Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2025 жылғы 3 шiлдедегi № 267-н/қ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 4 шiлдеде № 36404 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 27 шілдедегі № 345 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14155 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидаларында 2-тармақтың 8) тармақшасы мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "8) жаңартылатын энергия көздері (бұдан әрі – ЖЭК) – табиғи жаратылыс процестері есебінен үздіксіз жаңартылатын энергия көздері, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесінің энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерүсті және жерасты су объектілерінің жылуы; сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: тұтыну қалдықтары, биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын тұтыну қалдықтарынан алынатын өзге де отын;";

      2. "Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу мен сатудың үлгілік шартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 350 бұйрығына (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде № 35187 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату үлгілік шартында:

      1.1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "1) жаңартылатын энергия көздері – табиғи жаратылыс процестері есебінен үздіксіз жаңартылатын энергия көздері, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесінің энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерүсті және жерасты су объектілерінің жылуы; сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: тұтыну қалдықтары, биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын тұтыну қалдықтарынан алынатын өзге де отын;".

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Е. Аккенженов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі