Су қорғау аймақтары мен белдеулерi шекараларын белгiлеу Қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 9 маусымдағы № 120-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 11 маусымда № 36238 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 10.06.2025 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Су Кодексінің 85-бабы 2-тармағына, Құқықтық актілер туралы Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларын белгілеу Қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын

      3. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2025 жылғы 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация министрі
Н. Нуржигитов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Экология және табиғи ресурстар

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және
ирригация министрі
2025 жылғы 9 маусымдағы
№ 120-НҚ бұйрығына
1-қосымша

Су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларын белгілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасы Су кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 85-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларын белгілеу тәртiбiн айқындайды.

      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жері мен мемлекеттік орман қоры құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су объектілерін санитариялық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау, жерүсті суларының ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын болдырмау, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау үшін ерекше пайдалану шарттары бар су қорғау аймақтары мен белдеулері белгiленедi.

      3. Судың ластануын, қоқысталуы мен сарқылуын болдырмау үшін арнайы шаруашылық қызмет режимі белгіленетін су объектiлерiне іргелес аумақ су қорғау аймағы болып табылады.

      4. Су қорғау аймақтарындағы шаруашылық қызметтің арнаулы режиміне қосымша шектеулі шаруашылық қызмет режимі белгіленетін, су объектілеріне жанасып жатқан су қорғау аймағының бір бөлігі.

      Су объектісінің жағалау жиегінен бес жүз метр шегінде орналасқан жер учаскелерін беру ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қорының жерлерін, балық өсіру шаруашылықтарын орналастыруға және оларға қызмет көрсетуге арналған жерлерді қоспағанда, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары айқындалғаннан, сондай-ақ олардың шаруашылық пайдаланылу режимі белгіленгеннен кейін жүзеге асырылады.

      5. Су қорғау аймақтары мен белдеулері және олардың шаруашылықта пайдалану тәртібі су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Бассейндік су инспекцияларымен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік уәкілетті органмен, жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органмен, ал сел қаупі бар аудандарда қосымша азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілеттік органмен келісілген бекітілген жобалық құжаттардың негізінде облыстардың республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.

2-тарау. Жобалық құжаттаманы әзірлеу тәртібі

      6. Су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін жобалауды мамандандырылған жобалау ұйымдары жүзеге асырады.

      7. Жобалық құжаттаманы әзірлеушілер қамтамасыз етеді:

      1) осы Қағидаға сәйкес барлық жұмыстарды орындау;

      2) жобалық құжаттамада көзделген ақпараттың дұрыстығы үшін жауапты болу.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобаларына тапсырыс берушілер болып табылады, ал жекелеген су объектілері бойынша белгілі бір объект бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қажеттілігіне мүдделі жеке және заңды тұлғалар да әрекет етеді.

      8. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінбелгілеу жөніндегі жобалау құжаттамасын (бұдан әрі – жобалау құжаттамасы) әзірлеу кезінде су объектілерінің жағалау сызығының өзгеру болжамын ескере отырып, су объектілері мен оларға іргелес аумақтарда , физика-географиялық, топырақ, гидрологиялық және басқа да жағдайларды алдын ала тексеру жүргізіледі.

      9. Су объектісінің (объектілерінің) түріне байланысты бастапқы деректер ретінде мынадай сипаттамалар келтіріледі:

      1) өзен (өзендер) бойынша, уақытша су ағындары:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      су жинау бассейнінің алаңы;

      негізгі өзеннің (негізгі өзендердің) ұзындығы;

      саласының (салаларының) саны және ұзындығы;

      ағынның қалыптасу сипаты;

      көпжылдық кезеңге, бірақ 5 жылдан кем емес кезеңге арналған судың шығыстар мен деңгейлер сипаттамасы;

      бөгеттердің, тоғандардың, су қоймаларының және басқа гидротехникалық құрылыстардың бар-жоғы;

      көпжылдық кезеңге, бірақ 5 жылдан кем емес кезеңге арналған химиялық құрамы бойынша судың сапалық сипаттамасы;

      ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің 95% ағынды есептік қамтамасыз етумен бір жылға арналған деректерін ескере отырып, жағалау түзуші процестер (жемірілу, көшу, кеулеу, жинақталу, ирелеңдеу сипаты, ескі арналардың бар-жоғы және басқа да жағалауларды өзгерту процестері)жай-күйінің сипаттамасы;

      су маңының және судың флорасы мен фаунасының сипаттамасы;

      шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының, балықтардың уылдырық шашу, жайылу орындарының және қыстау шұңқырларының болуы;

      емдік, курорттық, сауықтыру және (немесе) рекреациялық мақсаттарда пайдалану сипаттамалары;

      2) теңіз (теңіздер) бойынша:

      теңіз жағалауының аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      жағалау типі;

      жағалау аймағының сипаттамасы (құрғақ жер мен теңіздің, жағалау мен су астындағы жағалау еңісінің заманауи тұрақты өзара іс-қимыл аймағы);

      теңізге құятын өзендер мен олардың атырабының сипаттамасы;

      толқын және жел ағыстарының, қумалау-айдау құбылыстарының сипаттамасы;

      судың тасуы мен төмендеуінің сипаттамасы (ең жоғары, ең төмен, орташа);

      жағалаулардың өзгеру серпіні (жемірілу және жинақталу процестері);

      су тастау бассейнінің алаңы;

      теңіз флорасы мен фаунасының, оның ішінде литораль биоценоздарының сипаттамасы;

      жағалау флорасы мен фаунасының сипаттамасы;

      емдік, курорттық, сауықтыру және (немесе) рекреациялық мақсаттарда пайдалану сипаттамалары;

      3) көл (көлдер) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      сабалық және су тасқыны кезеңіндегі айдынның алаңы;

      деңгейлік режим сипаттамасы;

      су тастау алаңы;

      көлдерді шаруашылыққа пайдалану, оның ішінде сужинағыштың және сутастағыштың бар-жоғы, тұтынушыларға алынатын судың көлемі;

      5 жылдан кем емес кезеңге арналған химиялық құрамы бойынша судың сапалық сипаттамасы;

      жағалаулардың өзгеру серпіні (жемірілу, көшу және кеулеу процестері, жинақталу және басқа да жағалауларды өзгерту процестері);

      көлге құятын өзендер мен олардың атырабының сипаттамасы;

      толқын және жел ағыстарының, қумалау-айдау құбылыстарының сипаттамасы;

      судың флорасы мен фаунасының, оның ішінде таяздық биоценоздарының сипаттамасы;

      шөп басу алаңы мен қарқындылығы;

      шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының, балықтардың уылдырық шашу, жайылу орындарының және қыстау шұңқырларының болуы;

      емдік, курорттық, сауықтыру және (немесе) рекреациялық мақсаттарда пайдалану сипаттамалары;

      4) су қоймасы (су қоймалары) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      су қоймасының шаруашылық мақсаты, оның ішінде сужинағыштың және сутастағыштың бар-жоғы, тұтынушыларға алынатын судың көлемі;

      тежеуіш құрылыстың сипаттамасы және оның тиесілілігі;

      су тастау алаңы;

      қалыпты тежеуіш деңгей кезіндегі акваторияның алаңы;

      үдемелі деңгей және өлі көлем деңгейі;

      су қоймасының жалпы және пайдалы көлемі;

      таяздықтардың бары және олардың алаңы;

      толқын және жел ағыстарының, қумалау-айдау құбылыстарының сипаттамасы;

      судың флорасы мен фаунасының, оның ішінде таяздық биоценоздарының сипаттамасы;

      шөп басу мен евтрофалану алаңы және қарқындылығы;

      балықтардың уылдырық шашу, жайылу орындарының және қыстау шұңқырларының болуы;

      жағалаулардың өзгеру серпіні (жемірілу, көшу және кеулеу процестері, жинақталу және басқа да жағалауларды өзгерту процестері);

      көпжылдық кезеңге, бірақ 5 жылдан кем емес кезеңге арналған химиялық құрамы бойынша судың сапалық сипаттамасы;

      шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының, балықтардың уылдырық шашу, жайылу орындарының және қыстау шұңқырларының болуы;

      емдік, курорттық, сауықтыру және (немесе) рекреациялық мақсаттарда пайдалану сипаттамалары;

      5) батпақ (батпақтар) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      батпақтың типі (жоғарғы, төменгі, көшпелі; сумен қоректену көзі және басқалары);

      батпақтың алаңы;

      шаруашылыққа пайдалану сипаттамасы;

      батпақтың және оған іргелес аумақтың фаунасы мен флорасының сипаттамасы;

      6) бұлақ (бұлақтар тобы) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      қайнардың сипаты (қайнап шығушы, бәсең шығушы), шығымы;

      химиялық құрамы бойынша судың сапалық сипаттамасы;

      шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының болуы;

      шаруашылыққа пайдалану сипаттамасы;

      7) өзенге теңестірілген канал (өзенге теңестірілген каналдар) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      ұзындығы;

      қорек алу көзі;

      шаруашылық мақсаты;

      бөгеттердің, реттегіш шлюздердің, сорғы станцияларының және басқа да гидротехникалық құрылыстардың бар-жоғы;

      сужинағыштардың, сорғы станциясы болған кезде шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының бар-жоғы.

      10. Су объектісіне іргелес аумақ бойынша бастапқы деректер ретінде мынадай сипаттамалар келтіріледі:

      1) ландшафты сипаттамасы бойынша:

      геологиялық құрылымы (тау жыныстарының жамылғы топырағының жаратылысы, механикалық және минералогиялық құрамы);

      жер бедері (жайылмалар, жылғалар, іргелес беткейлер және жер бедерінің басқа да нысандары);

      топырақ, грунт;

      өсімдіктер және жануарлар әлемі;

      климаттық ерекшеліктері және микроклимат;

      2) негізгі жер бедерін түзуші процестер, оның ішінде жазықтықты және желілі эрозия бойынша:

      жарлардың және сайлардың сипаттамасы (ұзындығы, ені, тереңдегі, тығыздығы) және олардың даму серпіні;

      жарлар мен сайлардың беткейлерінің ағаштылығы мен бұталылығы;

      су объектісіне іргелес аумақ топырағының шайылу қарқындылығы:

      3) анропогендік әсердің қарқындылығы бойынша:

      жерлерді пайдалану сипаттамасы (жерлердің санатына байланысты ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және басқа мақсаттар үшін);

      қолда бар сарқынды суларды жібергіштердің, бақылау тұстамалары нүктелерінің және әлеуетті шоғырланған және шашыраңқы ластағыштардың сипаттамасы;

      іргелес аймақтан шайылатын ластаушы затардың судың сапасына және су айдындарының биотасына әсерін бағалау.

      Су объектілерін және оларға іргелес аумақтарды зерттеп-қарау нәтижелері бойынша егжей-тегжейлі деректер қоршаған ортаны ластау көзі бар объектілерді көрсете отырып, жобалық құжаттамаға түсіндірме жазбада келтіріледі.

      11. Жобалық құжаттаманы жасау шеңберінде мыналар жүргізіледі:

      осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысанда жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде, урбанизацияланбаған және (немесе) урбанизациялаған аумақта орналасқан жерлердің экспликациясын жасау;

      осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысанда жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде орналасқан объектілердің, оның ішінде қоршаған ортаны ластау көздері бар объектілердің тізбесі мен қысқаша сипаттамасын жасау;

      жоспарлық-топографиялық материалдарды әзірлеу;

      жерлерді, шаруашылық, өнеркәсіптік, тұрғын үй, рекреациялық және басқа да объектілерді шаруашылықта пайдалану бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      қажетті су қорғау іс-шараларын, оның ішінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу кезінде су ресурстарын ластауды болдырмауға, жоюға бағытталған іс-шараларды әзірлеу.

      Жоспарлық-топографиялық материалдарда ауыл шаруашылығы дақылдарының, су қорғау аймақтары мен белдеулері аумағында орналасқан объектілердің алаңдарын орналастыру, ең көп су құйылымының шекарасы, ағаш пен шөп егілген жерлердің орны жәнеконтуры, су қорғау белгілерін орнату орындары көрсетіледі.

      Кодекстің 133-бабында көрсетілген шарттарды қоспағанда, объектілері мен функционалдық мақсаттары Кодекстің 86-бабының 3 және 4 –тармақтарының талаптары бойынша түспейтән объектілер шығаруға немесе жоюға жататын ретінде белгіленеді.

      12. Су қорғау аймағының шекарасы көк түсті тұтас сызықпен, су қорғау белдеуінің шекарасы қызыл түсті тұтас сызықпен белгіленеді.

      Жоспарлық-топографиялық материалдар құрамына мыналар да қосылады:

      1:500000 бастап 1:50000 дейінгі масштабтағы су тастау бассейнінің шолу картасы;

      жерге орналастыру масштабындағы (1:25000 немесе 1:10000) (бақ-саяжай және жеке қосалқы шаруашылық үшін 1:5000-1:1000 және 1:500 масштабында) жер пайдалану жоспары;

      М 1:25000 жоспарының ұзындығы бойынша, ал болмаған жағдайда – М 1:100000 жоспары бойынша шақырымдық бөлеумен өзеннің су бетінің бойлық сұлбасы;

      М 1:10000 жоспары бойынша, ал болмаған жағдайда топошарттар бойынша тұстамаларға тән өзендердің ұзындығына байланысты кемінде 10-20 километр сайын далалық нивелирлеу негізінде өзеннің су бетінің көлденең сұлбасы.

      Су объектілерінің экологиялық және санитариялық жай-күйін және гидротехникалық режимін жақсарту жөніндегі қажетті су қорғау іс-шараларын әзірлеу кезінде мыналарды ескерген жөн:

      су объектісінің нысаналы мақсаты және оны пайдалану ерекшелігі;

      ауыл шаруашылығының немесе су жинау бассейнінде өзге қызметтің дамуына және қарқын алуына байланысты, су объектісіне ықтимал антропогендік әсерлер;

      ластағыш заттардың (әсіресе су объектісінің өзін-өзі тазарту қабілетінен асатын) құйылуы;

      су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық және өзге де қызмет режимінің бұзылу;

      топырақ және грунт эрозиясымен күрес жөніндегі және құрамында ластағыш заттар бар қатты ағынды ұстап қалуға арналған агротехникалық іс-шаралардың жүргізілуі;

      су объектілеріне су жинау алаңынан шоғырланған және шашыраңқы ластағыштардың түсуін болдырмау және жою жөніндегі іс-шаралардың жүргізлуі;

      су қорғау белдеулеріне көпжылдық шөптердің егілуі;

      климаттық, топографиялық және топырақтық жағдайларына байланысты бұталы және сүректі тұқымдарды еге отырып, агроорманмелиорациясын жүргізу;

      Жобаланатын су қорғау аймақтары мен белдеулері шекарасы шегінде қажетті су қорғау іс-шараларын жүргізу жөніндегі ұсынымдар осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысандағы тізбеде көрсетіледі.

3-тарау. Су қорғау аймақтарының шекараларын белгілеу тәртiбi

      13. Өзендер үшін әрбір жағалау бойынша су қорғау аймағының ең тар ені көпжылдық межелік деңгейі кезiндегi су жиегінен су тасқыны кезеңiндегi көпжылдық деңгей кезiндегi су жиегіне дейін (өзен жайылымын, жайылым жылғаларын, түпкi жағалауындағы тік жарларды, жарлар мен сайларды қоса алғанда) және бес жүр метр қоса есептеліп белгiленедi:

      Арналық су қоймалары үшін су қорғау аймағының ең тар ені ол орналасқан өзендегідей белгiленедi. Су қорғау аймағының iшкi шекарасы қалыпты тіркелген деңгейі кезiндегi су жиегі бойынша өтеді.

      Су құйылатын су қоймалары мен көлдер үшін су қорғау аймағының ең тар ені су айдынының акваториясы екі шаршы километрге дейін болса – үш жүз метр және акваториясы екі шаршы километрден acca – бес жүз метр болып белгiленедi.

      Көлдер үшін су қорғау аймағының iшкi шекарасы судың орташа көп жылдық деңгейiнiң жағалаулық шегі бойынша өтеді.

      14. Су қорғау аймағының түпкілікті мөлшері су объектісіне және оған іргелес аумаққа жүргізілген зерттеп-қарау негізіндегі жобалау нәтижесінде айқындалады.

      Су қорғау аймақтарының шекарасына өзен жайылмасы, өзеннен бөлініп қалған тармақтар, ескі арналар, су басқан және батпақтанған аумақтар, көшу, отыру, карст, эрозияға ұшыраған жерлер учаскелері және ауыл шаруашылығы құндылығын білдірмейтін басқа да қолайсыз алқаптар кіреді.

      Тікелей су объектісіне құйылатын жарлар мен сайлардың сағасы жарлардағы эрозиялық процестердің қарқындылығына және олардың су объектісіне әсеріне байланысты 1,5 километр учаскеде су қорғау аймағына қосылады.

      Су қорғау аймақтарының құрамына су объектілерінің жағалауында орналасқан аумақтарды қосу Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 18-02/43 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10360 болып тіркелген) бекітілген Өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерiнің енiн белгiлеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Сел қауіпті өзендер үшін су қорғау аймақтарының шекарасы селден қорғау құрылысының (бөгет, дамба, өзендердің тұрақты етілген арнасы) бар-жоғын және сел тасқынының болжалды шекарасын ескере отырып, айқындалады.

      Өзендер атыраптарында су қорғау аймақтары олардың сумен қоректену режиміне байланыссыз тармақтар мен атырапты өзендер жағалаулары бойынша белгіленеді.

      Тармақтар арасында қашықтық аз болған жағдайда (1000 метр) өзеннің барлық атыраптық бөлігі су қорғау аймағына қосылады.

      Өзен бұлақтар тобынан бастау алған жағдайда су қорғау аймағының мөлшері су ағыны түзілген орынан барынша қашықтағы бұлақ бойынша белгіленеді.

      Егер өзендегі немесе көлдегі аралдың ені тиісті су объектісі үшін белгіленген су қорғау аймағының енін қысқа болса, онда арал аумағы толығымен су қорғау аймағына қосылады, оның шегінде аталған өзен немесе көл үшін де су қорғау белдеуі бөлінеді.

      Су объектісіне жоғары жатқан аумақтан ағынның құйылу мүмкіндігін болдырмайтын табиғи және қолдан жасалған шептер немесе кедергілер (өзен аңғарларының мен сайлардың жарқабағы, жол-көліктік желі, дамбалар, орман алаптарының шеті және басқалар) су қорғау аймағының сыртқы шекарасы болады.

      Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде су объектісінің су қорғау аумағының енін елді мекендерді дамытудың бекітілген бас жоспарларына сәйкес нақты жоспарлау шарттарын негізге ала отырып және қолда бар құрылыс шегінде, осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілгенмен салыстырғанда 70 метрге дейін қысқартуға жол беріледі, онда мынадай шарттар сақталуы қажет:

      1) су объектісіне жоғары жатқан аумақтан ағынның құйылу мүмкіндігін болдырмайтын қолдан жасалған шептерді немесе кедергілерді жайластыру;

      2) жерүсті және жерасты суларының ластануын болдырмайтын, ресурс үнемдегіш технолгиялық процестерге, шикізат пен технологиялық қалдықтарды кешенді пайдалану мен қайта өңдеуге, қалдықсыз, су аз қолданатын немесе сусыз технологиялық процестерді қолдануға, техникалық сумен жабдықтаудың тұйықталған жүйесін құруға, қатты, сұйық және газ тәріздес қалдықтарды өңдеудегі кешенді тәсілдемеге бағытталған технолгиялық жүйелерді пайдалану;

      3) су ресурстарының ластануының, қоқыстануының және сарқылуының алдын алу, оларда шөгінділердің немесе су объектілерінің ластануына, сондай-ақ атмосфера арқылы газды және аэрозольді шығарындылармен ластануына әкелетін, зиянды заттардың көп жиналуын жою шараларын сақтауды ескере отырып, жерлерді шаруашылықта пайдалану;

      4) орталықтандырылған канализацияның немесе ластанған сарқынды суларды бұрудың немесе тазартудың өзге де жүйесінің болуы.

      Канализацияны және қайтарымды (сарқынды) суларды тазарту құрылыстарын жобалау кезінде нақты жағдайларға байланысты мыналар:

      сумен жабдықтау жүйелерін толықтыру үшін қайтарымды (сарқынды) суларды пайдалану;

      техникалық сумен жабдықтауда тазартылған және залалсыздандырылған шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды пайдалану;

      техникалық сумен жабдықтау үшін тазартылған су пайдалану мақсатында аумақтан бұрып жіберілген өндірістік сарқынды суларды жаңбыр және еріген қар суымен бірге тазарту;

      кемелерден ластанған сулар мен қоқысты қабылдауға арналған құрылыстарымен жабдықталған, кемелер мен басқа да жүзу құралдарында сарқынды сулар мен қоқысты порттар арасындағы рейс бойы жинау мүмкіндігі мен орындылығы қарастырылуы тиіс.

4-тарау. Су қорғау белдеулерiнің шекараларын белгiлеу тәртiбi

      15. Су объектілерінің су қорғау белдеулерiнiң ең тар ені осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес топографиялық жағдайлар мен алқаптар түрлеріне байланысты белгіленеді.

      Балық шаруашылығы үшін аса жоғары мәнге ие су айдындары үшін су қорғау белдеулерінің ені (уылдырық шашу орны, қыстау шұңқырлары, жайылу учаскелері) еңістігі мен іргелес жерлердің сипатына қарамастан, 100 метрден кем емес белгіленеді.

      Көмірсутегін өндіру мақсатында қолдан жасалған теңіздердегі аралдарды қоспағанда, аралдардағы жағалаулық су қорғау белдеулері олар орналасқан өзендер мен көлдердегі секілді ережелер бойынша белгіленеді.

      16. Су қорғау белдеуінің түпкілікті мөлшері су объектісіне және оған іргелес аумаққа жүргізілген зерттеп-қарау негізіндегі жобалау нәтижесінде айқындалады.

      Су қорғау белдеулерінің мөлшері он жылдық кезеңге арналған жағалаулардың табиғи өзгеру еніне қарай ұлғайтылады.

      Жағалауларды қарқынды өңдеу учаскелерінде су қорғау белдеулерінің ені жағалаудың 10 жылға арналған болжалды шегіну қашықтығына қарай ұлғайтылады. Су үйген жағажайлар учаскелерінде су қорғау белдеулерінің ені жағажайдың сыртқы (негізгі) шекарасынан белгіленеді.

      Елді мекендер шегінде су қорғау белдеулерінің ені олардың жоспарлануы мен салынуының нақты шарттарын негізге ала отырып, белгіленеді, бұл ретте су объектісінің қоқыстануы мен ластануын болдырмайтын, жағалау аймағын міндетті инженерлік немесе орманмелиорациялық жайластыру (жақтаулар, жалдар, ағашты-бұталы жолақтар және басқалар) жүргізіледі. Бұл ретте су қорғау белдеулерінің енін осы Қағидаларға 5-қосымшада көрсетілген мөлшерлерден кем қабылдауға болмайды.

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
Қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде, урбанизацияланбаған аумақта орналасқан жерлердің экспликациясы _____________________________________ (су объектісінің атауы)

Әкімшілік ауданның және жер пайдаланушының атауы

Су қорғау аймағындағы алаңдар (гектар)

Су қорғау белдеуіндегі алаңдар (гектар)

Барлығы

оның ішінде, алқаптар түрлері бойынша

Барлығы

оның ішінде, алқаптар түрлері бойынша

шабындық

шалғындар және пішендеме

орман, бұта

өзгелері (қолайсыз алқап)

шабындық

шалғындар және пішендеме

орман, бұта

өзгелері (қолайсыз алқап)

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
Қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде, урбанизацияланған аумақта орналасқан жерлердің экспликациясы _____________________________________ (су объектісінің атауы)

Әкімшілік ауданның және жер пайдаланушының атауы

Су қорғау аймағындағы алаңдар (гектар)

Су қорғау белдеуіндегі алаңдар (гектар)

Барлығы

оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар салынған

Барлығы

оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар салынған

1

2

3

4

5

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
Қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде орналасқан объектілердің тізбесі мен қысқаша сипаттамасы _____________________________________ (су объектісінің атауы )

Әкімшілік ауданның және жер пайдаланушының атауы

Объектінің атауы

Қоршаған ортаны ластау көздерін көрсете отырын, объектінің техникалық жай-күйінің және оның жерүсті су объектілеріне әсерінің қысқаша сипаттамасы

1

2

3

4

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
Қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Жобаланатын су қорғау аймақтары мен белдеулері шекарасы шегінде қажетті су қорғау іс-шараларын жүргізу жөніндегі ұсынымдар тізбесі ____________________________________ (су объектісінің атауы)

Әкімшілік ауданның және жер пайдаланушының атауы

Объектінің немесе құрылыстың атауы

Ұсынылатын іс-шара

Жобамен көзделген іс-шараларды орындау мерзімдері

Жалпы сметалық құны

Қаржыландыру көзі

Іс-шарадан күтілетін экологиялық әсер

1

2

3

4

5

6

7

8

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
Қағидаларына
5-қосымша

Су объектілерінің су қорғау белдеулерінің ең тар ені

Су объектiлерi жағалауына іргелес алқаптар түрлерi

Беткейлердің құламалылығына қарай су қорғау белдеуiнiң ең тар ені (метр)

Жағалаудан еңiстiгi (нөлдік еңістік)

Жағалауға еңiстiгi

3 градусқа дейін

3 градустан астам

Шабындық

35

55

100

Шалғындар, пішендеме

35

50

75

Орман, бұта

35

35

55

Өзгелері (қолайсыз алқап)

35

35

100

  Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және
ирригация министрі
2025 жылғы 9 маусымдағы
№ 120-НҚ бұйрығына
2-қосымша

Күші жойылды деп танылған бұйрықтардың тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу қағидаларын бекiту туралы" 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 11838 болып тіркелген).

      2. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу қағидаларын бекiту туралы" 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 6 қызкүйектегі № 379 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 15849 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 6 тамыздағы № 183 бұйрығымен бекітілген Тізбесінің өзгеріс енгізілетін 3-тармағы (нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 21077 болып тіркелген).

      4. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу қағидаларын бекiту туралы" 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2024 жылғы 10 қызкүйектегі № 143-НҚ бұйрығы нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 35061 болып тіркелген).