"Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің м.а. 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 14 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 2 қазанда № 33490 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11550 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларында:

      3-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) автоматтандырылған жүйелер – қан қысымын, жүректің жиырылу жиілігін (пульсті), температураны өлшеу процесін, сондай-ақ алкогольдік және есірткілік мас күйін тексеруді автоматтандыруға мүмкіндік беретін, қан қысымын өлшейтін құралды, жүрек соғу жиілігін өлшейтін құралды және алкотестерді қамтитын, жүргізушілерді рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыруды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тиісті ұйымымен ұсынылатын, "Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22175 болып тіркелген) талаптарына сәйкес сертификатталған және Электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізілген медициналық кешен;";

      мынадай мазмұндағы 17-1) және 17-2) тармақшаларымен толықтырылсын:

      "17-1) рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландырудың жеке форматы – жүргізушілердің рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыруды тікелей медицина қызметкерімен және (немесе) медициналық ұйымымен жүргізу;

      17-2) рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландырудың онлайн форматы – медициналық қызметкерлердің және (немесе) медициналық ұйымның тікелей қатысуынсыз осы Қағидалардың талаптарына сай келетін автоматтандырылған жүйелер арқылы жүргізушілердің рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыруды жүргізу;";

      107 мен 108-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "107. Тасымалдаушы жүргізушілердің медициналық қызметкердің және (немесе) медициналық ұйымның жеке форматта немесе автоматтандырылған жүйелер арқылы онлайн форматта рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландырудан өтуін қамтамасыз етеді.

      108. Жүргізуші рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландырудан рейске (ауысымға) шыққанға дейін немесе таксидегі жұмыс басталғанға дейін отыз минут бұрын және рейсті аяқтағаннан кейін және жұмыстан кейін отыз минуттан кем емес уақытта:

      жол қағазын немесе борт журналын, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатты түпнұсқасында не цифрлық құжаттар сервисін қолдана отырып, электрондық құжат нысанында көрсету бойынша жеке форматта;

      электрондық түрде жол парағы болған жағдайда, автоматтандырылған жүйелер арқылы биометриялық және (немесе) басқа да сәйкестендіруден өткеннен кейін онлайн форматта өтеді.";

      110 және 111-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "110. Жүргізушілерді рейс алдындағы және рейстен кейінгі жеке форматтағы медициналық куәландыруына:

      1) сауалнама, тексерiлетiннiң сыртқы түрiн, жүрiсiн, тұрысын, мiнез-құлқы мен көңiл-күй әрекеттерiнiң барабарлығын, сөзiнiң байланыстылығы мен нақтылығын, iс-қимылын, санасын, терi жабыны мен көрiнетiн сiлекейлi жабыны, көз шелiнiң түсiн, көз жанарының мөлшерiн, тыныс алу ерекшелiктерiн қарап-тексеру және бағалау;

      2) айтылған шағымдарды, рейсаралық (ауысымаралық) тынығу мен ұйқы ұзақтығын айқындау және қарау;

      3) артериялық қысымды, пульстiң жиілiгi мен сапалық сипаттамаларын өлшеу және бағалау, дене температурасын өлшеу, тамақты тексеру, лимфа түйiндерiн, iштi қарау, Ромберг тұрысындағы орнықтылықты, саусақ-мұрын және басқа да координациялық сынамаларды орындау дәлдiгiн шағым немесе көрсетілім болған кезде анықтау кiредi. Жүргiзушi ауруының анамнезiнде артериялық гипертония болған кезде, рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландырудың жеке картасында жүргiзушiнiң негiзгi функционалдық көрсеткiштерiнiң рұқсат етiлген параметрлерi белгiленедi.

      Автоматтандырылған жүйелер арқылы жүргізушілерді онлайн форматта рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыруды жүргізу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) жүргізушінің биометриялық және (немесе) басқа сәйкестендіруі;

      2) шағымдардың болуына онлайн сауалнама;

      3) көз қарашығының жарық тітіркендіргішіне реакциясының өзгертуіне арналған тест;

      4) алкогольдік масаң күйіне тест;

      5) дене температурасын өлшеу;

      6) қан қысымын мен пульсті өлшеу.

      Автоматтандырылған жүйе нәтижелердің бұрмалануын болдырмау мақсатында медициналық куәландыру процесінің фото және (немесе) бейнежазбасын жүзеге асырады.

      111. Шағымдары, аурудың нақты белгiлерi мен ағзаның жұмыс iстеу жай-күйiнiң бұзылуы болмаған кезде, тексерiлушi көлiк құралдарын басқаруға жiберiледi.

      Жеке формат кезінде медициналық қызметкер жүргiзушiлер жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдауын жүзеге асырған кезде – борт журналының, жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауды, сондай-ақ таксимен тасымалдауды жүзеге асырған кезде – жол қағазының тиiстi бағаналарына мөртабан қояды. Мөртабанда тексеруден өткен күн, уақыт және медициналық қызметкердiң қолы қойылады.

      Онлайн формат кезінде автоматтандырылған жүйе жүргізушінің медициналық куәландырудан өту нәтижелерін тіркеп, оларға сәйкес жүргізушіні көлік құралын басқаруға жіберу туралы шешім қабылдайды. Медициналық куәландыру нәтижелері, оның ішінде фото және (немесе) бейнежазбалар автоматтандырылған жүйенің тізілімінде сақталады және түзетуге жатпайды.

      Жүргізушіні көлік құралын басқаруға жіберу туралы ақпарат онлайн тексеру қорытындысы бойынша автоматтандырылған жүйемен тиісті электрондық жол парағына жолданылады.";

      114-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "114. Жеке формат кезінде медициналық қызметкер рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыру жүргiзу сәтiне жүргiзушiнің көлiк құралдарын басқаруға жарамдылығы туралы қорытынды бередi.

      Онлайн формат кезінде жүргізушінің рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыру жүргізу сәтіне көлік құралдарын басқаруға жарамдылығы туралы қорытынды бір минут ішінде автоматтандырылған жүйелер арқылы электрондық нысанда қалыптастырылады және сұрау салу бойынша жүргізушіге беріледі.";

      214-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "214. Жолаушылар мен багажды тасымалдауды ұйымдастыру кезінде таксимен тасымалдаушы:

      1) жолаушылар мен багажды тасымалдау үшін түсі біркелкі және осы Қағидалардың 341-тармағына сәйкес айырым белгілері бар таксилерді пайдалануды;

      2) автокөлік құралдарының рейс алдында техникалық қарап тексеруден, сондай-ақ медициналық қарап тексеруді жүзеге асыруға шарт жасасқан, жоғары немесе орта медициналық білім туралы дипломы бар адамның немесе автоматтандырылған жүйелер арқылы такси жүргізушілерін рейс алдында және рейстен кейін медициналық қарап тексеруден өтуін;

      3) таксидің ақауы болған жағдайда оны уақтылы ауыстыруды;

      4) жолаушының такси көрсететін қызмет құны (бағасы) туралы хабардар болуын;

      5) он және одан көп такси болған кезде әрбір он таксиге шаққанда арнайы жүріп-тұру құралдарын пайдаланатын мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау үшін ыңғайластырылған кемінде бір таксиінің болуын;

      6) такси жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауды;

      7) жол құжаттарын ресімдеуді қамтамасыз етеді.";

      243-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33003 болып тіркелген) бекiтiлген жол қозғалысы ережесiнiң "3. Жаяу жүргiншiлердiң мiндеттерi" және "4. Жолаушылардың мiндеттерi" деген тарауларын, сондай-ақ қауiпсiздiк және автокөлiкпен жол жүру кезiндегi ереженiң шараларын балаларға оқытуды қамтамасыз ету;".

      2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Көлік министрінің міндетін атқарушы
Т. Ластаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі