Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 99 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 3 қаңтарда № 33879 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.04.2026 № 86 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20160) болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарда:

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің түрлеріне мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және олардың жақын туыстары;

      2) шетелдік қаржы ұйымдары;

      3) заңды тұлғалар және қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты дара кәсіпкерлер, оның ішінде:

      қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметін айырбастау пунктері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметінің ерекше түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;

      тұтынушылардан қолма-қол ақша қабылдауды, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы жүзеге асырушы қызметтерді (қаржылық қызметтерді қоспағанда) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірген);

      ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс онлайн-казино қызметін көрсететін не онлайн-казино қызметінен түсетін кірістерді алатын тұлғалар;

      туристік қызметтерді, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты өзге де қызметтерді көрсететін тұлғалар;

      4) адвокаттар және заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар олар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген қызметке қатысты ақшамен және (немесе) мүлікпен операцияларға қатысатын жағдайларда, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (екінші деңгейдегі банктер белгілеген, КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      5) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      6) қаржы лизингі бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      7) қызметті сақтандыру агенттері ретінде жүзеге асыратын тұлғалар;

      8) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      9) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты адамдар;

      10) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сондай-ақ сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;

      11) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;

      12) Талаптардың 17-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан осындай тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

      13) ұсынған деректерінің дәйектілігіне күмәндануға негіз бар, клиент;

      14) клиент КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиентті тиісінше тексеру рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-әрекеттер жасағанда;

      15) цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      16) банк шығарған он және одан да көп төлем карточкаларының ұстаушылары болып табылатын клиенттер;

      17) соңғы 6 (алты) ай ішінде ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына жалпы сомасы 300 000 (үш жүз мың) теңгеден астам үш және одан да көп төлем жасаған клиенттер.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ онымен шектелмейді:

      1) банктің іскерлік қатынастар орнатудан және (немесе) операциялар жүргізуден бас тарту, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздері мен мерзімдерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау тәртібі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің оңайлатылған және күшейтілген шараларын қолдану рәсімдерінің ерекшеліктері;

      3) шетелдік қаржы ұйымдарымен корреспонденттік қатынастар орнатылған кезде сәйкестендіруді жүргізу ерекшеліктері;

      4) банктің қызмет көрсетудегі немесе қызмет көрсетуге қабылдайтын клиенттер (олардың өкілдері) мен бенефициарлық меншік иелерінің, олардың жұбайларын (зайыптарын) және жақын туыстарын анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;

      5) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-1-бабына сәйкес жасалған жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – ЖҚҚТҚ тізбесі) болуына нысаналы қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;

      6) Тізбеден және ЖҚҚТҚ тізбесінен клиент (оның өкілі) туралы мәліметтер алып тасталған кезде нысаналы қаржы санкцияларының қолданысын тоқтату тәртібі;

      7) іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;

      8) банк кіретін банк конгломераты белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды орындау шеңберінде клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтер, сондай-ақ осындай мәліметтерді сақтаудың және құпиялылығын қамтамасыз етудің алмасу ерекшеліктері (болған кезде);

      9) басқа қаржы ұйымдарынан мәліметтер алу, оның ішінде брокер (дилер) өз банктік шоты бойынша олардың пайдасына немесе атынан операциялар жасайтын жеке және заңды тұлғаларды сәйкестендіру арқылы клиенттерді сәйкестендіру ерекшеліктері;

      10) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;

      11) клиент досьесінің нысанына, мазмұнына және жүргізу тәртібіне, мәліметтерді жаңарту кезеңділігін көрсете отырып, досьедегі мәліметтерді жаңартуға қойылатын талаптар;

      12) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, осындай тәуекелді бағалау негіздері;

      13) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 5-тармағының үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша клиенттердің бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді банктің сұратуы бойынша алу және ұсыну тәртібі;

      14) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сот актісі негізінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушыларға (бұдан әрі – шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылар) тиесілігіне тексеру, шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың пайдасына төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүргізуден бас тарту, сондай-ақ шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушы болып табылатын клиентпен іскерлік қарым-қатынастарды тоқтату тәртібі.

      Клиент (оның өкілі) ұсынатын құжаттар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында олардың дәйектілігі тексеріледі.

      Клиенттің өкіліне қатысты мұндай тұлғаның клиенттің атынан және (немесе) мүддесі үшін әрекет ету өкілеттігі қосымша тексеріледі.

      Банк берілген сенімхат негізінде клиенттің атынан іс-қимыл жасайтын клиенттің өкілі арқылы іскерлік қатынастар орнатқан клиентке қатысты банк шығыс немесе кіріс операцияларын жүргізгенге дейін қосымша клиентті биометриялық сәйкестендіруді жүргізеді.

      Есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзиті факторы негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелі бар елдердің резиденттері болып табылатын клиенттермен қашықтан іскерлік қатынастар орнатуға (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) тыйым салынады.

      Банк Қазақстан Республикасының бейрезиденттері - банк шығарған он және одан да көп төлем карточкаларының ұстаушылары және (немесе) есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзиті факторы негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелі бар елдердің резиденттері болып табылатын клиенттердің, Қазақстан Республикасында болу негізділігін растайтын құжаттарын (еңбек шартын, оқу шартын, Қазақстан Республикасында шетел азаматының тұру ықтиярхатын және басқа да құжаттарды) тексереді.

      Егер банк КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға банктің клиенттеріне қатысты КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды қолдануды тапсырса, банк осындай тұлғалармен өзара іс-қимыл жасаудың мыналар қамтылатын қағидаларын әзірлейді:

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шарттар жасасу рәсімі, сондай-ақ банктің осындай шарттар жасасуға уәкілетті лауазымды тұлғаларының тізбесі;

      банк пен сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалар арасындағы шарттарға сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімі;

      сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіруді жүргізу кезінде алынған мәліметтерді банкке беру рәсімі мен мерзімдері;

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардың алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімдері мен толық болуын қоса алғанда, сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру рәсімі, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде банк қабылдайтын шаралар;

      сәйкестендіру жөніндегі талаптарды, оның ішінде рәсімдерді, алынған мәліметтерді банкке беру мерзімдерін және толық болуын сақтамаған жағдайда, банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен жасалған шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдау негіздері, рәсімі және мерзімдері;

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті лауазымды тұлғаларының тізбесі;

      банк сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін, алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын қоса алғанда, олардың жауапкершілігі туралы ережелері;

      банктің сәйкестендіру жөніндегі талаптарды орындау мақсатында оларға әдіснамалық көмек көрсету мәселелері бойынша сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау рәсімі.

      Банктің өзара іс-қимыл қағидаларына қосымша талаптарды енгізуіне жол беріледі.

      Шетелдік қаржы ұйымына шарт негізінде КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2) және 4) тармақшаларында көзделген клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру шараларын қолдануды тапсырған банк КЖ/ТҚ ықтимал тәуекелдерін ескереді.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Жаңарту кезеңділігі және (немесе) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтер алу қажеттілігі клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейі және (немесе) клиент пайдаланатын банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі ескеріле отырып белгіленеді.

      Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.

      Банк шығарған он және одан да көп төлем карточкаларының ұстаушысы болып табылатын клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді жаңарту кемінде бір тоқсанда бір рет жүзеге асырылады.

      Оған қатысты қызметі есірткілердің заңсыз өндірілуін, айналымын және (немесе) транзитін қаржыландыруға байланысты деп болжауға негіз бар клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді жаңарту кемінде жарты жылда бір рет жүзеге асырылады.".

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржылық мониторинг агенттігі