"Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 23 тамыздағы № 439 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 тамызда № 33348 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 498 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17450 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабының 5) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:".

      Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

  Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім
министрінің
2023 жылғы 23 тамыздағы
№ 439 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 498 бұйрығымен
бекітілген

Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидалары "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабының 5) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 10) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Білім беру бағдарламалары бойынша ЖЖОКБҰ білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторингті (бұдан әрі – мониторинг) Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ЖЖОКБҰ білім алушыларды қабылдау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі тұрғысында ақпараттарды жинау, жалпылау, талдау жұмыстарын жүргізу мақсатында өткізеді.

2-тарау. Білім беру бағдарламалары бойынша ЖЖОКБҰ білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу тәртібі

      3. Министрлік мониторингті жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен күнтізбелік жылдың 1 (бірінші) қарашасына дейінгі мерзімде ресімделетін шешім қабылдайды және ЖЖОКБҰ-да бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

      4. Мониторингті жүргізу үшін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрылады, құрамы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен бекітіледі.

      Комиссия құрамына Министрліктің, ЖЖОКБҰ және Министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері кіреді. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 (бес) және 25 (жиырма бес ) адамды құрайды.

      Комиссияны Министрлік қызметкерлерінің арасынан тағайындалған жетекші басқарады.

      5. ЖЖОКБҰ басшысы мониторингті жүргізу үшін қолайлы жағдайды және ЖЖОКБҰ білім алушыларды қабылдау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі тұрғысында ақпараттарды жинау, жалпылау, талдау жұмыстарын жүргізуге ақпараттарды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етеді.

      6. ЖЖОКБҰ басшысы комиссия мүшелеріне ұсынылған ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етеді.

      7. Комиссия мониторинг нәтижесі бойынша мониторинг жүргізу қорытындылары туралы анықтаманы қазақ немесе орыс тілдерінде 2 (екі) данада әзірлейді, оған комиссияның барлық мүшелерінің қолы қойылады.

      Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда мониторинг жүргізу қорытындылары туралы анықтамаға растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.

      8. Комиссия ЖЖОКБҰ-ның бірінші басшысына мониторинг жүргізу қорытындылары туралы анықтаманы таныстыру үшін және қол қою үшін ұсынады, ол ЖЖОКБҰ мөрімен куәландырылады.

      Мониторинг жүргізу қорытындылары туралы анықтаманың бір данасы комиссия жетекшісінде, ал екіншісі ЖЖОКБҰ-да болады.

      9. Мониторинг нәтижесі бойынша сәйкессіздіктер анықталған жағдайда ЖЖОКБҰ күнтізбелік 10 (он) күн ішінде ескертулерді жою жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітеді. ЖЖОКБҰ Министрлікке ЖЖОКБҰ-да мониторинг аяқталғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде ескертулерді жою туралы немесе анықталған сәйкессіздіктер бойынша теріске шығару туралы есепті ұсынады.

      Ескертулерді жою немесе теріске шығару туралы есеп ұсынылмаған жағдайда Министрлік осы ЖЖОКБҰ-ға 3 (үш) ай ішінде қайта мониторинг жүргізеді.

      10. Мониторинг нәтижелері жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрінің төрағалығымен өтетін комиссия отырысында қарастырылады.