БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптаманың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2005 жылғы 31 қазандағы № 337-I бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3929 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттаманы ведомстволық сараптаманың қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптаманың қағидалары бекітілсін.";
Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптаманың ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
М. Карабаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптаманың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптаманың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптаманы ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
2-тарау. Ведомстволық сараптама жүргізудің тәртібі
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама (бұдан әрі – ведомстволық сараптама) – бұл Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің "Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – Орталық) жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамада қабылданатын шешімдердің негізділігі деңгейін арттыру мақсатында сараптау объектісіне талдау бағасын алу үшін жол саласы ұйымдарының өтінімі бойынша жүргізетін бағалау іс-қимылдары мен тұжырымдау жүйесі;
2) тапсырыс беруші - автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ заңды тұлғалар;
3. Ведомстволық сараптаманың мақсаты қабылданған шешімдердің негізділігін және ұсынылатын техникалық құжаттардағы көрсеткіштердің дұрыстығын айқындау, сондай-ақ қабылданған жобалық шешімдердің Қазақстан Республикасының нормативтік-техникалық құжаттарына сәйкестігін белгілеу арқылы техникалық құжаттамаға талдау және бағалау жүргізу болып табылады.
Ведомстволық сараптама жүргізу барысында жобаларды:
1) қабылданған көлемдік-жоспарлау және конструктивтік шешімдердің, қолданылатын материалдар мен инженерлік жабдықтардың негізділігіне, құрылыс конструкцияларының, оның ішінде автомобиль жолы мен жол құрылыстарының көліктік-пайдалану жай-күйін жақсарту тиімділігінің тікелей көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағдарланған жөндеу көлемдерінің сенімділігі мен беріктігіне;
2) техникалық құжаттамада көзделген автомобиль жолдарын орташа жөндеу көлемдерінің негізділігі мен орындылығына;
3) көрсеткіштердің, оның ішінде автомобиль жолдарын орташа жөндеудің есептік немесе сметалық құнының негізділігі мен дұрыстығына бағалау бойынша міндеттер орындалады.
4. Орталық мамандарының арасынан құрылған сараптамалық топ мынадай кезеңдерден тұратын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізеді:
1) техникалық құжаттаманы алдын ала сараптау (учаскені верификациялау және толықтығын тексеру);
2) техникалық бөлімнің сараптамасы;
3) сметалық бөліктің сараптамасы.
Ведомстволық сараптама жүргізу барысында сараптамалық топ:
1) тапсырыс берушілерден қажетті құжаттар мен ақпаратты сұратады және алады;
2) теріс және оң қорытындылар береді.
Сараптамалық топ мынадай жағдайларда:
1) Тапсырыс берушінің техникалық құжаттамасы бойынша сараптамалық топтың 3 (үш) жазбаша ескертпесі болған кезде;
2) күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде сұратылған құжаттарды ұсынбаған кезде;
3) жазбаша ескерту берілген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде сараптама тобының берілген ескертулерін жоймаған кезде;
4) тапсырыс беруші қабылдаған жобалық шешімдердің техникалық құжаттамада Қазақстан Республикасының нормативтік-техникалық құжаттарына сәйкессіздігі анықталған кезде теріс қорытындылар береді.
5. Ведомстволық сараптама жүргізу үшін Орталыққа мынадай құжаттар ұсынылады:
1) еркін нысандағы ведомстволық сараптама жүргізуге арналған өтініш;
2) тапсырыс берушімен бекітілген техникалық тапсырма;
3) еркін нысандағы жұмыстардың ақаулы ведомосі;
4) еркін нысандағы жұмыс көлемінің ведомосі;
5) сметалық құжаттама.
6. Техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу ұзақтығы күнтізбелік 30 күннен аспауға тиіс.
Сараптама жүргізу мерзімі сараптама жүргізуге келіп түскен құжаттамаларды тіркелген күннен бастап есептеледі.
7. Бекітілген негізгі техника-экономикалық көрсеткіштерге әсер ететін Қазақстан Республикасының қолданыстағы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға енгізілетін өзгерістер (толықтырулар) жаңадан әзірленетін техникалық құжаттама үшін белгіленген тәртіппен ведомстволық қайта сараптамаға жатады.
8. Оң қорытынды берілген күннен бастап бір жыл ішінде жөндеу басталмаған және мердігер ұйым айқындалмаған бұрын бекітілген техникалық құжаттама осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жаңа сараптамадан өтуге және қайта бекітуге жатады.
9. Ведомстволық сараптамаға жататын, бірақ белгіленген тәртіппен оны өтпеген қолданыстағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттама аяқталмаған болып есептеледі және оны пайдаланып, жөндеу жұмыстарын орындауға жол берілмейді.
10. Техникалық құжаттаманы осы Қағидаларға сәйкес жүргізілген сараптамалық топтың оң қорытындысынсыз бекітуге жол берілмейді.
11. Сараптамалық топтың оң қорытындысын алғаннан кейін техникалық құжаттама тапсырыс берушімен бекітіледі.
3-тарау. Қорытынды ережелер
12. Сараптамалық топтың шешіміне сот тәртібімен шағымдануға болады.
13. Сараптамалық топтың мүшелері қаралатын техникалық құжаттама бойынша құпиялылықты сақтауы тиіс.