БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бюджеттік кредиттеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 26 маусымдағы № 325 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36331 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік кредиттерді беру жөніндегі рәсімдер, оның ішінде оларды беру кезінде қажетті құжаттар тізбесі, сондай-ақ бюджеттік кредит беру тәсілдері, бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету кестесі, бюджеттік кредитті қайта құрылымдау және қарыз алушыны ауыстыру рәсімдері, талап қоюдың ескіру шарттары, бюджеттік кредит бойынша борышты аудару шарттары, кредиторлардың талаптарын тоқтату және бюджеттік кредиттер бойынша кепілдікті тоқтату, бюджеттік кредиттер бойынша бақылау рәсімдерінде:
3-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) бюджеттік кредиттердің нысаналы пайдаланылуын мониторингтеу – бұл тұрақты түрде бағамдау, бюджеттік кредит қаражатын жұмсау туралы ақпаратты жинау және талдау, бюджеттік кредит қаражатын пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында тікелей және түпкілікті нәтижелердің көрсеткіштеріне қол жеткізу процесі;";
26-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Мерзімінен бұрын өтеу кезінде өтеу кестесінде алғашқы дәйекті үш төлемніңсомасы өзгертуге жатпайды.";
49-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы Рәсімдердің 53-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылатын бюджеттік кредитті қайта құрылымдау кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган шешімінің жобасына Республикалық бюджет комиссиясының қорытындысы талап етілмейді.";
53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"53. Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау:
1) негізгі борышты өтеу және/(немесе) сыйақыны төлеу мерзімдерін өзгерту;
2) бюджеттік кредиттің берілу мақсаттарына сәйкес іс-шараларды іске асыруға қарыз алушының бюджеттік кредитті пайдалана алатын игеру кезеңін өзгерту;
3) бюджеттік кредиттің валютасын өзгерту;
4) бюджеттік кредит, кредит бойынша сыйақы және өзге де төлемдер бойынша берешекті (мерзімі өткен берешекті) капиталдандыру (жиынтықтау);
5) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) толық және ішінара есептен шығару арқылы жүзеге асырылады.
Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте немесе тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген бюджеттің кіріс бөлігінің өзгеріссіз жоспарланған мөлшерін қамтамасыз ету кезінде жүзеге асырылады.
Қарыз алушының негізгі борышты өтеу және/немесе сыйақы төлеу мерзімдерін өзгертуге бұрын белгіленген мерзімдерде өтеу мүмкін еместігінің негіздемелерін ұсынбауы қайта құрылымдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
Қарыз алушының игеру мерзімі аяқталғаннан кейін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға өтініш беруі қарыз алушы бюджеттік кредитті пайдалана алатын игеру кезеңін өзгертуге қайта құрылымдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік кредиттердің нысаналы пайдаланылуын және ол бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуына бақылауды жүзеге асыру қағидаларында:
2-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"9) түпкілікті қарыз алушы – кредитор немесе қаржы агенттігі айқындаған шарттармен оған берілетін бюджеттік кредитті түпкілікті алушы;";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Түпкілікті қарыз алушы бюджеттік бағдарламаны іске асыру тиімділігін бағалау үшін тәуекел дәрежесі (деңгейі) бойынша бағалауға жатады. Түпкілікті қарыз алушыға қатысты қолданылатын санаттарға бөлу үшін тәуекел дәрежесінің (деңгейінің) өлшемшарттары:
кәсіпкерлік қызметтен түсетін пайданың болуы/жоқтығы;
кәсіпкерлік қызмет үшін салық төлеудің болуы/жоқтығы және олардың бюджеттік кредитті алғаннан кейінгі серпіні;
жалданған жұмысшылардың болуы/жоқтығы;
қарыз алушының экономикалық белсенділігінің мәртебесі (қолданыста, тоқтатылған, жабылған);
бюджеттік кредиттің нысаналы мақсатын ескере отырып салалық тәуекел өлшемшарттары.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаржыландыру салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, бюджеттік кредиттерді нысаналы пайдаланбау туралы тәуекелдер өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді."
10-тармақтың 1-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) түпкілікті қарыз алушы ұсынатын есептілік пен мәліметтерді, оның ішінде автоматтандырылған жүйелер арқылы мониторингтеу нәтижелері;"
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) ресми жарияланған күнінен кейін осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі