БҰЙЫРАМЫН:
1. "Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 4 бұйрығына (Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 26618 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:
"Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидаларын және бағдарламаларын бекіту туралы";
кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:
"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 72) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау бағдарламалары бекітілсін.";
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 2-қосымшамен толықтырылсын;
қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 4 бұйрығына 1-қосымша";
осы бұйрықпен бекітілген Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидаларында:
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 72) тармақшасына сәйкес әзірленді және ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау тәртібін айқындайды.";
4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"4. Білім беру ұйымдарындағы ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау тәртібі келесіні:
1) мұғалімнің (тәрбиешінің) әрбір білім алушының (тәрбиеленушінің) әлеуметтік-эмоционалдық әл-ауқатын және оқу-танымдық іс-әрекетінің ерекшеліктерін бақылауды, сондай-ақ білім алушылардың жетістіктерін критериалды бағалауды пайдалана отырып, оқу-тәрбие процесі барысында ерекше білім беруді қажет ететін адамдарды (балаларды) анықтауды;
2) психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарының ата-аналардың (заңды өкілдерінің) келісімімен оқыту қиындықтары бар балалардың ерекше білім берілуіне қажеттіліктерін тереңдете зерделеуді және бағалауды;
3) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда (бұдан әрі – ПМПК) ерекше білім беру қажеттіліктерін оқытуда айқын қиындықтары бар балаларды тереңдетіп тексеру нәтижелері бойынша бағалауды;
4) психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, оңалту орталықтарында және аутизмі (аутистикалық спектрдегі бұзылыстары) бар балаларды қолдау орталықтарында балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін пәнаралық ұжымдық бағалауды қамтиды.";
3) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:
"3) оқытудың вариативті, арнайы және балама әдістерін пайдалану;";
10) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:
"10) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында жүріп-тұруында қиындықтары бар мүгедек балалар үшін жеке көмекшісінде.".
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
Г. Бейсембаев |
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2025 жылғы 6 мамырдағы № 104 бұйрығына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 4 бұйрығына 2-қосымша |
Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау бағдарламалары
1. Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі оқуда қиындықтары бар балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін мынадай параметрлер бойынша бағалайды:
1) когнитивтік және орындаушылық функциялар (зейін, есте сақтау, ойлау, ақпаратты өңдеу жылдамдығы, жоспарлау, өзін-өзі бақылау);
2) сөйлеуді дамыту (лексика, грамматика, байланыстырып сөйлеу, сөйлеуді түсіну, фонематикалық түсініктер, сөйлеу қарқыны мен ырғағы);
3) оқу (оқу дәлдігі, жылдамдығы, мәтінді түсіну), жазу (орфография, каллиграфия, графомоторлық дағдылар) және санау (арифметикалық операциялар, логикалық ойлау) дағдыларының болуы/болмауы;
4) эмоционалды-еріктік сала (мазасыздық деңгейі, оқу мотивациясы, барлық психикалық процестердің ерікті реттелуінің дамуы, қозу мен тежелу процестерінің теңгерімсіздігі);
5) мектепке бейімделу (оқу қызметіне қабілеттілік, нұсқауларды орындау, еліктеу, мұғалімдермен және сыныптастармен өзара әрекеттесу);
6) сенсорлық және моторлық жүйе (көру және есту қабылдауы, моторика, сенсорлық тітіркендіргіштерге сезімталдық, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдылары);
7) отбасындағы әлеуметтік проблемаларды анықтау.
2. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация оқуда айқын қиындықтары бар балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін мынадай параметрлер бойынша бағалайды:
1) коммуникация және әлеуметтік өзара әрекеттесу (қарым-қатынасқа қызығушылық пен ұмтылыс, есімге жауап қайтару, ортақ назар реакциясы, жақын адамдармен эмоциялық ойындар, сөздік қатынасқа реакция, ата-анамен, жақындарымен, құрдастарымен өзара әрекеттесу, қарым-қатынас құралдарын қолдану, психологиялық жаңа құрылымдар, диалог жүргізуге деген ынта мен қабілет);
2) эмоционалдық-еріктік сала және мінез-құлық (эмоциялардың сәйкестігі, эмоциялардың әртүрлілігі мен көрініс табу деңгейі, мақұлдау мен ескертуге, табыс пен сәтсіздікке реакциялар, өз әрекетінің нәтижелеріне сын көзбен қарау, ерік-жігерді жұмсауға қабілеттілік, эмоционалды-мінез-құлықтық көріністер);
3) басым іс-әрекеттің дамуы (ерте жастағы балалар үшін – заттар мен ойыншықтарға қызығушылық, заттармен әрекет етуінің сәйкестігі, ойын әрекеттерінің әртүрлілігі, бірлескен ойынға қатысу, өз қызметін ұйымдастыра білу, эмоционалдық реакциялар);
4) ойын қызметін бағалау (мектеп жасына дейінгі балалар үшін – ойынға қызығушылығы мен қажеттілігінің болуы, ойынның жас ерекшелігіне сәйкестігі, ойын әрекеттерінің әртүрлілігі мен мазмұндылығы, рөлдік мінез-құлық, құрдастарымен өзара әрекеттестігі);
5) баланың психикалық әрекеті мен мінез-құлқының белсенділігі және ерекшеліктері (мектеп жасындағы балалар үшін – тапсырмаларға қызығушылығы, әрекет қарқыны);
6) ақыл-ой дамуы (ерте жастағы балалар үшін), танымдық әрекет (мектеп жасына дейінгі балалар үшін), зияткерлік әрекет (мектеп жасындағы балалар үшін), жоғары психикалық функциялардың ерекшеліктері және/немесе бұзылыстары (қажет болған жағдайда);
7) оқу әрекеті (мектеп жасындағы балалар үшін – оқу бағдарламасы бойынша білімдері мен дағдыларының қалыптасуы, оқу мотивациясы, ерік-жігерді реттеу, мақсат қоя білу, жоспарлау, бақылау, оқу әрекетінің нәтижелеріне эмоционалдық көзқарасы);
8) сөйлеуді дамыту (ерте жастағы балалар үшін – сөйлеуге дейінгі даму, сөздік қорының қалыптасуы, дыбысты дұрыс айту, сөйлеуді түсіну, фразалық сөйлеуге көшу, коммуникативтік функциясы, сөйлеудің танымдық және реттеуші функциялары; мектеп жасына дейінгі балалар үшін – дыбысты дұрыс айту және сөздердің құрылымы, фонематикалық қабылдау, сөздік қоры, фразалық сөйлеу, байланыстырып сөйлеу; мектеп жасындағы балалар үшін – дыбысты айту мен буын құрылымының бағалануы, сөйлеуді түсіну деңгейі, сөздік қоры, грамматикалық құрылымы, фразалық, байланыстырып және жазбаша сөйлеу, оқу жылдамдығы мен дұрыстығы, оқығанын түсіну, жазу деңгейі және қателері).
9) сенсорлық және қозғалыс функциялары (есту және көру функцияларының сақталуы, сенсорлық ақпаратты өңдеу, ірі және ұсақ моториканың дамуы мен жай-күйі, есту, көру және қозғалыс функциялары);
10) әлеуметтік дамуы (әлеуметтік-тұрмыстық дағдылар, қоршаған орта өзгерістеріне бейімделу қабілеті, отбасындағы әлеуметтік проблемалардың болуы, мінез-құлық ережелерін сақтау дағдысы, әлеуметтік бейімделу, әлеуметтік көмекке мұқтаждық).