Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 3 қазандағы № 568 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 3 қазанда № 37047 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 68-бабының 1-2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң және 2025 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Жасанды интеллект және

      цифрлық даму министрлігі

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 3 қазандағы
№ 568 бұйрығына
1-қосымша

Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 68-бабының 1-2-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) биометриялық сәйкестендіру – адамның физиологиялық ерекшеліктерін сипаттайтын және оның негізінде жеке басын анықтауға болатын биометриялық деректер (цифрлық фотосурет);

      2) уәкілетті органның нормативтік-анықтамалық ақпараты – мемлекеттік кірістер органдарының деректер базасынан берілетін және Салық кодексіне сәйкес салық құпиясы болып табылмайтын ақпарат;

      3) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      4) электрондық шот-фактура (бұдан әрі – ЭШФ) – электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі арқылы жазып берілетін және салық заңнамасы нормаларының талаптарына және осы Қағидаларға сәйкес келетін құжат;

      5) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ЭШФ АЖ) – уәкілетті органның электрондық нысанда жазып берілген шот-фактураларды жазып беру, жіберу, қабылдау, тіркеу, өңдеу, беру, алу және сақтау жүзеге асырылатын ақпараттық жүйесі;

      6) ЭШФ АЖ қатысушысы – электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін пайдалану туралы келісімге қол қойған және ЭШФ АЖ-да тіркелген тұлға;

      7) ЭШФ АЖ операторы – ЭШФ АЖ әкімшісі болып табылатын мемлекеттік орган;

      8) Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін пайдалану туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) – "Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық нысанда шот-фактураны жазып беру қағидаларын және оның нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қаржы министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі № 370 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша қол қойылған және ЭШФ АЖ-да тіркелу кезінде салық төлеуші электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырған құжат (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18583 болып тіркелген) (бұдан әрі – ЭШФ жазып беру қағидалары).

2-тарау. Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалану тәртібі

      3. Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріндегі биометриялық сәйкестендіру құралдары мынадай:

      1) салық төлеушіні ЭШФ АЖ қатысушысы ретінде тіркеген;

      2) Салық кодексінің 136-бабы 5-тармағының 4) және 5) тармақшасына және 137-бабына сәйкес тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде салық төлеушіге қатысты тәуекел анықталған жағдайда қолданылады.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, салық төлеушіге ЭШФ АЖ арқылы ЭШФ АЖ порталына хабарлама жіберілген сәттен бастап биометриялық өту қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі.

      Биометриялық сәйкестендіру ЭШФ жазып беру кезінде күніне 1 (бір) рет жүргізіледі.

      Ол өтпеген жағдайда ЭШФ жазып беру мүмкін емес.

      Биометриялық сәйкестендірудің міндетті өтулерінің жалпы саны 3 (үш) рет.

      Көрсетілген санға жеткеннен кейін ЭШФ АЖ биометриялық сәйкестендіруден өтпей ЭШФ одан әрі жазып беруге мүмкіндік береді.

      5. Биометриялық сәйкестендіруді ЭШФ АЖ-да жүзеге асырады.

      6. Биометриялық сәйкестендіруді жүзеге асыру кезінде ЭШФ АЖ басшының немесе ЭШФ жазуға уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ деректерінің заңды тұлғаның басшысы, дара кәсіпкер не ЭШФ АЖ операторының нормативтік-анықтамалық ақпаратында орналастырылған тіркеу деректері бар жеке тұлға туралы деректермен және Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің "цифрлық бейін" платформасында орналастырылған деректермен сәйкестігіне тексеру жүргізеді (did.gov.kz).

      7. Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген деректер сәйкес келген кезде ЭШФ АЖ операторы:

      1) осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда – салық төлеушіге ЭШФ АЖ қатысушысы мәртебесін беруді;

      2) осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда – ЭШФ-ны өңдеуді және тіркеу нөмірін беруді жүзеге асырады.

      8. Салық төлеушілер санатын тіркеу ерекшеліктерін қолдану және құқықтар беру ЭШФ жазып беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 3 қазандағы
№ 568 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің күші жойылған бұйрықтарының тізбесі

      1. "Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының міндетін атқарушының – Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 27 наурыздағы № 294 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32132 болып тіркелген).

      2. "Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының міндетін атқарушының – Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 27 наурыздағы № 294 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 1331 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33832 болып тіркелген).

      3. "Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының міндетін атқарушының – Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 27 наурыздағы № 294 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 20 қаңтардағы № 32 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35666 болып тіркелген).