БҰЙЫРАМЫН:
1. "Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 107 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20209 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында:
66-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"66-1. Ауылшартауарөндіруші (ауылшаркооперативі) тыңайтқышты аванстық субсидиялау тетігін қолдана отырып, тыңайтқыш өндірушіден арзандатылған құны бойынша жоспарлап сатып алған жағдайда, тыңайтқыш өндірушінің екінші деңгейлі банктегі субсидиялар көлемі аударылатын арнайы шотына (бұдан әрі – арнайы шот) тыңайтқыш өндірушіге субсидияларды аванстық төлеммен аудару жүзеге асырылады. Бұл ретте, тыңайтқыштарды өндіруші осы Қағидалардың 66-тармағының 4) тармақшасында көзделген шарттарды орындаған сәтке дейін арнайы шоттан қаражатты үшінші тұлғалар шешіп алмауы тиіс.";
66-4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"66-4. Тыңайтқыштарды өндіруші осы Қағидалардың 66-тармағының 4) тармақшасында көзделген шартты орындағаннан кейін арнайы шоттағы қаражатты пайдаланады. Бұл ретте, өтпелі өтінімді Басқарма растағаннан кейін тыңайтқыш өндірушінің Жеке кабинетіне арнайы шоттан қаражат алу үшін электрондық хабарлама жіберіледі.
Тыңайтқыштарды өндіруші осы Қағидаларға 19-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша күнтізбелік отыз күн ішінде нақты өткізілген тыңайтқыштар бойынша мәліметтерді өтпелі өтінімге енгізуді қамтамасыз ету бойынша міндеттемені қабылдаған кезде арнайы шоттағы қаражатты пайдалануға жол беріледі. Бұл ретте, қаражат тыңайтқыштарды өндіру мақсаттары үшін ғана оларды ауылшартауарөндірушілерге (ауылшаркооперативіне) одан әрі сата отырып пайдаланылуы мүмкін.
Тиісті жылдың 1 қарашасына арнайы шотта пайдаланылмаған қаражаттың қалдықтары болған кезде, сондай-ақ тыңайтқыш өндіруші қабылдаған міндеттемені орындамаған жағдайда, тыңайтқыш өндіруші оларды тиісті жылдың 10 қарашасына дейін Басқарманың шотына қайтарады.
Арнайы шотқа аударылған бюджет қаражаты толық игерілген жағдайда, аванстық субсидиялау тетігі шеңберінде өтпелі өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Мұндай жағдайда өтпелі өтінімдерді қабылдау осы Қағидалардың 71-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Егер тыңайтқыш өндіруші нақты өткізілген тыңайтқыштар бойынша мәліметтерді өтпелі өтінімге енгізген сәтке дейін арнайы шоттағы бюджет қаражаты таусылса, онда ауылшартауарөндіруші (ауылшаркооперативі) өтпелі өтінімді кері қайтарып алады.";
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 19-2-қосымшамен толықтырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы |
А. Бердалин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігі
Күнтізбелік отыз күн ішінде нақты өткізілген тыңайтқыштар бойынша мәліметтерді өтпелі өтінімге енгізуді қамтамасыз ету бойынша міндеттеме
Жеке кабинетке өтпелі өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде нақты өткізілген тыңайтқыштар бойынша мәліметтерді өтпелі өтінімге енгізуге міндеттенемін.
Арнайы шоттағы қаражат тыңайтқыштарды өндіру мақсаттары үшін ғана, оларды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (ауыл шаруашылығы кооперативтеріне) одан әрі сата отырып пайдаланылатынын растаймын.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (ауыл шаруашылығы кооперативі) өтпелі өтінімді бермеген жағдайда, қаражатты тиісті жылдың 10 қарашасына дейін қайтаруға міндеттенемін.
Электрондық цифрлық қолтаңбадан (бұдан әрі – ЭЦҚ) алынған деректер
Тыңайтқыш өндірушінің бірінші басшысының ЭЦҚ-сы қойылған күні мен уақыты.