"Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 219 бұйрығына өзгерістер мен толы

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 2 мамырдағы № 208 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 3 мамырда № 34331 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 219 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31540 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру" (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша өтініш негізінде жеке тұлғаларға тегін көрсетіледі.

      Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру:

      1) ЖЖОКБҰ;

      2) www.egov.kz "электронды үкімет" веб-порталы;

      3) "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік қызмет көрсету әдістерін, мерзімін, нысанын және оны көрсету нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Негізгі талаптар тізбесі) осы бұйрыққа 2-қосымшада жазылған.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Мемлекеттік қызметті проактивті тәсілмен көрсету "электрондық үкімет" веб-порталында көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысының телефон нөмірін тіркеу және дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисі арқылы алынған дербес деректерді жинауға және өңдеуге көрсетілетін қызметті алушының келісімі болған кезде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды:

      көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салумен автоматты хабарламалар жіберу;

      мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнамада көзделген жағдайларда проактивті қызмет көрсету немесе проактивті қызмет көрсетуден бас тарту.

      Көрсетілетін қызметті алушыдан жауапты күту мерзімі сұрау салуды алған сәттен бастап жиырма төрт сағатты құрайды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініш жасауы бойынша немесе өтініш жасауынсыз жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі;

      2) "электрондық үкімет" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе (бұдан әрі – портал);

      3) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық таңбалар жиынтығы (бұдан әрі – ЭЦҚ);

      4) проактивті қызмет – көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін мемлекеттік қызмет.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Конкурстық комиссия осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша өтініш негізінде немесе көрсетілетін қызметті алушының мәртебесін растайтын осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ЖЖОКБҰ тізбесінің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, порталға электрондық түрде берілген өтініш негізінде ЖЖОКБҰ-дағы жатақханадағы орындарды бөлуді жүзеге асырады.

      ЖЖОКБҰ кеңсесі өтініш берген күні құжаттарды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады және 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтінішті конкурстық комиссияның қарауына береді.

      Көрсетілетін қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде:

      осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес құжаттар топтамасын қабылдау күнін көрсете отырып, құжаттарды алу туралы ЖЖОКБҰ құжаттарын қабылдау туралы қолхат қағаз жеткізгіштегі өтініштің қабылданғанын растау болып табылады.

      Портал арқылы – көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" құжаттар топтамасын қабылдау туралы мәртебе көрсетіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде ЖЖОКБҰ өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.";

      12-тармақтың 5) тармақшасының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) бірінші курсқа оқуға қабылданған, Ұлттық бірыңғай тестілеу немесе Кешенді тестілеу қорытындылары, пәндер бойынша түсу емтихандары немесе білім беру ұйымы өткізген тестілеу нысаны бойынша жоғары балл алған білім алушылар.";

      2-қосымшада:

      реттік нөмірі 2-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "

2

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті беру тәсілдері

Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру:
1) ЖЖОКБҰ;
2) www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталы;
3) "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы.

      ";

      реттік нөмірлері 4 және 5-жолдар мынадай редакцияда жазылсын:

      "

4

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған)/қағаз /проактивті түрінде.

5

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

Осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ЖЖОКБҰ-да білім алушыларға жатақхана беру туралы жолдама не дәлелді бас тарту.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін ұсыну
нысаны: электрондық (ішінара автоматтандырылған)/қағаз/проактивті.
Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілген мерзімде мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесіне жүгінбеген кезде көрсетілетін қызметті беруші оларды көрсетілетін қызметті алушы алғанға дейін қабылдау орны бойынша сақтауды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі проактивті нысанда көрсетілетін қызметті алушының ұялы телефонына sms-хабарлама арқылы жіберіледі.

      ";

      реттік нөмірі 10-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "

10

Мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде электрондық түрде және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Құжаттар топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 15 минут.
Көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 30 минут.
Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ болған жағдайда портал арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметті алу мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдың "жеке кабинеті", көрсетілетін қызметті берушінің анықтамалық қызметтері, сондай-ақ "1414", 8-800-080-7777 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде алуға мүмкіндігі бар.
Үшінші тұлғалардың қызмет алу шарттары:
Порталдағы "жеке кабинеттен", сондай-ақ "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы проактивті нысанда ұсынылған мәліметтер сұратылып отырған адамның келісімі болған жағдайда үшінші тұлғалардың электрондық сұрау салуы.

      ".

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі