"Біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі № 191 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 716 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 1 шiлдеде № 33018 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі № 191 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9479 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Біліктілік емтиханын өткізу қағидаларында:

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Біліктілік емтиханының барысы хаттама түрінде ресімделеді, сондай-ақ жазу техникалық құралдарының көмегімен тіркеледі.

      Хаттамада: біліктілік емтиханының өткен күні, уақыты мен орны, көрсетілетін қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), тестілеу нәтижесі, емтихан билетінің нөмірі, емтихан сұрақтары бойынша Комиссия мүшелері берген баллдар және жалпы орташа бал, сондай-ақ Комиссия шешімі көрсетіледі, хаттамаға біліктілік емтиханын өткізу кезінде қатысқан Комиссия мүшелері, бірақ Комиссияның барлық құрамының кемінде үштен екісі қол қояды.";

      24-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24-3. Біліктілік емтиханының барысы хаттама түрінде ресімделеді, сондай-ақ жазу техникалық құралдарының көмегімен тіркеледі.

      Хаттамада: біліктілік емтиханының өткен күні, уақыты мен орны, бейнеконференцбайланысты қолданғаны туралы ақпарат, көрсетілетін қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), тестілеу нәтижесі, сондай-ақ Комиссия шешімі көрсетіледі, хаттамаға біліктілік емтиханын өткізу кезінде қатысқан Комиссия мүшелері, бірақ Комиссияның барлық құрамының кемінде үштен екісі қол қояды.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген кезде, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен Заңның 4-бабы 1-тармағының 6) тармақшасы ережелеріне сәйкес сотқа жүгінуге құқылы.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
- Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі