"Пайдалы қатты қазбаларға қатысты электрондық сатып алу жүйесінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру қ

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2024 жылғы 28 наурыздағы № 112 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 1 сәуірде № 34205 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Пайдалы қатты қазбаларға қатысты электрондық сатып алу жүйесінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 22 мамырдағы № 359 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17077 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Пайдалы қатты қазбаларға қатысты электрондық сатып алу жүйесінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Жұмыстарды үйлестіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін уәкілетті орган тұрақты негіздегі жұмыс тобын құрады.

      Жұмыс тобы мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды, бірақ бес адамнан кем емес.

      Жұмыс тобының құрамы уәкілетті органның, елішілік құндылықты дамыту саласындағы ұлттық даму институтының өкілдері қатарынан қалыптастырылады.

      Жұмыс тобының бірінші отырысында көпшілік дауыспен оның мүшелері арасынан Жұмыс тобының төрағасы сайланады, ол жұмыс тобының жұмысына басшылық жасайды және оның отырыстарында төрағалық етеді. Жұмыс тобының төрағасы уақытша болмаған жағдайда, оның функцияларын жұмыс тобы мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы оның мүшелерінің бірі жүзеге асырады.

      Жұмыс тобының отырысын өткізуге арналған кворум жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде 50 (елу) пайызын құрайды. Жұмыс тобының әрбір мүшесі бір дауысқа ие. Жұмыс тобының шешімдері ашық дауыс беру арқылы дауыс беруге қатысатын жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, жұмыс тобы төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Қабылданған шешіммен келіспеген жұмыс тобының мүшелері ерекше пікірді жұмыс тобының хаттамасына қоса берілетін жазбаша түрде көрсете алады.

      Жұмыс тобы отырысының нәтижелері бойынша уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде екі дана (уәкілетті орган мен өтініш беруші үшін бір-бірден) хаттама жасауды қамтамасыз етеді, оған жұмыс тобының төрағасы және жұмыс тобының барлық қатысып отырған мүшелері қол қояды.".

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіптік инфрақұрылымды және елішілік құндылықты дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Өнеркәсіп және құрылыс министрінің
міндетін атқарушы
И. Шархан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі