"Патронаттық тәрбие туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 14 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 150 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 мамырда № 32617 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Патронаттық тәрбие туралы ережені бекіту туралы" Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 14 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10285 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Патронаттық тәрбие туралы ережеде көрсетілген:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Баланы (балаларды) патронаттық тәрбиеге алуға тілек білдірген адам органға мынадай құжаттарды:

      1) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша патронаттық тәрбиеші болу және ақшалай қаражат төлеуді тағайындау туралы өтінішті (бұдан әрі – өтініш);

      2) тұлғаны куәландыру құжатын (тұлғаны сәйкестендіру үшін);

      3) егер патронат тәрбиеші болуға тілек білдірген адам некеде тұрса, зайыбының (жұбайының) келісімін;

      4) егер некеде тұрса, некеге тұру туралы куәліктің көшірмесін;

      5) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттардың көшірмесін;

      6) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12127 болып тіркелген) бекітілген Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуына мүмкін болмайтын аурулардың тізбесіне сәйкес ауруының жоқ екендігін растайтын патронат тәрбиеші болуға тілек білдірген адамның және егер некеде тұрса зайыбының (жұбайының) денсаулық жағдайы туралы анықтаманың, сондай-ақ "Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20665 болып тіркелген) бекітілген нысандарына сәйкес наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде тіркеуде тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтаманы;

      7) білімі туралы дипломның көшірмесін;

      8) баланың (балалардың) білім беру ұйымында оқуы туралы анықтаманы (мектеп жасындағы балалар үшін);

      9) "Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптарды, оларды психологиялық даярлау жөніндегі қызметті ұйымдастыру тәртібін және осындай даярлықтан өткені туралы сертификаттың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 27 сәуірдегі № 165 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20507 тіркелді) бекітілген нысанына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат (баланың жақын туыстарын қоспағанда);

      10) екінші деңгейдегі банкте дербес шоттың ашылуы туралы шарт;

      11) баламен (балалармен) туыстық фактісін растайтын құжаттардың көшірмелері (туыстары, баланың (балалардың) өгей әкесі (өгей шешесі) үшін) ұсынады.

      Бала (балалар) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тұрған жағдайда баланың (балалардың) туу туралы куәлігін көрсетілетін қызметті берушіге тапсырылатын тізбенің 8) тармақшасындағы көрсетілген құжаттардың электронды көшірмелерін тіркеу талап етілмейді.

      Баланы (балаларды) патронаттық тәрбиеге алғысы келетін адам, егер некеде болса, оның жұбайына (зайыбына) қатысты соттылықтың болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді орган Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйесінен алады.

      Кодекстің 122-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес орган жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды туыстарына, өгей әкелеріне (өгей шешелеріне) патронаттық тәрбиелеуге береді".

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Әлеуметтік аударымдарды есептеуді ескере отырып, патронат тәрбиешілердің қызметтеріне ақы төлеу мөлшері айына отыз бес айлық есептік көрсеткішті құрайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев