"Мемлекеттiк мекемелерде бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 4 мамырдағы № 463 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 5 мамырда № 32438 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      "Мемлекеттiк мекемелерде бухгалтерлiк есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттiк мекемелерде бухгалтерлiк есепке алуды жүргізу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы қалпына келтіру құны – есептілік күніне активті сатып алу нәтижесінде мемлекеттік мекемеде туындауы мүмкін шығындар;

      2) айырбасталатын операциялар – бұл операцияларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік мекеме алынатын активтерге/қызметтерге, өз міндеттемелерін өтеуге айырбасқа шамамен құнға тең баламаны тапсырады (негізінен ақшалай қаражат, көрсетілетін қызметтер немесе қолдануға басқа активтерді ұсыну түрінде);

      3) айырбасталмайтын операциялар – айырбастаулы болып табылмайтын операциялар. Айырбасталмайтын операцияларды жүзеге асырғанда мемлекеттік мекеме не шамамен құнына тең айырбасқа тікелей тапсырусыз басқа субъектіден құн алады не шамамен құнына тең айырбасқа тікелей алусыз басқа тарапқа құнды тапсырады;

      4) активтер – болашақта экономикалық пайда немесе сервистік әлеуетті қамтамасыз ете алатын, өткен оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік мекеме бақылайтын ресурстар;

      5) активтi алмастыру құны – активтiң жалпы сервистік әлеуетін алмастыру үшiн қажет құн;

      6) активтiң құнсыздануы – амортизация арқылы болашақ экономикалық пайдалардағы немесе активтің сервистік әлеуетіндегі шығындарды жүйелі түрде танудан асып түсетін болашақ экономикалық пайдалардағы немесе активтің сервистік әлеуетіндегі шығындар;

      7) активтің құнсыздануынан болатын шығын – оны алмастыратын құннан асатын активтің баланстық құнының сомасы;

      8) активтiң өтелетiн құны сатуға және оның пайдалану құндылығын жұмсалатын шығындарды шегере отырып, активтiң әдiл құнының ең көп мәнi;

      9) ақша қаражатының ағыны – ақша мен олардың баламаларының ағындары (түсімдері) мен шетке кетуі (төлемдер);

      10) ақшалай балама – ақша қаражатының белгiлi бiр сомасына оңай айырбасталатын және құнының өзгеруiнiң елеусiз тәуекелiне ұшырайтын қысқа мерзiмдi, жоғары өтiмдi инвестициялар;

      11) ақшалай емес (монетарлы емес) баптар – ақшалай болып табылмайтын баптар;

      12) ақшалай (монетарлы) баптар – қолдағы бар валюта бірліктері, сондай-ақ валюта бірліктерінің тіркелген немесе айқындалатын санында көрініс тапқан алуға немесе төлеуге жататын активтер мен мiндеттемелер;

      13) амортизация – пайдалы қолдану мерзiмi iшiнде активтiң амортизацияланатын құнының жүйелi бөлiнуi;

      14) аннуитет – белгілі жылдар саны ішінде жүйелі төлемдер арасындағы тең аралықтағы, бір бағыттағы төлемдердің ағымы;

      15) аннуитеттің болашақ құны – аннуитетке енгізілген әрбір жеке төлемнің немесе түсімнің болашақ құндарының сомасы;

      16) ауылшаруашылық қызметі – оларды сату, ауылшаруашылық өнімін алу немесе қосымша биологиялық активтер өндіру мақсатында субъектінің биологиялық активтердің биотрансформациясын басқаруды жүзеге асыруы;

      17) әділ құн – актив айырбастала алатын сома, ол бойынша жақсы хабардар, мұндай операция жасауға ниетті, тәуелсіз тараптар арасында операциялар жасағанда міндеттеме өтеле алатын сома;

      18) бағалау міндеттемесі – шамасы бойынша белгіленбеген немесе орындалу мерзімі белгіленбеген міндеттеме;

      19) бағамдық айырма – басқа валюталық бағамдар бойынша бір валюта бірлігінің бірдей санын басқа валютаға қайта есептеу кезінде туындайтын айырма;

      20) баланстық құн – ол бойынша актив немесе міндеттеме бухгалтерлік баланста танылатын сома;

      21) белсендi нарық – мынадай шарттардың барлығы орындалатын нарық:

      нарық айналымындағы тауарлар бiртектi болып табылады;

      iс жүзiнде мәмiле жасауға ниеттi кез келген уақытта сатып алушылар мен сатушылар бар;

      баға туралы ақпарат жалпы қолжетiмдi болып табылады;

      22) биологиялық актив – жануар немесе өсімдік;

      23) болашақ кезеңдердің кірістері – болашақ кезеңдерге жатқызылған, бірақ іс жүзінде есепті кезеңде алынған кірістер;

      24) болашақ кезеңдердің шығыстары – осы кезеңде жүргізілген, бірақ болашақ кезеңдерге жатқызылған шығыстар;

      25) бірлескен бақылау – маңызды іс-қимылдар туралы шешім бақылауды жүзеге асыратын тараптардың толық келісімін талап еткен кезде болатын міндетті күші бар келісім нысанындағы қызметке бақылауды келісілген түрде бөлу;

      26) бірлескен кәсіпорынның қатысушысы – бірлескен кәсіпорындағы осы бірлескен кәсіпорынға бірлескен бақылауы бар тарап;

      27) бірлескен қызмет – екі немесе одан да көп тараптар бірлесіп бақылайтын қызмет;

      28) валюталық бағам – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 "Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы" бірлескен Қаулысы және бұйрығымен бекітілген тәртіппен айқындалған бір валютаны басқасына айырбастаудың нарықтық бағамы (мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде 2013 жылғы 14 наурызда № 8378 тіркелген);

      29) вексель – біржақты сөзсіз ақшалай міндеттемені қамтитын қатаң белгіленген нысандағы төлем құжаты;

      30) елеулі ықпал – басқа ұйымның қаржы және операциялық саясаты мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысу өкілеттігі, бірақ мұндай саясатты бақылау немесе бірлескен бақылау емес;

      31) ең аз жалдау төлемдері – жалға алушыдан шартты жалдау төлемін, жалға беруші төлейтін қызметтер мен салықтардың төлемі бойынша соманы немесе оған қайтарылатын соманы алып тастағанда жалдау мерзімі бойы талап етілетін немесе талап етіле алатын төлемдер:

      жалға алушы үшін – жалға беруші кепілдік беретін немесе жалға берушімен байланысты тарап кепілдік беретін кез келген сомамен;

      жалға беруші үшін – мынадай тараптардың бірі жалға берушіге кепілдік берген кез келген қалдық құнмен:

      жалға алушы;

      жалға алушымен байланысты тарап;

      32) есеп саясаты – барлық мемлекеттік мекемелер үшін бірыңғай болып табылатын, мемлекеттік мекемелер қаржылық есептілікті жасау және ұсыну кезінде қолданатын қағидаттар, негіздер, ережелер, қағидалар мен тәжірибе;

      33) есептеу әдісі – операциялар мен оқиғалар орын алған есепті кезеңдегі (ақшалай қаражаты мен олардың баламаларының нақты түсімі мен төлеміне байланысты емес) оларды жасау фактісі бойынша танылатын бухгалтерлік есеп әдісі;

      34) жалдау – ол бойынша жалға беруші жалға алушыға келісілген уақыт кезеңі ішінде төлемге немесе төлемдер тобына айырбастауға активті пайдалану құқығын беретін шарт;

      35) жалдау мерзімі – жалға алушы активті жалдауға келіскен кезең, сондай-ақ, егер жалдау мерзімінің басталу сәтінде жалға алушы осындай таңдау жасайды деген дәлелді сенімділік болса, кез келген қосымша мерзім, ол мерзімде жалға алушының таңдауы бойынша төлем арқылы немесе онсыз активті жалдауды жалғастыра алады;

      36) заңды міндеттеме – заңнама немесе шарт негізінде туындайтын міндеттеме;

      37) инвестициялық жылжымайтын мүлік – жалдау төлемдерін алу немесе капитал немесе екеуінің де құнын өсіру мақсатында иеліктегі (меншік иесінің немесе жалға алушының қаржылық жалдау шарты бойынша) жылжымайтын мүлік (жер немесе ғимарат не анау да мынау да), бірақ:

      өндірісте немесе әкімшілік мақсаттар үшін тауарларды жеткізгенде, қызметтерді көрсеткенде қолдану үшін емес;

      қалыпты шаруашылық қызмет барысында сату үшін;

      38) инвестициялық жылжымайтын мүліктің өзiндiк құны – төленген ақша қаражатының немесе оның баламасының сомасы немесе оны сатып алу не құру сәтiнде активтi сатып алу мақсатында берiлген басқа орнын алмастырудың әдiл құны;

      39) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қаржы инвестициялары – мемлекеттік кәсіпорындарға, жауапкершілігі шектулі серіктестіктерге, акционерлік қоғамдарға, оның ішінде қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен аффилиирленген болып табылатын еншілес, тәуелсіз және өзге де заңды тұлғаларға бюджет қаражатын салу;

      40) кірістер – капиталда қатысатын тұлғалардың жарналарына байланысты арттырудан ерекшеленетін таза активтердің\капиталдың өсуіне әкеп соқтыратын активтердің ағымы немесе өсуі немесе міндеттемелердің азаюы нысанында есеп кезеңі ішінде экономикалық пайдалардың немесе сервистік әлеуеттің өсуі;

      41) қаржылық есептілікті беру валютасы – қаржылық есептілік берілетін валюта;

      42) қаржылық жалдау – жалдау мерзімінің уақыты өткеннен кейін меншік құқығының ауысуына қарамастан, активті иеленуге байланысты барлық тәуекелдер мен пайдалардың жалға алушыға елеулі ауыстырылуы болатын жалдау;

      43) қаржы міндеттемелері – бұл:

      ақша қаражатын немесе кез келген басқа қаржы активін басқа субъектіге төлеу туралы;

      пайдасыздығы ықтимал болып табылатын жағдайларда екінші субъектiмен қаржы құралдарын алмасу туралы шартты мiндеттеме болып табылатын кез келген мiндеттеме;

      44) қауымдасқан ұйым – инвестордың елеулі ықпалы бар ұйым;

      45) қорлар – мынадай:

      өндірістік процесте пайдалану үшін шикізат және материалдар түріндегі;

      қызмет көрсету кезінде тұтынылатын немесе таратылатын шикізат пен материалдар түріндегі;

      кәсіпорынның қалыпты қызметі барысында сатуға немесе таратуға арналған;

      сату немесе тарату үшін өндірілетін активтер;

      46) материалдық емес актив – физикалық нысаны жоқ сәйкестендірілетін монетарлы емес актив;

      47) мәдени мұра активтері – мәдени, экологиялық немесе тарихи маңыздылығы салдарынан мәдени мұра активтері болып табылатын активтер. Оларға тарихи ғимараттар мен монументтер, бірегей сәулет ескерткіштері, археологиялық қазбалар орындары, қорықтар мен табиғи қорғалатын аумақтар, сондай-ақ өнер туындылары жатады;

      48) міндеттеме – өткен оқиғалардан туындайтын мемлекеттік мекеменің міндеттемесі, оны реттеу экономикалық пайданы немесе сервистік әлеуетті қамтитын ресурстың шығып қалуына әкеп соқтырады;

      49) нарықтық белгіленген баға – сатудан алына алатын немесе белсенді нарықта қаржы құралын сатып алу кезінде төленуі тиіс ақша қаражатының сомасы;

      50) негізгі құралдар – мынадай:

      тауарларды өндіруде немесе жеткізуде немесе қызметтер көрсетуде пайдалану үшін, басқа тұлғаларға жалға беру үшін немесе әкімшілік мақсаттар үшін ұсталатын;

      бір жылдан астам уақыт ішінде қолданылады деп күтілетін материалдық объектілер;

      51) операциялық жалдау – қаржы жалдауынан ерекшеленетін жалдау;

      52) орындылық – ақпарат шешім қабылдайтын пайдаланушылар үшін орынды болуы және оқиғаларды бағалауға көмектесуі, олардың өткен бағаларын растауы немесе түзетуі тиіс;

      53) пайдалы қолдану мерзімі – актив субъектінің пайдалануы үшін жарамды болады деп күтілетін уақыт кезеңі; не мемлекеттік мекеме осы активтің көмегі арқылы алуға болжап отырған өнімнің белгілі бір саны немесе ұқсас көрсеткіш;

      54) ретроспективті қолдану (есеп саясатындағы өзгерістер) – жаңа есеп саясатын операцияларға, басқа оқиғалар мен жағдайларға осы есеп саясаты әрқашан пайдаланылатын түрде қолдану;

      55) салыстырмалық – түрлі кезеңдердегі және түрлі мемлекеттік мекемелердің ақпаратын салыстыру мүмкіндігі. Ұқсас операциялардың қаржылық нәтижелері барлық мемлекеттік мекемелер үшін ортақ әдіснама бойынша жүзеге асырылуы тиіс;

      56) сенімді ұсыну – экономикалық немесе басқа құбылысты сенімді түрде білдіретін, мәміленің мәнін, басқа оқиғаны, қызметті немесе жағдайды көрсететін ақпарат, олардың заңды формасына әрдайым сәйкес келмейді;

      57) сервистiк әлеует – мемлекеттiк мекеменiң функцияларына сәйкес қызмет көрсету, сондай-ақ тауарларды өндiру үшiн пайдаланылатын, бiрақ ақша қаражатының таза түсiмiн тiкелей қамтамасыз етпейтiн активтер;

      58) таза активтер/капитал – оның барлық міндеттемелерін алып тастағанда қалатын, мемлекеттік мекеменің активтердегі үлесі;

      59) таза сатылатын құн – сатуға, айырбастауға немесе таратуға байланысты болжамды шығындарды және аяқтау бойынша болжамды шығындарды алып тастағанда, қалыпты қызмет процесінде сатудың күтілетін бағасы;

      60) тану – бухгалтерлік балансқа немесе қаржылық қызмет нәтижелері туралы есепке қаржылық есептілік элементтерінің бірін айқындауға сай келетін және оны тану өлшемшарттарына қанағаттандыратын бапты енгізу процесі;

      61) тарату құны – егер актив пайдалы қолдану мерзiмiнiң соңына жеткен болса, ал оның жай-күйi пайдалы қолдану мерзiмiнiң аяғында күтiлетiндей жағдайда болған кезде есеп шығындарын есептен шығарғаннан кейiн бүгiнгi таңда активтi есептен шығару кезiнде алуға болатын бағалау сомасы;

      62) тексерушілік – пайдаланушыларды қаржылық есептіліктегі ақпараттың дұрыс екендігіне сендіруге көмектесетін ақпарат сапасы;

      63) түсініктілік – қаржылық есептілікте ұсынылатын ақпарат пайдаланушыларға түсінікті болуы тиіс;

      64) уақтылық – есеп беру және шешім қабылдау мақсаттары үшін өзінің пайдалылығын жоғалтпас бұрын пайдаланушылар үшін ақпараттың қолжетімділігі;

      65) функционалдық валюта – субъект жұмыс істейтін негізгі экономикалық орта валютасы;

      66) шартты актив – өткен оқиғалардан туындайтын және болуы туындауы белгісіз және кәсіпорынның толық бақылауында болмайтын бір немесе бірнеше болашақ оқиғалардың болуымен немесе болмауымен ғана расталатын ықтимал актив;

      67) шартты міндеттеме – өткен оқиғалардан туындайтын және болуы туындауы белгісіз және мемлекеттік мекеменің толық бақылауында болмайтын бір немесе бірнеше болашақ оқиғалардың болуымен немесе болмауымен ғана расталатын ықтимал міндеттеме;

      68) шетел валютасы – функционалдық валютадан ерекшеленетін валюта;

      69) шетел валютасындағы операция – шетел валютасында көрсетілген немесе реттеуге жататын мәміле;

      70) шығыстар – шетке кету түрінде есепті кезең ішінде экономикалық пайда немесе сервистік әлеуеттің азаюы немесе капиталда қатысатын тұлғаларға бөлуге қатысты азаюдан ерекшеленетін, таза активтердің/капиталдың азюына әкелетін активтердің азаюы мен міндеттемелердің туындауы.".

      24-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Бухгалтерлік кітаптарда жазбалар басталғанға дейін барлық беттер (парақтар) нөмірленеді, бухгалтерлік есепті ақпараттық жүйе арқылы жүргізген кезде бухгалтерлік кітаптардың барлық беттері (парақтары) автоматты түрде нөмірленеді. Парақтың соңғы бетінде бас бухгалтердің қолы қойылып: "Осы кітапта барлығы _ беттер (парақтар) нөмірленген" деген жазу жазылады. Нысандар альбомының кассалық кітабы КО-4 нысаны және 440 нысаны тігіліп, елтаңбалы мөрмен мөрленуі тиіс, ал Нысандар альбомының КО-4 және 440 нысандарындағы парақтар саны мемлекеттік мекеме басшысының немесе ол уәкілеттік берген тұлғаның және бас бухгалтердің қолдарымен расталады.";

      25-тармақтың бірінші абзацтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Ағымдағы жыл үшін бухгалтерлік есеп жазбаларында анықталған қателерді түзеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:";

      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Қаржылық есептіліктің негізгі сапалық сипаттамалары түсініктілік, орындылық, дұрыс беру, салыстырмалылық, уақтылық және тексерушілік болып табылады.";

      68-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нысаналы трансферттер бойынша дебиторлық берешек сомалары бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есебінде төмен тұрған бюджеттерге аударылған сәттен бастап олар қаражатты пайдалану жөніндегі есептерді ұсынғанға дейін танылады.";

      86-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "86. Мемлекеттік мекеме мынадай әдістерді пайдалана отырып, қаржы инвестицияларын кейіннен есепке алуды жүзеге асырады:

      квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қаржылық инвестициялар:

      өзіндік құны бойынша;

      үлестік қатысу;

      басқа да қаржылық инвестициялар:

      өзіндік құны бойынша;

      әділ құны бойынша;

      амортизацияланған құны бойынша;

      қауымдасқан ұйымдарға немесе бірлескен кәсіпорындарға қаржылық инвестициялар:

      үлестік қатысу;

      өзге қаржы инвестициялары:

      өзіндік құны бойынша;

      әділ құн бойынша;

      амортизацияланған құн бойынша.";

      88-1-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес негізгі құралдарды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына бағалаушы жүргізген берілетін негізгі құралдарды бағалау нәтижелері бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алуына ақы төлеуге беру кезінде жазбалар сәйкес жүргізіледі.";

      90-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "90. Үлестік қатысу әдісі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, бірлескен кәсіпорындар және қауымдасқан ұйымдарға инвестицияларды есепке алу әдісін білдіреді, оған сәйкес инвестициялар бастапқыда өзіндік құны бойынша есепке алынады, содан кейін инвестицияның баланстық құны сатып алынған күннен кейін инвестиция объектісінің таза активтеріндегі/капиталындағы инвестордың үлесін тануды көрсете отырып, ұлғайтылады немесе азаяды. Инвестордың инвестициялар объектісінің пайдасындағы немесе залалындағы үлесі инвестордың ағымдағы жылының қаржылық нәтижесінде танылады.

      Инвестициялар объектісінен алынған төлемдер инвестициялардың баланстық құнын төмендетеді.

      Баланстық құнды түзету инвестициялар объектісінің пайдасында немесе шығынында танылмаған инвестициялар объектісінің капиталындағы өзгерістер нәтижесінде туындайтын инвестициялар объектісіне инвестордың қатысу үлесіне барабар өзгерістерді есепке алу үшін қажет.

      Оларға негізгі құралдарды қайта бағалау және бағамдық айырмашылықтарды көрсету нәтижесінде туындайтын өзгерістер жатады. Бұл өзгерістердегі инвестордың үлесі инвестордың таза активтерінде/капиталында жеке көрсетіледі.";

      мынадай мазмұндағы 90-1, 90-2, 90-3, 90-4, 90-5, 90-6, 90-7, 90-8, 90-9, 90-10 және 90-11-тармақтарымен толықтырылсын:

      "90-1. Егер мемлекеттік мекеме сандық иелену үлесі болса және бюджеттік инвестициялар объектісінде дауыстардың 20 немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иеленсе, онда мемлекеттің ұйымның (заңды тұлғаның) жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жүзеге асырылған инвестициялардың нәтижесінде мемлекеттің елеулі ықпалы болады.

      90-2. Ұйымның елеулі ықпалының болуы төменде көрсетілген белгілердің бірімен немесе бірнешеуімен расталады:

      1) инвестициялар объектісінің Директорлар кеңесіндегі немесе осыған ұқсас басқару органындағы өкілдігі;

      2) дивидендтер немесе соған ұқсас төлемдер бойынша шешімдер қабылдауға қатысуды қоса алғанда, саясатты әзірлеу процестеріне қатысу;

      3) инвестор мен инвестициялар объектісі арасындағы операциялар;

      4) басқару персоналымен алмасу; немесе

      5) маңызды техникалық ақпаратты ұсыну.

      90-3. Мемлекеттік мекеме (инвестор ретінде) үлестік қатысу әдісін пайдалануды оның инвестициясы қауымдасқан ұйым немесе бірлескен кәсіпорын болуын тоқтатқан күннен бастап тоқтатады.

      Егер қауымдасқан ұйымға салынған инвестиция бірлескен кәсіпорынға салынған инвестицияға айналса немесе бірлескен кәсіпорынға салынған инвестиция қауымдасқан ұйымға салынған инвестицияға айналса, ұйым үлестік қатысу әдісін қолдануды жалғастырады және қалған үлесті қайта бағаламайды.

      90-4. Үлестік қатысу әдісіне сәйкес қауымдасқан ұйымға немесе бірлескен кәсіпорынға инвестициялар бастапқы құн бойынша танылады, ал олардың баланстық құны сатып алынған күннен кейін инвестиция объектісінің пайдасындағы немесе шығынындағы инвестордың үлесін тануды көрсете отырып, ұлғаяды немесе азаяды. Оларға негізгі құралдарды қайта бағалау және бағамдық айырмашылықтарды көрсету нәтижесінде туындайтын өзгерістер жатады. Бұл өзгерістердегі инвестордың үлесі инвестордың таза активтерінде/капиталында жеке көрсетіледі.

      90-5. Инвестиция ол қауымдасқан ұйым немесе бірлескен кәсіпорын болған күннен бастап үлестік қатысу әдісі бойынша ескеріледі. Инвестицияларды сатып алу кезінде инвестициялар объектісінің сәйкестендірілетін активтері мен міндеттемелерінің таза әділ құнындағы инвестициялар құны мен ұйым үлестерінің арасындағы кез келген айырма мынадай түрде ескеріледі:

      1) егер ұйым қауымдасқан ұйымға немесе бірлескен кәсіпорынға қатысты іскерлік беделді инвестицияның баланстық құнына енгізсе, осы іскерлік беделдің амортизациясына жол берілмейді;

      2) инвестициялар объектісінің сәйкестендірілетін активтері мен міндеттемелерінің таза әділ құнындағы ұйым үлесінің инвестиция құнынан асып кетуі инвестордың қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның инвестиция сатып алынған кезеңдегі пайдасындағы немесе шығынындағы үлесін айқындау кезінде түсімге енгізіледі.

      Инвестордың қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның пайдадағы немесе шығындағы үлесін көрсету үшін сатып алғаннан кейін қажетті түзетулер орындалады. Осыған ұқсас, құнсызданудан (негізгі құралдардың немесе іскерлік беделдің құнсыздануынан) болған шығындарды есепке алу үшін сатып алынғаннан кейін қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның пайдасындағы немесе шығынындағы инвестордың үлесіне тиісті түзетулер жүргізіледі.

      90-6. Үлестік қатысу әдісін қолдану кезінде мемлекеттік мекеме қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның ең соңғы қолжетімді қаржылық есептілігін пайдаланады. Ұйымның және қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның есепті кезеңнің аяқталу күні әр түрлі болған кезде, ұйым немесе:

      1) үлестік қатысу әдісін қолдану мақсаттары үшін ұйымның қаржылық есептілігі сияқты сол күнге қосымша қаржылық ақпаратты алады; немесе

      2) қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның қаржылық есептілік күні мен ұйымның қаржылық есептілік күні арасында болған елеулі операциялардың немесе оқиғалардың әсері ескерілген ең соңғы қаржылық есептілігін пайдаланады.

      Ұйымның қаржылық есептілігі ұқсас операциялар мен ұқсас жағдайлардағы оқиғалар үшін бірыңғай есеп саясатын пайдалана отырып дайындалды.

      90-7. Егер қауымдасқан ұйым немесе бірлескен кәсіпорын ұқсас мән-жайлар кезінде орын алған ұқсас операциялар мен оқиғаларға қатысты мемлекеттік мекеменің есеп саясатынан ерекшеленетін есеп саясатын қолданса, қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның есеп саясатын, егер қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның қаржылық есептілігін мемлекеттік мекеме үлестік қатысу әдісін қолдану кезінде пайдаланса, мемлекеттік мекеменің есеп саясатына сәйкес келтіру мақсатында түзетулер жүргізу қажет. Егер инвестордың инвестициялық ұйым болып табылатын қауымдасқан ұйымда немесе бірлескен кәсіпорында үлесі болса, инвестор үлестік қатысу әдісін қолдану кезінде осы инвестициялық ұйымның қауымдасқан ұйымы немесе бірлескен кәсіпорны олардың бақыланатын ұйымдардағы үлесіне қолданатын әділ құн бағасын сақтайды.

      90-8. Егер инвестордың қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның шығынындағы үлесі қауымдасқан ұйымдағы немесе бірлескен кәсіпорындағы оның үлесіне тең немесе одан асатын болса, онда инвестор одан әрі шығында өз үлесін тануды тоқтатады. Қауымдасқан ұйымдағы немесе бірлескен кәсіпорындағы үлес ұйымның қауымдасқан ұйымға немесе бірлескен кәсіпорынға таза инвестицияларының бір бөлігін құрайтын мәні бойынша ұзақ мерзімді салымдармен бірге үлестік қатысу әдісін пайдалана отырып айқындалған қауымдасқан ұйымға немесе бірлескен кәсіпорынға инвестициялардың баланстық құнына сәйкес келеді.

      90-9. Қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның пайдасын тануды қоса алғанда, үлестік қатысу әдісін қолданғаннан кейін мемлекеттік мекеме қауымдасқан ұйымға немесе бірлескен кәсіпорынға оның таза инвестицияларына қатысты құнсызданудан болатын қосымша шығындарды айқындау үшін қаржы құралдарын есепке алу талаптарын қолданады.

      Мемлекеттік мекеме ұйымның қауымдасқан ұйымдағы немесе бірлескен кәсіпорындағы таза инвестициялардың және құнсызданудан болатын осындай шығындар сомасының бөлігі болып табылмайтын үлесіне қатысты құнсызданудан болатын қосымша шығындарды тану қажеттілігін айқындау үшін қаржы құралдарын есепке алу жөніндегі талаптарды қолданады.

      Қаржы құралдарын есепке алу жөніндегі талаптарды қолдану қауымдасқан ұйымға немесе бірлескен кәсіпорынға инвестициялардың құнсыздануы екенін көрсетсе, ақша қаражатын генерациялайтын активтердің құнсыздануы және қажет болған кезде ақша қаражатын генерациялайтын активтердің құнсыздануын есепке алуға қатысты талаптарды қолданады.

      Ақша қаражатын генерациялайтын активтердің құнсыздануын есепке алуға қатысты талаптар ақша қаражатын генерациялайтын инвестицияларды пайдалану құндылығын айқындауды көздейді. Ақша қаражатын генерациялайтын инвестицияларды пайдалану құндылығын айқындау кезінде ұйым:

      1) қауымдасқан ұйымның немесе бірлескен кәсіпорынның операцияларынан түсетін ақша ағындарын және инвестициялардың түпкілікті шығуынан түсетін түсімдерді қоса алғанда, қауымдасқан ұйымнан немесе бірлескен кәсіпорыннан күтілетін болжанатын болашақ ақша ағындарының дисконтталған құнындағы өз үлесін; немесе

      2) инвестициялардан немесе оларды түпкілікті сатудан алынған дивидендтерден немесе ұқсас төлемдерден күтілетін болжанатын болашақ ақша ағындарының дисконтталған құнын бағалайды.

      Тиісті жорамалдар кезінде екі әдіс бірдей нәтиже береді.

      Ақша қаражатын генерацияламайтын активтердің құнсыздануын есепке алуға қатысты талаптар активтің өтелетін құны оның баланстық құнынан аз болған жағдайда баланстық құн активтің өтелетін құнына дейін азайтылуын көздейді. Өтелетін құн сатуға жұмсалған шығындарды және пайдалану құндылығын шегергендегі активтің әділ құнының ең үлкені болып табылады. Ақша қаражатын генерацияламайтын активті пайдалану құны активті пайдалы пайдаланудың қалған мүмкіндігінің дисконтталған құны ретінде анықталады. Пайдалы пайдаланудың қалған мүмкіндіктерінің дисконтталған құны ауыстырудың амортизацияланған құны әдісін, қалпына келтіру құны әдісін немесе пайдалы бірліктер әдісін пайдалана отырып бағаланады.

      90-10. Қауымдасқан ұйым немесе бірлескен кәсіпорын жалғасатын қызметтен ақша ағындарын генерацияламаған, негізінен ұйымның өзге активтерінен ақша ағындарынан тәуелсіз болған жағдайларды қоспағанда қауымдасқан ұйымға немесе бірлескен кәсіпорынға инвестициялардың өтелетін сомасы әрбір қауымдасқан ұйым немесе бірлескен кәсіпорын бойынша жеке бағаланады.

      90-11. Қауымдасқан ұйым немесе бірлескен кәсіпорын жалғасатын қызметтен ақша қаражатын генерацияламайтын, негізінен ұйымның өзге активтерінен ақша ағындарынан тәуелсіз болған жағдайларды қоспағанда, қауымдасқан ұйымға немесе бірлескен кәсіпорынға инвестициялардың өтелетін сомасы әрбір қауымдасқан ұйым немесе бірлескен кәсіпорын бойынша жеке бағаланады.";

      221-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "221. Қоймадан арнайы киім мен басқа да жеке пайдаланылатын заттарды беру кезінде бухгалтерлік жазба жүзеге асырылады: 7060 "Қорлар бойынша шығыстар" шотының дебеті және Шоттар жоспарының "Қорлар" кіші бөлімінің тиісті қосалқы шотының кредиті. Қорлар белгіленген мерзім өткеннен кейін мемлекеттік мекеменің тұрақты жұмыс істейтін комиссиясын есептен шығару туралы акт негізінде есептен шығарылады.";

      280-тармақтың бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Түгендеу нөмірлерінің тізбесі мемлекеттік мекеме пайдаланатын бухгалтерлік мекеменің ақпараттық жүйесі арқылы қалыптастырылады. Түгендеу объектісі күрделі болған кезде, яғни онымен бірге бір бүтінді құрайтын сол немесе басқа оқшауланған элементтерді қосқанда, әрбір осындай элементте оларды біріктіретін негізгі объектімен бірдей түгендеу нөмірі көрсетілуі керек. Түгендеу нөмірі объектіге бекітілген жетонда немесе объектідегі бояумен немесе басқа тәсілмен белгіленеді. Объектіге (затқа) берілген түгендеу нөмірі оның осы мемлекеттік мекемеде болған барлық кезеңіне сақталады. Шығарылған немесе жойылған мүкәммалдық объектілердің нөмірлері басқа объектілерге берілмейді.";

      283-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Түгендеу карточкалары мемлекеттік мекеменің бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйесінде тиісті қосалқы шоттар мен топтар бойынша, олардың ішінде бөлімшесі материалдық жауапты тұлғалар бойынша, ал орталықтандырылған бухгалтерияларда – қосымша және қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелер бойынша қалыптастырылады;

      Көрсетілген қағидаларға 1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
- Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары - Қаржы министрі
2023 жылғы 4 мамырдағы
№ 463 Бұйрығына
қосымша
  Мемлекеттiк мекемелерде
бухгалтерлiк есеп
жүргiзу қағидаларына
1-қосымша

Мемлекеттік мекемелердің ұзақ мерзімді активтері бойынша жылдық тозу нормалары

Ұзақ мерзімді активтердің түрлері мен топтары

Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есеп шотының/қосалқы шотының нөмірі

Тозу нормаларының шифры

Жылдық тозу нормасы (бастапқы құнына % (пайызда))

1. Ғимараттар

2320



Тұрғын емес ғимараттар

2321

1.1

7

Тұрғын ғимараттар

2322

1.2

2

2. Құрылыстар (су тартқыштар, стадиондар, бассейндер, жолдар, көпірлер, ескерткіштер, саябақтар, скверлер, қоғамдық бақтар қоршаулары, бұрғы скважиналары, штольнялар және басқалар

2330

2.1

7

3. Беру қондырғылары

2340



Электр беру және байланыс қондырғылары

2340

3.1

4

Трансмиссиялар және құбыр өткізгіштері

2340

3.2

5

4. Көлік құралдары

2350



Теміржол көлігінің жылжымалы құрамы

2350

4.1

15

Су көлігі

2350

4.2

15

Автомобиль көлігі

2350

4.3

15

Әуе көлігі

2350

4.4

15

Ат көлігі

2350

4.5

15

Өндірістік көлік

2350

4.6

20

Спорттық көлік

2350

4.7

23

5. Машиналар және жабдық

2360



Күш машиналары және

2360

5.1

10

Жұмыс машиналары және жабдық

2360

5.2

12

Өлшеу аспаптары

2360

5.3

20

Реттеуші аспаптар және қондырғылар

2360

5.4

20

Лабораториялық жабдық

2360

5.5

10

Компьютерлік жабдық

2360

5.6

25

Медициналық жабдық

2360

5.7

10

Кеңсе жабдығы

2360

5.8

10

Өзге де машиналар және жабдық

2360

5.9

15

Криминалдық жабдық

2360

5.10

20

6. Құралдар, өндірістік және шаруашылық мүкәммал

2370



Құралдар

2370

6.1

30

Өндірістік мүкәммал және керек-жарақтар

2370

6.2

10

Шаруашылық мүкәммал

2370

6.3

15

Өзге де өндірістік және шаруашылық мүкәммал

2370

6.4

10

7. Өзге де негізгі құралдар

2380



Көгалдандыратын, сәндік отырғызулар және басқа да жасанды көп жылдық отырғызулар

2383

7.1

8

Жерлерді жақсарту бойынша күрделі шығындар

2383

7.2

12

Өзге де мүкәммал

2383

7.3

25

Жұмыс орындайтын мал

2383

7.4

12

Өзге де негізгі құралдар

2383

7.5

25

8. Инвестициялық жылжымайтын мүлік

2500



Тұрғын емес ғимараттар

2510

8.1

7

Тұрғын ғимараттар

2510

8.2

2

Жер

2600



9. Биологиялық активтер

2610

9.1

12

Жануарлар

2620

9.2

8

Көп жылдық отырғызулар

2710



10. Материалдық емес активтер

2711

10.1

10

Бағдарламалық қамтамасыз ету

2712

10.2

10

Авторлық құқықтар

2713

10.3

10

Лицензиялық келісім

2714

10.4

10

Патенттер

2716

10.5

10

Өзге де материалдық емес активтер