"Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығына өзгеріс енгізу т

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 27 наурыздағы № 17 және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының м.а. - Қаржы министрінің м.а. 2023 жылғы 3 сәуірдегі № 326 бірлескен қаулысы мен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 5 сәуірде № 32307 болып тіркелді

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 1-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:

      1. "Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8378 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – биржа) шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізетін жұмыс күндері мынадай тәртіппен күнделікті айқындалады:

      1) Америка Құрама Штаттары (бұдан әрі – АҚШ) доллары бойынша валюта айырбастаудың нарықтық бағамы теңгенің АҚШ долларына қатысты Астана уақытымен сағат 15-30-дағы жағдай бойынша қалыптасқан орташа алынған биржалық бағамы ретінде айқындалады;

      2) басқа шетел валюталары бойынша валюталарды айырбастаудың теңгеге қатысты нарықтық бағамы АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамын және осы валюталардың ақпараттық агенттіктердің арналары бойынша алынған сұраныстың баға белгіленімдеріне сәйкес Астана уақытымен сағат 16-00-дегі жағдай бойынша қалыптасқан АҚШ долларына бағамдарын пайдалана отырып есептелген кросс-бағам ретінде айқындалады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі биржада сауда-саттық жүргізілген күні осы тармақта белгіленген тәртіппен айқындалған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7977 болып тіркелген "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 242 қаулысына (бұдан әрі – Ресми бағамдар жөніндегі қаулы) қосымшада көрсетілген шетел валюталарының теңгеге қатысты бағамдарын белгілейді.

      Ресми бағамдар жөніндегі қаулыға қосымшада көрсетілмеген айырбасталатын валюталардың нарықтық бағамдарын ұйымдар осы тармақта белгіленген тәртіппен дербес айқындайды. АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамы белгіленген күні Файнэншл Таймс (Financial Times) газетінде немесе оның интернет-ресурсында, сондай-ақ Блумберг (Bloomberg) не Рефинитив (Refinitiv) ақпараттық порталдарында жарияланған шетел валютасының АҚШ долларына бағамын пайдалануға болады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Бухгалтерлік есеп департаменті (Д.А. Тайшыбаева) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен (А.С. Касенов) бірлесіп осы қаулыны және бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны және бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулыны және бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының және бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Б.Ш. Шолпанқұловқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы мен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі орынбасарының
міндетінатқарушы -
Қаржы министрінің
міндетін атқарушы
Е. Жамаубаев
     
      Қазақстан Ұлттық
Банкінің Төрғасы
Г. Пирматов