жүргізіледі.
      Осы Конвенциядағы "мемлекет" деген сөз осы Конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттің барлық колониялары мен қарамағындағы аумақтарын және осы мемлекет халықаралық жауапкершілігін көтеретін барлық аумақтарды қамтиды.

24-бап

      Осы Конвенция бекіту немесе қосылу туралы екінші акт сақтауға берілген күннен кейінгі тоқсаныншы күні күшіне енеді. Осы Конвенцияны бекітетін және бекіту немесе қосылу туралы екінші акт сақтауға берілгеннен кейін оған қосылатын мемлекеттердің әрқайсысына қатысты осы Конвенция осы мемлекеттің бекіту немесе қосылу туралы өз актісін сақтауға берген соң тоқсан күннен кейін күшіне енеді.

25-бап

      Осы Конвенция күшіне енген уақыттан бастап бес жыл өткен соң кез келген тарап осы Конвенцияда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы атына бұл туралы жазбаша хабарлау арқылы оның күшін жоюы мүмкін.
      Мұндай күшін жою ол туралы өтініш берген тарапқа қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы оның өтінішін алған күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.

26-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшелерін және Ұйымның мүшесі болмаған және 23-бапта аталған мемлекеттерді:
      а) 23-бапқа сәйкес алынған қол қою, бекіту және қосылу актісі туралы;
      б) 24-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшіне енген күні туралы;
      с) 25-бапқа сәйкес алынған өтініштердің күшін жоюы туралы хабарлайды.

27-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда өзінің конституциясына сәйкес осы Конвенцияның қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажетті заңдар мен өзге де іс-шаралар қабылдауға міндеттенеді.

28-бап

      Осы Конвенцияның ережесі мұндағы тараптар арасындағы өзара қарым-қатынас осыған қатысты болғандықтан, кіріспедегі 1, 2, 3 және 4-тармақтардың екінші абзацында аталған халықаралық актілер ережесінің күшін жояды, оның үстіне осы актілердің әрқайсысы ондағы барлық тараптар осы Конвенцияның тараптары болғаннан кейін күші жойылды деп есептеледі.
      Осыны куәландыру үшін тиісті үкіметтердің тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылары бір мың тоғыз жүз елуінші жылдың 21 наурызында Лейк Саксесте, Нью-Йоркте қол қою үшін ашық осы Конвенцияға қол қойды; Конвенцияның бір дәл куәландырылған көшірмесін Бас Хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық мүше-мемлекеттеріне және 23-баптың ережелеріне жататын Ұйымның мүшелері болмаған барлық мемлекеттерге жолдайтын болады.

Қорытынды хаттама

(2006 жылғы 5 желтоқсанда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Адамдарды сатуға және басқа адамдарды жезөкшелік мақсатында пайдалануға қарсы күресті қамтамасыз ететін ережелерді жүзеге асыру үшін осы Конвенцияда көзделген жағдайларға қарағанда неғұрлым қатаң Талаптар белгілейтін қандай да бір заңдардың талаптарын орындауға осы Конвенцияда ешнәрсе кедергі ретінде қаралмауға тиіс.
      Осы Конвенцияның 23-26-баптарының ережелері осы Хаттамаға қолданылады.

      1950 жылғы 21 наурызда Нью-Йорк қаласында жасалған Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияның және Қорытынды хаттаманың осы аудармасы орыс тіліндегі мәтінге сәйкес келеді.

      Ішкі әкімшілік департаментінің
      Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы
      аударма бөлімі бастығының
      міндетін атқарушы