Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қызметтік әдеп қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2023 жылғы 31 мамырдағы № 529 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 мамырда № 32645 болып тіркелді

      "Әскери полиция органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қызметтік әдеп қағидалары бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қызметтік әдеп қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі № 352 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15498 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасының бастығына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
2023 жылғы 31 мамырдағы
№ 529 Бұйрықпен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қызметтік әдеп қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қызметтік әдеп қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органы әскери қызметшілерінің өзін ұстау негізгі нормаларын айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органының әскери қызметшілері (бұдан әрі – әскери полиция әскери қызметшілері) әскери полиция органдарына әскери қызметке кіргеннен кейін үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалармен жазбаша таныстырылады.

      3. Әскери полиция әскери қызметшілері өзінің қызметтік ісінде:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және нормативтік құқықтық актілерін сақтауға;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын ұстануға және оны дәйекті түрде іске асыруға, әрекетімен мемлекеттік биліктің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және әскери полиция органдарының беделін арттыруға ықпал етуге;

      3) адам мен азаматтың тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қарамастан, ар-намысы мен абыройын құрметтеуге;

      4) Қазақстан Республикасының, мемлекеттік биліктің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және әскери полиция органдарының беделін түсіретін әрекетке жол бермеуге;

      5) ұжымда өзінің қызметтегі ұстанымымен және әрекетімен тұрақты және салауатты моральдық-психологиялық жағдай жасауға;

      6) әскери киім нысанын мақтанышпен киіп жүруге. Қызметте сонымен қатар тұрмыста өзінің барлық әрекетімен жоғары әдептілік және айналасындағы адамдармен сыпайы қатынас жасау үлгісін көрсете білуге;

      7) өз функцияларын жауапкершілікпен, әділ және мүлтіксіз жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі құқық тәртібін нығайтуда нәтижеге қол жеткізуге;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде заңнамада көзделген қылмыс пен құқық бұзушылық профилактикасы, сақтандыру, анықтау, жолын кесу және оларды ашу бойынша барлық шараны қабылдауға;

      9) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол бермеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге, кез келген көрінісіне төзбеуге;

      10) белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа көндіру мақсатында қандай да бір адамдардың оларға өтініш жасау фактілері туралы әскери полиция органы бастығының назарына дереу жеткізуге;

      11) өзінің кәсіби қызметінде жеке басының мүддесінен мемлекеттік және қызметтік мүддені жоғары қоя білуге;

      12) дағдысы мен кәсіби шеберлігін жетілдіруге, елдегі және шетелдегі әскери-саяси жағдай туралы хабардар болуға;

      13) жолданымдарды объективті түрде және құзыреті бойынша қарауға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жолданымдарға уақтылы жауап беру үшін қажетті шаралар қабылдауға;

      14) әріптестер және әскери қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактісіне жол бермеуге;

      15) әскери және еңбек тәртібін сақтауға, әскери антқа адал болуға, әскери полиция органдарының беделін арттыруға, лауазымдық міндеттерін мүлтіксіз және сапалы орындауға, ол үшін жұмыс уақытын тиімді пайдалануға;

      16) ісімен және әрекетімен қоғам тарапынан сынға ұшырамауға, сын айтқаны үшін қудалауға жол бермеуге, кемшілікті жою және қызметін жақсарту үшін негізделген сынды қабылдауға;

      17) субординация сақтауға, әріптестермен достық қатынасты қалыптастыруға, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік және ілтипаттылық танытуға;

      18) әскери қызметшілердің құжаттарын тексеру кезінде олардың ар-намысы мен абыройын қорлау фактісіне жол бермеуге, ұдайы жоғары мәдениеттіліктің, қарапайымдылық пен ұстамдылықтың үлгісін көрсете білуге;

      19) қойылған міндеттерді шешуде оңтайлы және тиімді тәсіл қолдануға, автокөлік құралын қоса алғанда, сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануға;

      20) қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және жеке басының мақсатына пайдалануға жол бермеуге;

      21) әскери полиция органы әскери қызметшілерінің тиімді жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерін тиісті түрде орындауына кедергі жасайтын әрекетке қарсы әрекет етуге;

      22) қызметтік мәселені шешу мақсатында бастық пен бағынысты адам арасындағы достық немесе туыстық байланысты жеке пайдакүнемдік мүддеде пайдалануға жол бермеуге;

      23) жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орында адамның қадір-қасиетіне және қоғамдық ұстанымға нұқсан келтіретін масаң күйде болуға жол бермеуге;

      24) "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жол жүрісі қауіпсіздігінің және көлікті қауіптілігі жоғары құрал ретінде пайдаланудың белгіленген қағидаларын қатаң және нақты орындауға, жол жүрісі қағидаларын сақтаудың және жүргізуші сыпайылылығының үлгісін көрсете білуге тиіс.

      4. Әскери полиция органының әскери қызметшілері қызметтен тыс уақытта:

      1) теріс қоғамдық резонанс тудыратын жағдайға, әрекетке жол бермеуге, олардың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін әрекет жасамауға;

      2) қарапайым болуға, лауазымдық жағдайын көрсетпеуге және пайдаланбауға;

      3) лауазымдық міндеттерді мүлтіксіз және объективті түрде орындауға ықпал етуі мүмкін қаржылық және іскерлік өзара қарым-қатынастан тартынуға;

      4) қылмыстық процеске, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өндіріске, жазаны орындау және жалпықызметтік істі тексеру кезінде қатысатын адамдармен жеке қарым-қатынасқа жол бермеуге;

      5) ойын-сауық орнына әскери киім нысанын киіп барудан тартынуға тиіс.

      5. Ұйымдастыру-басқару өкілеттігі берілген әскери полиция әскери қызметшілері:

      1) әрекетімен риясыздық, әділдік, жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройын құрметтеу үлгісін көрсете білуге;

      2) меритократия қағидатын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселесін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басқа табыну белгісі бойынша басымдық бермеуге;

      3) бағынысты адамдар қызметінің нәтижесін бағалау, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезінде әділдік пен объективтілік танытуға;

      4) еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет ету үшін қауіпсіз және қажетті жағдай жасауға, сондай-ақ әскери полиция органы әскери қызметшілерінің беделін түсіретін және ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін кез келген түріне жол берілмейтін салауатты моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған шараларды қабылдауға;

      5) өзінің қызметтік жағдайын қызметтік емес сипаттағы мәселені шешу кезінде бағынысты адамдардың қызметіне ықпал ету үшін пайдаланбауға;

      6) бағынысты адамдар бойында жалпы жоғары және кәсіби мәдениетті тәрбиелеуге, осы Қағидаларды мүлтіксіз сақтау үлгісін көрсете білуге;

      7) қызметтік жағдайын, сондай-ақ онымен байланысты мүмкіндікті қоғамдық және діни бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың мүддесінде, оның ішінде оларға ұстанымын насихаттау үшін жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілердің және жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықпал ету үшін пайдаланбауға;

      8) бағынысты адамдарға нақты орындай алмайтын өкім бермеуге және олардан лауазымдық міндеттері шегінен асатын тапсырмаларды орындауды талап етпеуге;

      9) бағынысты адамдарды құқыққа сыйымсыз теріс қылыққа немесе жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдеп нормаларына жат әрекетке мәжбүрлемеуге;

      10) бағынысты адамдарға қатысты негізсіз айыптауға, дөрекілікке, адамның қадір-қасиетін қорлауға, әдепсіздік фактісіне жол бермеуге тиіс.

      6. Әскери полиция органының әскери қызметшілері пікірталасты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделіне нұқсан келтірмей, сыпайы түрде өткізеді.

      7. Әскери полиция органының әскери қызметшісі негізсіз жария түрде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған кезде ол осындай айыптау анықталған күннен бастап бір ай мерзімде, оның ішінде сот тәртібінде осы айыптауды теріске шығару бойынша шаралар қабылдайды.