ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11148 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі сауда қағидаларында:
2-тармақтың 21) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"21) заманауи форматтағы сауда объектісі – дәстүрлі қызмет көрсету әдісімен ұштастыра отырып өзіне-өзі қызмет көрсету әдісі, сондай-ақ сауданың қосымша қызметтерін көрсету, төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы, еңбек өнімділігі жоғары және сауда алаңының шаршы метрінен сатылатын тауарлардың, оның ішінде экологиялық таза тауарлардың мамандандырылған немесе аралас ассортименті бар, өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарының тұрағына арналған алаңы бар стационарлық сауда объектісі;";
мынадай мазмұндағы 28-1) тармақшамен толықтырылсын:
"28-1) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көтерме жеткізуші – логистикаға немесе сақтауға (жеткізуге, қойманы жалға алуға, артуға/түсіруге арналған шығындар), қаптауға, коммуналдық төлемдерді төлеуге және импортқа арналған шығындардың шамасына байланысты қосылған құнды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерден (импорттаушылардан) және (немесе) көтерме жеткізушілерден одан әрі өткізу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуды жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;";
мынадай мазмұндағы 69-1) тармақшамен толықтырылсын:
"69-1) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруші әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көтерме жеткізушілерге және (немесе) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын бөлшек саудада өткізушілерге және (немесе) түпкілікті тұтынушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізеді;";
мынадай мазмұндағы 86) тармақшасымен толықтырылсын:
"86) сауда объектісі – тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және тауарларды сату кезінде сатып алушылармен ақшалай есеп айырысулар жүргізуге арналған және пайдаланылатын жабдықпен арнайы жарақтандырылған ғимарат немесе ғимараттың бір бөлігі, құрылыс немесе құрылыстың бір бөлігі, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлік құралы;";
4-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, темекі бұйымдарының өндірісі мен айналымын реттеу, этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісі мен айналымын реттеу саласындағы тиісті заңнамалық актілерімен реттелетін тауарлардың жекелеген түрлерінің (дәрілік препараттар, медициналық бұйымдар, темекі, алкоголь) айналымы бойынша;";
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Баға белгісін ресімдеу кезінде ішкі сауда, оның ішінде электрондық сауда субъектісі, акциялық, жеңілдікті тауарларды, бөліп төлеу арқылы алынатын тауарларды қоспағанда, бір тауар үшін бір бағаны көрсетеді.
Ішкі сауда субъектісі тауарды өз қаражаты есебінен бөліп төлеу арқылы өткізу және бір реттік төлем арқылы өткізу кезінде оның бағасын бөлек көрсетеді.";
31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Сатуда өткізілетін, оның ішінде сату шеңберінде жеңілдікпен өткізілетін, бөліп төлеу арқылы сатылып алынатын тауарларға "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кепілдік беру, ауыстыру және қайтару туралы талаптар қолданылады.";
32-тармақ алып тасталсын;
49-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"49. 1, 2, 3 және 4-санаттағы сауда объектілерінде тауарларды сатуды жүзеге асыру кезінде ішкі сауда субъектілері:";
49-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) отандық өндірістің азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын сауда алаңында және (немесе) сөре кеңістігінде азық-түлік тауарлары орналасқан жалпы сауда алаңының және (немесе) сөре кеңістігінің кемінде отыз пайызын және азық-түлік емес тауарлардың кемінде отыз пайызын орналастырады;";
49-тармақтың алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы көлемде Қазақстанда шығарылған азық-түлік және азық-түлік емес тауарлары болмаған жағдайда қалған орындар және (немесе) сөре кеңістігі ішкі сауда субъектісінің қалауы бойынша басқа тауарлармен толтырылады".;
50-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстанда шығарылған азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын орналастыру үшін алаңды және (немесе) сөре кеңістігін бөлу қазақстандық өндірушінің немесе Қазақстанда шығарылған тауарларын өткізетін ішкі сауда субъектісінің жазбаша өтінімі бойынша жүзеге асырылады".;
"Өтінімдер болмаған жағдайда, сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарларды өткізуді жүзеге асыратын ішкі сауда субъектілері сөре кеңістігін отандық өндіріс өнімімен басымдықпен толтыруды қамтамасыз ету мақсатында Отандық өндірушілердің бірыңғай тізіліміне өтінімдер жіберуге міндетті.";
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын және (немесе) маршруттарын бөлуді жергілікті атқарушы органдар жүргізеді және ішкі сауда субъектілерінің өтінімдері бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады.";
үшінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Жергілікті атқарушы орган конкурс шарттарына сәйкестік өлшемшарттарымен бірге ішкі сауда субъектілерінің өтінімдерін қабылдау туралы хабарлайды:";
бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін жергілікті атқарушы орган оларды 5 (бес) жұмыс күні ішінде конкурс шарттарына сәйкестігін қарайды.";
алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктер алып тасталсын;
2-тараудағы 5-параграфтың атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Параграф. Сауда объектілері";
82-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"Сауда объектісінің әкімшілігі жұмыс режимі, көрсетілетін қызметтердің тізбесі, үй-жайларды (сауда орындарын) жалға беру шарттары мен тәртібі, олардың сипаттамасы, көрсетілетін қызметтердің барлық түрлерінің құны және оны сауда объектісінің аумағында қолжетімді жерде және интернет-ресурста (бар болса) орналастыру көрсетілетін жұмыс регламентін бекітуді қамтамасыз етеді.";
1), 2), 3), 4), 5), 6), 8), 9), 10), 11), 13), 15) және 18) тармақшалар жаңа редакцияда жазылсын:
"1) сауда объектісінің жұмысы және оның Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, осы Қағидаларға және бекітілген жұмыс регламентіне сәйкес жұмыс істеуі үшін жағдайлар;
2) сауда объектісінің аумағын уақтылы жинау және абаттандыру;
3) санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қажет болған кезде арнайы жинау жабдығын қолдана отырып, меншікті немесе тартылатын клинингтік қызметтердің күнделікті жұмысымен қамтамасыз етілетін сауда орталықтары мен сауда-ойын-сауық орталықтарын қоспағанда, сауда объектісінің аумағында және объектілерінде кестеге сәйкес айына кемінде бір рет санитариялық күн өткізу;
4) сауда объектісінің аумағындағы сауда объектілері мен орындарына энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау және Интернетті жеткізу бөлігінде сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ сауда базарлары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес оларды пайдаланудың тиісті шарттарымен жарамды сауда мүкәммалымен және бақылау салмақтарымен қамтамасыз ету;
5) қоғамдық тәртіпті, өрт қауіпсіздігін қолдау, сауда объектісін күзетуді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдау;
6) сауда объектісінің аумағына кіру кезінде (сауда объектісінің түрін, мамандануын, атауын, жұмыс режимін, сауда объектісі әкімшілігінің телефон нөмірлерін көрсете отырып) маңдайшаны (қазақ тілінде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде) орналастыру;
7) бекітілген қосымша қызметтер тізбесіне сәйкес және бекітілген жұмыс регламентіне сәйкес белгіленген бағалар бойынша қызметтер көрсету жөніндегі жұмыс;
8) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 30 наурыздағы № 123-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32162 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 123-НҚ бұйрық) бекітілген Ақпараттық жүйеде тіркеу қағидаларына сәйкес қолданылатын ақпараттық жүйе арқылы сауда орындарын жалға (пайдалану) жасалған шарттарға сәйкес сауда объектісінде өз қызметін жүзеге асыратын ішкі сауда субъектілерінің қызметі;
9) сауда объектісінің меншік иесінің (иеленушінің) шешіміне сәйкес, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда сауда объектісінің әкімшілігі көрсететін қызметтер бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру жөніндегі жұмыс;
10) құқықтық тәртіпті және өрт қауіпсіздігін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға, ветеринариялық қадағалау органдарына және басқаларға ақпараттық жүйе арқылы № 123-НҚ бұйрыққа сәйкес қолданыстағы шарттық негізде тұрақты пункттерді орналастыру үшін қызметтік үй-жайлар беру;
11) сауда объектісінде өз қызметін жүзеге асыратын ішкі сауда субъектілерін № 123-НҚ бұйрыққа сәйкес қолданылатын ақпараттық жүйеде қосымша көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы кемінде бір ай бұрын хабардар ету;";
"13) сауда объектісінің субъектілері мен сатып алушылар үшін сауда объектісінің сауда орындарын орналастыру схемасын (схемаларын) белгілеу;";
"15) жылына бір рет сауда объектісінде сауда жасаушылар (жалға алушылар) туралы ақпаратты, сауда объектісінде өткізілетін тауарлар кластары туралы мәліметтерді № 123-НҚ бұйрыққа сәйкес қолданыстағы ақпараттық жүйеге ұсыну;";
"18) жалға алушыларға сауда объектісінің басшылығына ұсыныстар, шағымдар мен өтініштер қалдыру мүмкіндігі үшін әрбір жалға алынған сауда орнында QR-кодты орналастыру;";
12) тармақшасы алып тасталсын;
85, 86 және 87-тармақтар мындай редакцияда жазылсын:
"85. Сауда объектісінің техникалық персоналы сауда объектісінің аумағында шаруашылық қызметті арнайы киіммен жүзеге асырады, сондай-ақ жұмыс регламентінің талаптарын сақтайды.
86. Қосымша қызметтер тізбесі сауда объектісінің әкімшілігі көрсететін барлық қызметтерді қамтиды.
Қосымша қызметтер тізбесіне мыналар кіреді:
1) қызметтердің атауы;
2) қызметтердің құны;
3) көрсетілетін қызметтер сипатының сипаттамасы және олардың сандық көрсеткіштері.
87. Сауда объектісінің меншік иесі (иеленушісі):
1) сауда объектісінде тауарларды қабылдау, сақтау, сату (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) үшін энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау және интернетті жеткізу жөніндегі жағдайларды, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымдық жағдайларды қамтамасыз етеді;
2) № 123-НҚ бұйрыққа сәйкес қолданыстағы ақпараттық жүйе арқылы сауда объектісінің қызметін тоқтату немесе тоқтата тұру туралы шешім қабылданғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде сауда объектісінің субъектілерін және уәкілетті органды осы шешім туралы хабардар етеді;
3) сауда объектісінің әкімшілігі көрсететін қызметтер бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру туралы шешімдер қабылдайды;
4) № 123-НҚ бұйрыққа сәйкес қолданыстағы ақпараттық жүйеде сауда объектілерін және (немесе) сауда орындарын жалдау (пайдалану) шартын жасасады;
5) жұмыс регламентін және № 123-НҚ бұйрыққа сәйкес қолданыстағы ақпараттық жүйеде қосымша қызметтер тізбесін бекітеді;
6) сауда объектісінің ішкі сауда субъектілерін және ақпараттық жүйедегі уәкілетті органды 6 (алты) ай бұрын міндетті түрде хабардар ете отырып сауда орнын жылына ең көбі бір рет жалға алу құнын бекітеді, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделген жағдайда төлемақы мөлшері барлық мүдделі тараптарды міндетті түрде хабардар ете отырып баға өзгерген кезде тараптардың бірінің талабы бойынша № 123-НҚ бұйрыққа сәйкес қолданыстағы ақпараттық жүйеде қайта қаралады;
7) жұмыстың бекітілген регламентіне сәйкес сауда объектісі әкімшілігінің жұмысын, сондай-ақ сауда объектісі әкімшілігінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды орындауын бақылайды және қамтамасыз етеді;
8) сауда объектісінде өз қызметін жүзеге асыратын ішкі сауда субъектілері мен объектілері туралы барлық қажетті мәліметтерді уәкілетті органдардың лауазымды адамдарына беру және осындай тексерулер барысында анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою арқылы тексерулер жүргізуге жәрдемдеседі.";
194-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Сатушы (оның ішінде интернет-дүкен) сатып алу-сату шартын жасасар алдында тұтынушыға тауарды өз қаражаты есебінен бөліп төлеу арқылы өткізу және бір реттік төлем арқылы өткізу кезінде оның бағасын бөлек көрсете отырып, тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет), оның құны, төлем рәсімі, жеткізу шарттары мен құны, кепілдік мерзімі (ол болған кезде) туралы ақпарат береді.";
229-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
229-тармақтың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларын өткізу кезінде мыналарды:
ішкі сауда субъектісіне төленетін сыйақыларды төлеуге байланысты шығыстарды;
әлеуметтік маңызы бар тауарларды тасымалдауға, сақтауға, импорттауға, азық-түлік тауарларының табиғи кемуіне байланысты шығыстарды;
жасырын комиссиялар мен алымдарды;
кредиттерді, қарыздарды және сақтандыруды ресімдеуге байланысты шығыстарды сауда үстемесіне қосуға тыйым салынады.";
229-тармақтың алтыншы бөлігі алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 229-1 және 229-2 тармақшалармен толықтырылсын:
"229-1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу олардың сатып алынғанын, сондай-ақ белгіленген баға белгілеу мен сауда үстемесінің талаптарына сәйкестігін растайтын тиісті ілеспе құжаттармен сүйемелденуге тиіс.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кезінде міндетті құжаттарға мыналар жатады:
жеткізу шарты;
жүкқұжаттар (тауарға ілеспе құжаттар);
шот-фактуралар;
өндірушінің немесе жеткізушінің босату немесе сатып алу бағаларын растайтын құжаттар;
сауда үстемесіне қосылатын шығыстарды растайтын құжаттар (қажет болған жағдайда);
сәйкестік сертификаттары немесе сәйкестік туралы декларациялар (тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне міндетті талаптар болған жағдайда).
"229-2.Уәкілетті орган бекіткен тізбеге қосылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алған жағдайда ішкі сауда субъектісіне төленетін сыйақыны төлеуге жол берілмейді.".
2. "Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 22 маусымдағы № 242-НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32884 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
10-тармақтың 12) тармақшасы алып тасталсын.
3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланған күннен кейін оны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың елу алтыншы және жетпіс бесінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаккалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі