Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қ

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 349 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 қарашада № 33682 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 62) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында қойылатын талаптар;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2023 жылғы 27 қарашадағы
№ 349 бұйрығына
1-қосымша

Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында қойылатын талаптар

      1. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта және қосымша білім берудің оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну бойынша және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің (бұдан әрі- ТжКББ) білім беру бағдарламалары бойынша онлайн оқыту нысанында мынадай талаптар белгіленеді:

      1) оқу қызметін ұйымдастыру үшін Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдардың болуы;

      2) ақпараттық ресурстарға, цифрлық ресурстарға жедел қол жеткізу құралдарының болуы;

      3) оқытуды басқару жүйесінің болуы;

      4) "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесі және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20317 болып тіркелген) сәйкес педагогтер жүргізу үшін міндетті құжаттардың толтырылуы;

      5) білім беру ұйымдарының педагогтерінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы сертификаттардың болуы;

      6) оқу процесінің цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етілуі;

      7) тиісті мамандық бойынша Білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген ТжКББ үлгідегі білім беру бағдарламасының болуы;

      8) "Білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 14 қарашадағы № 456 бұйрығына сәйкес білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарды сақталуы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30534 болып тіркелген).

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2023 жылғы 27 қарашадағы
№ 349 бұйрығына
2-қосымша

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 62) тармақшасына сәйкес әзірленді және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру (бұдан әрі – ТжКББ) бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларында мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу әдістерінің және аппараттық-бағдарламалық кешен мен телекоммуникациялар желілерін қолдана отырып жүзеге асырылатын ақпараттық өзара іс-қимыл әдістерінің жиынтығы;

      2) асинхронды оқыту форматы – белгілі бір орын мен уақытқа байланысты емес білім беру процесіне қатысушылардың, оның ішінде ақпараттық жүйелердің және басқа байланыс құралдарының көмегімен өзара іс-қимылын болжайтын қашықтан оқыту немесе онлайн оқыту;

      3) қашықтан оқыту – педагог пен білім алушылардың қашықтан өзара іс-қимыл жасау кезінде, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту;

      4) оқытуды басқару жүйесі (LMS) (Элэмэс) – білім беру процесіне қатысушылардың өзара іс-қимыл жасау үшін қашықтан оқытуды және онлайн-оқытуды қамтамасыз ететін оқу материалдары мен құралдары кешенін қамтитын оқу курстарын әкімшілендіруге арналған платформа;

      5) онлайн прокторинг – жазбаның сақталуын, жеке адамды тануды сәйкестендіруді, шу деңгейін айқындай отырып, бас пен дененің қозғалысын талдауды, мультифейсті тануды, бөлмені 360 градус режимінде жазуға сұрау салуды, күдікті оқиғаларды логациялауды қамтамасыз ететін жеке тұлғаны верификациялау және онлайн-емтихандардан өту нәтижелерін растау жүйесі;

      6) синхронды оқыту форматы – барлығы үшін бірыңғай уақыт кезеңінде ақпараттық жүйелердің (бұдан әрі – АЖ) және басқа да байланыс құралдарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алушылар ақпарат алатын, онымен өз бетінше немесе топтарда жұмыс істей алатын, кез келген жерде оны басқа қатысушылармен және оқытушылармен талқылай алатын білім беру процесіне қатысушылардың нақты уақытта тікелей байланысын (стриминг) көздейтін қашықтан оқыту немесе онлайн-оқыту.

2-тарау. Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      3. Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған;

      2) қолайсыз ауа райы метеожағдайлары болған;

      3) білім алушының денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар болған;

      4) білім алушылар халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге қатысқан;

      5) ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініштері болған жағдайларда ұйымдастырылады.

      3-1. "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-2 бабы, 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім беру бағдарламаларын іске асыруды жүзеге асыратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуға жол берілмейді.

      Ескерту. Қағидалар 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 31.05.2024 № 130 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Қосымша білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланғанда ұйымдастырылады.

      5. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған жағдайларда қашықтан оқыту облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары бұйрығының негізінде барлық білім алушылар үшін ұйымдастырылады.

      6. Қолайсыз ауа райының метеожағдайларына байланысты қашықтан оқыту "Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 42 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13076 болып тіркелген) сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органының бұйрығы негізінде ұйымдастырылады.

      7. Денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар білім алушыны қашықтан оқыту "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген нысанға сәйкес дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Қашықтан оқыту кезеңі мен мерзімі дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысының медициналық көрсеткіштері негізінде айқындалады.

      8. Денсаулық мүмкіндіктерінің уақытша шектеулері бар және ТжКББ ұйымдарына тұрақты түрде баруға мүмкіндігі жоқ адамдар үшін оқу сабақтары оқытудың асинхронды және/немесе синхронды оқыту форматы және оқу материалдарын өз бетінше игеру арқылы білім беру ұйымының шешімі бойынша ұйымдастырылады.

      9. Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдерге қатысушыларды қашықтан оқытуға ауыстыру білім алушының, білім алушының ата-анасының немесе басқа да заңды өкілінің білім беру ұйымы басшысының атына еркін нысанда жазылған өтініші және қатысу кезеңідегі мерзімдерді көрсете отырып, білім алушының халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдерге қатысқанын растайтын уәкілетті мемлекеттік органның бұйрығы (хаты) негізінде жүзеге асырылады.

      Ұрыс қимылдары және (немесе) террористік қауіп аймақтарына, сондай-ақ олармен шекаралас өңірлерге шығатын халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдерге қатысушыларды қашықтан оқытуға жол берілмейді.

      Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындары, спорттық жарыстар, зияткерлік және шығармашылық конкурстар, фестивальдер аяқталғаннан кейін орта білім беру ұйымының білім алушысы тақырыпқа жиынтық бағалауды (бұдан әрі – БЖБ) және тоқсанға жиынтық бағалауды (бұдан әрі – ТЖБ) тапсырады, өткізу мерзімдері сәйкес келмеген кезде БЖБ, ТЖБ "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) жеке кесте бойынша тапсырады.

      10. Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдерге қатысатын ТжКББ ұйымдарының білім алушылары үщін оқу сабақтары оқытудың асинхронды және/немесе синхронды оқыту форматы арқылы ұйымдастырылады.

      Қашықтан оқытуды қолдана отырып қорытынды аттестаттау тапсыру ТжКББ ұйымдары үшін прокторинг жүйесін қамтамасыз ете отырып көзделеді.

      11. Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің өтініші бойынша қашықтан оқыту:

      1) жауынгерлік іс-қимыл және (немесе) террористік қауіпті аймақтарға, сондай-ақ олармен шекаралас өңірлерге шығу жағдайларын қоспағанда, баланың пікірін ескере отырып, қашықтан оқытуға жағдай болған кезде, білім алушының үлгерім көрсеткіштері, мектеп психологының қорытындысы, білім алушының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына жасалған актінің негізінде орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңестің және Қамқоршылық кеңестің шешімімен;

      2) ТжКББ ұйымдарында педагогикалық немесе әдістемелік (оқу-әдістемелік не ғылыми-әдістемелік) кеңестің шешімі негізінде ұйымдастырылады:

      12. Қашықтан оқыту білім беру процесіне қатысушылардың орналасқан жеріне қарамастан қашықта, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, өзара іс-қимылы кезінде жүзеге асырылады.

      13. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, сондай-ақ қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етеді.

      14. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында және 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген білім алушылар қашықтан оқытуға толық ауысқан кезде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдары интернет желісіне қоса отырып, білім алушылардың оқутуды басқару жүйесіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      15 Осы Қағидалардың 3-тармағының 2, 3, 4 және 5) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру кезінде:

      1) орта білім беру ұйымы білім алушыға оқу пәндері бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарларды, оқулықтарды, БЖБ және ТЖБ, ағымдағы, аралық және мемлекеттік қорытынды аттестаттауды өткізу кестелерін ұсынады;

      2) ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері білім алушының оқу сабақтарын және қосымша білім беру арқылы (секциялар, спорт, шығармашылық, білім беру үйірмелері және басқалар) оны әлеуметтендіруін дербес ұйымдастырады;

      3) қашықтан оқыту кезінде білім алушы тиісті білім беру деңгейінің оқу бағдарламаларын меңгереді, орта білім беру ұйымына орналасқан жері бойынша орта білім беру ұйымында ағымдағы (ТЖБ), аралық және қорытынды аттестаттаудан уақтылы өтеді;

      4) ағымдағы, аралық және қорытынды аттестаттау нәтижелері бойынша педагогикалық кеңес білім алушыны қашықтан оқытуды ұзарту немесе оны дәстүрлі оқыту форматына ауыстыру туралы тиісті шешім қабылдайды;

      5) оқу процесінде білім алушы нашар меңгерген тақырыптар бойынша пән мұғалімдеріне, қажет болған жағдайда мектеп психологіне, медицина қызметкеріне, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторға, орта білім беру ұйымының әлеуметтік педагогына жүгінуді;

      6) білім алушы білім беру ұйымының спорттық, мектептегі және мектептен тыс іс-шараларына қатысады;

      7) білім алушы бекітіліп берген орта білім беру ұйымы оған спорт, оқу, акт залдарын, компьютерлік сыныптар мен кітапхананы тегін пайдалануды қамтамасыз етеді.

      16. Оқыту нысандарына қарамастан қашықтан оқытуға руқсат берілетін пәндердің және (немесе) модульдердің тізбесін ТжКББ ұйымы дербес айқындайды және басшының бұйрығымен бекітіледі.

      17. Қашықтан оқыту кезінде орта білім беру, ТжКББ ұйымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20317 болып тіркелген) "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесі және олардың нысандары бойынша" ішкі құжат айналымын есепке алуды және білім беру процесінің нәтижелерін жүргізеді және сақтауды жүзеге асырады.

      18. ТжКББ ұйымдарында оқытудың күндізгі нысаны кезінде "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 500 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17564 болып тіркелген) сәйкес мамандықтар және біліктіліктер бойынша өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға көзделген академиялық сағаттарды/кредиттерді қоспағанда, оқу жұмыс жоспарына сәйкес оқытудың барлық кезеңі үшін академиялық сағаттардың/кредиттердің жалпы көлемінен жиырма пайыздан аспайтын көлемінде қашықтан оқытуға жол беріледі.

      19. ТжКББ ұйымдарында оқытудың сырттай немесе кешкі нысанында оқыту, сонымен қатар экстернат нысанында оқыту кезінде "Мәдениет және өнер, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша сырттай және кешкі оқу, сондай-ақ экстернат нысандарында білім алуға жол берілетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 8 ақпандағы № 40 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6111 болып тіркелген) сәйкес мамандықтар және біліктіліктер бойынша өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға көзделген академиялық сағаттарды/кредиттерді қоспағанда, оқу жұмыс жоспарына сәйкес оқытудың барлық кезеңі үшін академиялық сағаттардың/кредиттердің жалпы көлемінен жиырма пайыздан аспайтын көлемінде қашықтан оқытуға жол беріледі.

      20 Бұл ретте осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетілген шектеулер осы Қағидалардың 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген білім алушыларға қолданылмайды.