"Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылы 31 наурыздағы № 126 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы"

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы № 294 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 18 маусымда № 34505 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2024 бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылы 31 наурыздағы № 126 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6929 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 118) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Диссертациялық кеңес туралы үлгі ереже (бұдан әрі – Үлгі ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Министрлік туралы ереже) 15-тармағының 118) тармақшасына сәйкес әзірленді.";

      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) диссертациялық кеңестер – докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғауды жүргізетін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) жанындағы алқалы органдар;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. ЖЖОКБҰ-да диссертациялық кеңестер күнтізбелік 3 (үш) жылға құрылады және докторантура кадрларын даярлаудың тиісті бағыттары бойынша:

      1) докторантура бағдарламасы бойынша білім беру қызметін жүргізуге арналған лицензия және (немесе) лицензияға қосымша;

      2) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабының 2-тармағына сәйкес соңғы 3 (үш) жылда Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының тізіліміндегі докторантураның білім беру бағдарламалары;

      3) кемінде 3 (үш) жыл мерзімге аккредиттелген және Министрлік туралы ереженің 15-тармағының 21) тармақшасына сәйкес Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының аккредиттелген білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген докторантураның білім беру бағдарламалары;

      4) Министрлік туралы ереженің 15-тармағының 3) тармақшасына сәйкес оқытудың 1 (бірінші), 2 (екінші) және 3 (үшінші)-жылына даярлау бағыты бойынша бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылардың контингенті болған жағдайда жұмыс істейді.";

      3-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-1. Консорциалдық келісім болған жағдайда ЖЖОКБҰ-ның (бұдан әрі – әріптес ЖЖОКБҰ) мыналары бар:

      1)ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелуі;

      2)әріптес ЖЖОКБҰ докторанттары қатысатын мемлекеттік бюджеттен бағдарламалық-нысаналы немесе гранттық қаржыландыру шеңберінде соңғы 3 (үш) жылда докторантура кадрларын даярлаудың тиісті бағыттары бойынша орындалып жатқан немесе орындалған жобалары;

      3) осы Үлгі ереженің 9-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген халықаралық рецензияланатын басылымдарда жарияланымдары бар, даярлау бағыты бойынша кемінде 3 (үш) ғалымы;

      4) тиісті немесе аралас даярлау бағыты бойынша әріптес ЖЖОКБҰ-ның білім беру процесіне қатысатын кемінде 3 (үш) ғалымы ғылыми ұйымдармен бірлесіп, диссертациялық кеңестер құруына жол беріледі.";

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Ерекше мәртебесі жоқ ЖЖОКБҰ-ларда диссертациялық кеңестерді құру туралы өтінімді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (бұдан әрі – Комитет) ЖЖОКБҰ-дан мынадай құжаттарды алған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде қарайды:

      1) ілеспе хат;

      2) Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының тізілімінде соңғы 3 (үш) жылда докторантураның білім беру бағдарламаларының болуы (әскери, арнайы оқу орындарын (бұдан әрі – ӘАОО) қоспағанда);

      3) докторантураның тиісті кадрлар даярлау бағыты бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар контингентінің болуы туралы мәлімет (ӘАОО-ларды қоспағанда);

      4) осы Үлгі ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша диссертациялық кеңестің тұрақты мүшелігіне үміткерлер туралы ақпарат;

      5) қолданыс мерзімдерін көрсете отырып, мәтінді пайдалануды анықтаудың, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша лицензиялық жүйесінің болуын растайтын құжаттың көшірмесі (ӘАОО-лар үшін Плагиатқа тексеру жөнінде комиссия құру туралы мәлімет);

      6) докторантураның білім беру бағдарламасының кем дегенде 3 (үш) жыл мерзімге аккредиттелгені және Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының аккредиттелген білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілгені туралы мәлімет (ӘАОО-ларды қоспағанда).

      Ғылыми ұйыммен бірлескен диссертациялық кеңес құру туралы өтінімді әріптес ЖЖОКБҰ береді. Комитеттің диссертациялық кеңестің қызметін ұйымдастыру туралы шешімі қабылданған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Комитеттің интернет-ресурсында орналастырылады.

      5. Диссертациялық кеңестің құрамы 7 (жеті) адамнан аспауы тиіс. Диссертациялық кеңестің барлық мүшелерінде ғылыми дәрежесі (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар.

      Диссертациялық кеңестің кемінде 3 (үш) мүшесі басқа ЖЖОКБҰ-лардың, ғылыми және (немесе) басқа да ұйымдардың өкілдері болып табылады.

      Диссертациялық кеңестің құрамында диссертациялық кеңестің 4 (төрт) мүшесі, оның ішінде төраға, төраға орынбасары және ғалым хатшы тұрақты мүшелер болып табылады.

      Диссертациялық кеңестің құрамында диссертациялық кеңестің 3 (үш) мүшесі докторлық зерттеу саласына байланысты докторанттың қорғау кезеңіне уақытша тағайындалады.

      Бұл ретте 8D01 Педагогикалық ғылымдар, 8D02 Өнер және гуманитарлық ғылымдар білім беру салалалары үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6951 болып тіркелген) бекітілген Дәрежелерді беру қағидаларының 6-тармағына сәйкес халықаралық рецензияланатын басылымдарда мақаласы жоқ докторант қорғайтын жағдайда, диссертациялық кеңестің уақытша құрамына докторанттың диссертациялық жұмысына пікір беретін 1 (бір) шетелдік ғалым тартылады. Шетелдік ғалым келесі талаптардың біріне сәйкес келеді:

      1) шетелдік ғалымның жұмыс орны Academic Ranking of World Universities (Академик Ранкинг оф Ворлд Юниверситиес) немесе Times Higher Education World University Rankings (Таймс Хайер Едукейшн Ворлд Юниверсити Ранкинг) немесе US News Best Global Universities Rankings (ЮС Ньюс Бест Глобал Юниверситис Ранкинс) халықаралық рейтингінің топ-500 (бес жүз) құрамына кіретін университет болып табылады;

      2) шетелдік ғалым соңғы 5 (бес) жылда Web of Science Core Collection (Вэб оф Сайнс Кор Коллекшн) (Arts and Humanities Citation Index (Артс энд Хьюманитис Цитэйшэн Индекс), Social Sciences Citation Index (Сошиал Сайенсиз Цитэйшэн Индекс) бөлімдері) деректер базаларында индекстелетін журналдарда кемінде 2 (екі) мақала және (немесе) шолу жариялаған;

      3) шетелдік ғалымда Elsevier (Эльзевир), Brill (Брилл), CRC Press (СРС Пресс), DeGruyter (ДеГрюйтер), Edward Elgar Publishing (Эдвар Элгар Паблишинг), John Wiley & Sons (Джон Уайли және Сонс), McGraw Hill (Макроу Хилл), Palgrave Macmillan (Палгрейв Макмиллан), Peter Lang (Питер Лэнг), Prentice Hall (Прентис Холл), Routledge (Рутледж), Sage Publications (Сэйдж Публикейшен), Springer Nature (Шпрингер Нэйчар), Taylor and Francis (Тейлор және Фрэнсис), Wolters Kluwer (Вольтерс Клувер) баспаларында (бұдан әрі – сенімді баспалар) немесе US News Best Global Universities Rankings (ЮС Ньюс Бест Глобал Юниверситис Ранкинс) немесе Academic Ranking of World Universities (Академик Ранкин оф Ворлд Юниверситис) немесе Times Higher Education World University (Таймс Хайр Эдюкейшн Ворлд Юниверсити) топ-100 (жүз) рейтингіндегі университет баспасында шығарылған монографиясы бар.

      Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері ретінде докторанттың ғылыми кеңесшілері, сондай-ақ докторантпен немесе оның ғылыми кеңесшісімен үлестес тұлғалар:

      1) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;

      2) диссертация орындалған және (немесе) докторант тапсырыс беруші немесе орындаушы (тең орындаушы) болып табылатын ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген ЖЖОКБҰ-ның және (немесе) ғылыми ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және қызметкерлері;

      3) соңғы 3 (үш) жыл ішінде бірге жариялаған мақалалардың және шолулардың тең авторлары;

      4) соңғы 3 (үш) жылда диссертацияның мазмұны бойынша Комитеттің теріс шешімін алған диссертациялар бойынша оң қорытынды берген ғылыми кеңесшілер немесе ресми рецензенттер болған мамандар тағайындалмайды.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. ЖЖОКБҰ жанындағы диссертациялық кеңестің кемінде 4 (төрт) мүшесінде халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланымдары болады:

      1) 8D05 Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, 8D06 Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, 8D07 Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, 8D08 Ауыл шаруашылығы және биоресурстар, 8D09 Ветеринария, 8D10 Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина), 8D11 Қызмет көрсетулер білім беру салалары бойынша соңғы 5 (бес) жылда Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректері бойынша алғашқы үш квартильге кіретін немесе Scopus (Скопус) деректер базасында Сitescore (СайтСкор) бойынша процентиль көрсеткіші кемінде 35 (отыз бес) болатын басылымдарда кадрлар даярлау бағыттарына сәйкес келетін ғылыми салалардың бірі бойынша кемінде 3 (үш) жарияланым;

      2) басқа білім беру салалары үшін соңғы 5 (бес) жылда Web of Science Core Collection (Вэб оф Сайнс Кор Коллекшн) (Arts and Humanities Citation Index бөлімдері (Aртс энд Хьюманитис Цитэйшэн Индекс), Science Citation Index Expanded (Сайенс Цитэйшэн Индекс Экспандид), Social Sciences Citation Index (Сошиал Сайенсиз Цитэйшэн Индекс) деректер базасында индекстелетін және Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректеріне сәйкес алғашқы үш квартильге кіретін немесе Scopus (Скопус) деректер базасында Сitescore (СайтСкор) бойынша процентиль көрсеткіші кемінде 35 (отыз бес) болатын басылымдарда кадрлар даярлау бағыттарына сәйкес келетін ғылыми салалардың бірі бойынша кемінде 2 (екі) жарияланым.

      Халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 2 (екі) ғылыми мақала ретінде соңғы 5 (бес) жылда – сенімді баспаларда немесе US News Best Global Universities Rankings (ЮС Ньюс Бест Глобал Юниверситис Ранкинс) немесе Academic Ranking of World Universities (Академик Ранкин оф Ворлд Юниверситис) немесе Times Higher Education World University (Таймс Хайр Эдюкейшн Ворлд Юниверсити) топ-100 (жүз) рейтингіндегі университет баспасында шығарылған монография ескеріледі. Жоғарыда көрсетілген монографияда тарау болған жағдайда (ізденушіге кемінде 3 (үш) баспа табағы тиесілі) ол халықаралық рецензияланатын ғылыми журналда 1 (бір) мақала ретінде есепке алынады.

      ӘАОО жанындағы диссертациялық кеңестерде 3 (үш) мүшесінің соңғы 5 (бес) жылда Ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесіне (бұдан әрі – Басылымдар тізбесі) енгізілген журналдарда кемінде 10 (он) жарияланымы болады.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Ерекше мәртебесі бар ЖЖОКБҰ-да диссертациялық кеңестер осы Үлгі ереженің 3 немесе 3-1-тармақтарының талаптарына сәйкестігі туралы Комитетті хабардар ете отырып, 3 (үш) жұмыс күні ішінде дербес құрылады. Диссертациялық кеңес құру туралы ақпарат ЖЖОКБҰ-ның бірінші басшысының бұйрығы шыққан күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ЖЖОКБҰ-ның интернет-ресурсында орналастырылады.

      Жолданым/шағым болған жағдайда Комитет тиісті диссертациялық жұмысты және диссертациялық кеңесте өткен қорғау рәсімін тексереді.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. ЖЖОКБҰ-дағы нақты кадрларды даярлау бағыты (мамандық) бойынша диссертациялық кеңестің жабылуына мыналар негіз болады:

      1) Комитеттің докторантқа дәреже беруден бас тартуға немесе қайта қорғауға жіберуге негіз болған осы кеңесте қорғалған диссертациялар бойынша 3 (үш) және одан да көп шешімі (ерекше мәртебесі бар ЖЖОКБҰ-ларды қоспағанда);

      2) докторантураның тиісті кадрларды даярлау бағыты бойынша білім беру қызметімен айналысуға берілген лицензиясынан айыру;

      3) докторантураның білім беру бағдарламасының аккредиттеу мерзімінің аяқталуы немесе аккредиттеуді кері қайтарып алу (ӘАОО-ларды қоспағанда);

      4) осы Үлгі ереже талаптарының бұзылуы анықталған 5 (бес) қорғауды өткізуі.

      Диссертациялық кеңес жабылғаннан кейін осы кеңесті білім беру бағдарламалары бойынша құру туралы өтінім 1 (бір) жылдан кейін беріледі.

      Диссертациялық кеңестің осы Үлгі ережеде белгіленген талаптарды бұзуы диссертациялық кеңестің тұрақты құрамын ауыстыруға негіз болады (3 (үш) қорғау бұзушылықтармен өткен жағдайда).";

      мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысының функциялары:

      1) қорғауға қабылдау және қорғауды өткізу рәсімдерін ұйымдастыру;

      2) диссертацияны "Антиплагиат" жүйесі бойынша тексеруге, ЖЖОКБҰ кітапханасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына, ресми рецензенттерге жіберу;

      3) диссертациялық кеңестің қызметі бойынша хат-хабарды жолдау;

      4) диссертациялық кеңестің сайтында материалдар мен ақпаратты орналастыру;

      5) диссертациялық кеңестің отырысын, оның ішінде бағдарламалық және техникалық құралдарды дайындау;

      6) диссертациялық кеңестің құжаттарын ресімдеу;

      7) Комитетке жолдау үшін құжаттар топтамасын дайындау (ерекше мәртебесі жоқ ЖЖОКБҰ-лар үшін).

      Хат-хабарлар ғалым хатшының ресми корпоративтік поштасынан жолданады. Ғалым хатшының міндеттерін басқа адамдарға, оның ішінде докторантқа жүктеуге жол берілмейді.";

      19, 20, 21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Докторант оқыған ЖЖОКБҰ қорғауға құжаттарды қабылдауға дейін ЖЖОКБҰ бейінді бөлімшенің не құрылымдық бөлімшесінің ғылыми (академиялық) кеңесінің кеңейтілген отырысында (бұдан әрі – кеңейтілген отырыс) диссертацияны алдын ала талқылауды өткізеді.

      Кеңейтілген отырыс өткізуден 1 (бір) ай бұрын диссертация докторанттың ғылыми зерттеу саласы бойынша ғылыми дәрежесі (ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар 2 (екі) маманға рецензияға жолданады.

      Кеңейтілген отырысқа бейінді (құрылымдық) бөлімше мүшелерінің кемінде 2/3-сі (үштен екісі), рецензенттер, құрылымдық бөлімшенің ғылыми немесе академиялық кеңесінің мүшелері, ғылыми кеңесшілер, сондай-ақ ЖЖОКБҰ-ның аралас (мәндес) кафедраларының және (немесе) құрылымдық бөлімшелерінің, ғылыми және басқа да ұйымдардың өкілдері, практик мамандар (қолданбалы сипаттағы диссертациялар үшін) қатысады. Диссертацияны қорғауға ұсыну туралы шешім жай көпшілік дауыспен қабылданады. Егер диссертация Дәрежелер беру қағидаларының 4, 5 және (немесе) 6-тармақтарына сәйкес келмесе, диссертация қорғауға жіберілмейді.

      Қорғауға ұсынылған диссертацияға берілген ескертулермен келіскен жағдайда, докторант оларды диссертациясын диссертациялық кеңеске тапсырғанға дейін жояды.

      Кеңесшілер болмаған кезде отырыста докторант диссертациясы бойынша олардың пікірлерін төрағалық етуші немесе хатшы оқиды.

      20. Кеңейтілген отырыстың оң қорытындысын алғаннан кейін докторант өзі оқитын ЖЖОКБҰ басшысына қорғайтын диссертациялық кеңесті таңдау туралы өтініш береді.

      Егер докторант басқа ЖЖОКБҰ-ның диссертациялық кеңесін көрсетсе, онда докторант оқыған ЖЖОКБҰ 10 (он) жұмыс күні ішінде оның құжаттарын диссертациялық кеңеске жібереді. Докторант қорғау үшін таңдаған ЖЖОКБҰ-да ЖЖОКБҰ дербес бекіткен тәртіппен кеңейтілген отырыс өткізуге жол беріледі.

      ӘАОО-дағы докторант үшін тиісті мамандық (кадрлар даярлау бағыты) бойынша басқа ӘАОО-дағы диссертациялық кеңесті таңдауға жол беріледі.

      Диссертациялық кеңеске мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) отандық және шетелдік ғылыми кеңесшілердің пікірлері (ӘАОО-лар үшін отандық кеңесшілердің пікірлері);

      2) кеңейтілген отырыстың оң қорытындысы;

      3) берік түптелген және электронды тасымалдағыштағы диссертациялық жұмыс (егер диссертация диссертациялық жұмыс нысанында қорғалатын болса);

      4) қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі аннотация. Аннотацияда қорғауға шығарылатын диссертациялық зерттеудің тақырыбы, мақсаты, зерттеу міндеттері, зерттеу әдістері, негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар), зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы, алынған нәтижелердің жаңашылдығы мен маңыздылығының негіздемесі, ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі, докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы жазылады;

      5) ғылыми еңбектердің тізімі және олардың көшірмелері;

      6) докторант оқыған ЖЖОКБҰ-ның Әдеп комиссиясының зерттеу объектілерінің (тірі табиғат пен тіршілік ортасының объектілері) құқықтарын, қауіпсіздігі мен саулығын қорғауды қоса алғанда, ғылыми зерттеу нәтижелерін жоспарлау, бағалау, іріктеу, жүргізу және тарату процесіндегі бұзушылықтардың болмауы туралы қорытындысы.

      Диссертациялық жұмыс қазақ немесе орыс немесе ағылшын тілдерінде ұсынылады.

      Осы тармақта көрсетілген құжаттарды тіркеуді диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы жүзеге асырады және оларды 2 (екі) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде диссертациялық кеңеске ұсынады.

      Диссертацияны қорғауға қабылдау жөніндегі диссертациялық кеңестің отырысында кеңестің тұрақты құрамы осы Үлгі ереженің 5-тармағының талаптарына сәйкес диссертациялық кеңестің уақытша мүшелерін тағайындайды.

      21. Құжаттар қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей диссертациялық кеңес диссертацияны қорғау күнін белгілейді және ғылыми дәрежесі (ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар 2 (екі) ресми рецензентті тағайындайды. Рецензенттерде докторанттың зерттеу саласы бойынша Комитеттің Басылымдар тізбесіне және/немесе Web of Science Core Collection (Вэб оф Сайнс Кор Коллекшн) немесе Scopus (Скопус), деректер базасына енгізілген журналдарда және /немесе шетелдік рецензияланатын басылымдарда 5 (бес) ғылыми мақаласы немесе 1 (бір) монографиясы (жеке жазылған) бар.

      Диссертацияны қорғау күні диссертацияны қорғау күнін белгілеу күнінен 3 (үш) айдан аспауға тиіс. Қорғау күнін белгілеу кезінде докторанттар құжаттарының түсу кезегі сақталады.

      22. Диссертациялық кеңес ресми рецензенттерді тағайындау кезінде рецензенттердің, ғылыми кеңесшілердің бір-біріне тәуелді болмау принципін басшылыққа алады.

      Мыналар ресми рецензент бола алмайды:

      1) Комитет қызметкерлері;

      2) докторанттың диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстарының тең авторлары;

      3) диссертация орындалған және (немесе) докторант тапсырыс беруші немесе орындаушы (тең орындаушы) болып табылатын ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген ЖЖОКБҰ-ның және (немесе) ғылыми ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және қызметкерлері;

      4) соңғы 3 (үш) жылда диссертацияның мазмұны бойынша Комитеттің теріс шешімін алған диссертациялар бойынша оң қорытынды берген ғылыми кеңесшілер немесе ресми рецензенттер болған мамандар;

      5) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер.";

      23-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі аннотация (белгіленген қорғау күніне дейін 1 (бір) ай бұрын), аннотация көлемін ЖЖОКБҰ өз бетінше анықтайды;";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Ресми рецензенттер диссертация мен жарияланған жұмыстарды зерделеу негізінде диссертациялық кеңеске осы Үлгі ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысанда жазбаша пікірлерін ұсынады.

      Егер диссертация мақалалар сериясы нысанында қорғалатын болса, ресми рецензенттер докторанттың зерттеу тақырыбы бойынша әр мақаланың ғылыми деңгейін зерделейді. Егер мақаланың 2/3 (үштен екі) және одан көп бөлігінің докторанттың зерттеу тақырыбымен байланысы болмаса, оны ресми рецензент ескермейді.

      Ресми рецензенттер пікірлерінде мына шешімдердің бірін көрсетеді:

      1) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру (ерекше мәртебесі бар ЖЖОКБҰ жанындағы диссертациялық кеңесте қорғалған жағдайда) немесе философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру үшін Комитетке ұсыныс жасау (ерекше мәртебесі жоқ ЖЖОКБҰ жанындағы диссертациялық кеңесте қорғалған жағдайда);

      2) егер диссертация Қағидалардың 4 және (немесе) 6-тармақтарына сәйкес келмесе және (немесе) Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген қағидаттарға (академиялық адалдық қағидатын қоспағанда) ішінара сәйкес келсе және (немесе) онда түзетуді талап ететін ескертулер болса, диссертацияны пысықтауға жіберу. Диссертация мақалалар сериясы нысанында қорғалатын жағдайда диссертация пысықтауға жіберілмейді;

      3) егер академиялық адалдық қағидаты бұзылған немесе ғылыми жаңашылдық, ішкі бірлік және дәйектілік қағидаттарына сәйкес келмеген болса, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту.

      Ресми рецензенттер пікірлерінің көшірмелері докторантқа диссертацияны қорғауға дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.

      Ресми рецензенттер жазбаша түрде бас тартқан немесе рецензиялауға мүмкіндік болмаған жағдайда ауыстырылады. Егер ресми рецензентті ауыстыру туралы шешім 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктіріліп қабылданса, қорғау күні ауыстырылады.";

      Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережеге 5-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2024 жылғы 14 маусымдағы
№ 294 бұйрығына
қосымша
  Диссертациялық кеңес
туралы үлгі ережеге
5-қосымша

      Нысан

Ресми рецензенттің жазбаша пікірі

р/н №

Өлшемшарттар

Өлшемшарттарға сәйкестігі (жауап нұсқаларының бірін сызу)

Ресми рецензенттің ұстанымына негіздеме (ескертуді курсивпен көрсету)

1.

Диссертация тақырыбының (бекіту күніне) ғылымның даму бағыттарына және/немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес болуы

1.1 Ғылымды дамытудың басым бағыттарына және/немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі:
1) диссертация мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын жобаның немесе нысаналы бағдарламаның аясында орындалған (жобаның немесе бағдарламаның атауы мен нөмірін көрсету);
2) диссертация басқа мемлекеттік бағдарлама аясында орындалған (бағдарламаның атауын көрсету);
3) диссертация Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бекіткен ғылым дамуының басым бағытына сәйкес (бағытын көрсету) келеді.


2.

Ғылым үшін маңыздылығы

Жұмыс ғылымға елеулі үлесін қосады/қоспайды, ал оның маңыздылығы ашылған/ашылмаған.


3.

Өзі жазу принципі

Өзі жазу деңгейі:
1) жоғары;
2) орташа;
3) төмен;
4) өзі жазбаған.


4.

Ішкі бірлік принципі

4.1 Диссертация өзектілігінің негіздемесі:
1) негізделген;
2) ішінара негізделген;
3) негізделмеген.


4.2 Диссертация мазмұны диссертация тақырыбын айқындайды:
1) айқындайды;
2) ішінара айқындайды;
3) айқындамайды.


4.3. Мақсаты мен міндеттері диссертация тақырыбына сәйкес келеді:
1) сәйкес келеді;
2) ішінара сәйкес келеді;
3) сәйкес келмейді.


4.4. Диссертацияның барлық бөлімдері мен ережелері логикалық байланысқан:
1) толық байланысқан;
2) ішінара байланысқан;
3) байланыс жоқ.


4.5 Автор ұсынған жаңа шешімдер (қағидаттар, әдістер) дәлелденіп, бұрыннан белгілі шешімдермен салыстырылып бағаланған:
1) сыни талдау бар;
2) талдау ішінара жүргізілген;
3) талдау өз пікіріне емес, басқа авторлардың сілтемелеріне негізделген;
4) талдау жоқ.


5.

Ғылыми жаңашылдық принципі

5.1 Ғылыми нәтижелер мен ережелер жаңа ма?
1) толығымен жаңа;
2) ішінара жаңа (25-75% жаңа);
3) жаңа емес (жаңасы 25%-дан кем).


5.2 Диссертацияның қорытындылары жаңа ма?
1) толығымен жаңа;
2) ішінара жаңа (25-75% жаңа);
3) жаңа емес (жаңасы 25%-дан кем).


5.3 Техникалық, технологиялық, экономикалық немесе басқару шешімдері жаңа және негізделген бе?
1) толығымен жаңа;
2) ішінара жаңа (25-75% жаңа);
3) жаңа емес (жаңасы 25%-дан кем).


6.

Негізгі қорытындылардың негізділігі

Барлық негізгі қорытындылар ғылыми тұрғыдан қарағанда ауқымды дәлелдемелерде негізделген/негізделмеген (qualitative research (куолитатив ресеч) және өнер және гуманитарлық ғылымдар бойынша даярлық бағыттары үшін).


7.

Қорғауға шығарылған негізгі ережелер

Әрбір ереже бойынша келесі сұрақтарға жеке жауап беру қажет:
7.1 Ереже дәлелденді ме?
1) дәлелденді;
2) шамамен дәлелденді;
3) шамамен дәлелденбеді;
4) дәлелденбеді;
5) бұл тұжырымда ереженің дәлелденгенін тексеру мүмкін емес.
7.2 Тривиалды ма?
1) ия;
2) жоқ;
3) бұл тұжырымда ереженің тривиалды екенін тексеру мүмкін емес.
7.3 Жаңа ма?
1) ия;
2) жоқ;
3) бұл тұжырымда ереженің жаңашылдығын тексеру мүмкін емес.
7.4 Қолдану деңгейі:
1) тар;
2) орташа;
3) кең
4) бұл тұжырымда ереженің қолдану деңгейін тексеру мүмкін емес.
7.5 Мақалада дәлелденген бе?
1) ия;
2) жоқ
3) бұл тұжырымда мақаладағы ереженің дәлелденгенін тексеру мүмкін емес.


8.

Дәйектілік қағидаты.
Дереккөздер мен ұсынылған ақпараттың дәйектілігі

8.1 Әдіснаманы таңдау – негізделген немесе әдіснама нақты жазылған:
1) ия;
2) жоқ.


8.2 Диссертация жұмысының нәтижелері компьютерлік технологияларды қолдану арқылы ғылыми зерттеулердің қазіргі заманғы әдістері мен деректерді өңдеу және интерпретациялау әдістемелерін пайдалана отырып алынған:
1) ия;
2) жоқ.


8.3 Теориялық қорытындылар, модельдер, анықталған өзара байланыстар және заңдылықтар эксперименттік зерттеулермен дәлелденген және расталған (педагогикалық ғылымдар бойынша даярлау бағыттары үшін нәтижелер педагогикалық эксперимент негізінде дәлелденеді):
1) ия;
2) жоқ.


8.4 Маңызды мәлімдемелер нақты және сенімді ғылыми әдебиеттерге сілтемелермен расталған / ішінара расталған / расталмаған.


8.5 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі әдеби шолуға жеткілікті/жеткіліксіз.


9

Практикалық құндылық қағидаты

9.1 Диссертацияның теориялық маңызы:
1) бар;
2) жоқ.


9.2 Диссертацияның практикалық маңызы бар және алынған нәтижелерді практикада қолдану мүмкіндігі жоғары:
1) ия;
2) жоқ.


9.3 Практикалық ұсыныстар жаңа ма?
1) толығымен жаңа;
2) ішінара жаңа (25-75% жаңа);
3) жаңа емес (жаңасы 25%-дан кем).


10.

Жазу және ресімдеу сапасы

Академиялық жазу сапасы:
1) жоғары;
2) орташа;
3) орташадан төмен;
4) төмен.


11.

Диссертацияға ескертулер



12.

Докторант мақалаларының зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми деңгейі (диссертация мақалалар сериясы нысанында қорғалған жағдайда ресми рецензенттер докторанттың зерттеу тақырыбы бойынша әр мақаласының ғылыми деңгейін зерделейді)



13.

Ресми рецензенттің шешімі (осы Үлгі ереженің 28-тармағына сәйкес)