Өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы конвенцияны бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2001 жылғы 7 мамыр N 194-II.

      Женевада 1947 жылғы 11 шілдеде Халықаралық Еңбек ұйымы Бас конвенциясының 30-шы сессиясы қабылдаған Өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы конвенция (81-Конвенция) бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
             Президенті

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
ОТЫЗЫНШЫ СЕССИЯ Женева, 1947 ж. 19 маусым - 11 шiлде

81-КОНВЕНЦИЯ
ӨНЕРКӘСIПТЕГI ЖӘНЕ САУДАДАҒЫ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ
ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ
(2002 жылғы 6 шілдеден бастап күшіне енді - ҚР халықаралық
              шарттары бюллетені, 2002 ж., N 8, 58-құжат)

      Күшiне енген күнi: 1950 жылғы 7 сәуiр.

      Женевада Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi шақырған
      және 1947 жылдың 19 маусымында өзiнiң отызыншы сессиясына жиналған, Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы
      сессияның күн тәртiбiнiң төртiншi тармағы болып табылатын өнеркәсiптегi және саудадағы еңбек инспекциясы туралы бiрқатар ұсыныстарды қабылдауға қаулы ете отырып,
      осы ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын берудi шеше отырып,
      бiр мың тоғыз жүз қырық жетiншi жылдың шiлде айының он бiрiншi жұлдызында 1947 жылғы Еңбек инспекциясы туралы конвенция деп атауға болатын төмендегi Конвенцияны қабылдайды: 

I-бөлiм. Өнеркәсiптегi еңбек инспекциясы 

1-бап

      Осы Конвенцияны таныған Еңбек Ұйымының әрбiр Мүшесi өнеркәсiптiк кәсiпорындарында еңбек инспекциясының жүйесiн енгiзуге мiндеттенедi.

2-бап

      1. Өнеркәсiптiк кәсiпорындарындағы еңбек инспекциясының жүйесi еңбек жағдайлары және еңбекшiлердi қорғау жөнiндегi заңдардың ережелерiн жұмыс барысында олардың қолдануын қамтамасыз етуге мiндеттi еңбек инспекторларына қатысты барлық кәсiпорындарға қолданылады.
      2. Ұлттық заңдар бойынша тау-кен және көлiк өнеркәсiбiнiң кәсiпорындары немесе осы кәсiпорындардың бiр бөлiгi осы Конвенцияның ықпалына жатқызылмауы да мүмкiн.

3-бап

      1. Еңбек инспекциясы жүйесiнiң мiндетiне:
      а) еңбек инспекторларының аталған ережелердiң қолданылуын тиiстi қамтамасыз етуi қажеттiлiгiне қарай, еңбекшiлердiң жұмыс барысында, оларға еңбек жағдайлары және олардың қауiпсiздiгi саласындағы заң ережелерiн, мәселен, жұмыс күнiнiң ұзақтығы, жалақы, еңбек қауiпсiздiгi, денсаулық сақтау мен әл-ауқаты, балалар мен жасөспiрiмдердiң еңбегiн пайдалану туралы және басқа да осындай мәселелер жөнiндегi ережелердi қолдануды қамтамасыз ету;
      b) кәсiпкерлер мен еңбекшiлердi техникалық ақпаратпен және заң ережелерiн сақтаудың барынша тиiмдi құралдары туралы кеңестермен қамтамасыз ету;
      с) қолданылып жүрген заң ережелерiнiң ықпалына жатпайтын әрекетсiздiк немесе қызметiн терiс пайдаланушылық фактiлерi туралы өкiметтің құзыреттi органына хабарлау кiредi.
      2. Егер еңбек инспекторларына басқа функциялар тапсырылса, олар инспекторлардың негiзгi функцияларын жүзеге асыруға кедергi жасамауға және инспекторларға олардың кәсiпкерлермен және еңбекшiлермен қарым-қатынастарындағы қажеттi беделiне немесе риясыздығына ешбiр жағдайда нұқсан келтiрмеуге тиiс.

4-бап

      1. Еңбек инспекциясы Ұйым Мүшесiнiң әкiмшiлiк практикасына сай келетiндей дәрежеде орталық өкiметтiң қарауында және бақылауында болады.
      2. Федеративтiк мемлекет жағдайында "орталық орган" деген тiркес не федерацияның орталық органы, не федерацияның құрамдас бөлiктерiнiң бiрiнiң федералдық органы дегендi бiлдiруi мүмкiн.

5-бап

      Өкiметтiң құзыреттi органы:
      а) бiр жағынан - инспекция қызметтерi және екiншi жағынан - басқа да үкiметтiк қызметтер, сондай-ақ осындай қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк және жеке мекемелердiң арасындағы тиiмдi ынтымақтастыққа;
      b) еңбек инспекциясы қызметшілерi мен кәсiпкерлер және еңбекшiлер немесе олардың ұйымдарының арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшiн тиiстi шаралар қолданады.

6-бап

      Инспекция қызметкерi мәртебесi мен жұмыс жағдайы олардың лауазымда болуының тұрақтылығын қамтамасыз ететiн және оларды үкiметтегi кез келген өзгерiстерден немесе кез келген сыртқы терiс ықпалдардан тәуелсiз ететiн мемлекеттiк қызметшiлерден тұрады.

7-бап

      1. Жұмысқа қабылдау ұлттық заңдарға сәйкес мемлекеттiк мекемелерге қызметшiлердi қабылдаудың ережелерi сақталған жағдайда, еңбек инспекторына жүктелетiн мiндеттерге үмiткердiң жарамдылығы негiзiнде ғана жүргiзiледi.
      2. Мұндай жарамдылықты тексерудiң әдiстерiн өкiметтiң құзыреттi органы белгiлейдi.
      3. Еңбек инспекторлары өз функцияларын жүзеге асыру үшiн тиiстi даярлықтан өтедi.

8-бап

       Инспекция қызметкерлерiнiң құрамына ер адамдармен бiрге, әйелдер де кiруi мүмкiн, қажет болған жағдайда, ер адам инспекторлар мен әйел инспекторларға тиісінше ерекше мiндеттер жүктелуi мүмкiн.

9-бап

      Ұйымның әрбiр Мүшесi денсаулық сақтау және еңбекшiлердiң жұмыс істеген кезiндегi қауiпсiздiгiне қатысты заң ережелерiн қолданылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, қолданылып жүрген тәсiлдердiң, материалдардың және әдiстердiң еңбекшiлердiң денсаулығына және қауiпсiздiгiне тигiзер әсерi туралы ақпарат алу мақсатында, медицина, механика, электр және химия салаларындағы мамандарды қоса алғанда, бiлiктi сарапшылар мен мамандарды, инспекция жұмысының ұлттық ерекшелiктерге сәйкестiгi ең жоғары болып танылған нысандарына тарту үшiн қажеттi шаралар қабылдайды.

10-бап

      Инспекциялық қызметтiң функцияларын тиiмдi түрде iске асыру үшiн еңбек инспекторларының жеткiлiктi санын қамтамасыз ету мақсатында шаралар қолданылуы тиiс, және осы сан төмендегiлер:
      а) инспекторлар орындауға тиiстi мiндеттердiң маңыздылығы, атап айтқанда:
      i) инспекцияның бақылауына жататын кәсiпорындардың саны, сипаты мөлшерi және орналасқан жерi;
      ii) осы кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн еңбекшiлердiң саны мен санаттары;
      iii) қолданылуын олар қамтамасыз етуге тиiстi заң ережелерiнiң саны мен күрделiлiгi;
      b) инспекторлардың иелiк етуiне берiлген материалдық құралдар және;
      с) тиiмдi болу үшiн олардың кезiнде инспекциялық тексерулер жүргiзiлуi тиiс іс жүзiндегi жағдайлар ескерiле отырып белгiленедi.

11-бап

      1. Өкiметтiң құзыреттi органы еңбек инспекторының иелiгiнде төмендегiлердiң болуы үшiн қажеттi шаралар қабылдайды:
      а) инспекция қызметiнiң мұқтаждықтарына сәйкес жабдықталған және барлық мүдделi тұлғаларға мүмкiндiгiнше ашық жергілiктi бюролар;
      b) тиiстi қоғамдық көлiк құралы болмаған жағдайда, олардың функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi көлiк құралдары.
      2. Өкiметтiң құзыреттi органы орын ауыстыру жөнiндегi барлық шығындарды және кез келген қосымша шығындарды өтеу мақсатында еңбек инспекторларына олардың қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi шаралар қабылдайды.

12-бап

      1. Өздерiнiң өкiлеттiктерiн растайтын құжаттары бар еңбек инспекторлары:
      а) инспекцияның бақылауына жататын кез келген кәсiпорынға тәулiктің қай уақытында болмасын алдын ала хабарламастан кедергiсiз кіруге;
      b) инспекцияның бақылауына жатады деп есептеуге өздерiнiң жеткiлiктi негiздерi бар барлық ғимараттарға күндiзгi уақытта кiруге;
      с) заң ережелерiнiң тиiмдi сақталатындығына көз жеткiзу үшiн олар қажет деп санай алатын кез келген тексерудi, бақылауды және зерттеулердi жүзеге асыруға, атап айтқанда:
      i) кәсiпкерге немесе кәсiпорынның қызметкерлерiне заң ережелерi қолданылатын барлық салалар бойынша жеке немесе куәгерлердiң қатысуымен сұрақтар қоюға;
      ii) жүргiзiлуi еңбек жағдайлары мәселелерi жөнiндегi заңдармен ұйғарылған кез келген кiтаптың, тiзiлiмнiң және құжаттың заң ережелерiне сәйкестiгiн тексеру және олардың көшiрмесiн немесе кейбiр жерлерiнен үзiнділердi түсiрiп алу мақсатында олармен танысуды талап етуге;
      ііі) заң ережелерiнде көзделгенiндей, хабарландыруларды iлудi талап етуге;
      іv) материалдардың немесе заттардың талдау мақсатымен алынғаны және әкетілгенi туралы кәсiпкердi немесе оның өкiлiн хабардар еткен жағдайда, пайдаланатын немесе өңдейтiн материалдар мен заттардың үлгiлерiн талдау үшiн алуға немесе өзiмен бiрге алып кетуге құқылы.
      2. Егер мұндай хабарлау бақылаудың тиiмдiлiгiне нұқсан келтiредi деп есептемесе, инспекциялық тексерiс жүргiзiлетiн жағдайда, өзiнiң қатысуы туралы кәсiпкерге немесе оның өкiлiне хабарлайды.

13-бап

      1. Қайсыбiр құрылыста, жабдықта немесе еңбек тәсiлдерiнде еңбекшiлердiң денсаулығы мен қауiпсiздiгiне қатер төндiредi деуге негiз бар деп есептелсе, инспекторлар ол кемшiліктердi жою жөнiнде шаралар қабылдауды талап ете алады.
      2. Еңбек инспекторларының осындай шаралар қабылдауына мүмкiндiгi болуы үшiн, ұлттық заңдарда көзделуi мүмкiн сот немесе әкiмшiлiк органдарына шағымдану құқығы сақталған жағдайда:
      а) еңбекшiлердiң денсаулығы мен қауiпсiздiгiн сақтау мәселелерi жөнiндегi заң ережелерiнiң қатал сақталуын қамтамасыз ету үшiн белгiлi мерзiмде құрылыстарға қажеттi осындай өзгерiстердi енгiзу туралы;
      b) еңбекшiлердiң денсаулығы мен қауiпсiздiгiне тiкелей қауiп-қатер төнген жағдайда - шұғыл орындауға жататын тиiстi шаралар қабылдау туралы оларға мынадай өкiмдер беруге немесе ол туралы талап қоюға уәкiлеттiк берiледi.
      3. Егер 2-тармақта көзделген рәсiм Ұйым мүшесiнiң әкiмшiлiк және сот практикасына қайшы келсе, инспекторлар дереу атқарылуға жататын шаралардың қабылдануы жөнiнде өкiметтiң құзыреттi органының нұсқама немесе өкiм шығаруы мақсатында өтiнiш жасауға құқылы.

14-бап

      Өндiрiстегi жазатайым оқиғалар туралы және кәсiби аурулар туралы ақпарат еңбек инспекцияларына бұл ұлттық заңдарда көрсетілген жағдайларда ғана берiледi.

15-бап

      Ұлттық заңдарда көзделуi мүмкiн айрықшалықтар сақталған жағдайда, еңбек инспекторларына:
      а) өз бақылауындағы кәсiпорындардың жұмысына тiкелей немесе жанама түрде қатысуға тыйым салынады;
      b) қылмыстық санкциялардың немесе тиiстi тәртiптiк шаралардың ықпалымен өздерiне таныс өндiрiстiк немесе коммерциялық құпияларды немесе өз функцияларын жүзеге асырған кезде өзiне белгiлi болған өндiрiстiк процестердi, оларды тiптi қызметтен кеткеннен кейiн де жария етпеу мiндеттеледi;
      с) кемшiлiктерге немесе заң ережелерiнiң бұзылуына жасалған кез келген шағым көздерiн аса құпия деп санауға және инспекциялық тексерулердiң осындай шағымның түсуiне байланысты болғандығын кәсiпкерге немесе оның өкiлiне хабарламауға ұйғарым берiледi.

16-бап

      Кәсiпорындарды тексерудiң жиiлiгi және жан-жақтылығы тиiстi заң ережелерiн тиiмдi қолдануды қамтамасыз ету қажеттiлiгiне қарай жүзеге асады.

17-бап

      1. Жүзеге асырылуы еңбек инспекторларына жүктелген заң ережелерiн бұзған немесе оны сақтаудан жалтарған адамдар алдын ала хабарландырылмастан, сот арқылы дереу қудалауға тартылады. Алайда, ұлттық заңдарда ерекше жағдайлар негiзделуi мүмкiн, болған жағдайды түзеу үшiн немесе ескерту шараларын қабылдау үшiн алдын ала ескерту жасалынуы тиiс.
      2. Сот арқылы iс қозғаудың немесе оны қозғауға ұсыныс жасаудың орнына ескерту жасау немесе кеңес беру керектiгi туралы мәселенi инспекторлардың өздерiнiң шешуiне құқығы бар.

18-бап

      Қолданылуы еңбек инспекторларының бақылауына жататын заң ережелерiнiң бұзылғаны үшiн және еңбек инспекторларына, олардың мiндеттерiн атқару кезiнде оларға көрсетiлген қарсы әрекеттер үшiн ұлттық заңдар бойынша тиiстi санкциялар көзделеді және олар тиiмдi қолданылады.
 
                                19-бап
 
      1. Еңбек инспекторлары немесе жергiлiктi инспекциялық бюро өздерiнiң қызметiнiң қорытындылары туралы инспекциялық қызметтiң орталық органына ара-тұра жалпы сипаттағы баяндамалар ұсынады.
      2. Осы баяндамалар орталық органның нұсқамаларына сәйкес әзiрленедi және осы органдардың ара-тұра көтеретiн мәселелерiн қамтиды; олар орталық органның талап етуiне қарай, бiрақ жылына кемiнде бiр рет ұсынылады.
 
                                20-бап
 
      1. Инспекцияның орталық органы өзiнiң бақылауындағы инспекциялық қызметтердiң жұмысы туралы жыл сайын жалпы сипаттағы баяндамаларды жариялап отырады.
      2. Осы баяндамалар жасалған жылдан кейiнгi он екi айдан аспайтын ыңғайлы мерзiмде жарияланады.
      3. Жыл сайынғы баяндамалардың даналары, олар жарияланғаннан кейiнгi ыңғайлы мерзiмде, бiрақ үш айдан кешiктiрiлмей, Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiледi.

21-бап

      Инспекция қызметiнiң орталық органы жариялайтын жыл сайынғы баяндамаларда, осы орталық органның бақылауына жататын шамада, мынадай және барлық өзге де iске қатысты мәселелер қамтылады:
      а) еңбек инспекциясының қызметiне қатысты заңдар мен қаулылар;
      b) еңбек инспекциясының қызметкерлерi;
      с) еңбек инспекциясының бақылауындағы кәсiпорындар туралы статистикалық деректер мен осы кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн еңбекшiлер саны;
      д) инспекциялық тексерулер туралы статистикалық деректер;
      е) орын алған тәртiп бұзушылықтар және қолданылған санкциялар туралы статистикалық деректер;
      f) өндiрiстегi жазатайым оқиғалар туралы статистикалық деректер;
      g) кәсiби аурулар туралы статистикалық деректер.

II-бөлiм. Саудадағы еңбек инспекциясы

22-бап

      Конвенцияның осы бөлiгiнiң күшi қолданылатын Халықаралық Еңбек Ұйымының әрбiр Мүшесi сауда кәсiпорындарында еңбек инспекциясының жүйесi болуға мiндеттенедi.

23-бап

      Еңбек жағдайлары мен еңбектi қорғау жөнiндегi заң ережелерiн, еңбекшiлердiң жұмыс барысында қолдануды еңбек инспекторлары қамтамасыз етуге тиiстi кәсiпорындар сауда кәсiпорындарындағы еңбек инспекциясының жүйесiмен қамтылады.

24-бап

      Сауда кәсiпорындарындағы еңбек инспекциясының жүйесi осы Конвенцияның 3-21 баптарының талаптарына сәйкес келедi, өйткенi олар қолданымды.

III-бөлiм. Әр түрлi ережелер

25-бап

      1. Осы Конвенцияны бекiтетiн Ұйымның кез келген Мүшесi ратификация туралы құжатқа оның осы Конвенция бойынша мiндеттемелер қабылдауының II-бөлiмге қолданылмауы көрсетілген өтiнiштi қоса тiркеуi мүмкiн.
      2. Осындай өтiнiш жасаған Ұйымның кез келген Мүшесi кез келген уақытта кейiнгi өтiнiшiмен оның күшiн жоя алады.
      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес өтiнiш жасаған Ұйымның кез келген Мүшесi, өзiнiң осы Конвенцияны қолдану туралы жыл сайынғы баяндамаларында осы Конвенцияның II-бөлiмiндегi ережелерге қатысты қолданылатын заңдар мен қолданылудың ахуалы туралы хабарлайды және аталған ережелер қандай дәрежеде жүзеге асырылғанын немесе, жүзеге асыру көзделетiнiн көрсетедi.

26-бап

      Осы Конвенция кез келген кәсiпорынға немесе оның қайсыбiр бөлiгiне немесе қызметiне қолданылатындығына сенiм болмаған жағдайда, бұл мәселенi өкiметтiң құзыреттi органы шешедi.

27-бап

      Осы Конвенцияда "заң ережелерi" деген термин заң ережелерiнен басқа олардың қолданылуын еңбек инспекторлары қамтамасыз етуге тиiстi аралық соттардың заң күшi бар шешiмдерi мен ұжымдық шарттарды бiлдiредi.

28-бап

      Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынылатын жыл сайынғы баяндамаларда осы Конвенцияның ережелерiн күшiне енгiзетiн ұлттық заңдардың барлық ережелерi туралы толық ақпарат көрсетiледi.

29-бап

      1. Егер Ұйым Мүшесiнiң аумағында үлкен аудандар болып, өкiметтiң құзыреттi органы онда халықтың бытыраңқылығы немесе ауданның даму деңгейi салдарынан осы Конвенцияның ережелерiн қолдану iс жүзiнде мүмкiн емес деп есептесе, өкiметтiң осы органы осындай аудандарды Конвенцияның қолданылу ықпалынан не толық, не жекелеген кәсіпорындарға немесе кәсіптерге қатысты ол осылай дұрыс деп есептеген кейбiр айрықшалықтармен алып тастай алады.
      2. Ұйымның әрбiр Мүшесi Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынатын осы Конвенцияны қолдану туралы өзiнің жыл сайынғы бiрiншi баяндамасында, оларға қатысты осы баптың ережелерiн пайдаланатын ниетi бар аудандарды, сондай-ақ осы ережелердi пайдалану ниетiнiң себептерiн көрсетедi. Ұйым Мүшелерiнiң ешқайсысы өзiнiң жыл сайынғы бiрiншi баяндамасы жасалғаннан кейiн, сол баяндамада көрсетiлген аудандарды қоспағанда, осы баптың ережелерiн қолдана алмайды.
      3. Осы баптың ережелерiн қолданатын Ұйымның әрбiр Мүшесi өзiнiң кейiнгi жыл сайынғы баяндамаларында аталған ережелердi қолдануға қатысты құқығынан өзi бас тартатын аудандарды көрсетедi.

30-бап

      1. 1946 жылғы Халықаралық Еңбек Ұйымының Жарғысына түзету енгiзу туралы актiге сәйкес өзгертiлген Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 35-бабында аталған аумақтарға қатысты, аталған баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген аумақтарды қоспағанда, осы Конвенцияны бекiтетiн Ұйымның әрбiр Мүшесi Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына бекiткеннен кейiн мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде, төмендегiлердi:
      а) Ұйымның мүдделi Мүшесi оларға қатысты осы Конвенцияның ережелерiн өзгерiссiз қолдануға мiндеттенетiн аумақтарды;
      b) ол өзгерiстерiмен және осы өзгерiстердiң бөлшектерiмен Конвенцияның ережелерiн қолдануға мiндеттенетiн аумақтарды;
      с) Конвенция қолданылмайтын аумақтарды және мұндай жағдайда оның оған қолданылмауының себептерiн;
      д) оған қатысты өз шешiмiн сақтайтын аумақтарды көрсете отырып, өтiніш жiбередi.
      2. Осы баптың 1-тармағының а) және b) тармақшаларында көрсетiлген мiндеттемелер бекiтудiң ажырамас бөлiгi болып саналады және оның салдары олармен бiрдей болады.
      3. Ұйымның кез келген Мүшесi өзiнiң жаңа өтiнiшi арқылы осы баптың 1-тармағының b), с) және d) тармақшаларының күшiне байланысты, өзiнiң бұдан бұрынғы өтiнiшiндегi ескертпелерiнен толық немесе iшiнара бас тарта алады.
      4. Ұйымның кез келген Мүшесi осы Конвенцияның күшi жойылуы мүмкiн кезеңде Бас Директорға 34-баптың ережелерiне сәйкес бұның алдындағы кез келген өтiнiшiндегi кез келген басқа жағдайларды өзгертетiн және белгiлі бiр аумақтардағы ахуал туралы хабарлайтын жаңа өтiнiш жiбере алады.

31-бап

      1. Осы Конвенцияда көзделген мәселелер метрополиядан тыс орналасқан аумақтар өкiметтерiнің, құзыретiнде болған жағдайда, осы аумақтардың халықаралық қарым-қатынастарына жауапты Ұйым Мүшесi осы аумақтағы үкiметпен келiсе отырып, Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына, осы Конвенция бойынша сол аумақтың атынан мiндеттердi өзiне алуы туралы өтiнiш жiбере алады.
      2. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiлетiн осы Конвенция бойынша мiндеттердi өзiне алуы туралы өтiнiштi төмендегiлер жолдай алады:
      а) аумаққа бiрлесiп басқару жүргiзiп отырған екi не одан да көп Ұйым Мүшелерi;
      b) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы ережелерiнiң немесе осы аумаққа қатысты қолданылатын басқа қаулының негiзiнде белгiлi бiр аумақты басқаруға жауапты кез келген халықаралық өкiмет.
      3. Осы баптың алдыңғы тармақтарындағы ережелерге сәйкес Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiлетiн өтiнiштерде осы Конвенцияның ережелерi аталған аумақта өзгерiстерiмен немесе өзгерiстерiнсiз қолданылатындығы көрсетiледi; егер өтiнiште осы Конвенцияның ережелерi өзгерiстерiмен қоса қолданылады деп көрсетiлсе, онда осы өзгерiстердiң неден тұратыны нақты көрсетiледi.
      4. Мүдделi Ұйымның Мүшесi немесе Мүшелерi немесе халықаралық билiк орындары жаңа өтiнiш арқылы кез келген уақытта алдыңғы өтiнiштердiң бiрiнде айтылған өзгерiстердi пайдалану құқығынан толық немесе iшiнара бас тартуы мүмкiн.
      5. 34-баптың ережелерiне сәйкес Конвенцияның күшi жойылуы мүмкiн кезеңдерде Мүдделi Ұйымның Мүшесi немесе Мүшелерi немесе халықаралық билiк орындары Бас Директорға мұның алдындағы кез келген өтiнiштiң шарттарын кез келген қатынаста өзгертетiн және осы Конвенцияның қолданылуына қатысты болған ережелер туралы хабарлайтын жаңа өтiнiш жiберуi мүмкiн.

IV-бөлiм. Қорытынды ережелер

32-бап

      Осы Конвенцияны бекiту туралы ресми құжаттар тiркеу үшiн Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiледi.

33-бап

      1. Осы Конвенция бекiту туралы құжаттарын Бас Директор тiркеген Халықаралық Еңбек Ұйымының Мүшелерiн ғана байланыстырады.
      2. Осы Конвенция, Ұйымның екi Мүшесiнің бекіту туралы құжаттарын Бас Директор тiркегеннен кейiнгi он екi ай өткен соң күшіне енеді.
      3. Кейiнгi уақыттарда, осы Конвенция Ұйымның әрбiр Мүшесiне қатысты, оның бекiту туралы құжаты тiркелгеннен кейiнгi он екi айдан соң күшiне енетiн болады.

34-бап

      1. Осы Конвенцияны бекiткен Ұйымның кез келген Мүшесi, оның бастапқы күшiне енген кезiнен он жыл өткеннен соң, оның күшiн Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiлген және онда тiркелген күшiн жою туралы акт арқылы күшiн жоя алады. Күшiн жою күшiн жою туралы акт тiркелгеннен кейiн бiр жылдан соң күшiне енедi.
      2. Осы Конвенцияны бекiткен Ұйымның әрбiр Мүшесi өзiнiң осы бапта көзделген күшiн жою құқығын осының алдындағы тармақта аталған он жылдық кезең өткеннен соң бiр жылдың iшiнде пайдаланбаса, ол келесi он жылдық кезеңге созылады және кейiн, әрбiр он жылдық кезең өткен сайын, осы бапта көзделген тәртiптi сақтай отырып, осы Конвенцияның күшiн жоя алады.

35-бап

      1. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры өзiнiң Ұйым Мүшелерiнен алған бекiту туралы құжаттарды, күшiн жою туралы өтiнiштер мен актiлердi тiркегенi туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық Мүшелерiне хабарлайды.
      2. Бас Директор алынған бекiту туралы екiншi құжатты тiркеу жөнiнде Ұйым Мүшелерiне хабарлай отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшiне енген күнiне аударады.

36-бап

      Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры осының алдындағы баптарға сәйкес тiркеген бекiту туралы құжаттарға, күшiн жою туралы өтiнiштер мен актiлерге қатысты толық мәлiметтердi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тiркеу үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жiбередi.

37-бап

      Әрқашан, Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi қажет деп есептеген жағдайда, ол Бас Конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндама ұсынады және Конференцияның күн тәртiбiне оны толық немесе iшiнара қайта қарау туралы мәселені енгізу қажеттігін шешеді.

38-бап

      1. Егер Конференция осы Конвенцияға толық немесе iшiнара өзгерiстер енгiзетiн жаңа конвенцияны қабылдаса, және егер жаңа конвенцияда өзгеше жағдайлар көзделмеген болса, онда:
      а) жаңа, қайта қаралған конвенцияның Ұйымның кез келген Мүшемен бекiтiлуі, 34-баптың ережелерiне қарамастан, жаңа, қайта қаралған конвенция күшiне енгiзiлген жағдайда, осы Конвенцияның күшi жойылуын өздiгiнен қажет етедi;
      b) осы Конвенция жаңа, қайта қаралған конвенция күшiне енгiзiлген күннен бастап, Ұйым Мүшелерiнiң бекiтуi үшiн жабық болады.
      2. Осы Конвенция, оны бекiткен, бiрақ жаңа, қайта қаралған конвенцияны бекiтпеген Ұйымның Мүшелерi үшiн нысаны мен мазмұны жағынан өз күшiнде қалады.

39-бап

     Осы Конвенцияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерінің күші бірдей.