"Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 1999 жылғы 22 ақпандағы № 14 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2024 жылғы 23 ақпандағы № 159 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 23 ақпанда № 34040 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 24.02.2024 бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 1999 жылғы 22 ақпандағы № 14 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 913 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы нұсқаулықта:

      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеген кезде жіберілген техникалық қателерді түзету мүдделі тұлғаның өтініші бойынша жүргізіледі.

      Көрсетілетін қызметті беруші тіркеуге өтініште көрсетілген мәліметтерді тексереді, мәліметтерді архивтік материалдардың деректерімен салыстырып тексереді.

      Көрсетілетін қызметті беруші жылжымалы мүлік кепілінің тізіліміне "ерекше белгілер" бағанына, сондай-ақ кепілді тіркеу туралы куәлікке қосымша жазба енгізу арқылы техникалық қателерді түзетеді.

      Әділет министрлігі мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты олар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушіге береді".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2024 жылғы 24 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
А. Ескараев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі