Мүгедектігі бар адамдарға тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 6 маусымдағы № 205 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 7 маусымда № 32720 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 12-бабы 5) тармақшасының жиырма үшінші абзацына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мүгедектігі бар адамдарға тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызмет көрсету департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
Т. Дуйсенова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
2023 жылғы 6 маусымдағы
№ 205 бұйрығына
1-қосымша

Мүгедектігі бар адамдарға тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мүгедектігі бар адамдарға тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 12-бабы 5) тармақшасының жиырма үшінші абзацына сәйкес әзірленді және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы жүріп-тұру құралдары – мүгедектігі бар адамның жүріп-тұруын қамтамасыз ететін техникалық көмек түрі;

      2) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы (бұдан әрі – портал) – Кодекске сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін өнім берушілер ұсынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын жергілікті атқарушы органдардың кепілдік берілген сома шегінде өтеуі шарттарымен оларға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      3) жеке көмекші – жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды бірге алып жүру және объектілерге барған кезде көмек көрсету бойынша қызметтер көрсететін адам;

      4) протездік-ортопедиялық көмек – мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі медициналық-техникалық көмектің мамандандырылған түрі және оларды пайдалануды үйрету;

      5) техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар (бұдан әрі – ОТҚ):

      протездік-ортопедиялық құралдар – аяқ-қолдың жоқтығын немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;

      сурдотехникалық құралдар – есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, сондай-ақ дыбысты күшейтетін байланыс және ақпарат беру құралдары;

      тифлотехникалық құралдар – мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;

      міндетті гигиеналық құралдар – табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған құралдар;

      6) порталдағы тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілер (бұдан әрі – жеткізушілер) – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар және жеке тұлғалар, жеке көмекшілер;

      7) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, областық маңызы бар қалалардың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағыттарды айқындайтын жергілікті атқарушы органы;

      8) ымдау тілі маманы – мүгедектігі бар адамдар үшін қандай да бір тілден дактильді әліпбиге және (немесе) ымдау тілінде сурдоаударма жасау бойынша қызмет көрсететін маман;

      9) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Өнім берушілерге Портал арқылы сатылған ОТҚ-ның, арнаулы жүріп-тұру құралдарының (бұдан әрі – тауарлар), сондай-ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерінің, санаторийлік-курорттық емдеудің (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтер) құнын өтеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

2-тарау. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді портал арқылы өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу тәртібі

      4. Өнім берушіге тауарлар мен қызметтердің құнын өтеу:

      1) жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтері;

      2) ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтері;

      3) санаторийлік-курорттық емдеу;

      4) протездік-ортопедиялық көмек көрсету;

      5) арнаулы жүріп-тұру құралдары;

      6) ОТҚ үшін кепілдік берілген сома шегінде жүзеге асырылады.

      5. Уәкілетті орган тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын өтеуді Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша алушының өнім берушіге кепілдік берілген соманы өтеуге арналған өтініші (бұдан әрі – өтініш) және порталда ұсынылған және өнім берушінің ЭЦҚ-сымен расталған өнім берушінің растайтын мына құжаттары негізінде жүзеге асырады:

      1) "Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8265 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 562 бұйрық) бекітілген нысан бойынша жеке көмекшінің ілесіп жүру парақтары, ымдау тілі маманын ілесіп жүру парақтары, санаторийлік-курорттық емделуден өткен тізімдері, протездік-ортопедиялық құралдарға арналған ведомостарын қоса бере отырып, орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісі;

      2) № 562 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша кассалық чекті және/немесе өнім берушінің жеткізгенін растайтын құжатты, арнаулы жүріп-тұру құралдары, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар, протездік-ортопедиялық құралдар үшін шот–фактураларды қоса бере отырып, тауарды (ларды) қабылдау-беру актісі.

      Өнім берушілер "Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық нысанда шот-фактураны жазып беру қағидаларын және оның нысанын бекіту туралы" 2019 жылғы 22 сәуірдегі № 370 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қазақстан Республикасы Қаржы министрі міндетін атқарушының бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18583 болып тіркелген) сәйкес электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық нысанда шот-фактураларды, сондай-ақ "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексі 412-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда онда "Қосымша мәліметтер" жолында кепілдендірілген сомаға және қосымша ақы сомасына бөле отырып, тауарлардың және/немесе қызметтердің құны (бұдан әрі – шот-фактура) көрсетілетін қағаз жеткізгіштегі шот-фактуралар жазып береді.

      ОТҚ-ны және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарын курьер жеткізген кезде порталда Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша курьердің тауарды алушыға жеткізгенін растайтын құжат (бұдан әрі – жеткізуді растайтын құжат) қалыптастырылады.

      6. Өнім беруші уәкілетті орган тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу үшін құжаттарды қарауға қабылдағанға дейін, қажет болған кезде себептерін көрсете отырып, құжаттарды кері қайтарып алады және оларды пысықтайды.

      7. Уәкілетті орган "Е-собес" ақпараттық жүйесіне тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеуге құжаттар түскен күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде оларды қарайды және қабылдайды немесе Қағидалардың 11, 14, 17 және 20-тармақтарына сәйкес себебін көрсете отырып, өнім берушіге пысықтауға қайтарады.

      Порталдағы "Өнім берушінің жеке кабинеті" модуліне және өнім берушінің ұялы байланысының абоненттік нөміріне құжаттарды пысықтауға қайтару туралы ақпарат жіберіледі.

      8. Өнім беруші қайтару туралы ақпаратты алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органның қайтару себептерін жоя отырып, тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеуге құжаттарды қайта жібереді.

      9. Тауарды алушы жеткізушіге қайтарған жағдайда, өнім беруші тауардың құнын уәкілетті органға қайтаруды тауар қайтарылған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде жүзеге асырады.

1-параграф. Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерінің құнын өтеу тәртібі

      10. Жеке көмекшінің/ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін беруші ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 (оныншы) күнінен кешіктірмей уәкілетті органға мыналарды:

      1) № 562 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін;

      2) Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының он сегізінші абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалған нысан бойынша жеке көмекшінің бірге еріп жүру парағын;

      3) Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының он тоғызыншы абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту қабілетіне байланысты мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілі маманының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалған нысан бойынша ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтер көрсету парағын;

      4) шот-фактураны ұсынады.

      11. Жеке көмекшінің/ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерінің құнын өтеуге арналған құжаттарды өнім берушінің пысықтауға кері қайтарып алу және уәкілетті органның өнім берушіге пысықтауға қайтару себептері:

      өтеуге арналған өтінішке қол қойған алушыға орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісінің және (немесе) жеке көмекшінің бірге еріп парағының/ымдау тілі маманының қызметтер көрсету парағының болмауы;

      орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісінде және (немесе) жеке көмекшінің бірге еріп жүру парағының/ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету парағының сканерленген көшірмелерін ұсынған кезде оларда қойылған қолдың (қолдардың) болмауы;

      жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтер көрсету кезеңі және (немесе) сағаттары дұрыс көрсетілмеген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін және (немесе) жеке көмекшінің бірге еріп жүру парағын ұсыну;

      ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтер көрсету кезеңі және (немесе) сағаттары дұрыс көрсетілмеген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін және (немесе) ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтер көрсету парағын ұсыну.

      Жеке көмекшінің/ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін беруші құжаттарды пысықтайды және ағымдағы айдан кейінгі айдың 10 (оныншы) күнінен кешіктірмей қайта жібереді.

      12. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерінің құнын өтеу уәкілетті орган Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерінің құнын өтеуге құжаттарды қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

2-параграф. Санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу тәртібі

      13. Санаторийлік-курорттық емдеуді беруші уәкілетті органға мынадай құжаттардың топтамасын:

      1) № 562 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін;

      2) алушы кепілдік берілген сома мен санаторийлік-курорттық емдеудің нақты құны арасындағы айырманы өз қаражаты есебінен дербес төлеген жағдайда шот-фактураны, сондай-ақ чекті ұсынады.

      14. Санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеуге арналған құжаттарды өнім берушінің пысықтауға кері қайтарып алу және уәкілетті органның өнім берушіге пысықтауға қайтару себептері:

      өтеуге өтінішке қол қойған алушыға Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасын ұсынбау;

      Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттардағы ұсынылған мәліметтердің дәйексіздігі.

      15. Санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу уәкілетті орган Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеуге құжаттарды қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

3-параграф. ОТҚ мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының құнын өтеу тәртібі

      16. ОТҚ және арнаулы жүріп-тұру құралдарын жеткізуші уәкілетті органға мынадай құжаттардың топтамасын:

      1) № 562 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша ОТҚ-ны және арнаулы жүріп-тұру құралдарын өз бетінше алып кеткен жағдайда – тауарды босату фактісін растайтын қорларды басқа жаққа беруге арналған жүкқұжатты;

      2) алушы кепілдік берілген сома мен ОТҚ және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарының нақты құны арасындағы айырманы өз қаражаты есебінен дербес төлеген жағдайда – шот-фактураны, сондай-ақ чекті;

      3) сенім білдірілген адам ОТҚ және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарын алған кезде – нотариат куәландырылған сенімхатты;

      4) қорғаншы немесе қамқоршы ОТҚ және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарын алған кезде – қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу туралы құжатты;

      5) 18 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары ОТҚ және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарын алған кезде – туу туралы куәлікті ұсынады.

      17. ОТҚ және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарының құнын өтеуге арналған құжаттарды өнім берушінің пысықтауға кері қайтарып алу және уәкілетті органның өнім берушіге пысықтауға қайтару себептері:

      өтеуге өтінішке қол қойған алушыға Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасын ұсынбау;

      Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген құжаттардағы ұсынылған мәліметтердің дәйексіздігі.

      18. ОТҚ және арнаулы жүріп-тұру құралдарының құнын өтеу Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген ОТҚ және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарының құнын өтеуге арналған құжаттардың немесе жеткізілгенін растайтын құжаттың негізінде күнтізбелік 14 (он төрт) күн өткеннен кейін, бірақ уәкілетті орган құжаттарды қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

4-параграф. Протездік-ортопедиялық көмек көрсету құнын өтеу тәртібі

      19. Өнім беруші протездік-ортопедиялық құралдарды жеке сипаттамалар бойынша дайындаған кезде уәкілетті органға мынадай құжаттардың топтамасын:

      1) № 562 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін;

      2) протездік-ортопедиялық құралдарды жеке сипаттамалар бойынша дайындаған жағдайда Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының жиырмасыншы абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органның бұйрығымен бекітілген Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қағидаларында айқындалған нысан бойынша протездік-ортопедиялық бұйымдарға тапсырыс бланкісін;

      3) стационарлық протездеу – стационар жағдайында протездік-ортопедиялық құрал дайындау жағдайларында протездеу тарихынан үзінді көшірмесін;

      4) алушы протездік-ортопедиялық көмектің кепілдік берілген сомасы мен нақты құны арасындағы айырманы өз қаражаты есебінен дербес төлеген жағдайда – шот-фактураны, сондай-ақ чекті ұсынады.

      20. Протездік-ортопедиялық көмектің құнын өтеуге арналған құжаттарды өнім берушінің пысықтауға кері қайтарып алу және уәкілетті органның өнім берушіге пысықтауға қайтару себептері:

      өтеуге өтінішке қол қойған алушыға Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасын ұсынбау.

      Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген құжаттардағы ұсынылған мәліметтердің дәйексіздігі.

      21. Протездік-ортопедиялық көмектің құнын өтеу уәкілетті орган Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген протездік-ортопедиялық көмектің құнын өтеуге арналған құжаттарды қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

  Мүгедектігі бар адамдарға
тауарлар мен қызметтерді
әлеуметтік көрсетілетін қызметтер
порталы арқылы өткізу кезінде
олардың құнын мемлекеттік
бюджет қаражатынан өтеу
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  _______________________
_______________________
жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар
басқармасы/бөлімі

Өнім берушіге кепілдік берілген соманы өтеуге өтініш

      Мен, ________________________________________________________________

      (мүгедектігі бар адамның немесе оның заңды өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 168-бабына сәйкес өнім берушіге:

      Өтінім берушінің атауы_____________________________________________

      Өнім берушінің ЖСН/БСН ____________________________________________

      БСК__________________________________________________________________

      ЖСК/IBAN (банк шотының номері)________________________________________

      банк атауы____________________________________________________________

      өнім беруші уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Мүгедектігі бар адамдарға тауарлар

      мен қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өткізу кезінде

      олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидаларына сәйкес растайтын

      құжаттарды ұсынған кезде

      № _______________ тапсырыс

      саны _________ ______________

      (саны) (өлшем бірлігі)

      _______________________________________

      (тауардың, көрсетілетін қызметің атауы)

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 168-бабының 4-тармағына сәйкес:

      1.___________________________ теңге (сома);

      2. _____________________________ теңге (сома) кепілдік берілген соманы

      (керегін белгілеу)

      өтеуді сұраймын.

      Менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге, заңмен қорғалатын құпияны

      құрайтын, ақпараттық жүйелерде және кепілдік берілген соманы өтеу үшін ұсынылған

      құжаттарда қамтылған мәліметтерді пайдалануға келісім беремін.

      Дәйексіз мәліметтер мен жасанды құжаттарды ұсынғаным үшін жауапкершілік

      туралы ескертілді.

      Күні 20__жылғы "__" ____

      көрсетілетін қызметті алушының / заңды өкілінің ЭЦҚ-сы

      Ескертпе:

      Аббревиатуралардың толық жазылуы:

      БСН – бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      БСК – банктік сәйкестендіру коды;

      ЖСК – жеке сәйкестендіру коды;

      ЖСН – жеке сәйкестендіру нөмірі;

      IBAN – банк шотының нөмірі.

  Мүгедектігі бар адамдарға
тауарлар мен қызметтерді
әлеуметтік көрсетілетін қызметтер
порталы арқылы өткізу кезінде
олардың құнын мемлекеттік
бюджет қаражатынан өтеу
қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

      Алушыға тауарды курьердің жеткізуі туралы деректер
20__ жылғы "___" _______ № _________ тапсырыс

Көрсетілетін қызметті алушы туралы мәліметтер

      Көрсетілетін қызметті алушының ЖСН

      _____________________________________________________________________

      Көрсетілетін қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

      _____________________________________________________________________

      Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында сатып алынған тауар туралы мәліметтер

      Тауардың атау__________________________________

      Саны(дана)____________________________________________________________

      Тапсырыс сомасы _________ теңге

      Кепілдік берілген сомасы _______ теңге

      Қосымша ақы (сомасы) _____ теңге

      Трек тапсырыс номері__________________________________________

      Тауарды жеткізу туралы мәліметтер ____________________________

      (жеткізу мәртебесі)

      Жеткізу күні 20__ жылғы "___" _______

      Жеткізу мекенжайы

      _____________________________________________________________________

      Құнын өтеуді жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме туралы деректер

      (халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдар)

      БСН/ ЖСН _____________________________________________________________

      Байланыс телефоны +7 ___________________________________________________

      Мемлекеттік ұйымның атауы____________________________________________

      Мемлекеттік ұйымға қызмет көрсететін банктің атауы

      _____________________________________________________________________

      БСК ___________________________________________________________________

      КБе ____________________________________________________________________

      Тауарды жеткізуші туралы мәліметтер

      БИН/ ИИН

      _____________________________________________________________________

      Байланыс телефоны +7 ( __________________________________________________

      Ұйымның атауы ________________________________________________

      Өнім берушінің БКе ______________________

      Өнім берушінің БСК ______________________

      Өнім берушінің ЖСY / IBAN ________________

      Өнім берушінің ТМК ______________

      Ескертпе:

      Аббревиатуралардың толық жазылуы:

      ЖСК – жеке сәйкестендіру коды;

      ЖСН – жеке сәйкестендіру нөмірі;

      БСН – бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

      БСК – банктік сәйкестендіру коды;

      КБе – бенефициардың коды немесе алушының коды;

      IBAN – банк шотының нөмірі;

      КНП – төлем мақсатының коды.

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі 2023 жылғы
6 маусымдағы № 205 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Мүгедектігі бар адамдарға тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидалары" 2020 жылғы 20 қаңтардағы № 14 Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 19902 болып тіркелген);

      2. "Мүгедектерге тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатқан кезде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 20 қаңтардағы № 14 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы 1 ақпандағы № 38 Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 26730 болып тіркелген);

      3. "Мүгедектерге тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатқан кезде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 20 қаңтардағы № 14 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 13 қыркүйектегі № 363 Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 29640 болып тіркелген).