ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Электрондық және биржалық сауда департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында оның ресми жарияланғаннан кейін орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрыққа қосымшаның 1-тармағының он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, жиырмасыншы және қырық алтыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаккалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі 2025 жылғы 3 қазандағы № 286-НҚ Бұйрығына қосымша |
Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі
1. "Биржалық сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 280 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10993 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Биржалық сауда қағидаларында:
49-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
"Жұмыс, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, тауар биржасының жұмыс режимі туралы ақпарат тауар биржасының интернет-ресурсында орналастырылады.
Жұмыс режимі өзгерген жағдайда ақпарат жаңа режим енгізілген күнге дейін 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірілмей орналастырылады.";
56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"56. Биржалық сауда-саттыққа қатысушы беретін биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінім биржалық сауда-саттыққа қатысушының биржалық мәміле жасасуға сөзсіз келісімі болып табылады.
Биржалық сауда-саттықты өткізу кезінде өтінімде мыналар көрсетіледі:
сауда құралының (тауардың)коды;
өтінімнің бағыты: өнімді сатып алу немесе сату;
өткізілетін (сатып алынатын) тауардың саны;
тауардың бағасы (сатып алуға арналған өтінімде және сатуға арналған өтінімде көрсетіледі).";
57-тармақ мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
"5-1) сатушы осы Қағидалардың 14-тарауының 1-параграфында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда;";
75-тармақ алынып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 75-1-тармақпен толықтырылсын:
"75-1. Тауар биржасында жасалған мәмілелер бойынша биржалық тауарларға ақы төлеу және жеткізу сатушы тарапынан тиісті жеткізілім бойынша барлық талаптар орындалған жағдайда, Сатып алушы тарапынан жасалған шарт сомасын толық төлеу бөлігінде жасалған биржалық мәміле негізінде шарт талаптарының орындалуына кепілдік беру жөніндегі контрагенттің функцияларын өзіне қабылдайтын тауар биржасының клирингтік орталығы арқылы жүзеге асырылады.";
76-тармақ алынып тасталсын;
77-тармақ алынып тасталсын;
78-тармақ алынып тасталсын;
81-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"81. Тауар биржасының мүшелеріне өтінімдер беру және мәмілелер жасасу үшін тауар биржасының электрондық сауда жүйесіне жүгіну жылдамдығы секундына екі және одан да көп өтінішті құрайтын автоматтандырылған жеделдетіп өңдеу және деректерді беру технологияларын және сыртқы бағдарламалық-техникалық жүйелерді пайдалануға жол берілмейді.
Осындай технологияларды пайдалана отырып жасалған мәмілелер елеусіз деп танылады және тауар биржасының күшін жоюға жатады.";
мынадай мазмұндағы 82-1-тармақпен толықтырылсын:
"82-1. Биржалық мәмілелер жойылған жағдайда тауар биржасы күшін жою туралы шешім қабылданған сол жұмыс күні тауар биржасының интернет-ресурсында сауда-саттыққа қатысушылардың көлемін, атауын көрсете отырып, күші жойылған мәмілелер туралы ақпаратты орналастырады.
Жойылған көлемдерді биржалық сауда-саттыққа қайта қоюға тауар биржасының интернет-ресурсында қайталама сауда-саттық туралы ақпарат биржалық сауда-саттық өткізілетін күнге дейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмей орналастырылған жағдайда жол беріледі.";
96-тармақ алынып тасталсын;
97-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"97. Биржадан тыс мәмілені тіркеуді тауарға меншік құқығының одан басқа тұлғаға ауысуын көздейтін мәміле жасасқан биржалық тауарды сатушы жүзеге асырады.
Биржадан тыс мәмілені тіркеу:
1) дербес-оны дилер ретінде аккредиттеу болған және өтініш берушіде брокермен жасалған брокерлік қызмет көрсету шарты болмаған кезде;
2) брокер арқылы – өтініш берушіде брокермен жасалған брокерлік қызмет көрсету шарты болған кезде жүзеге асырылады.
Тауар биржасында биржадан тыс мәмілені тіркеу сатушы үшін қандай да бір шығындарға әкеп соқпайды және оны тауар биржасы тегін жүргізеді.
Сатушы биржалық тауарлармен сауданың жекелеген секцияларының ережелерін ескере отырып, биржадан тыс мәмілелерді тауар биржасында тіркеуді қамтамасыз етеді.";
99-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"99. Тауар биржасында биржадан тыс мәмілені тіркеу биржадан тыс мәміле жасалған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Биржадан тыс мәмілені тіркеу биржалық мәміле емес.
Егер биржадан тыс мәміле жасасқан сатушы осы мәмілені тауар биржасының электрондық сауда жүйесінде тіркемеген болса, тауар биржасы осы Қағидалардың 57-тармағына сәйкес биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) өтінімді қабылдаудан бас тартады. Көрсетілген жағдайда тауар биржасы биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) өтінімді қабылдаудан бас тартылған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша хабарлама жібереді.
Сатушы биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) өтінімді қабылдаудан бас тарту туралы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарламада көрсетілген бұзушылықтарды жояды және тауар биржасына осы тараудың талаптарына сәйкес биржадан тыс мәмілені тіркеу үшін қажетті мәліметтерді береді.";
103-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"103. Әрбір биржалық тауар үшін тауар биржасы биржадан тыс индикаторды есептейді.
Биржадан тыс индикатор биржалық тауардың тиісті өндірушісінің жеткізу базасында және нақты күнтізбелік айда биржалық тауардың тиісті түрінің ағымдағы жасалатын биржадан тыс мәмілелерінің орташа арифметикалық мәні деңгейінде есептеледі.";
105-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"105. Биржадан тыс индикаторларды қолдану тікелей келісімшарттар бағасының өзгеру серпінін бағалау үшін өзара әр түрлі уақыт кезеңдерінде қалыптастырылған биржадан тыс индикаторлардың мәндерін салыстыру не ұқсас уақыт кезеңіндегі тиісті сауда құралының биржалық индикаторларымен биржадан тыс индикаторлардың мәндерін салыстыру жолымен жүргізіледі.
Биржалық тауармен жасалған биржадан тыс мәмілелерге талдау және мониторинг жүргізу кезінде биржадан тыс индикаторларды қолдануды тауар биржасы дербес жүргізеді.";
112-тармақ алынып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 135-1-тармақпен толықтырылсын:
"135-1. Оларға қатысты жекелеген сауда секциялары көзделмеген биржалық тауарлар бойынша биржалық сауда-саттықты өткізу тауар биржасының интернет-ресурсында тауар биржасы олар басталғанға дейін кемінде 10 (он) жұмыс күні бұрын орналастыратын сауда күндері мен сауда-саттық сессияларын өткізу кезеңділігін көздейтін сауда-саттықты өткізу кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Сауда күндері мен сауда сессияларын өткізу кезеңділігі өзгерген кезде тауар биржасы жаңартылған кестені олар басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей тауар биржасының интернет-ресурсында орналастырады.";
136-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"136. Әрбір сауда күнінің қорытындысы бойынша тауар биржасы келесі жұмыс күнінен кешіктірмей тауар биржасының интернет-ресурсының арнайы бөлімінде мынадай мәліметтерді қамтитын биржалық сауда-саттық нәтижелері туралы ақпаратты орналастырады:
Сауда-саттықты өткізу күні;
ЕАЭО СЭҚ ТН коды
тауардың атауы;
Сауда-саттықты ашу және жабу бағасы;
мәмілелердің ең жоғары және ең төменгі және орташа өлшенген бағасы;
мәміленің жалпы сомасы;
Сатушы мен сатып алушының БСН-і;
сатып алушының брокерінің атауы;
сатып алушының атауы;
сатушы брокерінің атауы:
сатушының атауы;
жасалған мәмілелер саны;
жеткізу шарттары.
Тауар биржасында жасалған мәмілелер туралы мәліметтер жалпыға қолжетімді болып табылады.";
237-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"237. Сатып алушылар үшін биржалық қамтамасыз ету мөлшері болжамды мәміленің 1% құрайды.
Сатушылар үшін биржалық қамтамасыз ету мөлшері болжамды мәміленің 3% құрайды.";
мынадай мазмұндағы 246-1-тармақпен толықтырылсын:
"246-1. Көмір өнеркәсібі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның ұсынымдары негізінде тауар биржасы бір сауда күні шеңберінде бір сатып алушы беретін көмір сатып алуға өтінімнің ең жоғары көлемін белгілейді.";
251-тармақ алынып тасталсын.
2. "Тауар биржалары мәмілелері бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру қағидаларын және Тауар биржасы клирингтік орталығының аппараттық-бағдарламалық кешеніне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 қарашадағы № 729 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12605 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тауар биржалары мәмілелері бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру қағидаларында:
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Биржалық мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін тауар биржасы клирингтік ұйыммен клирингтік қызмет көрсету туралы шарт жасасады.
Клирингтік ұйымның биржалық саудаға қатысушыларды аккредиттеуін жүргізуге жол берілмейді.
Биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін клирингтік ұйым биржалық саудаға қатысушымен 3 (үш) жұмыс күні ішінде клирингтік қызмет көрсету туралы шарт жасасады.".
3. "Тауар биржаларының қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2019 жылғы 3 қыркүйектегі № 31 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19342 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тауар биржаларының қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесінің 1-қосымшада:
Тауар биржаларының қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы мәліметтер нысанында:
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Тауар биржасының жарғылық капиталының болуы қоса беріліп отырған тауар биржасының банктік шотынан үзінді көшірмемен және жарғылық капиталды төлеуге енгізілетін мүлікті бағалаумен расталады.".
4. "Электрондық сауда алаңдарында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 20 наурыздағы № 115-НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35848 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электрондық сауда алаңдарында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізу қағидаларында:
7-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Табиғи монополия субъектісі сатып алуды Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық жүйесімен және (немесе) мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланған электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі (Сатып алудың бірыңғай платформасы) арқылы жүзеге асырады.".