"Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 14 тамыздағы № 510 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 734 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 қыркүйекте № 36986 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014жылғы 14 тамыздағы № 510 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9733 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдай режимін енгізу қағидаларында:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидалары";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі - ҚАК) 16-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде (бұдан әрі – мекеме) ерекше жағдайлар режимін енгізу тәртібін айқындайды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. ҚАК-тың 101-бабына сәйкес мекемелерде ерекше жағдайлар режимін енгізу үшін негіздер:

      1) табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай туындауы;

      2) мекеме орналасқан ауданға төтенше, ерекше немесе соғыс жағдай енгізілуі;

      3) жаппай тәртіпсіздіктер;

      4) сотталғандардың топтасып бағынбаушылығы;

      5) күзетпен ұстау орындарына қарулы шабуыл жасаудың нақты қаупінің болуы.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Ерекше жағдайлар режимі негізгі міндеттерді орындауға қол жеткізілетін мынадай элементтерден: мекемені қалыпты өмірге қайтарудан, сотталғандар тарапынан құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуден, мекеме персоналы мен сотталғандардың және мекемеге іргелес жатқан аумақта тұратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден, сондай-ақ табиғи апат, авария және өрттердін салдарын жоюдан тұрады.

      Ерекше жағдайлар режимінің қолданылу кезеңінде мекемеде:

      1) ҚАК-тың 105, 106, 107, 108, 109, 110, 111, 112 және 113-баптарында көзделген сотталғандардың құқықтарын жүзеге асыруы аталған режимнің іс-қимылы уақытында тоқтатылуы мүмкін;

      2) күзету мен қадағалаудың күшейтілген нұсқасы енгізіледі;

      3) объектілерге жіберудің ерекше тәртібі енгізіледі;

      4) мекеменің күн тәртібі өзгертіледі;

      5) өндірістік, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағарту, медициналық-санитариялық және өзге де қызметтер жұмысының шектелуі.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Ерекше жағдайлар режимі Қазақстан Республикасының Бас прокурорымен келісіліп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің шешімі бойынша отыз тәулікке дейінгі мерзімге енгізіледі.

      Көрсетілген мерзімде ерекше жағдайлар режимін енгізуде белгілі мақсатқа кол жетпеген жағдайда, оның қолданылу уақытын көрсетілген лауазымды адамдар қосымша отыз тәулікке дейін ұзартады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Сотталғандардың, персоналдың немесе өзге де адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда, қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының басшысы аумақтық ішкі істер органының басшысымен және облыс прокурорымен немесе оған теңестірілген прокурормен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің дереу хабардар ете отырып, осы ҚАК-тың 101-бабының төртінші бөлігінде көзделген шараларды өз бетінше енгізуге құқылы.

      Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі хабарламаны алған күннен бастап бір тәулік ішінде ерекше жағдайлар режимін енгізу немесе енгізілген шаралардың күшін жою туралы шешім қабылдайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
ішкі істер министрі
Е. Саденов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуратурасы