ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі № 158 "Мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24350 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
аталған бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік қызметшінің жеке ісін жүргізу үшін қажетті құжаттар тізбесінде:
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"10) мүлікті сенімгерлікпен басқару шартының нотариалды куәландырылған көшірмесі (болған жағдайда);";
11-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"11-1) мемлекеттік қызметшінің құқық бұзушылықтары туралы "Е-қызмет" цифрлық жүйесі арқылы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органнан сұратылатын мәліметтер;";
2, 3, 4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Мемлекеттік қызметшінің жеке ісі қағаз түрінде бір данада жүргізіледі және мемлекеттік қызметшінің жұмыс орны бойынша мемлекеттік органның персоналды басқару қызметінде (кадр қызметінде) (немесе персоналды басқару қызметінің міндеттерін орындау жүктелген бөлімшеде) сақталады. Мемлекеттік қызметшілердің жеке істері "Е-қызмет" цифрлық жүйесінде немесе персоналды басқару бойынша ведомстволық цифрлық жүйеде электрондық түрде қалыптасады.
Ескертпе: Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын мемлекеттік қызметшілердің жеке істері Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде және осы адамдар жұмыс істейтін мемлекеттік органда жүргізіледі.
3. Осы тізбенің 1-тармағы 11), 11-1), 12, 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшаларында көрсетілген деректер тек қана "Е-қызмет" цифрлық жүйесінде оларды қағаз түрінде сақтамай жүргізіледі.
4. "Е-қызмет" цифрлық жүйесінде мемлекеттік қызметшінің жеке ісін сапалы жүргізуді қамтамасыз ету заңнамаға сәйкес мемлекеттік органның аппарат басшысына, ал аппарат басшысы лауазымы жоқ мемлекеттік органдарда – мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар адамға жүктеледі.
5. Мемлекеттік қызметші туралы мәліметтерді "Е-қызмет" цифрлық жүйесінде өзектендіруді персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жүзеге асырады.";
қосымшаға ескертпенің 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Өмірбаянның 1, 3, 5-тармақтары "Е-қызмет" цифрлық жүйесімен автоматты түрде толтырылады.";
аталған бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік қызметшінің қызметтік тізімі ескертпенің:
ескертпенің 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қызметтік тізім "Е-қызмет" цифрлық жүйесімен қалыптастырылады.".
2. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 18 мамырдағы № 116 "Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32549 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
аталған бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2026 жылғы 11 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы абзацтарды қоспағанда, 2026 жылғы 11 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы |
Д. Жазықбай |
Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 13-бабы 5-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар:
1) сенімгерлік басқару – сенімгер басқарушының сенімгерлік басқару шартында белгіленген өкілеттіктер шегінде өзінің иеленуіне, пайдалануына және билік етуіне берілген мемлекеттік қызметшінің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның мүлкін мемлекеттік қызметшінің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның мүддесі немесе ол көрсеткен басқа адамның (пайда алушының) мүддесі үшін өз атынан жүзеге асыратын басқару жөніндегі қызметі;
2) сенімгер басқарушы – тиісті шарттың негізінде мемлекеттік қызметшінің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның мүлкін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшінің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның таңдауы бойынша кез келген адам.
3. Мемлекеттiк қызметшi, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің талаптарын ескере отырып, өз қалауы бойынша сенімгерлік басқарушыға берiлетiн құқықтылықтар көлемiн айқындайды.
2-тарау. Мемлекеттiк қызметшiнің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның мүлкiн сенімгерлік басқаруға беру тәртiбi
4. Мемлекеттiк қызметшiнiң, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның мүлкiн сенімгерлік басқару:
1) мәмiле;
2) әкiмшiлiк актiнiң негiзiнде туындайды (белгіленеді).
5. Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам лауазымға орналасқан күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, өздеріне заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акцияларды), цифрлық активтерді, сондай-ақ мүліктік жалдауға (жалға) берілген мүлікті қоспағанда, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заттай құқықта тиесілі, пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында сенімгерлік басқаруға береді және көрсетілген мерзімде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы мен оның орынбасарлары көрсетілген мемлекеттік лауазымдарға тағайындалған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өздеріне тиесілі инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлік басқаруға береді және жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады.
7. Тараптардың біреуі мүлікті сенімгерлік басқару шартын бұзған жағдайда, мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам сенімгерлік басқару шарты бұзылғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде, сенімгерлік басқаруға берілуге тиіс мүлікті қайтадан сенімгерлік басқаруға береді және аталған мерзімде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсынады.
8. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздерiмен қатар:
1) сенiмгер басқарушы-азамат қайтыс болғанда, оны өлдi деп жариялағанда, оны әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танығанда; заңды тұлға-сенiмгер басқарушы таратылғанда;
2) сенiм бiлдiрiлген мүлiктi басқаруды жеке жүзеге асыру сенiмгерлiкпен басқарушы үшiн мүмкiн болмауына байланысты сенiмгер басқарушы немесе мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам бас тартқанда;
3) сенiмгер басқарушыға залалдар және шартта көзделсе, сыйақы төленген жағдайда мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам шартты орындаудан бас тартқанда;
4) егер шартта көзделсе, кепiл ауыртпалығымен берiлген мүлiктi сыйақы бере отырып басқаруға беру туралы сенiмгер басқарушыға хабарланбаған жағдайға орай ол бас тартқанда тоқтатылады.
9. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты қолданылуының тоқтатылуы немесе қайта жасалуы туралы кез келген кейiнгi ақпаратты мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам көрсетілген оқиғалар басталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн мерзімде жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ұсынады.
Мүлікті сенімгерлік басқару шарты қайтадан жасалған кезде оның нотариат куәландырған көшірмесі осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) беріледі.