"Жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 қаңтардағы № 29 бұйрығына өзгеріс енгізу ту

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 14 сәуірдегі № 99 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 17 сәуірде № 32323 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 қаңтардағы № 29 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізімінде № 19913 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бюджеттік бағдарламасының бекітілген тиісті кіші бағдарламасында айқындалған көлемде жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге тиісті қаржы жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы;

      2) орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1 200 еселенген мөлшерінде және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын жекеменшік орта білім беру ұйымдарындағы оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшері;

      республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатынған айлық есептік көрсеткіштің 2 400 еселенген мөлшерінде Халықаралық Бакалавриат Ұйымында авторизациялаудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламалары бекітілсін.".

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Бюджетті жоспарлау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев