"Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 27 ақпандағы № 109 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 28 ақпанда № 34064 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10801 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу қағидаларында:

      4-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) тізілімнің веб-порталы – www.e-Qazyna.kz электрондық мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналасқан, тізілім деректеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін интернет-ресурс;";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Тізілімнің есепке алу объектілері (бұдан әрі - есепке алу объектілері) мыналар болып табылады:

      1) мемлекеттік заңды тұлғалар мен оларға бекітіліп берілген мүлік;

      2) жер пайдаланудағы жер учаскелері;

      3) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акциялары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;

      4) мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілері;

      5) мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілері;

      6) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген шағын өлшемді және өзен кемелері;

      7) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген көлік құралдары және ауыл шаруашылығындағы көлік құралдары;

      8) мемлекеттік заңды тұлғалар мен ұйымдарға берілген лицензиялар мен рұқсаттар;

      9) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген табиғи ресурстар кадастрларының объектілері;

      10) мемлекеттік мүлік бойынша уәкілетті органның заңды тұлғалар тізіміне сәйкес, заңды тұлғалардың банкроттығы туралы іс қозғау жөніндегі шешімдер (шешімдердің көшірмесі) бойынша және заңды күшіне енген, жекелеген негіздер бойынша мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыруды көздейтін соттардың шешімдері (үкімдері, қаулылары) туралы мәліметтер;

      11) мемлекетке тиесілі ақпараттандыру объектілері.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Мемлекеттік органдар тізілімге есепке алу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады және (немесе) есепке алу объектілері бойынша тізіліммен интеграциялау үшін ведомстволық ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті ұйымдастырады, атап айтқанда:

      1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қатысты;

      2) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік техникалық тексеру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган –мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты;

      3) жер қатынастары саласындағы реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – жер пайдаланудағы жер учаскелеріне қатысты;

      4) облыстық уәкілетті орган – облыстық коммуналдық мүлікке жатқызылған акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне қатысты;

      5) аудандық уәкілетті орган – аудандық коммуналдық мүлікке жатқызылған акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне қатысты;

      6) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілеріне қатысты;

      7) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне қатысты;

      8) көлік және коммуникация саласында басшылық етуді, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген шағын өлшемді және өзен кемелеріне қатысты;

      9) жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында өз құзыреті шегінде басшылық етуді және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген көлік құралдарына қатысты;

      10) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласында қызметті реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғалардың және ұйымдардың жылдық қаржылық есептілігіне қатысты;

      11) байланыс, ақпараттандыру, "электрондық үкімет", ақпарат және мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту салаларында басшылық етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғалар мен ұйымдарға берілген лицензияларға және рұқсаттарға қатысты;

      12) агроөнеркәсіптік кешен, су, балық, орман және аңшылық шаруашылығы, жер ресурстары, геодезия және картография саласында басшылық етуді, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте өзінің құзыретіне жатқызылған қызмет саласында мемлекеттік органдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген ауыл шаруашылығындағы көлік құралдарына қатысты;

      13) қоршаған ортаны қорғау, "жасыл экономиканы" дамыту, қалдықтармен жұмыс істеу (коммуналдық, медициналық және радиоактивті қалдықтарды қоспағанда), табиғат ресурстарын қорғау, олардың ұтымды пайдаланылуын бақылау және қадағалау, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу, минералдық-шикізат базасын өндіру, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында басқару процестерін үйлестіру, мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру саласын басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген табиғи ресурстар кадастрының (орман кадастры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) объектілеріне қатысты;

      14) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстардағы, астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері (соттар әкімшілері) бар жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – заңды тұлғалардың банкроттығы туралы іс қозғау жөніндегі шешімдерге (шешімдердің көшірмесі) қатысты және заңды күшіне енген, жекелеген негіздер бойынша мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыруды көздейтін соттардың шешімдері (үкімдері, қаулылары) туралы;

      15) мемлекетке тиесілі ақпараттандыру объектілерінің иелері болып табылатын мемлекеттік органдар.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Әділет министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Жоғары аудиторлық палатасы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және ақпарат министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі