Қазақстан Республикасының банк және микроқаржылық қызмет мәселелері жөніндегі кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі № 64 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 1 қазанда № 37026 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес өзгерістер мен толықтыру енгізілетін банк және микроқаржылық қызмет мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Қаржылық қызметтерді дамыту және іс-қимылды қадағалау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2025 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 64 Қаулыға
қосымша

Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін банк және микроқаржылық қызмет мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

      1. Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 03.04.2026 № 44 (алғашқы жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 қарашадағы № 208 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19677 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:"

      Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидаларында:

      2, 3 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Микроқаржы ұйымдары:

      1) микрокредиттер бойынша сыйақы шамалары туралы ақпаратты тарату, оның ішінде оны жариялау кезінде;

      2) клиентпен жасалатын микрокредит беру туралы шартта;

      3) микрокредиттерді электрондық тәсілмен ұсынған кезде интернет-ресурста жеке кабинетте, мобильді қосымшада сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін қаріптері сыйақының басқа мөлшерлемелерімен бірдей көлемдегі және ресімдеу стиліндегі (курсив, жартылай қарайтылған, түспен бояп көрсету) нысанда цифрмен көрсетеді.

      Клиентпен жасалатын микрокредит беру туралы шартта жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі компьютерлік техника құрылғыларының көмегімен басқа сыйақы мөлшерлемелерімен бір сөйлемде басылады.

      Егер жалпы талаптар микрокредит беру туралы шартта кесте түрінде көрсетілсе, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі басқа мөлшерлемелер көрсетілгеннен кейін келесі жеке жолда (бағанда) көрсетіледі.

      Микроқаржы ұйымдары өзінің интернет-ресурсында (бар болса) микрокредитке байланысты барлық төлемдерді ескере және оның қорытынды мәнін көрсете отырып, қарыз алушылардың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеуіне арналған сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін автоматтандырылған есептеу құралын (калькулятор) орналастырады.";

      3. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің есебі:

      1) микрокредит беру туралы шарт, микрокредит беру туралы шартқа қосымша келісімдер жасалған күнге;

      2) қарыз алушының ауызша немесе жазбаша талап етуі бойынша;

      3) қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соғатын микрокредит беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда жүргізіледі.

      4) қарыз алушы микрокредитке қызмет көрсету кезеңінде осы Қағидалардың 8-1-тармағында көрсетілген және микрокредит беру туралы шарт жасалған күнге жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне енгізілмеген төлемдерді жүзеге асырған жағдайда, қарыз алушыға микрокредит беру туралы шартта көзделген тәртіппен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мәнінің өзгергені туралы хабарланады.

      8. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне қарыз алушының оның микрокредит беру туралы шарттың негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеу бойынша талаптарын сақтамауына байланысты туындаған төлемдерін (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, қарыз алушының негізгі борыш пен сыйақы бойынша барлық төлемі, оның ішінде Қағидалардың 8-1-тармағында көрсетілген қарыз алушының үшінші тұлғалардың пайдасына төлейтін өзге де төлемдері кіреді.";

      мынадай мазмұндағы 8-1-тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне микрокредит беру туралы шарт жасау күніне белгілі үшінші тұлғалардың пайдасына қарыз алушылардың өзге де төлемдер:

      1) қарыз алушының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының пайдасына кепіл берушінің пайдалануындағы және қарыз алушының міндеттемелерін қамтамасыз ететін кепіл затын сақтандыру шарттарын қоса алғанда, оларды жасасу микрокредит беру (өзгерту) талаптарына әсер ететін не микрокредит талаптарынан туындайтын микрокредит беру кезінде ерікті сақтандыру шарттары шеңберінде жүзеге асырылатын микрокредит сомасы есебінен төленетін төлемдері;

      2) қарыз алушының кепілдік (кепілгерлік) алғаны үшін кепіл болушыға (кепілгерге), бағалаушыға кепілге берілетін мүлікті бағалағаны үшін төлемдер енгізіледі.

      Егер микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде осы тармақта көрсетілген төлемдердің мөлшерін микрокредиттеудің бүкіл мерзіміне белгілеу мүмкіндігі болмаса, онда микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне олармен шарттар жасалған күні айқындалған осы тұлғалардың тарифтерін негізге ала отырып, микрокредиттеудің бүкіл мерзімі үшін төлемдер енгізіледі.

      Микрокредит беру туралы шарт жасалған күні алыну фактісі белгісіз осы тармақта көрсетілген төлемдер қайта есептелген жағдайда нақты төлемнен кейін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебінде ескеріледі.".

      3. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 15.05.2026 № 91 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.